Шыны түтіктен "шыққан" сәбилер көбейіп келеді – Салтанат Байқошқарова

4283

Іnbusiness.kz белгілі репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқаровадан сұхбат алды.  

Шыны түтіктен "шыққан" сәбилер көбейіп келеді – Салтанат Байқошқарова Фото: egemen.kz

Жуырда елордада "Бедеулікті емдеудің заманауи тәсілдері" атты халықаралық конгресс өтті. Форумға "шыны түтіктен шыққан" алғашқы балалардың авторлары, экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) клиникаларының басшылары мен әлемдік репродуктология саласының көшбасшылары қатысты. Жиын барысында ел медицинасына елеулі үлес қосқан репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқаровамен әңгімелесудің сәті түсті.  

Жатырға салынатын эмбрионды "жасанды интеллект" таңдайды

– Салтанат Берденқызы, бедеулікті емдеумен айналысатын әлемнің бетке ұстар акушер-гинеколог, андролог, эмбриолог, генетик, психолог сынды мамандары бас қосып, өзара тәжірибе алмасып, саладағы соңғы жетістіктермен бөлістіңіздер. Ол қандай жетістіктер?

– Еліміздің репродуктивтік денсаулық мәселелерін зерттейтін білім беру орталықтары мен ЭКҰ жетекшілері үшін бұл жиынның берері көп. Конгресс тәжірибе алмасу ғана емес, екі күндік озық технологиялар мен дәрі-дәрмектердің ауқымды көрмесіне айналды. Барлығы 21 елден 500-ге тарта ғалым мен білікті мамандар жиналды. Жылдар бойы бала сүюді аңсаған жандар да оларды арнайы тыңдауға келді.

Жетістік де отырғанымыз – жасанды ұрықтандыру кезінде жатырға салынатын эмбрионды "жасанды интеллектің" таңдап беруі. Бұған дейін ұрықтың даму қабілетін эмбриолог маман анықтап келген еді. "Эмбриоскоп" деп аталатын жаңа құрылғы ұрықтың сапалы немесе сапасыз екенін анықтайды. Әрбір эмбрионды жаңағы жасанды интеллект 7 млн эмбрионның суретімен, видеосымен салыстырып, бізге қорытындысын береді. "Қай эмбрионды салуға болады", "қайсының дамуы орта жолда тоқтап қалады" деген тәрізді нәтижелер береді. Репродуктологтар бедеуліктің салдарымен күресіп қана қоймай, алдын-алу амалдарын күшейту керек. Мәселен, қазір шетелде генетикалық диагностика тәсілі кең таралған. Бұл технология біздің елге де енгізіле бастады. Ерекшелігі сол, жастар отбасын құрмай тұрып, қан тапсырып, денсаулығын тексерте алады.

Бедеулік – 100 пайыз шешімін тапқан мәселе емес. Өте күрделі дүние. Әлемде әрбір алтыншы жұп әлдидің үніне зар болып отыр. Халықаралық зерттеулер жер бетінде 70 млн отбасы бала сүйе алмай отырғандығын көрсетті. Оның үстіне қазір заманауи ахуалдарға және экологияның ластануына байланысты бұл жағдай жылдан жылға өршіп келе жатыр. Сондықтан ер мен әйелдерге қалай көмектесуге болады, нәрестелі болуға қандай ғылыми мүмкіндіктер бар, осының барлығын ортаға салып талқыладық. Сондай-ақ қандай тәжірибелердің қорытындысы шықты, әлемде қандай өзгерістер бар, оны да бақылап отыру керек.

– Сіз көпшілік алдында көпжүктілікті құптамайтыныңызды айттыңыз. Себебін түсіндіріп беріңізші.

– Егіз, үшем туғанда қазақ бөркін аспанға лақтырып қуанады. Оны журналистер де жарысып жазады. Әсіресе, сәбиді ұзақ күткен отбасылар менде де үшем болса, егіз болса деп армандайды. Ал көпжүктіліктің нәтижесінің басым көпшілігі уақытынан ерте туған балалар екенін көбі біле бермейді. Қаншамасы шетінеп кетіп жатыр. Ал балалар жетілгеннің өзінде салмағын қосып, дені сау бала бола ма? Ол үлкен мәселе. Өйткені жетілмей туған бала көзі көрмей немесе кеміс болып қалуы мүмкін, басқа органдарында үлкен проблема болуы ықтимал. Яғни ол балаларды ертең жетілдіруге, емдеуге, ауру бала болса оны өмір бойы емдеу үшін қыруар ақша жұмсалады.

Ал барлығы бізден жоғары көрсеткішті талап етеді. Сондықтан біз санына емес, сапасына көп мән беруге тырысамыз. Көпжүктілікке емес, өмірге дені сау баланың келуіне жағдай жасауымыз керек. Акушерство, неонтология, педиатрияға кететін қыруар ақшаның орнына бір дені сау баланың дүниеге келуіне жағдай жасасақ, керемет болар еді. Ал 500-600 грамм болып туған шақалақтарды жетілдіру үшін 2-3 ай уақыт керек. Оған МӘМС қорынан қыруар қаржы кетеді. Бұл қаражатқа 10 ЭКҰ жасауға болады. Сондықтан есептеу жағын дұрыстауымыз керек. Мамандардың ұсыныстарына құлақ асу маңызды.

Табиғи жолмен жүкті болу мүмкіндігін арттыру керек

– Сіз осы салаға аяқ басқан кездегі ахуал мен қазіргі жағдайдың айырмашылығы бар ма?

– Әлбетте. Қазақстанда экстракорпоралды ұрықтандыру ісі 1995 жылдан бастап қолға алынды. Мен жұмысымды қарапайым микроскоп, қарапайым инкубатор, қарапайым құрал-жабдықпен бастадым. Ол кезде интернет те жоқ. Ультрадыбыстық зерттеу Алматы қаласының өзінде екеу-ақ болатын. Сол кезде алғашқы лабораториямда әбден дайындалған болуым керек, 9 айдан кейін алғашқы сәби дүниеге келді. Енді қазіргі күнмен салыстырсам, жай ғана құрал-жабдықпен сондай нәтиже алуды "фантастика" деуге келеді. Қазір ғой, 5 күндік эмбриондағы барлық хромосомдарды зерттей аламыз. Нәтижесінде құрсаққа генетикалық тұрғыда сау эмбрион салынады. Әлемге белгілі әдістердің барлығы бізде бар. Ультрадыбыстық зерттеу де әр мекемеде тұр. ЭКҰ-ның да дамуы сондай. Нәтижелілік өте жоғары. Қазір әрбір екінші-үшінші әйел ана болу бақытына қол жеткізіп отыр. Бұрын он әйелдің біреуі ғана екіқабат болатын. Көп технология пайда болды. Жасанды интеллект технологиясы енгізілгенін айттым. Криоконсервация, эмбрионның генетикалық диагностикасы, соның барлығы тиімділікті арттыра түсті.  

Бедеулікті анықтаған кезде бірден ЭКҰ-ға жүгінген дұрыс емес. Табиғи жолмен жүкті болу мүмкіндігін арттыру керек. Біз оны күнде айтып жатырмыз. Репродуктолог мамандарды дайындап, әр облысқа жіберіп жатырмыз. Жергілікті жастарға 1-2 жылда бойға бала бітпесе, сол дәрігерлерге барып, табиғи жолмен бала сүю үшін кеңес алыңыздар дейміз. Бедеулік кезінде ЭКҰ 100 пайыз қолданылмайды. Пациенттерге айтарым, уақытты өткізбеу керек. Уақыт жоғалтпай, бірден дұрыс репродуктолог маманға барса, көбі табиғи жолмен бала көтеріп жатады. Кейбір жағдайларда операциялар жасалады. Егер еш нәтиже болмаса ғана, ЭКҰ-ның көмегіне жүгіну керек.

 – Қазақстанда ЭКҰ әдісімен дүниеге келген ең алғашқы сәбидің қал-жағдайын біліп тұрасыз ба? Қазір жасы нешеде? Тұрмыс құрды ма? Бала сүйді ме?

– Иә, ол Қазақстанда "құтыдан шыққан" алғашқы сәби. Қазір ол 26 жаста. Әлі тұрмысқа шыққан жоқ. Жігіті бар көрінеді. Ата-анасымен, өзімен үнемі байланыстамыз. Жыл сайын 10 жасқа толғанша әр туған күнін атап өтуге үйлеріне шақыратын. Англияда Оксфордта оқыды, қазір Лондонда жұмыс істейді. 20 және 25 жасында денсаулығын толық тексеруге келіп кетті. Оның фолекулярлық қоры жеткілікті, табиғи жолмен жүкті бола алады. Ал одан кейін дүниеге келген балақайлар өсіп, үйленіп, бала-шағалы болып жатыр. 17-18-дегі ұл-қыздарымыздың өзі үйлі-баранды болып жатқан жайы бар. 

Медициналық сақтандыру кезекті қысқартты
 
– Елімізде "Аңсаған сәби" бағдарламасы енгізілгелі көптеген ата-аналарға, әсіресе ЭКҰ жасатуды қалтасы көтере бермейтін жандарға тамаша мүмкіндік туды. Ол процедуралар медициналық сақтандыру аясында қаржыландырылады. МӘМС жүйесі енгізілгенге дейін және енгізілгеннен кейінгі аралықты салыстыра аласыз ба?

– ЭКҰ процедурасы МӘМС қызметтері тізіміне кіреді, яғни бұл қызмет сақтандырылған азаматтарға тегін көрсетіледі. Адамдар кезекті бұрынғыдай ұзақ күтпейді. Негізі елімізде квота беріліп келе жатқанына 12 жыл болды. 2010 жылы 100 квотадан басталған болатын, 2019 жылы 1 мың квотаға дейін өсті. Пациенттер оған тезірек қол жеткізсем екен деп армандайтын. Бірақ уақыт шіркін күтпейді ғой. Сол себепті ЭКҰ басым көпшілікке ақылы болды. Қаражат жинап, несие алып, әйтеуір жұмыс жасайтын адамдар келетін. Қазір МӘМС жүйесі арқылы халықтың мүмкіндігі артты. Ал "Аңсаған сәби" бағдарламасы енгізілгелі квота жылына 7 мыңға дейін өсіп, кезек те тез жылжи бастады. Былтыр 7 мың квота, биыл міне тағы 7 мың квота бөлінді. Одан жақсы өсім көріп жатырмыз. Тағы бірталайының эмбриондары қатырулы тұр. Олардан да біраз бала туады. Сондықтан бұл өте керемет үрдіс. Медициналық сақтандыру енгізілгенге дейін кезек күту ұзақтығы 3 жылдан асып жығылатын. Қазір әрі кетсе 1 жыл күтеді.

– Бұл бағдарламаға жалғызбасты әйелдер қатыса ала ма?

– "Аңсаған сәби" бағдарламасы Президенттің тапсырмасымен бедеулікке шалдыққан жұптардың бала сүю бақытына қол жеткізуі үшін арналып жасалған. Басты мақсат – ажырасуды азайту. Сол себепті олар аталған бағдарламамен квота ала алмайды.

– Жасанды жолмен ұрықтандыруға бір адамға қанша қаражат жұмсалады?

– Орта есеппен бір адамға квота бойынша 1 млн теңге бөлінеді. Оның 600 мың теңгесі стимуляциялауға арналған гормондық препараттарға жұмсалады. 200-300 мың теңгесі шығын материалдарын жабуға кетеді. Кейде құны 1 млн теңгеден асып жығылатын мұндай процедураны кез келген отбасының қалтасы көтермейтіні рас. Оған қоса ЭКҰ әдісіне бірнеше мәрте жүгініп барып, сәбилі болғандар көп. Ал қазір бұған жұмсалатын шығынды МӘМС көтереді.

– ЭКҰ-ға жолдама қалай беріледі және қандай жағдайда квота берілмеуі мүмкін?

– Экстракорпоралдық ұрықтандыруға міндетті түрде үміткердің ерікті жазбаша келісімі керек. Сондай-ақ Қазақстан азаматы болуы міндетті. Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген репродуктивті жас – 18-ден 42 жасқа дейінгі медициналық параметрлерге сәйкес келуі қажет. МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан жылына бір рет тегін өтуге болады. Талпынысы сәтсіз аяқталған жағдайда қайтадан кезекке тұра алады.

ЭКҰ бірнеше кезеңнен тұратын процесс. Осыдан 15 жыл бұрын бір айда ұрығын алып, сол айда салып беретін болсақ, қазір криоконсервация әдісінің арқасында циклді бөлеміз. Ұрықты бір айда аламыз да, кейін оны қатырамыз. Одан кейін әйел денсаулығын қалыпқа келтіріп алып, содан соң барып саламыз. Кейде жарты жылдан кейін салатын кездер болады. Эмбрионды жатырға салу ұзаққа кетіп қалады. Кей кезде әйелде гиперстимуляция болады. Өмірімен күресетін жағдайлар кездеседі. Оған жеткізбес үшін ұрықты қатырып қойып, әйелді гиперстимуляция синдромынан шығарып алып, бір-екі айдан кейін салуды қарастырамыз. Ісік болса, жатыр түтікшелерінде сарысу жиналса, операция жасап барып, эмбрионды саламыз. Қарап отырсаңыз ұзақ процесс. МӘМС қоры аналық ұрықты алған кезде, оны орындалды деп белгілейді.

Тағы бір проблема операциялар жасатқан, ұзақ жылдар бойы емделген әйелдердің ЭКҰ-ға келген кезде ұрығы аз болады. Яғни олар квотаға жарамайды. Сондай-ақ дәрігерлер әйелді медициналық тексерістен өткізгеннен кейін бірнеше мәселені ескереді. Олар жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез келген локализация онкологиясы сынды жағдайларда науқасты экстракорпоральды ұрықтандырудан бас тартуы мүмкін.

"Аңсаған сәби" аясында 2 461 сәби дүниеге келді

– "Аңсаған сәби" бағдарламасы аясында былтыр қанша сәби дүниеге келді?

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша 7 мың пациент 6,6 млрд теңгеге ем алып, 3 249 әйел жүктілік бойынша есепке алынды. Нәтижесінде 2 097 отбасында көптен күткен 2 461 сәби дүниеге келді. Оның 1 288-і – қыз, 1 172-сі – ұл. Биыл да нәтиже қуантарлық. Былтыр балалы бола алмағандар биыл армандарына қол жеткізді. Әне-міне деп күтіп отырғандары бар.

– Қазақстанда МӘМС аясында қанша ұйым ЭКҰ қызметін ұсынады?

– Қазір Қазақстанда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан 19 ЭКҰ орталық бар. Оның үшеуі – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік ұйымдар. Пациент экстракорпоралды ұрықтандыру үшін клиниканы өз бетінше таңдауға құқылы. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан ЭКҰ қызметтерін ұсынатын медициналық ұйымдар тізімін fms.kz ресми сайтындағы "Пациент үшін" бөліміндегі "Клиниканы таңдау" батырмасын басу арқылы қарауға болады.

– Қазір бедеулікті болдырмас үшін алдын алу шаралары жүргізіле ме?

– Әрине, түсіндіру жұмыстары, алдын алу шаралары жүргізіледі. Бірақ "Қызға қырық үйден тыйым", деп қазақ бекер айтпаған ғой. Ата-ана балаларының әр қадамын жіті қадағалауы тиіс деп есептеймін. Бұл ұлдарға да қатысты дер едім. Ерте жыныстық қатынасқа түспеу керек. Кездейсоқ жыныстық қатынасқа түспеген дұрыс. Уақтылы ұйықтап, дұрыс тамақтанып, спортпен айналысып, ішімдік ішпей, темекі тартпау керек. Жас кезден жүктілікті жоспарлау қажет. Ал өмірде олардың көбі сақталмай жатады. Мысалы аборт жасауға болмайды, бедеулікке алып келеді. Алайда оған көбі құлақ аспайды. Болашағын ойлаған жастар тіпті ішкен-жеген тағамына да мән беру керек. Біз айтудан жалықпаймыз, әрине. Бірақ орындайтындар аз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу