Сирия бес аумаққа бөлініп кетті

5352

Израиль бұл елдің кем дегенде 5 шаһарын басып алды.

Сирия бес аумаққа бөлініп кетті Фото: russian.rt.com

Асад әскерлері қашқаннан кейін Израиль дереу Голан биіктігін оккупациялап, ол жерде БҰҰ бітімгерлері тұрған аумақтарға жаппай өз әскерін кіргізді.

Бұған қоса, Al Arabiya хабарлауынша, Ресей әскери тобы Израильге сириялық Даръа провинциясындағы 2 объектіні жанындағы елді мекендерімен қоса табыстаған. Бұл мекен Голан биіктігі ауданындағы буферлік аймақпен шектеседі.

Салдарынан Израиль көршісінің кем дегенде 5 қаласын және елді мекенін өз қол астына көшірді. Бұдан бөлек, Цахал (Израиль армиясы) бөлімшелері Дамаскіге дейін жетіп, ел астанасына 25 шақырым, яғни, артиллериямен атқылауға жеткілікті қашықтықта тоқтады. Бірақ Цахал ол аумақты бақылауында ұстап тұрған жоқ.

Америкалық Соғысты зерттеу институтының (ISW) дерегінше, қазіргі кезде Сирия бір-біріне бағына қоймайтын кем дегенде бес территорияға бөлініп кеткен жағдайы бар. Израиль сыртында, ол аумақтарды келесі топтар басқарады:

  • "Хайат Тахрир аш-Шам" топтары бастаған сириялық көтерілісшілер,
  • Күрдтердің қарулы күштері,
  • Түрік әскерилері мен сириялық көтерілісшілердің біріккен күштері (арасында жергілікті өзбектер, түрікмендер және туркомандар бар),
  • Түркия қолдаған сириялық көтерілісшілер мен күрд күштері арасындағы даулы территория.

Дегенмен, америкалық сарапшылар Сириядағы жетекші күш – Түркия қолдауындағы оппозиция екенін қаперге салады. 

Көтерілісшілер ресейлік Тартус және Хмеймим әскери базалары орналасқан Латакия провинциясын басып алды. Алайда барлық мүмкіндігі бола тұра, ресейлік әскери базаларға баса-көктей кірмеді. Тек бірқатар топтары Ресей базасының қақпасына таяп келіп, сес көрсетіп, әуеге оқ жаудырып, кері қайтып отырған.

Бұл ретте Кремль 3 желтоқсанда Владимир Путиннің Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы тілдескенін хабарлады. Сонда ресейлік әскерге эвакуациялануға мүмкіндік беру жөнінде келісімге келгенге ұқсайды.

Бірақ халықаралық сарапшылар жағдай кез келген уақытта өзгеріп кетуі мүмкін екенін, елде орталық билікті нығайтатын ірі бір күш болмағандықтан, оған бой бермеген өзге топтар бейберекет, асығыс қашып жатқан ресейлік күштерге тұтқиылдан тиісуі ғажап еместігін ескертеді. Оның үстіне ресейлік телеграм-арналар бірқатар ресейлік гарнизондардың көтерілісшілер қолына көшкен территорияларда қоршауда қалғанын, айнала қорғанысқа көшуге мәжбүр екенін жазды.

"Асад режимі құлағаннан кейін елді кім бақылауда ұстауда?" деген сұраққа BBC сарапшылары да жауап іздеді.

"Кезінде Ресей қаруының көмегімен елдің солтүстік-батысындағы анклавқа қуып тығылған сириялық көтерілісшілер 27 қарашада ол қыспақтан суырыла алға ұмтылып, небары 2 апта ішінде бірқатар ірі қалаларды басып алды, ел астанасы Дамаскіге дейін жетті. Елде азаматтық соғыс басталғанына 13 жыл өткенде президент Башар Асадты тағынан тайдырды. Шағын автомобильдермен және мотоциклдермен топ-топ болып жылжыған "Хайят Тахрир аш-Шам" (ХТШ) көтерілісшілері (бірқатар елде террористік ұйым деп танылған) солтүстіктен оңтүстікке қарай республиканың басты магистралімен жылдам жылжи отырып, Дамаскіні еш қарсылықсыз алды", – деп жазды ВВС.

Ол Асадтар әулетінің 1970-ші жылдардан бері созылған режимінің күйреуін халықтың әлі күнге тойлап жатқанын хабарлады.  

"Алайда елдің болашағы бұлыңғыр. Жергілікті жерлердегі ахуал үнемі өзгеріп тұрады. Өйткені елдің түрлі бөліктерін көтерілісшілердің әртүрлі топтары бақылауында ұстап тұр. Сонда бүкіл Сирияны кім бақылайды? Асад режимі "Хайят Тахрир аш-Шам" көтерілісшілерінің ешкім күтпеген, тосын шабуылы нәтижесінде құлағанымен, бұл топ бүгінде Сирияның негізгі қалаларын ғана бақылайды. Бүкіл елді ол басқармайды. Көптеген жыл бойы Сирия территориясын Асадтың үкіметтік әскері сыртында көтерілісшілердің қаптаған топтары биледі. Мысалы, Идлиб провинциясы – ХТШ қолында болды. Елдің солтүстік-шығысында күрд жасақтары әрекет етеді. Олардың кейбірі соңғы күндері жаңа территорияларды басып алып, ықпал ету аумағын кеңейтуде", – дейді BBC сарапшылары.

Олардың айтуынша, бұған дейін түр-түсі, тілегі әралуан көтерілісшілерді Асад режиміне қарсыласу мұраты біріктірді. Режим күйрегелі елді басқаруға қатысты ортақ ымыра-консенсус табу күрделенген. Мәселен, елдің солтүстігінде бақталас топтар арасында қақтығыстар басталды.

ВВС дерегінше,  Сирияда көтерілісшілердің негізгі 3 күші қимылдауда. Біріншісі – "Хайят Тахрир аш-Шар", екіншісі – түрікшіл Сирияның жаңа ұлттық армиясы, үшіншісі – Сириялық демократиялық күштер (күрдтер). Бұлар өз кезегінде көптеген өзге ұсақ топтардың қолшатыры қызметін атқарады. Солардың көмегімен осы үш күш ел территориясының басым аумағын бақылап отыр.

Бұдан бөлек, елдің әр пұшпағында бірнеше шағын жергілікті қарулы құрылымдар бар. Сондай-ақ ыдыраған, тыйым салынған "ИГИЛ-Даеш" тобының джихадистерінің қалдықтары топтасуға тырысып жүрген көрінеді. Олар елдің кейбір шөлейт аудандарында бой тасалаған.

Халықаралық сарапшылар биылғы желтоқсанға дейін Асад әскері бақылаған территорияның үлкен бөлігі енді "даулы аумаққа" айналғанын қаперге салды. Сондықтан көтерілісшілердің әрқайсысы оны өз бақылауына көшіру үшін арпалысқа кірісті.

Мұндай жағдайда басты күштер – сүнниттер Түркия мен Сауд Арабиясының қолдауын алуға күш салады.

Бүгінде шамамен 22 миллион тұрғыны бар Сирия Жерорта теңізінің жағалауында орналасқан. Оны өз тұсында Кеңес одағы, бертінде Ресей Африкадағы күштерін қару-жарақпен, жабдықпен, басқасымен қамтамасыз етудегі басты хабы ретінде пайдаланды, қуатты әскери базаларын тұрғызды. Енді оларынан айрылып қалғалы тұр.

Өткен ғасырдан бері ондаған жылдар бойы Сирия билігі әлеуіттер (Асадтар режимін сарапшылар солай атайды) ашса алақанында, жұмса жұдырығында болды. Бірақ алавиттер ел халқының небары 12-15%-ын құрайды. Саны шамамен 3 миллиондай және олар негізінен Сирияның теңіз жағалауы бөлігінде, Латакия-Тартус ауданында шоғырлана тұрады.

Асад режимі Сирияның басы бірікпес халықтарын топтастырып, біртұтас халық жасауға тырысты. Барлығы "сириялық араб тілінде" сөйлеуге тиіс деген идеология ойлап тапты. Соның кесірінен елдегі түркі тілдес халықтарға қысым жасап, оларға ана тілінде бала оқытуға, жоғары білім алуына, тіпті газет шығаруына кедергі жасады. Түркі тілдес халықтардың мүддесін қорғауға Түркия белсенді.

Асад режимінің репрессиясынан зәрезап болған халықты – сүнниттік басым көпшілікті бірнеше араб елдері қолдады. Күрдтерді Америка өз қорғауына алды.

Мысалы, таяуда көтерілісшілер Дамаскіге кіргенде, кетіп бара жатқан режим азаптап өлтірген адамдардың мүрдесіне тап болған. Түрмелерді ашып, қамаудағыларды босатқанда, темірторда туылып, балалық шағын сонда өткізген, еркіндік көрмеген балалар алғаш рет бостандыққа шықты.

2011 жылы наразы халықтар қолына қару алып, қарсыласа бастағанда, ресми билікке Ресей мен Иран көмекке келді, азаматтық соғыс барысында оппозициялық күштер тұратын ауыл-қалаларды аяусыз бомбалап, қыруға көшті. Осы арқылы 2015 жылы бейбітшілікке иліктірді.  

Ал, 2024 жылғы көтеріліс қорытындысында Сирияда Ресей де, Иран да ықпалынан айрылып отыр. Оның орнына бірінші кезекте Түркияның, содан соң араб елдерінің беделі күшейді.

Иран қолдайтын, Бас штабы Ливанда орналасқан "Хезболла" қозғалысы Асад режимінің армиясымен бірге шайқасты. Бірақ бұл қарулы қозғалыс Израильмен қақтығыс нәтижесінде қатты әлсіреп қалған еді. Сондықтан көтерілісшілермен қақтығыста қуатты қауқар таныта алмады.

2015 жылдан бері Башар Асадқа әскерін, флоты мен авиациясын жіберіп, белсенді қолдаған Ресейдің бүгінде Украинадан басқаға мойын бұруға мүмкіндігі жоқ. Бұл фактор да көтерілісшілердің жылдам жеңісіне септесті.

Өткен аптада ғана "террористерге әуеден тоқтаусыз соққы беріп жатырмыз" деп қаһарлы түрде жаһанға жар салған Ресейдің Қорғаныс министрлігі осы аптада ұстанымын тез өзгерте қойды. Оларды лаңкес емес, "қарулы оппозиция", "көтерілісшілер" деп сыпайы атап, ресейлік әскери базалардың тағдырына қатысты олармен байланысуға тырысып жатқанын жеткізді.

"Үйреніскен жау атыспаққа жақсы" дегендей, Башар Асадты қанша жерден жек көрсе де, ара-тұра шабуылдаса да, Израильге оның режимі қолайлы болатын. Режимнің құлауы Израильдің үрейін ұшырды. Ол дереу өз әскерін көршісінің аумағына кіргізді. Осыдан кейін көтерілісшілердің кейбір топтары "Израиль оккупациялаған қасиетті Әл-Құдыс (Иерусалим) қаласын азат ету – келесі мақсат болатынын" жариялап тастады.

Израиль армиясы сириялық әскери объектілерге жаппай соққы бере бастады. Бірқатар әскери сарапшының дерегінше, Асад әскері көтерілісшілерге бүтін тастап кеткен ресейлік әуе қорғанысы жүйелерін, әскери ұшақтарды және тікұшақтарды Цахал бомбалап, жойып жіберген.

Сонымен қатар Израильдің әскери ұшақтары Сирия аумағындағы қару-жарақ қоймаларына, оқ-дәрі қоймаларына, әуежайларға, әскери-теңіз базаларына, зерттеу орталықтарына және басқасына жүздеген авиасоққы жасады. Сирия адам құқығы орталығының (SOHR) мәліметінше, Израиль Дамаск, Алеппо, Хама және басқа да қалаларға 300-ден көп авиасоққы жасады. Израиль бомбалаған объектілердің көбі толығымен қираған.

Түркия да Сириядағы тікелей өз бақылауындағы аумақты кеңейтуі мүмкін. Халықаралық ақпарат құралдары елдің солтүстігіндегі Манбидж қаласында Түркия қолдауындағы күштер мен күрдтер арасында қақтығыстар болып жатқанын хабарлады. Екі тарап та қаланың бір бөлігін басып алғандарын мәлімдеді. ISW институты қала кімнің қолына көшкенін анықтау әзірге мүмкін болмағанын ескертті.

Кремль Сирияның жаңа билігімен қос базаның болашағы туралы келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдеді. Бірақ сарапшылар Түркияға да, араб елдеріне де Сирияда "Ресейдің әскери базалары" түріндегі арандатушылық ошағы, қауіп-қатер факторы енді қажет емес деген болжам айтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу