Смайылов Үкіметінің орнына қандай Үкімет келетіні белгілі болды

1591

​Сарапшылар байламынша, шенеуніктер "Көрінбейтін Үкімет" құрғалы жатырмыз дегенде, ол терминнің астарын түсінбейтінге ұқсайды. Ол барлау органдарына қатысты қолданылған ұғым болып шықты.

Смайылов Үкіметінің орнына қандай Үкімет келетіні белгілі болды Фото: primeminister.kz

Тура 44 күн немесе бір жарым айдан соң Әлихан Смайылов басқаратын Министрлер кабинеті отставкаға кетеді. Заң солай. Конституцияның 70-бабына сәйкес, Үкімет жаңадан сайланған Мәжілістің алдында өз өкілеттігін доғарады. Оның орнына қандай Үкіметтің келетіні Ақордада және сарапшылар ортасында талқылануда.

Дегенмен іс басындағы Үкімет өкілдерінің өздері қандай Үкімет келетінін айта бастады. Алматыдағы Digital Almaty форумында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Қазақстан Үкіметі мемлекеттік басқаруды цифрландырудың Invisible Government, яғни көрінбейтін Үкімет атты сапалы жаңа тұжырымдамасына ауысып жатқанын жариялады. Онда мемлекеттік саясат адамның және оның қажеттіліктері мен мүдделерін ескеретін болады. Бұл проактивті мемқызметтерді енгізуге серпін береді.

Ал "электронды Үкімет" мемлекеттік қызметтерді көрсету монополиясынан айырылып қалады. Оның функцияларының үлкен бөлігі банктерге берілмек. Премьер бұрынғы билік тұсында барлық мемлекеттік қызметтерді "бір терезе" қағидатымен көрсету үшін құрылған eGov-ты "шөлмектің тар мойнына" теңеді.

"Бұл ретте негізгі тәсілдердің бірі – қызмет көрсетудің мультиплатформалық қағидаты. Яғни, мемлекет "тар мойын" моделінен алшақтап, мемлекеттік қызметтерді бизнеске де өз платформалары мен цифрлық экожүйелеріне интеграциялауға, сол арқылы көрсетуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсілдің пайдасы зор", – деді Ә.Смайылов.

Қазіргі Үкіметтің орнына көрінбейтін Үкімет келетініне Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин де егжей-тегжейлі тоқталды.

"Бүгінде біз үшін бірнеше минут ішінде белгілі бір анықтаманы онлайн алу – әдеттегі іске айналды. Біз мемлекеттік қызметтер әлемін онсыз елестете алмаймыз, қазір бәрі тез және жеңіл. Осы мақсатта eGov және eGov Mobile мобильді қосымшасын дамытуға күш салдық, онда мемлекеттік қызметтердің 80%-ы қолжетімді. Мұның бәрі басты мақсаттардың бірі – Invisible Government, "Көрінбейтін Үкімет" құру үшін қажет. Ол Үкіметте азамат өмір бойы талап етілетін қызметтерді проактивті форматта ала алады", – деді Цифрлық даму министрі.

Әзірге қазақстандықтар өзіне тиесілі төлемдерді алу үшін соған лайықты екенін дәлелдеуге мәжбүр. Мысалы, кейбір жас босанған аналар бала туу және бала күтімі бойынша декреттік төлемдер мен ай сайынғы жәрдемақысын ала алмай жүр. Негізі, оның бәрі баланың аман-есен туғаны белгілі болысымен ананың есепшотына бірден аударылуға тиіс. Үкімет болса, сәбиін дүниеге әкелген ананы қосымша құжат жинатып, сандалтып қояды. Жұмыссыз қалған еңбеккерлердің жағдайы да қиын. Жұмыс беруші ол үшін ай сайын әлеуметтік аударымдар төлеп тұрады, алайда жұмысынан айырылған азамат соның есебінен ең құрыса бірер ай әлеуметтік төлем алайын десе, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры оны сергелдеңге салады.

Бағдат Мусиннің байламынша, бұл істердің бәрінде мемлекет көрінбеуі керек, ал азаматтар шенеуніктердің алдын көрмеуге тиіс. Әрбір азаматқа қатысты барлық ақпарат қаптаған мемлекеттік базаларда бар. Тиісінше, отбасы асыраушысынан айырылса, әйел бала туса, қызметші лауазымынан босатылса, еңбекке қабілеттілігінен айырылса, зейнет жасқа жетсе, азаматтарға тиісті әлеуметтік төлем, жәрдемақы, зейнетақы бірден, проактивті есептеліп, аударылуы шарт.

"Қазір біз азаматтың өмірлік циклінің барлық кезеңдерінің бизнес-процестерін реинжинирингтеумен айналысып, халық арасында жиі болатын өмірлік жағдайларды қайта пысықтап жатырмыз. Мәселен, жаңа ғана бала туған ананың жәрдемақыға құжат жинау жолын талдадық және көптеген түсініксіз процестер барлығын білдік. 2023 жылы біз жәрдемақы алу уақытын 15 күннен 1 сағатқа дейін қысқартамыз. Сондай-ақ, бөбекке патронаттық медбикені ұялы қосымшаның көмегімен үйге шақырту мәселесін шешеміз. Invisible Government, яғни көрінбейтін Үкімет қазақстандықтардың өміріне біртіндеп енуде. "Отбасының цифрлық картасы", "Әлеуметтік әмиян", "E-Otinish" сияқты жобалар да дәл осы тұжырымдаманың бір бөлігі", – деді Бағдат Мусин.

Ол "eDensaulyq" жаңа сервисі іске қосылғанын хабарлады. Бұл сервис арқылы электрондық рецепттер беріледі. Онда медициналық қарсы көрсетілімдер, жүкті әйелдердің қашан есепке алынғаны, емдеуге жатқызылғаны және басқа да кеңейтілген ақпарат жинақталыпты.

Цифрлық даму министрінің дерегінше, 40 мемлекеттік қызмет түрі проактивті форматқа ауыстырып болды. Бұдан басқа, сыртқы платформаларға, мысалы, банктердің қосымшаларына 15 мемлекеттік қызмет шығарылған. Сондай-ақ қосымшаларда 20 цифрлық құжат, соның ішінде жеке куәлік те орналастырылды.

"Мемлекеттік қызметтердің 80%-ы және барлық цифрлық құжаттар смартфондар арқылы қолжетімді. Бүгінде электрондық қызметтердің жалпы үлесі 92% құрайды. Осылайша, "Көрінбейтін Үкімет" тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытында тиісті жұмыстарды атқарудамыз", – деп түйді Бағдат Мусин.

Дегенмен заңгер Асқар Олжабай Үкімет мүшелері алдымен бұл істе халықпен ақылдасып алғаны жөн екеніне назар аудартты.  

"Проактивті қызмет көрсеткен дұрыс, бірақ Қазақстан жағдайында ол да қосымша дау-жанжал, әлеуметтік кернеу туғызады. Мысалы, зейнетақының, жәрдемақының сомасы тым аз есептелгеніне шағымданып, оның көбірек болуын дәлелдеуге басы қатып жүрген егде жастағы адамдар, жас босанған әйелдер, жұмыссыз азаматтар жетерлік. Жауапты мекемелер, МӘСҚ мамандары бюджетті барынша үнем қыла ма, кім білсін. Сондықтан жасыратыны жоқ, бұқара проактивті қызметтен қорқады. Одан да өзім архив қопарып, құжаттарымды толық жинап, маманның алдына барып, лайықты төлем көлемін бекітіп алайын дейді. Мысалы, Эстонияда мемлекеттік қызметтер проактивті көрсетіледі, әрбір төлем ақпараттық жүйелердегі нақты, әділ әрі өзекті ақпаратқа құрылған. Эстонияда азаматтар мемлекеттік мекемелердің мекенжайын да білмейді, себебі шенеуніктердің кабинетінің есігінен де сығаламайды. Халқымыз проактивті қызметтерді жақсы қабылдауы үшін деректер базалары мен ақпараттық жүйелердегі ақпараттар өзекті болуға тиіс. Ал бізде АХАТ, еңбек саласы, тағы да басқа жазбалардың үлкен көлемі цифрландырылмаған", – деді заңгер.

Ол Смайылов пен Мусин айтып отырған көрінбейтін Үкімет ұғымы шынында, басқа екеніне назар аударды.   

"Бұл ұғымды америкалықтар: неге мына мәселелер шешілмейді, Үкімет қайда қарап отыр, оның бары да, жоғы да белгісіз деп сынағанда қолданады. Бұл тұрғыдан алсақ, біздің шенеуніктерді құттықтап қоюға болады, олар көрінбейтін Үкімет мәртебесіне ондаған жылдар бұрын жеткен. Үкімет көре тұра былқ етпегендіктен, қаншама мәселесі қордаланып, шешілмегендіктен, халық қаңтарда көшеге шықты емес пе? Тоқаев еститін мемлекетті құрып жатыр, ендеше керісінше, керек кезде ел алдынан көрінетін Үкімет қажет", – деді А.Олжабай.

Бұл терминнің түп-төркінін қазбаласақ, 1964 жылы Дэвид Уайз (David Wise) бен Томас Б.Росс (Thomas B.Ross) "The Invisible Government" атты нон-фикшн, яғни ғылыми-танымал жанрда кітап жазып, жариялады. Онда Үкіметтің көрінбейтін бөлігінің, яғни Орталық барлау басқармасының қызметі мен күрделі операциялары сипатталады. Оған пікір жазған Колумбия университетінің профессоры Кристофер Райттың (Christopher Wright) байламынша, "кітапта атап көрсетілгендей, қырғи қабақ соғыс кезеңіндегі Құрама Штаттардың негізгі саясаты қоғамға көрінбейтін, елеусіз үкіметтік механизмдер мен рәсімдер көмегімен жүзеге асырылады. Сондықтан персонал және бюджеттік шығын бойынша шектеулер олардың қызметіне таралмайды".

The New York Times сарапшысы Дэвид Леонхардт (David Leonhardt) көрінбейтін Үкімет терминін америкалық саясаттанушы Сюзанна Меттлер (Suzanne Mettler) экономика мен қоғамға қатысты қолданғанын еске салады.

"Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын Меттлер заманауи АҚШ Үкіметінің негізгі ерекшелігін сипаттау үшін "Көрінбейтін Үкімет" теңеуін ойлап тапты: көптеген адамдар үкіметтік бағдарламалардан халыққа не пайда барын түсінбейді, байқамайды. "Америкалықтар Үкіметтің қоғамдағы рөлін ұғына алмай, дал. Себебі, Үкіметтің сонша насихаттап, жасап жүрген нәрселерінің көбі өмірде көрінбейді" деп жазды Меттлер. Ол мысалға мемлекет ұсынатын салықтық жеңілдіктерді келтірді. Оның көрінбейтін Үкімет концепциясына сондай-ақ тым күрделендірілген, өмір шындығынан алыс жатқан бағдарламалар жатқызылды. Айталық, жергілікті билік органдарына берілетін федералдық субсидиялардың не үшін қажеттігін азаматтар білмейді", – деді Дэвид Леонхардт.

Меттлер АҚШ үкіметтерінің бәрі бірдей көрінбейтін болмағанын алға тартады. Қымбат кеңселердегі кабинеттерге тығылып алмай, халық арасына шығып, бұқарамен үнемі бірге, аралас-құралас болатын саясаткерлер, функционерлер арқасында Америкада әлеуметтік қамсыздандыру, медициналық көмек салаларында терең реформалар жасалды, қоғамның талап-тілектеріне жақындатылды. Штаттарда барынша көп парктер, жолдар, көпірлер тұғызылды. Халқына көрінбеуге тырысатын, араласудан арланатын Үкіметтен не күтуге болады?

The New York Times саяси шолушысы Алекс Бернс (Alex Burns) көрінбейтін Үкіметке қатысты бір мысал келтірді. 2021 жылы АҚШ Президенті Джо Байден Құрама Штаттарды "коронакризистен" арылтуға бағытталған, "American Rescue Plan" (америкалық құтқару жоспары) атымен белгілі құжатқа жаһанға жар салып, қол қойды. Оған орасан зор сома, 1,9 триллиона доллар бөлінген.

"Алайда 1,9 триллион доллар федералдық инвестицияларға не іс тындырылғанын, қайда кеткенін америкалық қоғамдастық, сайлаушылар түсіне алмады, толыққанды сезінбеді. Бұл жоспар Байден мырзаның және оның партиясының басты бір олжасына, ірі жетістігіне, ал құтқару бағдарламасы өзгелерге үлгіге айналуға тиіс еді. Оның орнына ылан-ойран қаржыны түсініксіз, сайлаушыларға көрінбейтін бастамаларға құртудың үлгісіне айналып шыға келді. Байден мырзаның танымалдылығы төмендегенін соңғы жылдағы қоғамдық пікір паш етіп отыр. Жұртшылық оның үкіметі ел экономикасын қалпына келтіру үшін не істегенін түсінбейді", – деп жазады Алекс Бернс.

Жалпы Байденнің командасы сияқты халық алдындағы беделінен айырыла бастамауы үшін біздің Үкіметтің жаңа құрамы "көрінбеуге" ұмтылмағаны жөн сияқты. Ал проактивті қызмет көрсету, цифрландыру үдерістері үшін әлдебір жаңа термин ойлап тауып, халықты алдарқатудың, басын қатырудың қажеті жоқ. Цифрландырылды деген ауылдарда кең жолақты интернеттің сол бойы жоқтығын, тіпті Астананың өзінде сымды және мобильді интернет шабан екенін, ақпараттық жүйелердегі олқылықтар электрондық мемқызметтерге көп нұқсан келтіретінін ел көріп отыр. Мұндай жағдайда "көрінбей, тасада қалғысы келетін Үкімет құрып жатырмыз" дегендері құлаққа тым ерсі естіледі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу