Смайылов Үкіметінің саясатына ESG билік ететін болады

4048

Жаңа Үкіметтің жұмысына "араласып", оның бағытын белгілейтін "тылсым үш әріп" пайда болды. Бас экономист те, сарапшылар да енді онымен санаспауға болмайды деп ашық айтып отыр.

Смайылов Үкіметінің саясатына ESG билік ететін болады

Бірден айта кетелік, бұл әлдебір компания, қаржылық топ немесе лоббистік фирманың атауы емес. Салыстырмалы түрде алғанда таяуда пайда болған бұл термин "қоршаған орта", "әлеуметтік сала" және "корпоративтік басқару" дегенді білдіреді (ағылшынның Environmental, Social and Governance деген сөздерінен құралған).

Осы қағидаттарды ұстанатын компания не кәсіпорын экологияны қорғауға, жергілікті тұрғындарға әлеуметтік қолайлы жағдай жасауға, корпоративтік басқаруын озық етіп, өз қызметкерлеріне және клиенттеріне жақсы қарауға міндетті. Қарап тұрсаңыз, мұның бәрі былтырдан бері түрлі ереуіл, бейбіт шеруге шығып жүрген қазақстандықтардың талабымен үндес. Өкінішке қарай, отандық компаниялардың және шетелдік инвесторлардың көбі бұл қағидаттардан үркіп, анадайдан осқырына қарайды.

Бұл үш әріптің астарын түсіну үшін бір мысал келтірген жөн. 2021 жылы H&M, Nike, Calvin Klein, Adidas, Tommy Hilfiger, Uniqlo, Converse, Puma және басқа жаһандық брендтер қытайлық мақтаға бойкот жариялады. Бұған ҚХР-дың осы шикізатты жинау үшін "Шыңжаңда ұйғырлар мен қазақтарды еріксіз жұмысқа жегетіні" себеп болғаны жарияланды. Қытай мақтасы әлемдегі ең арзан шикізат екені мәлім, ендеше алпауыт компаниялар не себепті "өз қолын өзі кесіп", тиімді заттан бас тартты? Оған оларды әлгі үш әріп – ESG итермеледі.

Әрине, осыдан кейін қытайлық жұлдыздар, шың елінің тұтынушылары әлгі брендтердің бәріне контр бойкот жариялады. Алып нарықтан айрылып, қыруар шығын шеккенін түсінген батыстық компаниялар ізінше есін жиып, қатаң ұстанымдарын жұмсартты.

40,5 триллион доллардан цент те тимей ме?

Бірақ Қытайдан қорыққан инвесторлар кішкентай Қазақстаннан қорықпасы сөзсіз. Нәтижесінде, республикаға инвестиция салғысы келетін шетелдік инвесторлар барған сайын сиреуде. Оған енді "қаралы қаңтар" оқиғалары қосылды. Қазақстанға 2019 жылы 24 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) тартылған. Пандемиялы 2020 жылы бұл көрсеткіш небары 17,1 млрд долларды, 2021 жылдың 9 айында 18,7 млрд долларды ғана құрады. Яғни кейінгі екі жылда шетелдік инвестиция бірден 22%-ға құлдырады.

Ел басшылығы Смайылов Үкіметінің алдына 2022 жылы – 23,9 млрд доллар ТШИ тарту міндетін қойыпты.

"Заңға өзгеріс енгізуден бастап, қажетті шараның бәрін қабылдаңыздар. Іштен және сырттан инвестор тартыңыздар!", – деді Қ. Тоқаев таяуда, 8 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Қазіргі кезде әзірленіп жатқан "Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы" жобасында 2023 жылы ТШИ көлемін – 25,1 млрд, 2024 жылы – 27,6 млрд, 2025 жылы – 30 млрд долларға жеткізу міндеті белгіленбек.

Бұрынғы үкіметтерден айырмашылығы, Смайылов Үкіметіне "и-эс-джи" қағидатын сақтауға күрт бетбұрыс жасауға тура келмек.

"Біздің министрлік осы ақпан айында 2025 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасын қабылдауды жоспарлап отыр. Оның аясында бұған дейінгі инвестиция тарту саясаты қайта қаралатын болады. Жаңа саясатта ESG талаптары, жаһандық энергетикалық және технологиялық бетбұрыстар ескеріледі", – деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров. 

2020-2021 жылдары Morgan Stanley, Ernst&Young, McKinsey жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, сақтандыру, зейнетақы және инвестициялық қорлар секілді институционалдық инвесторлардың, сондай-ақ миллениал-инвесторлардың басым көпшілігі жауапты инвестициялауға көшкен, осы мақсатта олар әлемдегі компаниялардың ESG-рейтингін қадағалайды. Ол рейтингте төмен тұрғандарға қаржы салмайды.

Консалтинг пен аудит саласының жаһандық алпауыты "PricewaterhouseCoopers" (PwC) осы мәселеге қатысты дамыған, бай елдерде кеңауқымды сауалнама жүргізіпті. Нәтижесінде, сұралған тұтынушылардың 76%-ы қандай да бір өндірушінің қоршаған ортаға, қызметкерлеріне немесе өзі орын тепкен жердегі жергілікті қоғамдастыққа теріс әсер ететінін білсе, ол компанияның өнімдерін сатып алуды тоқтататынын мәлімдеген. Аш-Энд-Эм, Найк секілді алпауыттарды Қытайға қарсы шығуға итермелейтін факторлар да осы.

Сарапшылардың мәліметінше, соңғы жылдары ESG-күн тәртібін басшылыққа алатын қорлардағы қаражат ауқымы орасан зор қарқынмен артып келеді. Түрлі бағалаулар бойынша соңғы 8 жылда 3 еседен астам өсіп, сомасы 40,5 триллион (!) долларға жетті. Қынжылтатыны сол, осы триллиондар тасқынынан "и-эс-джиді" елемей келген Қазақстанға бір цент тимеуі мүмкін.

PwC деректерінше, 2025 жылға қарай ESG қорлары өзге барлық қорлардағыдан көп активті басқаратын болады.

Сонымен қатар ESG қорларының саны да еселеп өсіп барады. 2020 жылдың аяғында 4 153 болса, 2021 жылдың аяғында 7,5 мыңнан асты.

PwC байламынша, енді ESG талаптарын сақтамайтын бүкіл елдер мен жеке компаниялар үшін капитал нарықтары жабылуы мүмкін.

Салдарлар мұнымен бітпейді. Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) ESG-ге шекеден қарайтын елдер үшін халықаралық қарыз алу қымбатқа түсуі мүмкін деп отыр.

"Климаттың өзгеруіне ықпалы 10 пайыздық тармаққа артса, қалыптасып келе жатқан нарықтық экономикасы бар дамушы ел үшін ұзақ мерзімді мемлекеттік облигациялары бойынша спреді 150-ден астам базалық пунктке артады. Ал климаттың өзгеруіне орнықтылықтың 10 п.т.-қа жақсарту облигациялар бойынша спредтің 37,5 б.п.-ке төмендеуіне әкелуі мүмкін", – деген болжам жасады ХВҚ.

Қазақстан ESG игілігін көру үшін не істемек?

Ұлттық экономика министрлігінің ұсынуынша, біріншіден, Қазақстанның бүкіл бизнесін қамту мақсатында елдегі әрбір ірі кәсіпорын бойынша оның "ESG тәуекелдеріне ұшырау дәрежесі туралы ақпаратты ашу, осы тәуекелдердің әсерін анықтау және бағалау рәсімдері" туралы әдістемелік рекомендациялар мен нұсқаулықтар әзірленеді.

Ведомствоның түсіндіруінше, бұл барлық компанияға өздерінің әлсіз жақтарын анықтауға және оны жою бойынша шаралар әзірлеуге мүмкіндік береді.

Екіншіден, бұған дейін квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың ESG бағытында қызметі туралы құрылымдық ақпаратты өз есебінде көрсетуі ерікті болатын, ол енді міндетті болады.

Үшіншіден, жауапты инвестициялардың (ESG) бірыңғай критерийлері жасалады. Оларды енгізуге ұсынымдар әзірленеді. Жалпы қазірдің өзінде елде бизнесті жүргізуде ESG критерийлерін бағалауға арналған рейтингтер мен индекстер бар, алайда ESG факторларына сәйкестікті бағалаудың бірыңғай стандарттары әлі күнге жоқ.

Төртіншіден, қазақстандық төл ESG рейтингін құру бойынша мәселе жеке пысықталатын болады. Ол шетелдік инвесторларға шатасып, қызметі экологиялық тәуекелдермен байланысты компанияларға қаржы салудан құтылуға мүмкіндік беруге тиіс.

Бесіншіден, өз қызметін, даму стратегиясын ESG қағидаттарымен үйлестіретін компанияларды қолдаудың түрлі бағыттары пысықталады.

Алтыншыдан, отандық компаниялардың, соның ішінде мемлекеттік және квазимемлекеттік кәсіпорындардың да ESG тәжірибесін енгізу сапасына салалық талдау жүргізіледі.

Жетіншіден, басқарушы компанияларға пайлық қорлар түрінде ESG-өнімдерін қалыптастыру бойынша ұсынымдар жасалады. Осылайша, осы бағытта отандық қорлар да түзілуі мүмкін.

Сегізіншіден, маңызды элемент ретінде мемлекеттік жоспарлау жүйесіне де ESG қағидаттарын енгізу мәселесі қарастырылады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу