Смайылов Үкіметінің шенеуніктеріне жаңа төлем төленетін болды

4943

Ел Президентінің тиісті жарлығының жобасы дайын. 

Смайылов Үкіметінің шенеуніктеріне жаңа төлем төленетін болды Фото: egemen.kz

Сарапшылар ротация тетігінің қажеттігін айтып жүр. Бастықтар, ортанқол шенеуніктер бір орнында ұзақ отырса, тамыр-таныстығы көбейіп, бармақ басты, көз қысты тірліктерге бой ұруы, өз саласын шағын хандыққа айналдырып алуы мүмкін. Бұған қоса, жаңа идеялары болмай, ескі сүрлеуімен тапырақтап, саланы, мекеменің жұмысын тоқыратуы ықтимал.

Сондықтан бұл тетік ары қарай сақталады, одан бас тартылмайды. Бірақ оған өзгерістер енгізілгелі тұр. Мысалы, бұрын билік мұны тізеге салып, мәжбүрлі жүргізетін. Ынталандыруларды көп ұсынбайтын. Тіпті барған жерде баспана жоқ болып шығатын көрінеді.

Енді ротацияға келіскен шенеуніктерге "ерлігі үшін" құрмет-қошемет көрсетіледі. Атап айтсақ, арнайы төлем төленбек.

Осы орада Мемқызмет істері агенттігі "Мемлекеттік қызметті өткерудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 жарлығына өзгеріс енгізу туралы" Мемлекет басшысының жаңа жарлығының жобасын әзірлеп шықты.

"Жарлық жобасы "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгірістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңын іске асыруға және Сіздің мемқызметшілерді ротациялау институтын дамыту жөніндегі тапсырмаңызға сәйкес әзірленді. Құжат ротациялау тетігін одан әрі жетілдіруге бағытталған. Бұдан бөлек, Мемлекеттік қызметшілерге ротация жүргізу қағидалары мен мерзімдері, ротацияға жататын мемқызметшілердің санаттары мен лауазымдарына өзгерістер мен түзетулер енгізіледі. Жарлық жобасымен басқа жерге ротацияланған мемлекеттік қызметшілер үшін ротациялық төлемдерді енгізу көзделеді", – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев Президент атына жазған түсіндірме жазбасында.

Жаңа төлем кімге беріледі?

Енді басқа елдімекенге ротациялау кезінде мемлекеттік қызметшіге лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде жекешелендіру құқығынсыз қызметтік тұрғын үй берілуге тиіс болады. Салыстырсақ, қолданыстағы ескі қағида бойынша "мемлекеттік қызметшіге қызметтік тұрғын үй беру мүмкіндігі болмаған жағдайда басқа жерге ротациялау ұсынылмайды". Яғни бұл жайт шенеунікті ауыстыруға кедергі болатын. Алда тәжірибе өзгермек.

"Қызметтік тұрғын үй болмаған жағдайда "А" корпусының  мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілеріне, басқа жерге ротацияланған С-1, С-О-1 және D-О-1 санаттарындағы "Б" корпусының қызметшілеріне ротациялық төлемдер белгіленеді. D-О-1 санатындағы қызметшіні ротациялау кезінде ротациялық төлемдер қабылдаушы жергілікті атқарушы органның қаражаты есебінен төленеді", – деп түсіндірді агенттік.

Дархан Жазықбаев бұрынғы үкіметтерге бұйырмаған, Әлихан Смайылов Үкіметіне тарту етіліп отырған жаңа ақшалай төлемнің, яғни ротациялық төлемдердің сомасы қанша болатынын нақтыламады.

Бірақ сарапшылар оның құны әр өңірге қарай әртүрлі болатынын және тиісті мегаполистегі не облыс орталығындағы пәтердің құнына тең болатынын айтады. 

Ротация мынадай мақсаттарда жүргізіледі:

  • меморгандар қызметінің тиімділігін арттыру, облыстар, аудандар мен қалаларды дамыту;
  • сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу;
  • мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әлеуетін және басқару тәжірибесін тиімді пайдалану; 
  • шенеуніктерді кәсіби дамыту және олардың басқару құзыреттерін жетілдіру.

Ротация мынадай схемалардың бірі бойынша жүргізіледі:

  • деңгейаралық, яғни "орталықтан – өңірге" немесе кері бағытта "өңірден – орталыққа";
  • өңіраралық: "өңірден – өңірге";
  • сектораралық;
  • ішкі өңірлік, яғни бір облыс, мегаполис, аудан, қала ішінде ауыстыру.

Ротациялаудан кімдер босатылады?

Мемлекеттік қызметшілерге ротация жүргізудің жаңа қағидалары жобасында ротациялаудан кімдердің босатылатыны жазылған.

Біріншіден, ротация сайланатын мемлекеттік қызметшілерге қолданылмайды. Мысалы, елімізде ауыл, ауылдық округ, кент әкімдерінің көбісін жергілікті жұртшылық сайлайды. 2023 жылы алғаш рет сынақ режимінде 45 аудан және облыстық маңызы бар қаланың әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдері сайланатын болады. Бұл ретте мәслихат жанама сайлаған әкімдер де ротациядан босатылады.

Екіншіден, мүгедектігі бар адамдар; жүкті әйелдер; 14 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырғандар; мүгедектігі бар балалары, оның ішінде асырап алған балалары бар (қорғаншы) жалғызбасты ата-аналар; көпбалалы ата-ана немесе асырауында мүгедектігі бар ата-аналар; қария зейнеткер ата-анасы бар мемлекеттік қызметшілер де ротациядан бас тарта алады. Оларды ротациялау үшін жоғарғы басшылық сол мемқызметшінің келісімін алуға міндетті. Ол келісімі құжат түрінде расталуға тиіс.

Үшіншіден, ротациялау мерзімі басталған кезде зейнеткерлік жасқа жетуіне 3 не одан аз жыл қалған мемқызметшінің өтініші негізінде уәкілетті адам оны ротациядан босату туралы акт қабылдауға тиіс.

Төртіншіден, мемлекеттік саяси қызметшілер арасында Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, ел Президенті лауазымға тағайындайтын мемлекеттік саяси қызметшілер, министрлер және өкілеттік мерзімі тікелей Конституцияда және заңдарда белгіленген мемлекеттік саяси қызметшілер ротациялауға жатпайды.

Мемлекеттік саяси қызметшілерді, "А" корпусының қызметшілерін ротациялау тек Президент әкімшілігінің келісімімен жүзеге асырылады.

Мемлекеттік саяси қызметшілерді ротациялау оны соңғы атқаратын лауазымына тағайындаған күннен бастап әрбір 4 жыл сайын жүргізіледі. Яғни, 4 жылдан артық отыра алмайды.

Бүгінде көптеген мекемеде ауыс-түйіс басталды ғой. Бұл ретте егер меморган ұйымдастырылғаннан, құрылымы өзгергеннен не лауазымдар қайта аталғаннан кейін шенеунік бұрын атқарғанына тең дәрежелі лауазымға қайта тағайындалса, онда мерзімі қайта жаңартылмайды. Демек, төрт жылға күні жетіп тұрса, жаңарған креслосына отырған соң іле-шала ротцияға ілігуі мүмкін. Ілікпеуі де мүмкін.

"Уәкілетті тұлғаның шешімі бойынша мемлекеттік саяси қызметшінің атқаратын лауазымында болу мерзімі 2 жылға ұзартылуы мүмкін. Содан соң осы ол мерзімді Президент жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия өз шешімімен тағы 2 жылға ұзарта алады. Бірақ мемлекеттік саяси қызметшінің атқаратын лауазымында болуының максималды жол берілетін мерзімі 8 жылдан аспауға тиіс", – деп түсіндірді агенттік.

"А" және "Б" корпусының қызметшілері де әр 4 жыл сайын ротацияланып тұруы шарт. Дегенмен мұнда да уәкілетті адамның шешімімен ол мерзімді тағы 2 жылға, ұлттық комиссияның шешімімен одан әрі екі жылға ұзартуға жол беріледі.

Егер басшылық мерзімді ұзартқысы келмесе, ал мемқызметші жаңа орынға, мысалы, бір облыстан екіншісіне қоныс аударудан бас тартса, онда ол лауазымында төмендетіледі. Егер төменгі бос немесе уақытша бос лауазым болмаса, немесе ұсынылған төмен лауазымға қызықпаса, онда мемқызметші жұмысынан шығарылады.

Мемлекеттік лауазымын төмендету конкурстық рәсімдерді өткізбей жүзеге асырылады.

Жасыратыны жоқ, әкімдер де, министрлер де өз адамын командасында ары қарай ұстап қалу үшін ротациялауды айналып өтудің түрлі жолын салып алған. Соның бірін мемқызмет агенттігі әшкерелеп, енді жойғалы тұр. Жаңа қағидада шенеунікті 1 жыл ішінде бұрынғы лауазымына қайта тағайындауға тыйым салынады.

"Ротациядан құтқару үшін мемқызметшіні ресми жұмыстан шығарып, ізінше оны конкурс бойынша қайта қабылдай қою схемасы таралған. Қағидадағы бұл түзету соны болдырмау мақсатында әзірленді. Яғни, қызметші ротациядан бас тартуға байланысты төмендетілсе, немесе жұмыстан шығарылса, онда бұрынғы лауазымына орналасуға арналған конкурсқа 1 жыл ішінде қатыса алмайды", – деп хабарлады ведомство.

Қорыта айтқанда, Мемқызмет істер агенттігі ұсынып отырған реформа ротациялау тәртібін түбегейлі жаңғыруға емес, тек жетілдіруге бағытталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу