IТ-Bit-2018 халықаралық форумында ресейлік компанияның ақпараттық технологиялар мәселелері бойынша сарапшысы Никита Орешкин соңғы 20 жылда компьютер процессорларының қуаттылығы 1000 есе, ал ақпарат сақтайтын жүйесі небары 2 есе өскенін айтты.
Оның пайымдауынша, әлемдегі IТ индустрияның дамуына осы көрсеткіш тежеу болып тұр.
"IТ индустрия саласында мемлекеттердің жеке-дара дамуы мүмкін емес. Тіпті осы сала дамыған елмен көрші қонған елдердегі кемшілік алдыңғы елдің дамуына кедергі келтіреді", – деді Никита Орешкин.
Boston Consulting Group басқарушы директоры және серіктесі Александр Жоров адам капиталына инвестиция салу әлемде трендке айнала бастағанын тілге тиек етті.
"Дамудың шырқау шегіне жетсе де, демографиялық дағдарысты бастан кешіп отырған елдер Қазақстан тәрізді жас мемлекеттердің адами капиталына қызыға қарайды. Себебі Қазақстандағы адами капиталдың мүмкіндігі кез-келген дамыған ел үшін қол жетпес арман. Біз цифландыру туралы сөз қозғағанда тек технология туралы айтамыз. Адами капитал болмаса технология кімге қажет? Дамыған елдерде технология болса, сіздерде сол технологияның тілін меңгеруге ықылас танытып отырған мамандар бар. Бірақ олардың қолы технологияның мүмкіндігіне жетпей отыр. Осы олқылықтың орнын тотыру үшін цифландыруға қатысты әлемде ортақ ақпараттық база қалыптастыратын кез келді. Тәжірибе алмасатын сәт туды. Бұл таланттардың, кәсіби мамандардың бәсін арттырады, бағаланбай, еленбей қалудың алдын алады", – деді Александр Жоров.
Ол сөз арасында біздің елдегі "Азаматтарға арналған үкімет" платформасы жайлы пікір білдірді.
"Бұл адами капитал мен технологияның мүмкіндігін үйлестіруді көздейтін бағдарлама. Егер ол тиімді пайдаланылса, біраз жұмыс атқаруға болады", – деді Александр Жоров.
Emerging Markets Amazon Web Services компаниясының бас директоры Тони Ван Ден Берге біздің елде енді қолға алынған "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасынан хабардар екенін мәлімдеді.
"Экономиканы цифрландыру кезінде қауіпсіздік мәселесіне басымдық беріледі. Киберқауіпсіздіктің деңгейі жоғары болмаса, сенім ұялатпайды. Emerging Markets Amazon компаниясы Қазақстанмен серіктес болуға әзір",– деді Тони Ван Ден Берге.
Дүниежүзілік банктің Орталық Азия және Еуропадағы аймақтық басқармасының бас экономисі Азии Ханстың баяндамасы форумның кезекті сессиясының бас тақырыбы – ұялы телефондардың мүмкіндігін пайдалануға арналды. Оның айтуынша, Қазақстан смартфондарды кеңселерде пайдалануды шектеп отырған кезде Қытай мен Сингапур ноутбуктерді қойып, смартфондардың мүмкіндігіне басымдық бере бастапты.
"Бұл өте қолайлы технология. Смартфондарға тек байланыс құралы ретінде қарау өткеннің еншісінде қалды. Дамыған елдер цифрландыру бағдарламасының стандарттарына бейімделген технологияларды өндіріске енгізуге асығып жатыр. Таяу болашақта смартфондар ноутбуктерді нарықтан ығыстырады", – деді Азии Ханс.
Ол Оңтүстік Корея мен Сингапурда әлі толық жасалып бітпеген смартфондарға Швейцария мен БАӘ "құда түсіп" жатқанын жеткізді.
"Швейцария блокчейн технологиясын жаппай қолдануға кіріссе, БАӘ елдері жасанды зерденің мүмкіндігін игеруге ниеттеніп жатыр", – деді экономист.
Азиз Ханс біздің ел технологияның қай түріне басымдық беретінін қазірден бастап анықтап алуы қажет екенін айтты.
"Екі технологияны қатар пайдалану мүмкін емес. Себебі ол өте қымбатқа түседі", – деді ол.
Форумға Гонконгтан құрметті қонақ ретінде шақырылған IОT саласының сарапшысы, өнертапқыш-кәсіпкер Тони Верб Қазақстанның Smart Astana, мен "Цифрлы Қазақстан" бағдарламаларын қатар қолданып жатқанына тәнті болғанын жасырмады.
Оның сөзінше, мұндай тәуекелге IT индустриясының шыңын бағындырған мемлекеттердің өзі бара бермейді.
"Сіздерге көп жұмыс істеп, өз мамандарыңыздың мүмкіндігін пайдалану қажет. Әлемде IOT және IT мамандары өз еңбектерін қымбатқа сатады. EXPO павилиондары тәжірибелерді сынақтан өткізетін, IT мүмкіндіктерді жетілдіретін тамаша алаң. Қазір әлемдік IT индустрияда екі-ақ жол бар. Біріншісі, бір мемлекеттің жан-жағындағы дамыған елдердің ақпараттық технологиясына экономикасын бейімдеуі. Екіншісі, өз технологиясына басқа елдердің экономикасын лайықтау. Сингапур мен Оңтүстік Корея технологиясы әлем экономикасының табиғатын өз технологиясының ырқына көндіріп алатындығымен ерекшеленеді. Бұл – кез келген елдің арманы. Бірақ оған барлығы бірдей қол жеткізе алмайды", – деп түйді сөзін Тони Верб.
Гүлбаршын Сабаева