Сода зауытына қарсылық жолдауы БҰҰ-ға жолданбақ

Кәсіпорынды құруға 2 млрд теңгеге жуық қаржы салынды. Биыл тағы 18 млрд теңгені игеру жоспарланып отыр.

Сода зауытына қарсылық жолдауы БҰҰ-ға жолданбақ

Жуырда Арал ауданында салынбақшы кальцийленген сода зауытына жергілікті экобелсенділер өре түрегелді. Зауыт құрылысына қарсылық ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымына жолдау әзірлеген оларды облыс басшылығы сабырға шақырып, зауыттың қоршаған ортаға зиян келтірмейтініне сендіруде.

Арал маңында салынатын кальцийлендірілген сода зауытының шамамен алынған құны 93,5 млрд теңге. Инвестициялардың 80% Қазақстан Даму Банкі бермек. Бүгінгі таңда кәсіпорынды құруға 2 млрд теңгеге жуық қаржы салынды. Биыл тағы 18 млрд теңгені игеру жоспарланып отыр. Зауыттың қуаттылығы жылына 300 мың тонна "А" маркалы кальцийленген сода және 315 мың тонна "В" маркалы сода болады деп күтілуде. Кәсіпорын өнімдерінің бірінші партиясын шығару 2023 жылға белгіленген.

 "Тұран ойпаты - Арал теңізі" қоғамдық бірлестігінің экологиялық белсенділері халықаралық ұйымға Қазақстанның Рамсар конвенциясына қатысушы екендігіне назар аудартып, Кіші Арал теңізі мен Сырдария өзеніне қауіп төніп тұрғанын жеткізуді көздейді.

"Біздің еліміз Арал теңізі бассейнінің күрт таяздануы салдарынан экологиялық зілзаланың орталығында орналасқан Арал қаласының маңында тікелей қорғалатын аумақта химиялық зауыт салу туралы шешім қабылдады. Кальцийленген сода зауытын аммиакты қолдана отырып, қытай ғалымы, химик Хоудың ескірген және зиянды технологиясы бойынша жасамақ және өндіріс орнынан шыққан 3 млн текше метр шламды яғни улы қалдықтарды Сарышығанақтағы теңіз түбіне төкпек. Кіші Арал теңізі мен Сырдария өзенін қорғаудың орнына Қазақстан Үкіметі Қамыстыбас көл жүйесін одан әрі жою және Сырдария өзенінтайыздату жөнінде нақты саясат жүргізуде. Бұл таяу уақытта әлемдік ауқымдағы орны толмас экологиялық апатқа алып келеді", - делінген белсенділердің халықаралық қоғамдастыққа арнаған Жолдауында.

Бұдан бөлек Сырдария өзенінің бойында алты су қоймасын салу туралы шешім республиканың сулы-батпақты жерлерді қорғау жөніндегі міндеттемелеріне қайшы келеді екен.

Бұл дауға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жауап берді.

"Наразылық себебі Арал теңізінің құрғаған бөлігінде өндіріс қалдықтарына арналған зауыт пен полигон салу болып табылады, - деді әкім журналистерге.

"Көптеген адамдар бұл кәсіпорынның құрылысы экологиялық жағдайды одан әрі қиындатады деген пікірде. Өндіріс қалдықтары Кіші Сарышығанақ шатқалында салынып жатқан шлам жинағышқа тасталады. Бірақ! Айта кету керек, шлам қоймасына арналған учаске Арал ауданының аумағында орналасқан су қорғау аймақтарына кірмейді. Сонымен қатар, бөлінген жер ауыл шаруашылығына жарамсыз. Ал жоба экология департаменті жанынан құрылған сараптамалық кеңесте экологиялық сараптама жүргізу барысында қаралды. Кеңес құрамына мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктер өкілдері, практик маман экологтар мен тәуелсіз сарапшылар кірді. Өткен жылы шлам қоймасының жобасы бойынша мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы берілді. Сондай-ақ су шаруашылығы мамандарының ұсынысы бойынша Сарышығанақ шатқалын бөгетпен қоршау туралы жобалық шешім қабылданды", - деді аймақ басшысы.

Әкімнің айтуынша, биіктігі 6 метр және ұзындығы 52,5 метр қоршау бөгеттерін салу қарастырылған. Жинақтағыш биіктігі 1,8 метр дуалмен қоршалады. Балтық шкаласы бойынша Кіші Арал деңгейі 52 метрге дейін көтерілгенде шлам қоймасын су басу қаупі болмайды. Зауыт іске қосылғаннан кейін бақылаушы құрылымдар үнемі зертханалық сынамаларды алып, ауаның ластану дәрежесін бақылап, нәтижелері ашық түрде жарияланатын болады.

Облыс әкімі кальцийленген сода өндірісі бойынша зауыт жұмысының экологиялық салдары туралы алаңдауға негіз жоқ деп санайды, керісінше, инвесторлардың мүмкіндіктерін пайдалану және өңірдің әлеуетін арттыру қажеттігін айтады.

"Жоба мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Зауытта 700 жаңа жұмыс орны және сервистік компанияларда 500-ден астам жұмыс орны құрылады. Бұл көптеген отбасылар үшін зор мүмкіндік! Бұл ішкі нарық қажеттілігінің 75% қамтитын ірі импортты алмастыратын өндіріс болмақ. Осылайша, біз бұл өнімді сыртқы нарықта сатып алуды 30 млрд теңгеге қысқартамыз. Бұл елімізде қалатын ақша", - деді әкім нақтылап.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу