Соғыстың қызған шағында Батыс Ресеймен саудасын арттырғаны анықталды

23016

Қан-қасап қырғын жүрген айларда НАТО елдері Мәскеуге қарулы жанжалға дейінгі кезеңдегіден де көп ақша жолдаған.  

Соғыстың қызған шағында Батыс Ресеймен саудасын арттырғаны анықталды Фото: politros.com

Еуропа аумағындағы қарулы шиеленісті болдырмау үшін Батыс елдері Кремльді көп қорқытқаны белгілі. Егер Украинаға шапқыншылық жасаса, онда Ресейдің оңбайтыны, теңдесі жоқ зілбатпан санкциялық ауыртпалықтан оның экономикасының омыртқасы опырылатыны жарияланды. Мәскеу Украина аумағына баса-көктей кірді, Киевтің іргесіне дейін жетті. Содан Киев Батыстан уәде етілген зұлмат санкцияларды күтуге құқылы еді. Уәдеқорлар жеме-жемге келгенде, алдымен бас пайдасын бірінші орынға қойып, соған қайшы келмейтін санкцияларды там-тұмдап, шым-шымдап енгізе бастады. Яғни, әп дегеннен Кремльге жойқын да сұрапыл соққы жасамады. 
Салдарынан, Мәскеудің соғыс машинасын НАТО елдері қаржыландырған болып шықты. Мұны америкалық беделді басылым – Politico өз талдауы арқылы нақтылы анықтады. Оның сарапшылары "Соғыс Батыстың Мәскеумен сауда-саттығын тоқтата алмады" деген байламға келді. Қайта қарулы қақтығыстың ең қызған шағында Ресеймен сауданың көрігін қыздырған мемлекеттер бар. 

Кеңес Одағы күйрегелі, Еуропалық Одақ отыз жылдан астам уақыт бойы Ресейді ішке тартып, онымен қарым-қатынасын жақсартуға, дүниежүзінде №1 ең алып территорияны алып жатқан федерацияның дамыған, демократиялық мемлекетке айналуына үлес қосуға тырысты. Нәтижесінде, соғысқа дейін Ресей ЕО-ға өнім жеткізетін ірі экспорттаушы үш елдердің біріне айналды. Ал Еуропадан ірі импорттаушылар арасында РФ ТОП-5 құрамына енді. 

Мысалы, Венгрия мен РФ арасындағы ай сайынғы алыс-беріс 2022 жылғы наурыздағы 714 млн еуродан былтырғы қазанда рекордтық шамаға – 1,54 миллиард еуроға дейін шығандаған. Бүгінде де жоғары болып қалуда. 

Италия мен РФ арасындағы тауарайналым 2022 жылы наурыздағы 2,5 миллиардтан шілдеде 3,03 миллиард еуролық рекордтық шамаға жеткен. Дегенмен, содан соң құлдырап, жыл соңында, қараша айында 1,3 млрд еуроға түсті.

Германия мен РФ арасындағы сауданың сипаты басқаша болды: былтырғы наурызда, яғни соғыс басында бұл көрсеткіш рекордтық 3,9 миллиард еуроны құраған. Артынша құлдырай жөнелді: қарашада 1,3 миллиардқа дейін төмендеді.

Нидерланд да осыған ұқсас: бұл елдің Ресеймен сауда-саттығы өткен жылғы наурызда тарихи белесті бағындырып, 4,1 миллиард еуро асуын алды. Алайда қан-қасап соғыстың салдарынан бұл көрсеткіш құлады: үздіксіз кеміп, қарашада 1,2 миллиард еуро ғана болды.

Франция мен Ресейдің сауда қатынастары шапқыншылыққа дейін де аса тығыз болмаған: нәтижесінде ол наурыздағы 1,7 миллиардтан қарашада 937 млн еуроға дейін азайды.

Украинаның ең белсенді қолдаушысына айналған Польша соғысқа дейін Ресеймен сауданы өрістеткен еді, бұл қарқын бастапқыда инерциямен сақталды. Сөйтіп, 2022 жылғы наурыздың қорытындысында 2,5 миллиард еуро межесінде болды. Ары қарай бұл бағыттағы біраз байланыс тізбегі бырт-бырт үзілген. Бірақ толық бас тартқан жоқ: қараша айында 757 млн еуроны құрады.

Діндес, тарихи тамырлас Грекия Ресейді бұрын халықаралық мәселелерде үнемі қолдап жүрді. Бірақ сауда-саттығының көрсеткіштері жоғары емес еді. Соғыс қарсаңында, былтырғы ақпанда 662 млн еуро ғана болса, ал наурыз қорытындысында 536 миллионға дейін түсті. Алайда одан әрі екі елдің тауарайналымы өрістеген.

Нәтижесінде қарашаны 715 миллион еуро көрсеткішімен аяқтады. Сарапшылар грек елінің бизнесмендері Ресейге қара алтынын танкерлермен теңіз арқылы өзге елдерге тасымалдауға белсенді көмектескеніне назар аудартады.

РФ алмазын сатып алатын басты бір ел – Бельгия: екеуінің алыс-берісі өткен жылғы наурызда 1,2 млрд еуроны құрады. Жыл соңында, қарашада 701 млн еуроға дейін кеміді.

Австрия – Батыста Мәскеудің қанқұмар саясатына қызу қарсы шықпай, бейтараптығын сақтап отырған азшылық елдердің бірі. Бұл саясаттың мықты экономикалық ұстыны жоқ: 2022 жылғы ақпанда қос елдің өзара сауда қатынастары 531 млн еуро ғана болды. Соғыс барысында бұл саладағы ынтымақтастығы біршама өрістеп, қараша қорытындысында 631 млн еуроға дейін өскен.

Одан айырмашылығы, Словакия Украинаға қару мен ұрыс техникасын ұсынған алғашқы елдердің бірі болды. Әйткенмен ол да Мәскеумен экономикалық байланыстарынан бас тартпай, ілгері бастырған. Осы мемлекет Ресеймен былтырғы наурызда 540 млн еуроға өзара сауда жасасыпты. Жыл бойы мұндай көрсеткіш сақталып, қарашада 609 млн еуроға жеткен. 

Украинаның тағы бір белсенді қорғаушысы Испания 2022 жылғы наурызда оның қарсыласымен 614 млн еуроға тауар алмасты. Жыл аяғында, қарашада бұл көрсеткішін 534 миллионға дейін төмендетті.

Мәскеуге энергетикалық тұрғыдан тәуелді болған Болгарияның онымен сауда-саттығы былтырғы наурызда 561 млн еуроны құраса, қарашада 517 миллионға дейін азайған.

Байырғы көршілер – РФ пен Финляндия арасындағы айлық өзара сауда ұзақ жылдар бойы 1,03 миллиард еуро көрсеткішінде тұрақты сақталды. Өткен жылғы ақпан мен наурызда да дәл осы сан тіркелді. Дегенмен, өткен ғасырда Кеңес Одағымен соғысты бастан кештен финдер қазіргі кезде Мәскеумен саяси қатынастарын үзді, бейтараптық статусынан бас тартып, НАТО-ға мүше болуға өтініш берді. Сауда саласында да қатаң принципшілдік танытып, оны үш еседен көпке кемітті: миллиардтан 2022 жылғы қарашада 281 млн еуроға дейін құлдыратқан. 

Сауда көрсеткішін Чехия 324,4 миллионнан 241,3 миллионға дейін, Эстония 220 миллионнан 124,6 миллионға дейін, Латвия 183,3 миллионнан 96,4 миллионға дейін, Дания 136,2 миллионнан 50,8 миллионға дейін құлдыратты.

Рекордшылар да жетерлік: Ресеймен сауда-саттығын Ирландия 8 еседей: 2022 жылғы наурыздағы 80,9 миллионнан қарашада 10,3 миллионға дейін, Швеция 6 еседей: 104,1 миллионнан 17,8 миллионға дейін, Литва 5,6 есеге: 435,9 миллионнан 77,2 миллионға дейін, Румыния 4 есеге: 536,1 миллионнан 129,7 миллион еуроға дейін азайтып тастады. Ал Словения керісінше, 2 еседейге: 99,5 миллионнан 182,8 млн еуроға дейін өрістетті.

Бұдан шығатын басты тұжырым: қанша жерден қарсылас, қас санаса да НАТО, Еуропа елдері Ресеймен экономикалық байланыстарын тоқтатқан жоқ. Бұл "Қазақстан агрессор Ресеймен арадағы сауда, экономикалық қатынастарын доғаруы керек" деп ұсынып жүрген қызуқанды қоғам белсенділеріне жауап болса керек.

Жалпы алғанда, соғыс жүрген былтырғы 2022 жылғы 11 айда Еуропалық Одақ елдері Ресейден 173 миллиард долларға шикізат пен тауар сатып алып, импорттаған. Яғни, РФ бюджетіне осынша түсім түсірді.  

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Батыс елдерінің Ресеймен сауда-саттығы тұтастай алғанда, өзінің шырқау шегін артқа тастады. Алда негізінен, азая бермек. Бұл көрсеткіштің 2021–2022 жылдардағы қарқынды өсімі осы қарым-қатынастардың пандемиядан кейінгі қалпына келуімен байланысты болды. Өсім ары қарай да жалғасатын еді, бірақ оған солақай саясатымен Мәскеудің өзі тосқауыл қойды. 

Енді тек төмен құлдилау тенденциясы күтілуде. Себебі, негізгі ірі санкциялар бойынша өтпелі кезеңдер аяқталды. 2022 жылғы желтоқсанда Еуроодаққа ресейлік шикі мұнайды теңізбен жеткізуге тыйым күшіне енді. Жыл соңында энергетикалық және көлік санкциялары толыққанды жұмыс істей бастады. Ресейдің Еуропаға көмір экспорттауына тыйым салынды. Бүгінде РФ халықаралық қаржы ұйымдарынан арзан несие тарта алмайды, жаһандық капитал және кредит нарықтары жабылды. Әскери мақсаттағы тауарларға шектеу енгізілді. РФ ірі банктері SWIFT халықаралық төлем жүйесінен ағытылып тастады. Ресейлік бизнеске шетелдік әріптестерімен мәміле жасасу күрделенді.

Мәселен, Knight Frank сарапшыларының мәліметінше, 2021 жылы Ресейдегі жылжымайтын мүлік нарығына 390 млрд рубль инвестиция салынған, оның жартысына жуығы шетелдік болған. Бұл РФ тарихындағы рекорд еді. Қаншама Қазақстан азаматы да Мәскеуде, Новосібірде, Омбыда пәтер және коммерциялық мүлік сатып алуға жөңкілгені есте. Ал 2022 жылы алдын ала қорытынды бойынша Ресейдегі жылжымайтын мүлікке 290–310 млрд рубль инвестицияланған. Бірақ оның 3%-дан азы ғана шетелдік капитал болыпты. Яғни, одан одақтастарының азаматтары да теріс айналуда.  

Жалпы, шетелдік сарапшылар биыл Мәскеудің валюталық қайнар-көзделі қатты суалады деп болжап отыр. Бұған жаңа санкциялар да ықпал етеді. Еуропалық одақтың ресейлік мұнай өнімдері импортына қатысты баға шектеуі 5 ақпанда іске қосылды. Ресейлік газ импортына тыйым салынған жоқ, тек бағаның жоғары, шекті бағасы енгізілді. Алайда бірінші және екінші "Солтүстік ағындардың" теңізасты магистралді құбырларының жарылуы оған тоқтау салды. Енді РФ газы Еуропаның шектеулі елдеріне тек Украина аумағындағы құбырлар арқылы тасымалдануда.

Ұзақ жылдар РФ арзан шикізатына басы байланған Еуропа өткен жылы бұдан бірден бас тарта алмады. Әдетте биржалық шикізат өнімдері фьючерспен алдын ала, өндірілмей жатып сатылып қойылады. Сондықтан Батыс елдеріне ресейлік мұнай, газ, көмір, мұнай өнімдері жеткізілімін ауыстыра алатын жаңа баламалы экспорт жолдарын іздеуге тура келді. Бүгінде Еуропа жаңа контрактілер бекітіп, жаңа құбырлар төсеп, терминалдар салып, бұл істі азды-көпті жүйеге түсіре алды. АҚШ, Әзербайжан, Қатар, Норвегия және басқа жеткізушілермен жаңа контрактілер ондаған жылдарға бекітіліп жатыр. Демек, солтүстік көрші де жаһандық нарықтарынан ұзаққа айрылуда.

РФ экспорты Үндістан, Қытай, Еуразиялық одақ елдері сияқты санаулы нарыққа тәуелді болып қалды. Оның өнімін қымбатқа алып келген дамыған елдердің ауқатты нарықтары жабылып жатыр. Оның үстіне РФ импортының үштен екісін құрайтын қуат ресурстарының, бірінші кезекте газ бен мұнай бағасының өткен жылы күрт қымбаттауы оның валюталық табысын арттырды. Биыл болса, қара алтын мен көгілдір отын құны біраз төмендеді және арзандау үдісі жалғасуда. 

РФ қаржы министрлігінің хабарлауынша, 2023 жылғы қаңтарда федералдық бюджеттің тапшылығы 1,76 триллион рублден асқан. Бұл ретте негізінен әскермен байланысты бюджет шығыстары былтырғыдан бірден 59%ға немесе 3,117 триллион рубльге дейін өсіп шыға келген. Бюджетке құйылған түсімдер 35% құлдырап, 1,356 трлн рубльді құрады. 

Қан майданда қаза табатын, мүгедек болатын ресейліктер саны көбейген сайын Мәскеудің соғыс шығындары да арта бермек. Ендеше кедейленген көрші ел ұзаққа созылатын соғысқа шыдамай, онда аласапыран заман орнауы ықтимал. Бұған Қазақстан билігі тиісті пессимистік сценарийлер құрып, дайын отырса жөн. Әйтпесе, көп салада Қазақстанның Ресей экономикасына тәуелділігі сақталды.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу