"Солтүстік ағын" құбырларындағы жарылыстың қорқынышты қырлары ашылды

2928

Батыстық бірнеше басылым бұл жарылыстың "украиналық ізі" барын жариялап тастады, мұны РФ кек алуға қолданған.

 "Солтүстік ағын" құбырларындағы жарылыстың қорқынышты қырлары ашылды Фото: egemen.kz

6 және 7 наурызда Батыс ақпарат құралдары Еуропаның көгілдір отынсыз қалуына Украинаны кінәлайтын хабарларға толды. Германиялық Deutsche Welle "Солтүстік ағындардағы" жарылыс: іздер Украинаға апаратын болып шықты" деген тақырыппен шу шығарды. Онда жазылғандай, неміс тергеушілері теңіз түбінде төселген ресейлік "Солтүстік ағын" және "Солтүстік ағын–2" алып газ құбырларында диверсия жасауға пайдаланылған кемені тауып алыпты. Бұл жөнінде германиялық ARD, SWR арналары, Die Zeit басылымы да жария етуге асықты. Олардың да тақырыбы ұқсас: "Іздер Украинаға бастайды". 

Әдетте әр сөзін салмақтайтын британдық ВВС де сенсация көріп,  жолдан тайғанға ұқсайды. Ол 7 наурызда: ""Солтүстік ағындарды" жарудағы украиналық із. Мәскеудің реакциясы қалай болар екен?" деп "үрейленген" хабар таратты. 

Мәскеудің реакциясы әмбеге аян: РФ кешелі бері, яғни дәл мереке кезінде Украинаға зымырандармен үстемелеткен соққы берді. Бомбалау 9 наурызда да жалғасты. Салдарынан, бейбіт тұрғындар қаза тапты, елдің бірнеше облысында энергетика объектілері, тіршілікті қамтамасыз етіп отырған инфрақұрылым қирады. Тұрғын үйлер бұзылып, автокөліктер өртеніп кетті. Ел астанасының өзі жарықсыз, тұрғындардың жартысы жылусыз қалған. Бүгіннен бастап, барлық мектептер қашықтан оқуға ауыстырылған. 

Ресми дерек бойынша РФ Украинаны қарудың барлық дерлік түрімен шабуылдаған. Әуе қорғанысы кешендерінің арқасында Киевте жаудың қанатты зымырандары мен дрондары тегіс атып құлатылды. Алайда дұшпан дыбыстан бірнеше есе жылдам "Кинжал" дәлдікті зымырандарын қолданған, ал оны тұтатын қорғаныс кешені Украинада жоқ. Сондықтан олардың бәрі инфрақұрылым нысандарына дөп тиіп, жарып жіберді. Оккупанттардың аяғы баспаған Батыс Украина да әуе соққысының астында қалды, алдын ала дерек бойынша 5 адам қаза тапқан. Харьков, Житомир, Днепр, Одесса және басқа облыстары зымырандар шабуылынан қатты зардап шекті, облыс орталықтары сусыз, жылусыз, жарықсыз қалды.

Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужный жаудың Украина аумағына жалпы саны 81 зымыран және ирандық Shahed-136/131 дрондарының сегізін ұшырғанын хабарлады. Әуе қорғанысы кешендері олардың жартысына жуығын қағып түсті. Атап айтқанда, қанатты зымырандардың 48-інің 34-і және 4 беспилотник құлатылыпты. Ал Х-31П және Х-59 басқарылатын авиациялық зымырандардың сегізі өз нысанасына тимей, қаңғып кетті.

Президент В.Зеленский әуе шабуылдары барысында Киев, Кировоград, Днепропетровск, Одесса, Харьков, Запорожье, Львов, Ивано-Франков, Житомир, Винница облыстарында тұрғын үйлер мен әлеуметтік инфрақұрылым күйрегенін жариялады. Жараланғандар көп.

Мәскеудің қайтадан тіс қайрап, кек алуына ықпал еткен ақпаратқа оралсақ. Сенсация қуалаған Батыс журналистерінің айыптаулары ағат болып шыққаны анықталды. Неміс тергеушілерінің нақтылауынша, күдіктілердің бір ұштығы ұлты украиналық адамдарға барып тіреледі. Яғни, тергеушілер Украинаға кінә тағып отырған жоқ. Тіпті әлгі адамдардың айыбы дәлелденгеннің өзінде жарылысқа Украина емес, екі украиналық адам ғана қатысты болады. 

Салыстырсақ, бір топ неміс әлдебір елде ірі көлемде есірткі партиясымен ұсталса, сол үшін бірден "Германия басшылығы есірткі бизнесін қолдап отыр" деп айыптай салумен бірдей болар еді. 

Жалпы, мұнда тылсым сырлар мен күдік-күмәндар жетерлік. Неміс тергеушілерінің болжамынша, Польшада тіркелген, екі украиналыққа тиесілі әлдебір компания яхтаны жалға алады. Оған бұрын портта жүк көлігімен жеткізілген әлдебір жүктер артылыпты. Содан кеме 2022 жылғы 6 қыркүйекте шығысгерманиялық Росток портынан шығып,диверсия актісі болған тұсқа жақын жерде жүзіп жүргін. Ертесіне яхта германиялық Вик-на-Дарс коммунасына бет алған, одан кейін даниялық Кристиансё аралына бет қойған. Кеме қожайынына қоқысқа ыбырсыған күйде қайтарылыпты. Каютадағы үстелдің үстінен тергеушілер жарылғыштың іздерін тауып алған көрінеді. 

Бұл деректерге халықаралық сарапшылар шүбә келтірді. Себебі, теңіз тұңғиығындағы қос "ағынның" алып магистралды құбырларын жою бойынша күрделі операция оны жүзеге асырушылардан жоғары біліктілік пен кәсіби мол тәжірибені талап етеді. Ендеше соны жүзеге асырған майталмандар қалайша ақыр соңында сонша сауатсыздық танытып, өз іздерін мұқият тазаламаған? Қалтарыста кездейсоқ қалса бір сірә, үстел үстінде жарылғыш ұнтақтарын қалдыру, қораптарды көк теңізге лақтырмай, бұрышқа үйіп қойып, барлық айғақзаттарымен бірге қожайынына қайтару неміс тергеушілерінің күдігін туғызбапты.

Тағы бір түсініксіз жайт, диверсанттар өздерімен бірге лицензиясы бар дәрігерді алып жүрген. Жараланса, жараны таңып берсін деп қам жасаса керек. Шынында, арнайы операцияларды жүзеге асыруға үйретілгендер өз жарасын өзі таңуға да үйретіледі.

Сонымен, германиялық тергеушілердің пікірінше, диверсиялық топ 6 адамнан құралған. Құрамына кеме капитаны, екі сүңгуір, екі көмекші және дәрігер кірді. Су көлігін жалдау және Еуропа бойынша жүзіп жүру үшін жалған паспорттарды қолданған. Диверсияны ұйымдастыруға кім тапсырыс бергенін неміс тергеушілері анықтай алмады.     

The Washington Post жазуынша, "Солтүстік ағын" газ құбырларына шабуылды қандай да бір елмен байланыстыратын дәлелдер сол бойы табылмады. Америкалық басылым зерттеу жүргізе келе, АҚШ пен Еуропаның арнайы қызметтері "украиналық ресми тұлғалардың "ағындардағы" былтырғы жарылысты өз елінің ұйымдастырғанын мойындаған" ешқандай хабарламаларды ұстап алмағанын мәлім етті. Әйтпесе, қызды-қыздымен, ақпарат құралдары осындай ақпаратсымақты да таратып жіберген. Мұны The New York Times та жоққа шығарды және барлық жауапкершілікті әлдебір "украиналық диверсанттарға" арта салу асығыстық екенін ескертті. 

Америкалық саясаттанушы Грег Миллер (Greg Miller) мұны Украина жасамағанына бірнеше дәлел келтірді. Біріншіден, Украина Президенті де, оның жанындағы тұлғалар да соғыстың қызған шағында Батыстың қолдауынан айрылып қалмау үшін бәрін жасауда: мысалы, Мәскеу Украинаның қалаларын зымыранмен соққылауда, ал Украина Ресей қалаларын зымыранмен соққылаудан бас тартып отыр. 

Екіншіден, Ресейдің өзі "Солтүстік ағынмен" Батыс елдеріне көгілдір отын айдауды күрт азайтты, ал екінші ағын іске қосылған жоқ. Демек Украина онсыз да аз пайдаланылатын нысанды бүлдіруден пайда таппайды, қайта батыс жұртшылығының қаһарын туғызуы мүмкін.

Үшіншіден, "кез келген қылмысқа кінәліні табу үшін содан пайда тапқанды ізде" деген жазылмаған заң бар. Ал құбырлардың жарылуынан Мәскеу пайда тапты. Себебі, бірінші "Солтүстік ағын" арқылы газ айдауды азайту арқылы РФ батыстық серіктестері алдындағы контрактілерінің шарттарын бұзды. Тиісінше, бірқатар Еуропа елдері "Газпромды" осы үшін сотқа беріп, арбитражға жүгінуде. Бұл Ресейді ондаған миллиард доллар шығынға отырғызады. Алайда енді Газпром құбырлардағы диверсияны форс-мажор ретінде алға тартып, жауапкершіліктен құтылып кете алады.

Төртіншіден, Уашингтон пост хабарлауынша, "жекелеген барлау деректері бұл жарылысқа Ресейдің қатысы барын көрсетеді: мысалы, ресейлік әскери теңіз кемелері жарылыстың қарсаңында дәл шабуыл болған орында немесе соның жанында қауырт жүзіп жүрген". Олардың ол жерде не бітіргені белгісіз: Мәскеу құпияландырып отыр. 

Германия және басқа елдер басылымдарының жандәрмен Украинаны айыптауға асығуы соғыстан қансыраған осы елге тағы бір соққы болып тиюі мүмкін. Уашингтон пост сарапшысы Шейн Харристің хабарлауынша, Ақ үйдегі биік лауазымды шенеуніктер газ инфрақұрылымына шабуылдың Украинамен байланыстырылуы НАТО елдерінің, әсіресе Германияның қолдауын әлсіретуі ықтимал деп алаңдаушылық білдірді. Себебі, кезінде бір бөлігі Кеңес одағының қолында болған Германияның тұрғындары арасында Украинаны қаруландыруды доғаруды талап ететіндер үлесі артып барады.   

Қалай болғанда, газ магистральдарын кім жарғаны туралы сұрақ жауапсыз қалды. НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг журналистерге сұхбатында тергеудің жалғасатынын мәлімдеді. 

Украина Президенті кеңсесінің кеңесшісі Михаил Подоляк Украинаның бұл оқиғаға еш қатысы жоқтығын нықтады. Себебі, бұл елде теңіз флоты қалмады, әрі Балтық теңізінде мұндай күрделі операцияны жүзеге асыруға оның техникалық мүмкіндігі жетпейді. Германиялық Die Zeit басылымы яхтаға қатысты оқиғаны "False Flag policy" (жалған ту астындағы саясат) деп атады, яғни күдік бірден Украинаға түсуі үшін жасалған операция болуы мүмкін. Ресейге азаттық аңсаған көршісін қанға бөгу үшін сылтау да жетіп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу