Солтүстік көрші Батыс тыйым салған тауарларды Қазақстан арқылы алып өтудің жаңа тәсілдерін пысықтауда

2492

Еуропалық Одақ Мәскеуге қарсы санкциялардың 11-ші пакетін әзірлеп жатыр. Бұл туралы Bloomberg хабарлады.

Солтүстік көрші Батыс тыйым салған тауарларды Қазақстан арқылы алып өтудің жаңа тәсілдерін пысықтауда Фото: inbusiness.kz

Агенттіктің түсіндіруінше, Еуроодақ кезекті санкциялық топтамасы арқылы Ресейдің санкцияларды үшінші елдер арқылы айналып өтуінің жолын кесуге бағытталған тетіктерді енгізуге ниетті.

Белгілі болғандай, жаңа пакет 19-21 мамырда, Хиросимада өтетін G7 саммитіне дейін қабылданады. "Үлкен жетілік" АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания, Жапония, Италия мен Канададан тұрады.

Ұсынылып отырған тетік ЕО-ға мүше елдерге 2 қара тізім құруға мүмкіндік береді. Біріншісіне – санкциялық режимді бұзып отырған үшінші елдер, екіншісіне – Ресейге сатуға жол берілмейтін тауарлар кіреді.

Қара тізімге қандай елдер мен тауарларды енгізу туралы шешімді одаққа қатысушы мемлекеттер бірауыздан қабылдайтын болады. Бұл ретте Блумберг оған Қытайды қосу жоспарланып отырмағанын, бірақ Ресейдің өзге көршілері, соның ішінде Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің қара тізімнен табылуының мүмкіндігі жоғары екенін ескертті. 

Бұған қоса, 11-ші топтама аясында өзге елдердің Ресей арқылы транзитіне қатысты жаңа тыйымдар қарастырылмақ. Қазақстанның дүниежүзімен сауда-саттығының, импорты мен экспортының үштен екі бөлігі РФ территориясы арқылы жүретіні белгілі. Соғыс болып жатқан 14 айда Қазақстан билігі Ресейді орағытып өтетін баламалы бағыттарды жете дамыта алмады. Егер ұжымдық Еуропа транзиттік санкцияларын қатайтса, Қазақстан аса қиын жағдайда қалып, дағдарысқа килігуі ғажап емес.

Әзірге Смайылов Үкіметі мұндай жағдайдағы іс-қимыл жоспары түгіл, пессимистік сценарийінің барын да жарияламады.

Сонымен бірге жаңа тыйым шараларының кешеніне ресейлік тіркеме-прицептер де қосылатын болды. Өйткені РФ өз территориясы арқылы Еуропаға өтетін транзитті тоқтатпаудың бір қулығын тапты: ресейлік жүк көліктері ЕО аумағына жіберілмейді, алайда олар шекарада өз тіркемесін еуропалық мемлекеттердің жүк көліктеріне тіркете салады. Сөйтіп, жүк одан ары сапарын жалғастырады.   

"Еуроодақ талқылап жатқан жаңа санкциялық тетік Ресейдің қолданыстағы шектеулерді бұзуына жол бермеу үшін жеткілікті шара қабылдамай отырған үшінші елдерге бағдарланады. Санкция құралдары ол елдерді Ресейге тыйым салынған тауарлар тасылатын сауда арналарын жабуға және оған көмектесуді доғаруға иліктіреді. Бұл шаралар Ресейдің жақын көршілеріне және Орталық Азия елдеріне қатысты болатын түрі бар. Егер бұл тетік те тиімсіз болып шықса, басты өнімдерге атаулы-адресті шектеулер енгізу – келесі қадамға айналмақ. Хабарланғандай, алдағы санкциялар пакеті аясында ЕО сондай-ақ РФ арқылы көптеген тауарлардың транзитіне тыйым салуды және қолданыстағы экспорттық бақылау шараларын кеңейтуді жоспарлап отыр", – деп мәлім етті Bloomberg.

Агенттіктің дерегінше, "жартылай өткізгіштер, интегралды схемалар сияқты тыйым салынған тауарларды Мәскеудің Қазақстан, Біріккен араб әмірліктері, Түркия және Қытай арқылы тасуының көлемі Украинада кең ауқымды соғыс басталғалы екі еседей артты". Оның үстіне бұл елдер былтырдан бері Ресеймен арасындағы нақты тауарлар мен технологиялар бойынша алыс-берісі көлемінің неге күрт өскенін түсіндіре алмаған көрінеді.

Осылайша, былтырғы ақпанда Кремль шапқыншылығын бастағалы бері енгізіліп отырған он бірінші санкциялық топтама негізінен бұған дейінгі санкцияларды айналып өту жолдарын жабуға және соған көмектесіп отырғандарды жазалауға бағытталатын болады.

Әйтпесе, РФ санкцияға іліккен микрочиптер және басқа да технологияларға қол жеткізіп, сол арқылы зымырандарын жасап, Украина халқын қанға бөгуін жалғастырды. Егер тыйымдар тегеурінді жүзеге асырылып, бұл өнімдердің импортына қуатты тосқауыл қойылса, Ресей жоғары дәлдікті зымыран жасау, әскери техникасын, ұшақтарын жаңғыртып, дрондарын құрастыру мүмкіндігінен айрылады.

Осының алдында АҚШ Қазақстанның қосарлама санкцияларға ілігу қаупі артқаны туралы қатаң ескерту жасады. Бұл туралы Американың Қаржы министрінің көмекшісі Элизабет Розенберг мәлімдеді.

"Ресей санкцияларды аяқасты етуде біраз табысқа жетті. Осы орайда АҚШ Қазақстан Үкіметіне Мәскеуге шектеу шараларына жалтаруына көмектесуінің қандай салдарларға соқтыратынын нақты білдірді. Қазақстанның өзіне, сонымен қатар қазақстандық бизнес пен отандық банктері үшін қосарлама санкциялардың қаупі артып барады", – деді Элизабет Розенберг.

Оның айтуынша, Вашингтон Ресейге санкциялардан бұлтаруға көмектесуіне байланысты төніп келе жатқан тәуекелдерді түсіндіру үшін Қазақстан Үкіметімен және бизнесімен ұдайы байланыста екен.

АҚШ Қаржы министрінің көмекшісі Ақ үйді Ресейдің Қазақстаннан iPhone немесе кір жуу машиналарын тасып жатқаны емес, ол арқылы шетелден компьютерлік чиптерді, интегралды электрондық жүйелердің элементтерін импорттап жатқаны алаңдататынын нықтады. Себебі, бұлар зымырандардың, дрондардың навигациясында қолданылады.

Айтқандай, ұқсас қатаң ескертуді Өзбекстан да алды: Ташкент өз аумағы батыстық шектеулерді бұзу үшін пайдаланылмайтынына кепілдік берді. 

Қазақстан билігі мен бизнесі ойнап жүріп от басуы мүмкін екенін түсіне бастағанға ұқсайды. Ресейлік бизнес пен сарапшылар қазақстандық банктердің бұған дейін РФ тарапы санкцияларды айналып өту үшін пайдаланған есепшоттарды бұғаттап, жауып жатқанын хабарлады. 

Бұған қоса, Қазақстанның қор биржасы (KASE) өткен аптада брокерлерді Ресей және Беларусь азаматтарының есепшоттарын өзге клиенттердің шоттарынан мәжбүрлі түрде бөліп алуға міндеттегенін жариялады. Яғни, ресейлік олигархтар мен компаниялар қазақстандық биржаларды және құнды қағаздарды сатып алуды – санкцияларға қайшы келер сауда мақсатында пайдалана алмай қалуы мүмкін.

Ресейлік белгілі кәсіпкер, экономист Дмитрий Потапенко ресейлік бизнестің кейбір өкілдері Қазақстанда шынымен қиындыққа кезіккенін растады. Қазақстан ресейлік клиенттері үшін қаржылық операция жүргізу шарттарын қатаңдатты. Отандық банктер санкцияларды айналып өту схемаларына жол бермеу үшін комплаенсты күшейтті. Ал қазақстандық биржа РФ, Беларустің жеке және заңды тұлғаларын валюталық құралдармен операциялар жүргізу мүмкіндігінен айыруда.

"АҚШ билігінің екі ел арасындағы саудаға қол сұғуы әрине, қынжылтады. Сонымен бірге ресейлік компаниялар Қазақстанды санкциялық тауарларды ары қарай өткізуге арналған "прокладка" елге айналдырып алғаны да жасырын емес. АҚШ ескертуі осыған тоспа құруға бағытталған. Қазақстанның банктері бүгінде тек ресейліктерге қатысты ғана емес, солармен серіктестігі бар қазақстандықтарға қатысты да қатаң әрекет ете бастады. Мысалы, маған қазақстандық серіктестерім шығып, жағдайды жеткізді. Соның ішінде олардың ақша аудару мүмкіндіктері шектелген. Бұл тек алғашқы санкциялар ғана", – деді Д.Потапенко.

Бірақ Потапенко екі елдің бизнесі бұл тұрғыдағы серіктестігін жалғастырудың жолдарын бәрібір табатынына сенімді. Ол өзі басқаратын Liquent.IO компаниясы арқылы былтырғы жаздан бері Кросс-шекаралық платформа әзірлеп, іске қосыпты. Блокчейнде жұмыс істейтін бұл тетік (Кросс-бордерная платформа взаимного зачета поставок) ресейлік ірі компанияларға жеткізілімдер үшін еуропалық банктерсіз-ақ, шетелдік серіктестерімен өзара есептесуге мүмкіндік беретін көрінеді. Компания Біріккен араб әмірліктерінің Дубайында тіркелген.

"Ол бүгінде тек ірі бизнес үшін ғана қызмет етеді. Соның арқасында тауар шекарадан өткен соң оның төлемі үшін аударылатын ақша дәстүрлі трансшекаралық хабтар арқылы өтпейді. Ал басқа бизнеске келсек, олар өткен ғасыралардың еншісінде қалған "жекеменшік валюталар", бартерлер сияқты экзотикалық құралдарды қайта жандандырып, сол арқылы сауданы ары ұластыруға талпынатын болады. Өйткені мұны билік жете бақылай алмайды. Саясаткерлер ескі қателіктерін қайталап отыр. Олар қандай кедергі қойса да, қандай алып дуал орнатса да бизнес одан өту үшін тесікті табады", – деді экономист Дмитрий Потапенко.

Демек, Қазақстанның құзырлы органдарының бұл салаларға да назар аударғаны, санкциялық тауарлар солтүстік көршіге өтіп кетпеуі үшін ұлттық қауіпсіздік, кеден, салық, қаржылық реттеу, банк және басқа салаларда бірлесе, үйлесімді әрекет еткені маңызды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу