Сом жұдырығын ала жүгіретін сотқарларға Үкімет аяушылық танытпақ

2347

Өзгені ұрып, көзін көгертіп қойған талай тентек-телі жазасыз құтылып кетіп жүр. Заң соған мүмкіндік береді. Заңды ары қарай жұмсарту ұсынылып отыр. 

Сом жұдырығын ала жүгіретін сотқарларға Үкімет аяушылық танытпақ Фото: google.com

Әлеуметтік желіде белгілі балуанның ұлының екі адамды соққыға жығуына қатысты қоғамдық резонанс өрістеуде. Шынында, оның көрігін зардап шеккен жақ қыздырып отыр: күйеуі, белгілі адвокат Олег Черновпен бірге таяқ жеген Анна Димитриевич спорт порталына сұхбат беріп, өздеріне қол көтерген бұзықты кешірмегендерін мәлімдеді. Тіпті танымал тұлға әкесінің жапа шеккендермен кездесіп, ұлы Нұрасыл атынан кешірім сұрауы да нәтиже бермепті. Іс әскери полицияға табысталған. Тергеу басталды. Жәбірленген адвокаттар отбасы Нұрасылдың өз қолымен жасағанын мойнымен көтеріп, заң алдында жауап бергенін және бұл істің өзгелерге сабақ болғанын қалайды.

Бірақ ұрыншақ жігіт жеңіл жазамен де құтылып кетуі мүмкін.

Алматы қаласының Полиция департаменті хабарлағандай, аталған факт сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізілімінде Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" аталатын 293-бабы бойынша тіркелген. Бұл бап, егер қарсы тарап бұзақылықтың аса қатыгездікпен жасалғанын дәлелдей алмаса, онда 2000 АЕК-ке дейінгі айыппұл салуды, не сол мөлшерде түзеу жүмыстарына, немесе 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуды қарастырады. Тек аса қатыгездікпен жасалса ғана, 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Бірақ судьялардың ауырлау жазаны қолдануы сирек кездесетін көрінеді.

Жалпы, даулы істі дәу жұдырығымен шешуге үйір бұзық адамдарға жаза жұмсақ екенін Әділет министрлігі мойындап отыр. Бірақ одан жаман ештеңе көріп отырмағанға ұқсайды, себебі бұл жазаны ары қарай жұмсарта түспек.

Мысалы, қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" (Умышленное причинение легкого вреда здоровью) деген 73-1-бап бар. Егер жүгенсіз кеткен содыр-сотқар әлдебір адамды соққыға жықса, бірақ дәрігерлер оның келтірген зардаптары "жәбірленушінің денсаулығының қысқа мерзімге ғана бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетін тұрақты түрде болмашы ғана жоғалтуға әкеп соқты" деп таныса, онда әлгі адам 15 АЕК (52 мың теңгеге жуық) айыппұлмен құтылып кетуі мүмкін немесе әрі кетсе, 15 тәулік изоляторда отырып шығады.

Әділет министрлігі әзірлеген жаңа заң жобалары бұларға балама ретінде 128 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын енгізуді ұсынып отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отбасын ойрандайтын тирандарға қарсы жазаны күшейтуді бірнеше рет тапсырды. Алайда Үкімет тағы жеңілдетпек. Мысалы, егер бұзақы жәбірленушімен отбасылық-тұрмыстық қатынастарда тұрса, онда қолданыстағы Әкімшілік кодекстің әлгі бабының 1-1 бөліміне сәйкес, не ескертумен құтылатын, не 15 тәулікке қамауға алынатын. Енді министр Есқараевтың командасы тағы бір таңдауды – 128 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартуды ұсынып отыр. Егер жұбайын бір жыл ішінде қайтадан соққыға жықса, жазасын 150 сағат қоғамдық жұмысқа дейін арттыру қарастырылған.

Жалпы, құқық қорғаушылар көзі ақиып шыға келетін, баласы мен зайыбына жұдырық ала жүгіретін делқұл жандарды екі аптаға болса да отбасыдан аластатуды жөн көреді. Ал  жаңа заң мына күйде қабылданса, отбасылық сойқан қоғамдық жұмыстан соң үйіне қайтатын болады. Сонда сырттағы қоғамдық шаруадан шаршағаны үшін отбасы мүшелерінен өш алуы да ғажап емес. Биліктен қорған жоқтығын түсінген жәбірленуші іштен тынуы, соққыға үнсіз төзуі, енді қайтып полицияға жүгінбеуі мүмкін. Бас жарылса, қол сынса, үй ішінде болады.

Демек, Әділет министрлігіндегі жайлы кабинеттерде отырып, осы заң жобасын әзірлеушілер алдымен дағдарыс орталықтарын аралап, түзетулеріне сонда паналағандардың пікірін білгені жөн еді.

Әділет министрі Азамат Есқараев заң жобасына түсініктемесінде қазіргі уақытта "іс жүзінде азаматтарға дене жарақатын келтіру фактілерін әкімшілендіру кезінде зардап шеккен адамдардың теріс пікірін тудыратын проблемалар" жетерлік екенін жасырмады.

Мәселен, оның түсіндіруінше, денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлық дәрежесі жәбірленушілерді, күдіктілерді және басқа да адамдарды сараптамалық зерттеу әдістемесі негізінде анықталады. Соның аясында эксперттер соққыдан терісі сыдырылып, еті көгеріп кеткен адамдарды да "жеңіл жарақат" дей салады екен.

"Себебі, қолданыстағы Әдістеменің 7-тармағына сәйкес қысқа мерзімді денсаулықтың бұзылуы, органдар функцияларының уақытша бұзылуы, жалпы еңбек ету қабілетінен шамалы тұрақты айрылу – осының бәрі жалпы еңбек ету қабілетінен 10%-ға дейін тұрақты айрылу жағдайларында танылады. Бұл ретте беткі зақымданулар, оның ішінде абразия, көгеру, гематома, үстіңгі жара және басқа да зақымданулар денсаулықтың бұзылуы әкеп соқпайды деп есептеледі. Тиісінше, денсаулыққа жеңіл зиян келтірілген ретінде сараланады", – деді министр.

Заңгерлер тілінен қарапайым тілге аударсақ, осындай сараптамасымақтан кейін судьялар алдында отырған, үсті-басы жараға толы, денесі көгеріп, дәкемен таңылған адамға тіпті көз салмай, сараптамаға сеніп, озбырды қамамай, көше сыпыруға жолдай салуы мүмкін.

Әділет министрі Қазақстанда төбелестердің көбі осылай көгеру, үстіңгі жаралармен аяқталатынын жеткізді. Олай болса, бұған дейін қаншама бұзақы айыппұлмен ғана құтылса керек. Енді олар қоғамдық жұмыс арқасында тіпті қаржылай шығын шекпеуі де мүмкін.

"Азаматтардың денсаулығына зиян келтіру фактілері бойынша шағымдардың көпшілігі абразиялар, көгерулер, гематомалар, үстіңгі жаралар және басқаларды келтірумен байланысты. Салдарынан, дене жарақаттарын келтірген адамдарды жауапкершіліктен босату үшін жағдайлар жасалады. Бұл жәбірленуші тараптың теріс реакциясын тудырады", – деді Азамат Есқараев.

Соған қарамастан министр қоғамдық жұмыстардың енгізілуі "тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға айтарлықтай әсер етеді және тұрмыс саласында ауыр зардаптардың туындауының алдын алуға бағытталған" деп санайды.

Әділет министрлігі қоғамдық жұмыстардың неге дәл 128 сағатқа созылуға тиістігін, яғни есеп-қисабын ұсынды.

"Тағайындалған сағат санын мынадай формула бойынша айқындау ұсынылады: бүгінде 1 АЕК – 3 450 теңгеге тең. 1 ең төменгі жалақы – 70 000 теңге. 1 айда – 21 жұмыс күні бар. Сондықтан 70 000 теңге : 21 күн = 3 333 теңге (1 жұмыс күнінде – 8 сағат бар). Аталған бапта балама ретінде он бес АЕК айыппұл қарастырылған. Ал 15 АЕК 51 750 теңге болады. 51 750 теңге : 3 333 теңге = 16 жұмыс күні х 8 сағат = 128 сағат. Барлығы: 128 сағат", – делінген ведомство түсініктемесінде.

Әрине, теле-тентектің бұл математикаға түкіргені бар. Тек олар қоғамдық жұмыстың қоғамда қалуға мүмкіндік беретінін пайдаланып, тағы басқа адамдардың тұмсығын бұзып қоймаса болды. Онда Есқараевтардың бұл есеп-қисабы ештеңеге жарамай қалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу