Соңғы 4 жылда үйдегі зорлық-зомбылықтан 900-ге жуық адам көз жұмды

Агрессорларға психологиялық және құқықтық кеңестер ұйымдастырылды.

Соңғы 4 жылда үйдегі зорлық-зомбылықтан 900-ге жуық адам көз жұмды Фото: ru.krymr.com

Үкімет отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары туралы баяндама жасады,деп хабарлайды inbusiness.kz

Ведомство басшысының айтуынша, бүгінгі статистика көңіл көншітпейді. Соңғы төрт жарым жылда үйдегі зорлық зомбылықтан 869 адам көз жұмды. 

Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 2086 фактісі тіркелген.

Сондықтан министр алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу керек деп есептейді. Бұл ретте ол олардың әрқайсысына жеке тоқталды. 

"Біріншіден, отбасыларға жан-жақты көмек көрсету үшін өңірлерде 68 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді, оның 19-ы уақытша баспанамен қамтамасыз етеді.
Бұл тәжірибе 2019 жылдан бері бар. Жәрдемге мұқтаж азаматтарға "бір терезе" қағидаты бойынша көмек көрсетілуде. Орталықтар психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетумен қатар отбасы институтын нығайтуға жан-жақты қолдау жасайды.
Тек осы жылдың басынан бастап 100 мыңнан астам кеңес берілді. Дегенмен, қазіргі уақытта орталықтар қызметі біркелкі емес екенін мойындаймыз. Осыған байланысты министрлік бірыңғай Тұжырымдаманың жобасын әзірлеуде", – деді Балаева. 

Жобаның мақсаты – орталықтардың қызметін стандарттау. Тағы бір маңызды бағыты - ведомствоаралық байланыс арқылы  әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың жағдайына ықпал ету.
Келесі жылдан бастап Отбасын қолдау орталықтарының барлығында бірыңғай жұмыс тәсілдері енгізіледі.

Министр атап өткен келесі мәселе, профилактикалық  жұмыстардың негізі – отбасын саналы түрде құруға мүмкіндік жасау.

Осыған орай, Біріккен Ұлттар Ұйымының Халық қорымен бірлесіп Астана мен Шымкент қалаларында пилоттық жоба іске қосылды. Онда неке қиюға өтініш білдірген азаматтарға отбасын жоспарлау, психология, репродуктивті денсаулық, ортақ бюджетті жоспарлау және басқа да маңызды мәселелер бойынша тегін кеңес беру, оқыту қарастырылған.

"Нәтижесі сәтті болса, осы тәжірибені барлық өңірлерге енгізуді қолға аламыз.
Сонымен қатар, жыл соңына дейін "Бақытты қазақстандық отбасы" интерактивті нұсқаулық әзірленеді. Некеге тұратын жұптардың отбасылық дәстүрлері мен рухани-адамгершілік құндылықтары туралы ақпараттар "Электрондық үкімет" жүйесінде бейнеролик түрінде көрсетіледі. Некеге тұруға онлайн өтініш берген азаматтар осы нұсқаулықпен міндетті түрде танысып шығуы тиіс", – деді министр. 

Үшіншіден, әлеуметтік жобаларды іске асыру маңызды бағыттардың бірі.
Қазір елімізде Отбасы саясаты бойынша 469,3 млн теңгені құрайтын 156 әлеуметтік жоба бар. Бөлінген қаржының 40% тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бөлінген (үкіметтік емес ұйымдардың дағдарыс орталықтарының қызметін қаржыландыру), 25% жастар арасында отбасылық құндылықтарды насихаттау, 10% халық арасында репродуктивті денсаулықты сақтауға, 15% жағдайы төмен отбасылармен профилактикалық жұмыстарға,
10% басқа бағыттарға жұмсалуда.

Жобалардың ең көп саны Қостанай (22), Батыс Қазақстан (15), Атырау (13) облыстарында жүзеге асырылуда.Жобалардың ең аз саны Ақмола облысында (3), Астанада (3) және Алматыда (3) тіркелді.
Одан басқа, Мәдениет және ақпарат министрлігі гранттық қаржыландыру аясында агрессорлармен психологиялық жұмыс жүргізу бойынша пилоттық жобаны іске асыруда.

Оның міндеті – дағдарыс орталықтарының мамандарын тарта отырып, отбасын сақтау, тұрмыстық қылмыстардың деңгейін төмендету, моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту.

"Біз ең алдымен мамандардың біліктілігін арттыруды ерекше назарға алдық. Нәтижесінде дағдарыс орталықтарының 70 қызметкері, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының 280 инспекторы, сондай-ақ 5 облыстың учаскелік инспекторлары агрессорлармен жұмыс істеу бойынша оқу курстарын аяқтады. Екінші кезеңде агрессорларға психологиялық және құқықтық кеңестер ұйымдастырылды", – деп түсіндірді ведомство басшысы. 

Төртіншіден, министрлік орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен қатар Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірге тығыз қарым-қатынас жасауда.

Комиссия сарапшылары әйелдер мен балаларды қорғау бойынша істерге қатысы бар адвокаттар мен заңгерлер үшін арнайы әдістеме әзірлеп, бірқатар тренингтер ұйымдастырды.

Одан басқа, Алматыда зорлық-зомбылық құрбандарына тегін алғашқы құқықтық және психологиялық көмек көрсету үшін One Stop Service орталығы ашылды. Оған еліміздің барлық аймақтарының азаматтары өтініш бере алады.
Одан өзге, Ұлттық комиссия мүшелерінің қатысуымен балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайларына жедел әрекет ету Алгоритімі әзірленді.

Осы жылдың 9 айында тұрмыстық зорлық-зомбылық, суицид, басқа да мәселелер бойынша бір жарым мыңнан астам консультация ұйымдастырды. Өтінішпен келгендерге тәжірибелі заңгерлер, психологтар және басқа да мамандар шақыртылып, жедел құқықтық көмек көрсетілді.

Ұлттық комиссия жыл сайын үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп "Зорлық-зомбылықсыз 16 күн" акциясын өткізеді. Қараша-желтоқсан айлары аралығында қылмыс жасауға бейім тұлғалармен жеке профилактикалық, құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жариялануда.

Бесіншіден, Мәдениет және ақпарат министрлігі дәстүрлі отбасылық құндылықтарды насихаттау және тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алу бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Әрбір бастаманы аудиторияға сапалы жеткізу үшін барлық ақпараттық ресурстар: танымал республикалық және аймақтық ақпарат құралдары, сондай-ақ қауымдастықтар, әлеуметтік желілердегі парақшалар мен арналар тартылды.

Телеарналар отбасы құндылықтары тақырыбын насихаттайтын сериалдар шығаруда.
Отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында министрлік тұрақты түрде сарапшылармен және ата-аналар қауымдастығымен, соның ішінде Әкелер одағымен, Қазақстан Халық Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесімен бірлесіп жұмыс істейді.

Алтыншыдан, кешеден бастап тәулік бойы қызмет көрсететін "111" мемлекеттік бірыңғай байланыс орталығы жұмысын бастады.
Бұл нөмірге кез-келген азамат қала нөмірлері мен ұялы байланыс операторлары арқылы тегін қоңырау шала алады. Қиын жағдайға тап болған қазақстандықтарға көмектесу үшін білікті психологтар мен заңгерлер тартылды.

Сонымен қатар, "111" бірыңғай сенім нөмірі 101, 102, 103 және т.б. нөмірлермен бірге төтенше жағдайлар қызметтерінің тізіміне енгізілген. Мұндай шара - мүмкін болатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды алдын алып, азаматтарға жедел көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Жетінші, ведомствоаралық өзара әрекеттесу. 

"Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себептері әртүрлі салалармен байланысты.
Сондықтан әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңнамалық тұрғыдан күшейту, отбасы құндылықтарын насихаттау бойынша мәселелерді алдын-алуды қайта қарастыру үшін Жол картасы іске қосылды. Жол картасы келесі бағыттар бойынша жүйелі шараларды қарастырады: алдын алу шаралары (қиын жағдайда қалған адамдардың отбасын анықтау, және оларды оңалту); инфрақұрылымды кеңейту: екінші, үшінші реттік оңалту, реинтеграция; кадрлармен қамтамасыз ету; заңнаманы жетілдіру; түсіндіру және тағы басқа шаралар.
Сондай-ақ, жол картасы Ішкі істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім, мәдениет және ақпарат министрліктерінің тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саласындағы құзыретін қамтиды. Құжат орталық және жергілікті мемлекеттік органдар арасындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған. Осылайша, министрлік барлық мүдделі тұлғалармен бірлесе отырып, тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алу бойынша кешенді жұмыстарын жүргізуде", – деп қорытындылады Аида Балаева. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу