SОS балалар ауылдары: Заңнамаға енгізілген өзгерістер балаға қалай әсер етеді

8399

Ескірген заңнама балалар ауылдары үшін қиындықтар туғызуда: шарт отбасылық, талаптары интернаттардағыдай.      

SОS балалар ауылдары: Заңнамаға енгізілген өзгерістер балаға қалай әсер етеді  Фото: vk.com

"Атырау облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйі" КММ директоры Гүлсара Ботатаевамен, "Қазақстанның SOS Балалар ауылы" КҚ қамқорлықтың балама нысаны бойынша бағытының басшысы Лия Левицкаямен, Павлодар облысы "Кенжекөл ауылының отбасылық үлгідегі балалар ауылы" КММ директоры Айжан Шамгалиевамен, Орал қаласындағы "Отбасылық үлгідегі балалар ауылы" КММ директоры Рәзия Сүйіншәлиевамен сұхбат.

Балалар үйіне балама мекемелер

Балалар үйі туралы сөз қозғала қалса, қатал тәрбиеші мен өзге ортамен араласа  алмайтын қыңыр балалар тұратын типтік мекемені елестетініміз, сөзсіз. Бұл ретте, балалар үйіндегі тәрбиенің суицидтік көңіл күйге әсері туралы айтпасқа болмайды.

"Бұл - жабық кеңістік, онда шектеулі қосалқы мәдениет қалыптасқан. Бүгінде балалар үйі толық қамтамасыз етілген, ондағы балалар мұқтаждық көріп отырған жоқ. Дегенмен баланың өмірінде маңызды рөл атқаратын ересек адамның болмауы үлкен проблема болып қала береді", - дейді "Атырау облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйі" КММ директоры Гүлсара Ботатаева.

Бұл жерде бала жеке тұлға ретінде дами алмайды, өйткені оның жеке мүддесі ескерілмейді. Салдарынан, жасөспірім қоғамға қарсы ортаға тартылуы әбден мүмкін. Балалар үйіндегі тәрбие – бұл балалардың психикалық денсаулығына айтарлықтай әсер етуі мүмкін күрделі және көпқырлы процесс.  Қолайсыз өмір сүру жағдайлары, тұрақтылықтың болмауы, қамқорлық пен қолдаудың аздығы салдарынан суицидтік көңіл-күй туындауы мүмкін.

Балалар үйінде тәрбиеленетін балалардың суицидтік көңіл-күйіне әсер ететін негізгі фактордың бірі - эмоционалды қолдау мен қамқорлықтың болмауы. Ата-анасыз немесе отбасылық қолдаусыз қалған балаларда жалғыздық, дәрменсіздік, бас тарту және кемшілік сезімдері болуы мүмкін. Олар көбінесе ата-анасынан айырылу және ажырасу тәжірибесіне тап болуы мүмкін, бұл эмоционалды ауырсыну мен мазасыздықты тудырады. Тағы бір әсер ететін фактор – қолайсыз әлеуметтік орта. Жеке тазалық, дұрыс тамақтанбау, өзін-өзі дамыту мүмкіндіктерінің болмауына тап болуы мүмкін. Теріс өмір сүру жағдайлары балаларға психологиялық және эмоционалды әсер етіп, суицидтік көңіл-күйдің даму қаупін арттырады. Әлеуметтік бейімделу деңгейінің төмендігі де маңызды фактор. Құрдастарымен қарым-қатынас орнатуда, сенімді қарым-қатынасты қалыптастыруда, проблемаларды шешу және эмоционалды реттеу дағдыларын дамытуда қиындықтарға тап болуы мүмкін. Бұл стресстің, мазасыздықтың және депрессияның жоғарылауына әкеледі. Ал, бұл өз кезегінде суицидтік көңіл-күйге ықпал етуі мүмкін.

Аталған мәселені шешу үшін, кемсітушілік, стигматизация және қоршаған ортадағы теріс көзқарас әсерінен құтқару мақсатында бүкіл әлемде қамқорлықтың балама түрлері қолданылуда, мысалы, отбасылық типтегі балалар ауылы.

"Біздің ұйымда, Қазақстанның SOS балалар ауылдарында қамқорлыққа алу баланы отбасылық нысанда орналастыру және тәрбиелеу түрінде қалыптастырылады",– дейді "Қазақстанның SOS Балалар ауылдары" корпоративтік қорының қамқорлықтың балама нысаны бойынша бағытының басшысы Лия Левицкая.

Бүгінде балама қамқорлықтың үш негізгі нысанын атап көрсетуге болады:

  • SOS-балалар ауылындағы отбасы, мұнда бір немесе екі ересек адам, яғни ата-ана болады.
  • Қалалық жағдайға бейімделген отбасы, онда бір немесе екі ата-ана болуы мүмкін, мысалы, ерлі-зайыптылар.
  • Отбасы тәрізді қалыптастырылған жасөспірімдерге арналған топтық үй, онда ата-ана ретінде екі тәрбиеші жұмыс істейді.

Анықтама

SOS Қазақстанның балалар ауылдары - бұл әлемнің 132-ден астам елінде жұмыс істейтін, қиын жағдайға тап болған балаларға әлеуметтік қызмет көрсететін және қамқорлыққа мұқтаж балаларды орналастырудың баламалы нысандары бойынша қызмет көрсететін халықаралық ұйымның бөлігі.

Отбасылық типтегі мемлекеттік мекемелер

Сонымен қатар елімізде Қазақстанның SOS балалар ауылдары жобасының үлгісі бойынша, отбасылық үлгідегі балалар ауылдары пайда бола бастады. Бұл мекемелер коттедж қалашығының қағидаты бойынша салынуда, онда әр түрлі жастағы және әртүрлі жыныстағы 7-8 бала тәрбиеші анасымен бірге тұрады. Анасы қарапайым отбасындағыдай балаларға қамқор болады, оларға тамақ әзірлеуден бастап, бюджетті жоспарлауға дейінгі барлық нәрсені үйретеді. Осылайша, ол ананың жылуы мен қамқорлығын бере отырып балаларды тәуелсіз өмірге дайындайды. Балаларды тәуелсіз өмірге дайындау балалар ауылдарының басты міндетінің бірі. Оларды қаржылық сауаттылық және экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету дағдыларына үйрету керек. Ол үшін жазғы жұмысқа орналасу, курстар, кәсіби практикадан өту сияқты түрлі әдістер енгізілуде. Мұндай отбасылар қоғамнан алшақтамайды. Балалар кәдімгі орта мектепке барады, спортпен шұғылданады және үйірмелерге қатысады.

Павлодар облысының "Кенжекөл ауылының отбасылық үлгідегі балалар ауылы" КММ директоры Айжан Шамгалиева балалар мекемесінде бала тәрбиесі балалардың өмірін ұйымдастыру кәдімгі отбасына барынша жақын болған жағдайда ғана табысты болатынын алға тартады.

Күштерді біріктіру: жұмысты тиімді ету үшін Үйлестіру кеңесін құру

Бүкіл ел бойынша интернаттық мекемелер ұсынатын қызметтердің сапасын арттыру үшін Үйлестіру кеңесі құрылды. Оның басты мақсаты - мемлекеттік балалар ауылдарына практикалық және әдістемелік көмек көрсету, технологиялармен және әдістермен алмасу.

Үйлестіру кеңесі балалар ауылдары мен жасөспірімдер үйлері туралы заңнамаға өзгеріс енгізу бойынша ұсыныстар жобасын әзірлеумен де айналысады. Заңның 2000-шы жылдары қабылданғанын айта кету керек, содан бері Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғауда көп нәрсе өзгерді. Балаларды орналастырудың жаңа формалары әзірленіп, енгізілді, институционализациялау, яғни балалар үйлерін реформалау саясаты енгізіле бастады. Бұл өзгерістердің барлығы балаларды қорғау туралы заңды қайта қарауды талап етеді.

Балалар мекемелері туралы заңнаманы жаңартатын уақыт келді ме?

Ескірген заңнама отбасылық типтегі балалар ауылдарының жұмысы барысында біршама келеңсіздік туғызады. Олар интернаттық мекемелерге теңестірілгендіктен, қойылатын талап та бірдей, дегенмен өмір сүру жағдайлары мүлдем басқаша ғой. Кейбір тексеруші мемлекеттік органдар ас үй ыдыстарының белгілі бір түрін талап етуі мүмкін, ал бұл отбасы тұратын коттеджге сәйкес келмеуі мүмкін.

"Сондықтан біз балаларды отбасына орналастырудың балама формаларының бірі ретінде балалар ауылдарының мәртебесі туралы өзгеріс енгізгіміз келеді. Жаңа мәртебе олардың жұмыс ерекшеліктерін ескеріп, балалар мен қызметкерлердің өмір сүру жағдайын жайлы ете алады", - дейді Гүлсара Ботатаева.

Үйлестіру кеңесінің ұсыныстарын шенеуніктер қолдағанын атап өткен жөн. Комитет мамандары ұсынылған өзгерістерді әзірлеуге және талқылауға белсенді қатысады. Ескірген заңнамаға қатысты мәселелерді билік те мойындап отыр.

"Біздің серіктестер заңға өзгерістер енгізу және мемлекеттік мекеме мамандарын оқыту бойынша пікірталастарға оң баға беріп отыр, өйткені әлеуметтік қызметтерде қолданылатын бірыңғай технологиялар, тәсілдер олардың сапасын арттыруға және балалардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді", - деп атап өтті Лия Левицкая.

Кәсіпкерлер мен қайырымдылық қорлары жетімдердің әлеуметтік бейімделуіне қалай көмектеседі

Жетімдерді қоғамға бейімдеуде материалдық қолдаудың рөлі өте маңызды. Негізінен мұндай іспен көптеген қайырымдылық қорлары мен кәсіпкерлер айналысады. 2022 жылы "Халық" қайырымдылық қоры Қарағандыда жалпы ауданы 140,5 шаршы метр болатын 4 бөлмелі пәтерді "Қазақстанның SOS балалар ауылдары" қорына сатып алуға 50,7 млн теңге көлемінде көмек бөлді. Пәтер Қарағанды колледждері мен жоғары оқу орындарында оқитын Теміртау балалар ауылының түлектері үшін отбасылық үлгідегі жасөспірімдер үйі ретінде пайдаланылатын болады.

Алдағы уақытта Н.Назарбаев білім беру қорымен бірлесіп, қамқоршылық сапасын арттыру үшін мемлекеттік балалар ауылдарын орталықтандырылған басқаруды қалыптастыру және халықаралық тәжірибені енгізу бөлігінде ауқымды қолдау жоспарлануда.

Ата-анасы жоқ балалар - қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің көрінісі

Алайда аталған барлық проблемалар - бұл біздің қоғамдағы терең әлеуметтік проблемалардың салдары, белгілері ғана. Алдын ала жұмыс істеу керек, яғни балалардың интернат мекемелеріне түсуіне жол бермеу керек. Статистикаға сәйкес, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың 80%-ы әлеуметтік жетімдер, яғни ата-аналары немесе жақын туыстары бар.

"Әлеуметтік жетімдік - бұл жалпы қоғамның проблемасы және онымен күресу керек. Қазір алдын-алу туралы айту сәнге айналды, бірақ бұл алдын-алудың мәнін бәрі бірдей түсіне бермейді. Біз оның себептерін емес, мәселені шешудің жолдарын іздейміз. Кінәлілерді іздеуде бұл жағдай бірінші кезекте оқиғаның куәсі болған және оның салдарын бастан өткерген баланың өзіне әсер ететінін есте ұстаған жөн. Ондай бала жалғыздықты сезінеді, психологпен бітпейтін, кейде қисынсыз кездесулерді бастан кешіреді, балалар мекемелеріне түседі, жаңа адамдармен танысады. Бұл жағдайлардың барлығы баланың психологиялық жағдайына қатты әсер етеді.",- деп атап өтті Орал қаласының "Отбасылық үлгідегі облыстық балалар ауылы" КММ директоры Рәзия Сүйіншалиева.

Отбасы мен туыстары - бала үшін өмірлік ресурс

Әдетте, баланы ата-анасымен қалдыру оған қауіпті болған жағдайларда, оны отбасынан айырады. Содан кейін мамандар отбасының әлеуметтік жағдайын қалпына келтіру үшін қызметтерді жоспарлайды. Баланы отбасымен табыстыру үшін қызмет көрсетіледі. Әлеуметтік қызметкерлер осы процестерді шешу үшін серіктестермен және басқа мамандармен бірлесіп жұмыс істейді.

"Бізде баланың өзінің туған отбасында, таныс ортада оған анағұрлым жақсы болатындығы туралы нақты нұсқау бар. Отбасы мен туыстары - бала үшін өмірлік ресурс. Сондықтан біз балаларды туған отбасыларына қайтару немесе оларды туыстарына қамқорлыққа беру мүмкіндігі бойынша айтарлықтай жұмыс жасаймыз", - дейді Лия Левицкая.

Отбасына кешенді көмек көрсету

Рәзия Сүйіншалиева алдын-алу үйде және мектепте басталуы керек екенін және ол тек балаға көмектесумен ғана шектелмей, сонымен қатар қиын өмірлік жағдайда ата-аналарды да қолдауды қажет ететіндігін атап көрсетеді. Ол үшін баланың әлеуметтік жетім болуының себебін анықтап, отбасына жан-жақты қолдау көрсету керек, соның ішінде психологтың көмегі, заңгерлік кеңес, медициналық көмек, әлеуметтік қолдау және материалдық көмек. Сондықтан балаларды биологиялық отбасына қайтару балалар ауылдарының SOS қызметтерінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады.

Балалармен жұмыс істеудің заманауи тәсілдері қолдау көрсету, олардың эмоционалды және бейімделу дағдыларын дамыту, қолайлы орта құру және мәселенің себебін ерте анықтау; жеке көмек көрсету арқылы суицидтік көңіл-күйдің даму қаупін азайтуға көмектеседі. Бұл салада тиімді жұмыс істеу үшін әртүрлі мамандар, соның ішінде педагогтар, медициналық қызметкерлер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер арасындағы ынтымақтастық, сондай-ақ туыстарының немесе қамқоршыларының белсенді қатысуы қажет. Қазіргі кезде интернаттық мекемелер туыстарымен бірге тұра алмайтын немесе өмір сүргісі келмейтін балаларды отбасын сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және әлеуметтендіру бойынша шаралар кешенін ұсынады. Сондықтан қамқоршылықтың баламалы нысандарын қолдау және дамыту мемлекеттің, бизнестің және қоғамның маңызды міндеттері болып табылады.

Фото: "Кенжекөл ауылының отбасы үлгісіндегі балалар ауылы" ММ "Вконтакте" парақшасы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу