"Спорт сити" қалашығы қашан салынып бітеді?

1726

Бірнеше спорт нысанының құрылысы сағызша созылып кетті. 

"Спорт сити" қалашығы қашан салынып бітеді? Фото: pavon.kz

Осыдан 10 жылдан астам уақыт бұрын Павлодар қаласының Солтүстік Өндірістік аймағында спорт қалашығын ашу туралы жоба жасалған болатын. Бірақ жоба аясындағы жұмыстар әлі күнге дейін толығымен іске асқан жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Өндіріс орындары орналасқан аймақтағы алғашқы құрылыс жұмыстары осыдан 4 жыл бұрын басталды. Жоспар бойынша, мұнда жабық мұз айдыны, жеңіл атлетика және футбол манежі, олимпиадалық резервті дайындау орталығы салынуы тиіс еді. Жобалардың жалпы құны 11 млрд теңгеден асып жығылады. Жергілікті әкімдіктің мәлімдеуінше, спорт қалашығын салуға мемлекеттік қазынадан қаражат қарастырылған жоқ. Барлығы – демеушілердің қаржысы. Олардың ішіндегі ең ірісі – ERG компаниясы.

Алайда осы уақытқа дейін тек футбол манежі пайдалануға берілді. Оны салуға 1,2 млрд теңге жұмсалды. Өткен жылдың қазан айынан бастап мұнда 2004-2012 жылдары туған ұлдар мен қыздар жаттығып жүр. Ал өзге үш нысанның құрылысы қай уақытта аяқталары белгісіз.

Павлодар облыстық туризмді және спортты дамыту жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Есембаевтің сөзінше, құрылыс жұмыстарының тұралап қалуына пандемия мен қаржыландырудың тоқтауы кері әсерін тигізді.

Айталық, 2018 жылдың қараша айында салынып бітуі керек болған мұз айдыны осы уақытқа дейін пайдалануға берілген жоқ.

"Жобаның құны – 1 млрд теңге. Бүгінде бұл нысанның 90%-ы дайын. Мердігер міндеттемелерін уақытылы атқармағандықтан, тапсырыс беруші оны сотқа берді. Егер бұл мердігер белгіленген істі әрі қарай жалғастырмаса, қаржыны қайтаруға міндеттеледі. Ал құрылысты басқа компания аяқтайды", – дейді Нұрлан Есембаев.

Мердігерлердің айтуынша, мұз айдынын қолданысқа тапсыру үшін тағы 100 млн теңге керек. Бұл қаражат бөлінсе, ішкі әрлеу мен коммуникациялық желілерді тарту жұмыстарын бір жарым ай аралығында бітіруге болады.

Мұз айдынының ел игілігіне берілуі "Астана" мұз сарайының жүктемесін айтарлықтай азайтар еді. Қазіргі күні облыс орталығындағы жалғыз аренада жеткіншектер таңғы 6-дан кешкі 23.00-ге дейін жаттығады. Оған қоса, "Ertis" хокккей клубының ойындары өтеді. Келесі жылдың басында "Спорт сити" қалашығындағы жаңа кешеннің құрылысы аяқталса, балалардың жаттығуына жағдай жасалады.

Бірақ бұл ретте мәселенің екінші шеті шығады. Бұл – спорт нысандары орналасқан қалашыққа апарар қоғамдық көліктің жоқтығы. Қазіргі таңда фтуболмен шұғылданатын жас спортшыларды ата-аналары жеке көлікпен апарады. Ал өзгелері жаяу жетуге мәжбүр. Нұрлан Есембаев спорт қалашығындағы нысандардың барлығы іске қосылған соң ғана мұнда екі автобус қатынайтынын айтты. Оған дейін осылай күнелтуге тура келеді.

Алайда "Спорт Ситидегі" жеңіл атлетика манежі мен олимпиадалық резерв орталығының құрылыстары да тоқтап тұр. Бұған дейін жеңіл атлетика манежін салуға 80 млн теңге бөлген демеуші әрі қарай қаржыландырудан бас тартты. Сондықтан қазір жаңа инвестор іздестірілуде. Жалпы құны 3,4 млрд теңге болатын олимпидалық резервті дайындау кешеніндегі жұмыстарды жалғастыру үшін де демеушілер керек.

Жоғарыдағы жоспардың жүзеге асар-аспасы демеушілердің мүмкіндіктеріне байланысты. Мемлекеттік қазынада құрылысты соңына дейін апарар қаржы жоқ. Ал бұл уақытта спортшыларға қолайсыз жағдайда жаттығудан басқа амал қалмай отыр.

 

Ажар Дәулетова


 Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу