Стати ісі: Қазақстан Англиядағы сотқа 3,7 млн доллар шығындаған

5560

Англияның Жоғарғы соты процесс шығындарын жеңілген тарапқа төлеттірмек. 

Стати ісі: Қазақстан Англиядағы сотқа 3,7 млн доллар шығындаған

Әділет министрлігі Стати ісіндегі жаңа бетбұрыс туралы ақпарат таратты. Ресми мәліметке сенсек, 6 қаңтарда Англияның Жоғарғы Соты Статиге екі апта ішінде Қазақстан тарабына 3,7 млн доллардан астам қаражат төлеуге міндеттеген. Екі Анлия сотына жүгіну үшін Қазақстан билігі осынша қаражат шығындаған көрінеді.  Министрлік мамандары Стати бұл шешімге бірден мойынсына қоймайды деп болжап отыр. 

"Стати бұл бұйрықты даулайды деп күтілуде. Бұйрық Статидің 2020 жылғы көктемде өткен сот талқылауында ұтылуына байланысты. Онда Жоғарғы Сот төрт күндік онлайн сот талқылауынан кейін Статидің Республикаға талап-арызы бойынша ҚР Ұлттық банкі жауапты бола алмайды деп шешті", – деп жазылған министрліктің ресми сайтында.

Бұдан әрі ресми ресурс көктемгі соттың жай-жапсарына кеңірек тоқталған. Әділет министрлігі халықаралық соттарда  Қазақстанға қарсы шығарылған шешім шығарту үшін Стати командасы алаяқтыққа баруды әдетке айналдырған деген ұстанымда. 

"Стати төрелік кезінде алаяқтығын жасырды. Бірақ 2015 жылдан бастап оның дәлелдері біртіндеп шыға бастады. Осы дәлелдемелерді Делойт, ПрайсуотерхаусКуперс, профессор Джордж Берманн, профессор Кристоф Шройер, доктор Патрик Шольдстром сияқты әлемнің жетекші сарапшылары дербес бағалады. Англияның Жоғарғы соты сияқты олардың барлығы Стати жүйелі түрде алаяқтықпен айналысты деген қорытындыға келді. Стати бұл дәлелдерді дауламай, оның орнына оларды бірқатар соттардың назарға алуына көбінесе заңсыз жолмен кедергі келтірген", – деп жазады министрліктің баспасөз қызметі. 

Министрліктің дерегі бойынша, Қазақстан тарабы 2020 жылы Стати ісінде қатысты үш маңызды жеңіске жеткен көрінеді. 

I. Маусым айында Стокгольм апелляциялық соты Қазақстан Ұлттық қорының активтеріне қатысты қате мәжбүрлеу шараларын алып тастады.

II. Қараша айында Брюссельдің апелляциялық соты Республикаға 2021 жылы толығымен қарастыру үшін Стати жасаған алаяқтыққа байланысты материалдарды ұсынуға рұқсат берді.

III. Желтоқсан айында Нидерланд Жоғарғы Соты Амстердам Апелляциялық сотының "КМГ Кашаган Б.В"-дегі "Самұрық-Қазына" қлттық әл-ауқат қорына тиесілі акцияларға тыйым салу туралы шешімін жойып, істі Гаага апелляциялық сотына жіберді.

"Өткен жыл Статиге және оның серіктестеріне қарсы құқықтық күресімізде өте табысты болды. 2021 жылы Стати мен серіктестерінің алаяқтық, сыбайлас жемқорлық және халықаралық ақшаны жылыстату әрекеттері түпкілікті әшкереленіп, әділдік барлық юрисдикцияларда орнайды деп күтеміз", – дейді Әділет министрі Марат Бекетаев.

Дегенмен, былтыр Статидің командасы күресті күшейту үшін сыртқы ұйымдардың қызметіне жүгінген болатын. Осыған байланысты маусым айында Нью-Йорк қаржыгеры Дэниел Чэпманмен байланысы қаржы компанияларына қарсы іс қозғалды. Желтоқсан айында Статидің инвесторларының бірі болған "Аутрайдер Менеджмент ЛЛС" хедж-қоры қазақстан тарабының арызына қосылған.

Әділет министрлігі Гибралтар Жоғарғы сотында да өздері үшін оң шешім шығады деп үміттеніп отыр.

"Толкыннефтегаз" ЖШС банкроттық басқарушысы Гибралтар Жоғарғы сотына өзінің иегері Terra Trans Traiding Ltd компаниясына және Статиге қарсы талап арыз берді. Осы процесс шеңберінде Статиге қарсы процессуалдық шешім шықты, онда сот Статидің алаяқтық схемалары туралы барлық арыздар "нақты сәттілік перспективаларымен қарастырылатын маңызды мәселе" деп тұжырымдады",  деп жазады ресми сайт.

Есжан Ботақара
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу