Статистика органдары жаппай басшысыз қалып жатыр

1748

Елдің өмірі мен экономиканың ахуалына қатысты есеп-қисап жүргізіп, тарихты тіркеу миссиясын жүзеге асыратын маңызды салада күрделі ахуал қалыптасты. Оны шешу үшін Президенттің жарлығы қажет. 

Статистика органдары жаппай басшысыз қалып жатыр Фото: google.com

Статистика саласы мамандарының жалақысы аз, ал жұмысы қағазбасты, беделсіз екені жасырын емес. Бұл туралы Inbusiness.kz талай жазды. Кейбір респонденттер мемлекеттік статистика органдарына ұдайы түрде статистикалық есептіліктер тапсыруы қажеттігін білмейді. Ал бұл заңмен бекітілген. Соған қарамастан субъектілер бұл міндеттемесін орындай бермейді. Салдарынан жергілікті жерлерде статорган мамандары функционалдық міндетіне жатпаса да, базбір коллектор сияқты әр нысанға телефон соғып, белгіленген нысан бойынша есептілік тапсыруы қажет екенін ескертіп отыруға мәжбүр.

Оның үстіне 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, статистика мамандарына респондентке, яғни статмәліметтер тапсыруға міндетті кәсіпорындарға барып тексеріс жүргізуге түбегейлі тыйым салынады. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мен Ұлттық экономика министрлігінің 2022 жылғы 30 қарашадағы бірлескен бұйрығымен статорган осы құзырынан айырылды. Яғни, мемлекеттік статистика саласындағы тәуекелдің дәрежесін бағалау критерийлері мен тексеру парақтарының күші жойылды. Демек, респонденттердің өз міндеттемесін орындамауы жаппай сипат алуы ғажап емес. Бірақ бизнеске түсетін жүктемені азайту үшін билік осыған баруға мәжбүр.

Мұның бәрі статистика мамандарының жүйкесін жұқартып, шаршата түсуі мүмкін. Қазірдің өзінде төл статистикалық есебін тапсыруға тиіс ұйымдардың қызметкерлері статорган қызметкерлерімен дөрекі сөйлесіп, кей жағдайда балағаттайды екен.

Салада тағы бір түйткіл белгілі болып отыр. Сорақысы сол, көптеген білікті мамандар статистика саласында қатардағы қызметкер түгіл, басшы болғысы да келмейді екен. Неге ахуал осынша ушыққан?  

Нақтыласақ, Бірінші Президенттің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы "Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімін бекіту туралы" №150 жарлығына сәйкес, "Б" корпусының "С-О-3 басқарма басшысы" санаты енгізілуі үшін орталық меморганның өңіраралық, облыстық бөлімшесінің штат саны 100 бірліктен кем болмауға тиіс. Мұның қисыны бар: қоластындағы бағыныштыларының жалпы саны жүзге де жетпесе, ол қалай ірі басшы бола алады.

Ал статорганда бұл сан кем болып тұр. Бұған әрине, оның басшыларының кінәсі жоқ: Үкімет көп штат бөлмесе, оның айыбы не?

Мысалы, биыл жаңа Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары бойынша Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының аумақтық бөлімшілерін құруға байланысты аталған бюроның жаңа құрылымы мен штат саны бекітілді. Оған сәйкес, 7 аумақтық бөлімшеде штат саны 100 бірліктен аз болып шықты. Жаңа үш облыстан өзге өңірлерде де осындай жағдай қалыптасқан.

Абай облысында статистика органының жалпы штат саны – 81, соның ішінде бөлім басшыларының саны – 21;

Атырау облысында жалпы саны – 81, ондағы бөлім басшылары – 21;

Жетісу облысында жалпы саны – 83, бөлім басшылары – 19;

Қызылорда облысында жалпы саны – 88, бөлім басшылары – 22;

Маңғыстау облысында жалпы саны – 84, бөлім басшылары – 19;

Ұлытау облысында жалпы саны – 45, бөлім басшылары – 14;

Шымкент облысында – 84, оның ішінде бөлім басшылары – 14.

Өзіне тиісті санатқа іліге алмай, жалақысы төмендеп, жапа шеккен статистикалық бөлім басшыларының саны – 130-ге жеткен. Ол лауазымдық орындарда басшы тұрақтамайды.

"Өйткені бөлім басшыларының жалақысы басқарма басшыларының жалақысынан 13–19%-ға кем. Соған байланыста бұл басшылық қызметке білікті мамандарды тарту мүмкін емес. Қазіргі уақытта жаңадан құрылған үш облыста, яғни Абай, Жетісу және Ұлытауда 90 орын бос тұр. Оның 14-і – "С-О-4" санатына жатады, яғни бөлім басшысы. Тарата айтсақ, Абай облысында барлығы 38 бос жұмыс орны болса, соның 5-еуі – бөлім басшылары. Жетісу облысында барлығы 26 жұмыс орны бос, соның 4-еуі – бөлім басшылары. Ұлытау облысында 26 бос жұмыс орны қалыптасты, соның 5-еуі – бөлім басшылары", – деді Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев.

Бұл жерде бөлім және басқарма басшыларының қызметтері ұқсас.

Ұлттық статбюроның барлық аумақтық бөлімшелері өз құзыреті шегінде өңірлерде мемлекеттік статистикалық қызмет мәселелері бойынша бірдей бақылау функцияларын жүзеге асырады. Біріншіден, статистикалық жұмыстар жоспарына сәйкес жалпымемлекеттік статистикалық байқаулар жүргізеді.

Екіншіден, респонденттерден қағаз жеткізгіштерде алынған алғашқы статистикалық деректерді тиісті ақпараттық жүйеге қолмен теріп енгізеді. Үшіншіден, статистикалық тіркелім-регистрлерді жаңартып, өзектілендіріп отыруға жауапты. Төртіншіден, мемстатистика саласында мемлекеттік бақылауды іске асырады.

Бесіншіден, заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік статистика саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жүргізеді. Аумақтық бөлімшелер туралы ережеге сәйкес басқа да функцияларды орындауы шарт.

Әсет Ерғалиевтің түсіндіруінше, алда статорган басшылары мен қызметкерлерінің жүктемесі артады. Президент әкімшілігі басшысының тапсырмасымен, алғашқы статистикалық деректерді тапсыру кезінде мемлекеттік органдардың респонденттер мен статистика органдарының қызметкерлеріне қысым көрсетуіне тыйым салынды. Егер шенеуніктер бұған барса, онда Әкімшілік кодекстің 497-бабының 3-ші бөлігі бойынша алғашқы статистикалық деректерді ұсынуға не алуға қандай да бір нысанда кедергі келтіргені үшін әкімшілік жаза көзделген. Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты мұның статорган қызметкеріне қатысы бар: ол да респондентке тез тапсыр деп тықақтап, қысым көрсете алмайды. Көрсетсе, жазалануы ықтимал.

Сондай-ақ, профилактикалық бақылау жүргізуді жоюмен бірге келесі жылы респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді өз мерзімінде ұсынуы бойынша талап күшейтіледі. Олар уақытылы тапсырмаса, айыппұл төлеуі мүмкін. Ал респонденттерге қатысты әкімшілік жазаларды қолдану тағы статорганға жүктеледі.

Осыған байланысты, агенттік төрағасының пікірінше, статоргандағы лауазымды адамдарға түсетін жүктеме де, жауапкершілік те артады. Өйткені жаңа өзгерістерді іс жүзінде қолдану кезінде мемлекеттік органдар, аумақтық бөлімшелер мен респонденттер арасында сот дауларының саны көбейеді.

Ал осы жүктеменің бәрін көтеретін басшы біраз өңірде табылмай тұр.

Сондықтан бұл тығырықтан шығу үшін Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі бұрынғы Президент сонау 2015 жылы қабылдаған "Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімін бекіту туралы" №150 жарлыққа өзгеріс енгізу туралы жаңа Президенттің жарлығының жобасын әзірлеп шықты. Егер оны Үкімет пен өзге министрліктер мақұлдаса, ең бастысы – Президент қол қойса, онда саладағы бір түйін шешілуі мүмкін.

Себебі, жаңа жарлық жобасында "Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізіліміна" Ұлттық статистика бюросының аумақтық органы басқармасының басшысы лауазымын қосу ұсынылған. Әсет Ерғалиев бүгінде мемлекеттің негізгі функциялары өңірлерде іске асырылатынын еске салды. Төменде іс оңбаса, жоғары жақта іс еш ілгерілемейді. Ал жалақыны арттыратын жаңа өзгеріс аумақтық бөлімшелердің қызметкерлерін ынталандыру және жаңа кандидаттарды қызықтыру үшін қажет.

Қазіргі Үкіметтегі ең жас басшының бірі саналатын 36 жасар Әсет Ерғалиев билікке сөзін өткізе алса, онда оның осы жобасы ел қазынасына сонша қымбатқа түспейді. Жарлық қабылданса, республикалық бюджеттен 2023 жылы – 129,5 млн (миллиард емес) теңге, 2024 жылы – 133,1 млн, 2025 жылы – 133,1 млн теңге қосымша қаражат бөлу қажет болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу