Топан су басқан Қазақстанның он облысында төтенше жағдай режимі жарияланды. Тасқыннан зардап шеккен азаматтарға берілетін өтемақы қалай есептелінеді? Оның тәртібі қандай? Қолданыстағы заңнамада бұл туралы не айтылған?
Осы және өзге де өзекті сұрақтарға "Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Азаматтар қандай жағдайда тасқын салдарынан бүлінген немесе жойылған мүлік үшін өтемақы ала алады?
– Өтемақы алуға байланысты бірнеше ереже бар. Біріншіден, 50 АЕК қарастырылған. Су тасқыннан зардап шеккендердің барлығы біржолғы төлемді алуға құқылы. "Неге 50 АЕК" немесе "барлық өңірлерде 50 АЕК пе" деген сұрақтар туындауы мүмкін. Жергілікті маслихаттар бұл төлемді шешім шығарып бекіткен. "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" деген жергілікті шешімдер бар. Сондықтан, әсіресе еліміздің батыс аймақтарында бұл көрсеткіш басқа болуы мүмкін. Ал солтүстік, орталық, шығыс аймақтары үшін 50 АЕК қарастырылған. Ережеге сәйкес, зардап шеккен азамат жергілікті әлеуметтік қорғау бөліміне (жергілікті атқарушы органға) өтініш пен төтенше жағдайларды басқару қызметінен оның учаскесі су басу аймағына түскені туралы анықтаманы қоса салып, осы төлемді алуға құқылы. Осы төлем бағалаушы қарастырмай қалған заттарға орынды, мысалы, азық-түлік, басқа да қажетті заттар. Мысалы, кейбір көпқабатты үйлердің бірінші қабатына дейін су тұрып, жертөле бөлмесіндегі барлық заттар суға батып, жарамсыз болып қалып жатқан жағдайда.
Екіншіден, егер де ауқымды апаттық жағдай орын алып, үйдегі техника, жиһаз, еден мен қабырғаларға зақым келсе, онда "Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу қағидаларын бекіту туралы" ережеге сәйкес, әлеуметтік қорғау бөліміне жазбаша өтініші мен залалға ұшыраған заттардың тізбесін қосып, әкімдіктің жанынан құрылған комиссияның қарастыруына беруге құқылы. Бүгінгі таңда төтенше жағдай жарияланған барлық аймақта қалалық және аудандық әкімдіктердің жанынан арнайы комиссиялар құрылған. Бекітілген алгоритмге сәйкес, комиссия мүшелері өтініш пен залалға ұшыраған заттардың тізбесін қарастырып, одан кейін арнайы бағалау компаниясына жібереді. Бағалау компаниясының мамандары өтінішке тіркелген заттардың тізбесін ғана қарастырып, бағалауға тиісті. Егер де өтініш беруші тізбеде бір затты жазуға ұмытып кетсе, өтінішті қайта жіберуге құқылы.
Бағалау компаниялары бойынша да сұрақтар туындауы мүмкін. Бүгінгі таңда әкімдік белгілі бір компаниямен келісім-шартқа келген қалалар бар. Бірақ зардап шеккен азаматтар сол компанияларды өздері таңдауға құқығы бар. Бағалау процесі 10 күннен аспауы тиіс. Бұл шығындар толық жергілікті атқарушы органдардың есебінен өтеледі. Қазір бірқатар аймақтарда азамат тек бір өтемақы алуға құқылы деген қате түсіндіріп жүрген фактілер бар. Яғни не 50 АЕК, не комиссия қарастыратын өтемақы дегендей. Зардап шеккен азаматтар 50 АЕК-ті де, сонымен қатар басқа да өтемақы алуға құқылы.
– Келтірілген залал қандай мөлшерде өтеледі?
– Бұл арнайы бағалаушы компаниялардың бағалау туралы есебінде белгілі. Әр өтініш жеке қарастырылып, жеке бағаланады. Егер де залал үшін өтемақымен келіспеген жағдайда, даулар туындаған жағдайда зиянды (нұқсанды) өтеу мәселелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібімен шешіледі.
– Адамдар қандай зиянның өтелуін талап ете алады? Қандай залал өтелмейді?
– Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес жылжымайтын мүлік объектілеріне жатпайтын уақытша құрылыстарға, шаруашылық-тұрмыстық және өзге де салынған құрылыстарға, сондай-ақ заңсыз салынған объектілерге, бағалы киімге, сән-салтанат заттарына не бағалы металдардан жасалған, көркемдік құндылығы бар заттарға, сондай-ақ төтенше жағдайлар туындаған кезде сақтандыру объектісі болып табылған, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен айқындалған тәртіппен сақтандырушының қаражаты есебінен Төтенше жағдайда өтеуге жататын мүлікке қолданылмайды. Мысалы, су басқан учаскеде қалған автокөлік иелері комиссияның қарастыруымен өтемақы алуға құқығы жоқ. Өйткені, автокөлік сақтандыру объектісіне жатады. Көлік құралына келтірілген зиянның мөлшерін айқындау ерекшеліктері "Көлiк құралдары иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгiленедi. Сондықтан келтірілген залалды сақтандыру компаниясы өтеуге тиісті.
– Зардап шеккен тұрғындар өтемақы бойынша қандай органға жүгіну керек? Қолдарында қандай құжат болуы тиіс?
– Зардап шеккен тұрғындар жергілікті атқарушы органға жүгінуге тиісті. Барлық өтінішті әлеуметтік қорғау бөлімі тіркеп, қарастыруға жібереді. Тіркелген құжаттары бойынша өтінішті тіркеу туралы талон беріледі. Алгоритм бойынша арызданушы өтініш пен залалға ұшыраған заттардың тізбесін, жылжымайтын мүлік туралы растайтын құжаттардың көшірмесін ұсынуы тиіс.
Айта кету керек, осыған дейін әзірге тасқыннан келген залалды барлық өңір бірдей есептеп бітпегенін жазған болатынбыз.