Күні кеше елімізде су ресурстары саласындағы қордаланған мәселелерді шешумен дербес министрлік айналысатыны белгілі болды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылды. Жаңадан құрылатын ведомствоның алдында тұрған негізгі міндеттер қандай болуы тиіс?
Осыған байланысты "Байтақ" жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртайдың пікірін білдік, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Бұл министрлік міндетті түрде керек. Себебі су дипломатиясы деген бар. Су мәселесі көршілес елдермен тек қана дипломатиялық жолмен шешіледі. Қазақстанда судың негізгі көлемі көрші елдерден келеді. Сондықтан бұл мәселе геосаясатты, дипломатияны қажет етеді", – деді эколог.
Сарапшыдан жаңадан құрылатын министрліктің алдында тұрған басым міндеттер қандай болуы тиіс екенін сұрадық.
"Бірінші – елдегі су ресурстарының толық есебін жүргізу. Барлық ғылыми зерттеулерді алып, анализ жасау керек. Екінші бағыт – су дипломатиясын күшейту. Былайша айтқанда, халықаралық қарым-қатынас, көршілес елдермен су дипломатиясына байланысты одақты құру керек. Үшіншіден, ауылды жерлерге ауыз судың келуі толық түрде зерттелуі тиіс", – деді ол.
Экологтың айтуынша, бүгінгі таңда республикамызда су мамандары, гидротехниктер жетіспейді.
Жолдауда елімізде суды үнемдейтін технология өте баяу енгізіліп жатқаны да көтерілген болатын. Азаматхан Әміртай пайдаланған суды тазартып, оны қайта кәдеге жарату бойынша технологиялар енгізілу тиіс екенін жеткізді.
"Расымен де қазір барлық әлемде технология бар. Суды үнемдеп пайдалану, әр пайдаланушыға тек қажетті суды ғана беру дегендей. Бұдан бөлек пайдаланған суды тазарту арқылы оны қайта пайдалану бойынша технологияларды енгізу қажет. Бұл технологияларды Дүниежүзілік Банк пен Еуропалық даму банкі гранттар беру арқылы қаржыландырады. Осындай технологияларды пайдалану министрліктің мойнына ілінуі керек. Бұл жерде құр сөз болып қалмауы тиіс. Министрліктің алдында нақты межелер қойылуы тиіс", – деп атап өтті экобелсенді.
Сарапшының сөзінше, қазірдің өзінде елімізде су тапшылығы байқалып отыр.
"Мәселен, осыған дейін Маңғыстауда болған жағдай, қазір Жамбыл облысындағы жағдай – мұның бәрі суды басқару саясаты су ресурстары комитеті және экология министрлігімен дұрыс жүрмегендігінің әсері", – деді сарапшы.