Шектес елдердің аумағынан келетін ағымның азаюы мен ел іші мен елден тыс жерлердегі антропогендік әсерді ескерсек, 2030 жылға қарай су ресурстарының тапшылығы ұлғаймақ.
"Тапшылық қолданыстағы тұтыну деңгейінің шамамен 23%-ына жетуі мүмкін" деп жорамалдайды Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі.
Негізгі проблемалар
Министрліктің талдауына сүйенсек, су саласының негізгі проблемалары мыналар:
- Оңтүстік өңірлер трансшекаралық ағындарға қатты тәуелді. Айта кету керек, оңтүстік өңірде барлық суармалы алқаптардың 80%-ға жуығы шоғырланған және барлық суармалы судың 97%-ы сонда пайдаланылады;
- Су шаруашылығы инфрақұрылымы тозған һәм суды бөлу және есепке алу процестерін автоматтандыру мен цифрландыру әлсіз. Соның салдарынан тасымалдау кезінде суармалы судың 40%-ға жуығы жоғалады;
- Суды үнемдеудің және су ресурстарын ұтымды пайдаланудың пәрменді тетіктерінің болмауынан суды пайдалану тиімділігі төмен;
- Су ресурстарын тиімді пайдалану мен қорғауды бақылау нашар;
- Ғылыми сүйемелдеу мен жоғары білікті кадрлардың болмауы жағдайды жақсарту бойынша пәрменді шаралар қабылдауға мүмкіндік бермейді.
Жоспар қандай?
"Аталған проблемалар қабылданған "Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасы аясында шешіліп жатыр", – дейді орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов.
Дегенмен ахуалды жақсартуға қосымша шаралар да керек екенін мәлімдеді.
"Бірінші, мемлекетаралық өзара қарым-қатынастардың аса маңызды мәселелері бойынша шешімдер әзірлеу, келіссөздер процестеріндегі Қазақстанның ұстанымын күшейту үшін Премьер-Министрдің басшылығымен су кеңесі құрылсын. Бұл кеңестің негізгі міндеті сыртқы су саясатын әзірлеу барысында үкіметтің барлық құрамының іс-қимылын үйлестіру болады.
Екінші, су ресурстары комитеті мен оның бассейндік инспекцияларын күшейту керек. Су ресурстарын басқарудың қолданыстағы жүйесі бірінші кезекте су шаруашылығы құрылыстарын қайта жаңарту және салу жөніндегі жобаларды іске асыруға бағытталған. Су ресурстарын есепке алу, су үнемдеу, талдау және жағдайдың дамуын болжау сияқты мәселелер тиісті назарсыз қалады.
Бассейндік инспекцияларды су ресурстарын Мемлекеттік басқарудың негізі ретінде қарау қажет. Инспекторға түсетін жоғары жүктемені ескере отырып, қазіргі уақытта бассейндік инспекциялардың оларға жүктелген функцияларды толық көлемде орындауға мүмкіндігі жоқ. Бүгінде бассейндік инспекцияның бір қызметкері 93 ауылдық елді мекен орналасқан 41 мың км2 аумаққа қызмет көрсетеді (48 су қоймасы, 70 өзен, 55 мың га суармалы жер). Бассейндік инспекцияларды материалдық-техникалық қамтамасыз ету деңгейі өзекті.
Үшінші, "Қазсушар" РМК-ны су ресурстары комитетінен Су шаруашылығы инфрақұрылымын салу және реконструкциялау бойынша тапсырыс берушінің функцияларын бере отырып, акционерлік қоғам етіп қайта ұйымдастыру. Тапсырыс берушінің Су шаруашылығы инфрақұрылымын салу жөніндегі функцияларын беру СРК-ға су ресурстарын басқару және суға деген сұраныс, су үнемдеу және суды пайдалану тиімділігін арттыру мәселелеріне шоғырлануға мүмкіндік береді.
РМК-ны акционерлік қоғам етіп қайта ұйымдастыру, сондай-ақ қызмет саласын кеңейтуге және қазіргі уақытта тарифпен немесе бюджеттік инвестициялармен жабылмайтын мақсаттарға бағытталатын инвестициялар тарту жолымен түрлі табысты жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Мысалы, автоматтандыру, суды есепке алу... Осылайша, РМК-ны қайта ұйымдастыру мемлекеттік бюджетке жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Төртінші, су ресурстарын басқарудағы ғылымның рөлін және мамандардың кадрлық әлеуетін арттыру қажет. Осы міндетті іске асыру Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қарауындағы Қазақ Су шаруашылығы ғылыми институтының жанында Ақпараттық-талдау орталығын аша отырып, оны күшейтуді көздейді.
ҚазҚСҒЗИ-ды күшейту су ресурстарын басқаруды толыққанды ғылыми сүйемелдеуді, стратегиялық мақсаттарды іске асыруды, болжауды және тұжырымдауды, сондай-ақ суды ұтымды пайдалану мәселелерінде инновацияларды енгізу үшін ғылыми зерттеулерді үйлестіруді қамтамасыз етеді.
Ғылыми негізделген шешімдерге негізделген су ресурстарын басқару жүйесі су қауіпсіздігінің сын-қатерлері мен қатерлеріне ден қоюдың сындарлы жоспарларын әзірлеуге мүмкіндік береді.
Жүргізушілердің кадрлық әлеуетін жақсарту үшін орта буыннан (колледж), бакалаврлардан, магистрлерден және ғылым докторларынан мамандардың кең спектрін даярлаудың барлық сатылары шоғырланған Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің жанынан мамандандырылған су ресурстары және су шаруашылығы институтын құру қажет.
Сондай-ақ су шаруашылығы саласындағы кадрлардың біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіру керек.
Ұсынылған шешімдер су ресурстарын басқарудың біртұтас ұйымдық құрылымын құруға мүмкіндік беруі керек, ал ғылыми негізделген шешімдер қабылданады және жүйе қажетті білікті кадрлармен қамтамасыз етіледі.
Жоғарыда көрсетілген шараларды іске асыру үшін қолданыстағы су заңнамасын жетілдіру талап етіледі.
Қазіргі уақытта жаңа Су кодексі әзірленіп жатыр.
Бұдан басқа, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы әзірленіп, мемлекеттік органдарда келісуден өткізіліп жатыр. Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – елдің су ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану проблемаларын шешу, экономика салалары мен қоршаған орта қажеттілігінің теңгерімін қамтамасыз ету. Тұжырымдама су ресурстарын интеграцияланған басқару практикасын жақсарту және елді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарында және 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттарында айқындалған мақсаттарға, міндеттер мен тәсілдерге қол жеткізуге бағытталған су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру үшін негіз болады", – дейді вице-министр.
Жасын Қалибек