Сырдың суы күрішке ала жазда жете ме?

14764

 Диқандардың егініне биыл су жетпей қалу қаупі бар.  

Сырдың суы күрішке ала жазда жете ме?

Көктемде арнасына сыймай, жоғары екпінмен ағып жататын Сырдарияның қазіргі сыйқы жүдеу. Судың деңгейі төмен түскені сонша өзеннің қақ ортасынан бұрын-соңды болмаған құмшауыт аралдар пайда болды. Жел тұрса құм суырып, қаланы шаң басады. Ең қиыны, дарияның бойында тіршілік еткен диқандардың егініне биыл су жетпей қалу қаупі бар. Сарқылған Сырдың суы қалыпқа келмесе аймақтың экономикасына да, экологиясына да зардабын тигізуі мүмкін.

Жыл басында-ақ, дарияның сағасы тарылып, қыстың өзінде су тым аз болды. Жалпы, осы аралықта өңірге секундына 400 текше метрден астам су келуі тиіс болса, осы көктемде бұл меже тіпті 200 текше метрден әрі аспады. Ал биылғы егін маусымында облыста 88 мың гектар алқапқа күріш егу жоспарланған. Алайда осыншама егінге су жеткізу басты мәселеге айналып отыр. Жағдайды бағамдаған су мамандары осы кезден дабыл қағып, егістік көлемін шамамен 7 мың гектарға дейін азайтуды сұрап отыр.

"Мамырдың бірінде Шардара су қоймасында 5,1 млрд текше метр су тұруы тиіс болатын. Қазір 4,9 тұр. Бүгінгі жағдайға байланысты облыс бойынша күріш салатын жер 75-77 мың гектардан артық. Өйткені жағдай қиын. Осының өзінде 77 мыңға су жеткізу қиын болады", – дейді "Арал-Сырдария" бассейіндік инспекция басшысының орынбасары Жұмахан Нұрсейітов.

Әзірге аймақтағы шаруашылықтармен келісе отырып, 7 мың гектар күріштік алқапты қысқарту көзделген. Мамандар тығырықтан шығудың тағы бір жолы, егінді әртараптандырып, суды аз қажет ететін дақылдар өсіру деп отыр.

"Қазір біз су шаруашылығымен бірлесіп, барлық ауданға жеке-жеке егіс көлеміне байланысты оңтайландыру жұмыстарын жүргізіп, суды аз қажет ететін дақылдарды орналастыру жөнінде тиісті жұмыстар жасап жатырмыз", – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сейілбек Нұрымбетов

Жалпы Сырдың суы әр жылда, әрқалай құбылады. Соңғы жылдары егінге пайдаланған судың мөлшерін зерделейтін болсақ.

2018 жылы 87 мың гектар егістікке 7,2 млрд текше метр су жіберілген. Сол жылы су тапшылығы байқалып, аймақта 700 гектар күріштікке су жетпей қалды. Шаруашылықтар 200 млн теңгенің шамасында шығынға батты.

2019 жылы 88 мың гектар егіс алқабын суаруға Сырдариядан 9,5 млрд текше метр су кеткен. Былтыр мол судың арқасында егін шығынсыз, бітік шықты.

Ал биыл сала мамандарының есебі бойынша өзеннен түсетін судың мөлшері 7 млрд текше метрден аспайды. Ал облыс 80 мың гектардың үстінде күріш егуді жоспарлап отыр.

Оның үстіне алдағы егін маусымында көршілес Түркістан облысындағы 64 мың гектар егістік жер Сырдариядан су ішетінін ескеру қажет. Биылғы  болжанған 7 млрд текше метр су екі өңір үшін өте аз. Әсіресе, Сырдың ең төменгі сағасында орналасқан Қармақшы, Қазалы аудандарының диқандары үшін қиынға соғайын деп тұр. Жылда судан тапшылық көретін шаруашылықтар өзеннің деңгейіне қарап, күріштік алқаптарын барынша азайтып жатыр.

Қазалы ауданындағы ең ірі шаруашылық "Сыр маржаны" директоры Мінәжадин Өтеев су тапшылығына орай егін көлемін қысқартқанын айтты.

"Былтырғы жылы 2400 гектар күріш егіп едік, биыл енді 2000 гектар күріш егейік деп отырмыз. Су тапшылығы дегеннен кейін, қысқартып жатырмыз. Өйткені 2018 жылы судың тапшылығын көрдік", - деді  шаруашылық басшысы.

Тағы бір айта кететін мәселе. Биыл судың аз келуінен шабындық жерлер нәрден, көлдер судан құр қалады. Яғни, жазда жасыл желек азайып, мал жайылатын жерлер тақырға айналады деген сөз. Эколог, жазушы Сайлаубай Жұбатыров: "Сырдарияның суын түбегейлі егінге сарқылту, табиғатқа жасалып жатқан қиянат", – дейді. Кеңес заманында өзен бойында жаппай егін шаруашылығына басымдық беріліп, ақыр соңы Үлкен Арал теңізі құрдымға кеткені ғылыми тұрғыдан дәлелденген ақиқат. Ал жыл сайын сарқылған Сырдың суын 88 мың гектар күріштік алқапқа ысырап ете берсе, келешекте ғажап құбылыспен сақтап қалған Кіші Аралдан да айрылып қалу қаупі бар екен.

"Теңіз туралы бір ауыз сөз айтылмайды. Мұндай бір жақты саясатты қою керек жалпы. Ол өз суын өзі талап ететін табиғаттың төл перзенті. Біз ең алдымен сонымен санасуымыз керек. Неге тек міндетті түрде егін, әйтпесе аштан өлетін сияқтымыз. Міне, біздің экологиялық мәдениетіміз, психологиямыз. Әлі өзгерген жоқ, осыны түбегейлі өзгерту керек", – дейді эколог Сайлаубай Жұбатыров.

Мамандардың "аймақтың ауыл шаруашылығын әртараптандыратын кез келді" дегені дұрыс. Мол суды қажет ететін күрішке тәуелділіктен арылып, басқа дақылдарды өсіруге көшсек, Сырдың суы егінге де, Аралға да жетер ме еді...

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу