Су тапшылығы туралы жиірек, қаттырақ, кеңірек айтыла бастады

2187

Сарапшылардың бұлай алаңдауы тегін емес.

Су тапшылығы туралы жиірек, қаттырақ, кеңірек айтыла бастады Фото: canva.com

Өйткені, күрделі кезең енді бір бес-алты жылда-ақ нақты сезіле бастауы әбден мүмкін. Сол себеп, сөзден іске көшетін уақыт келді.

Қазақстан 66-орында

Су тапшылығы тек елімізге емес, бүкіл әлемге тән құбылыс болғалы тұр. Сарапшылар тіпті су үшін соғыс болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Ендеше, ең бірінші кезекте оны үнемдеу керек. Ол үшін әлемде және елімізде оның қанша ресурсы бар соған көз жүгіртіп көрейікші. Өйткені, су тапшылығы болмайтын елдер де кездеседі. Мәселен, алғашқы ондықта Бразилия, Ресей, Канада, Қытай, Индонезия, АҚШ, Бангладеш, Үндістан, Венесуэла, Мьянма сынды мемлекеттер тұр. Олардың су қоры орналасу ретіне қарай 6,5 мыңнан 1,0 мың текше шақырым аралығында. Ал Қазақстан бұл тізімде 66-орында, су қоры 107,5 текше шақырым ғана.

Statista.com сайтының мәліметі бойынша 2040 жылы 40 елде су тапшылығы орын алмақ. Оған біздің ел де кіреді екен. Әрі еліміздегі су тапшылығының деңгейі 80%-ды құрамақ. Климаттың өзгеруіне байланысты Орталық Азияда басты су көзі саналатын мұздықтар күрт азайып барады. Осы жағдай аймақтың азық-түлік, энергетика және экология қауіпсіздігіне едәуір қатер төндіреді.

Тағы бір дерек – 2050 жылға қарай 5,5 миллиард адам ауыз суға мұқтаж болуы мүмкін. Біріккен Ұлттар Ұйымы келтіретін бұл цифр – жер халқының үштен екісі. Ендеше, мәселенің өзектілігі осыдан аңғарылса керек.

Ал Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша Қазақстандағы су қоры 2030 жылға қарай жылына 90 текше шақырымнан 76 текше шақырымға дейін азаяды. Бұл алдағы 7 жылда су тапшылығы 15%-ды құрайды деген сөз. Бұған еліміздегі су көздерінің 44%-ы көрші мемлекеттерде екендігі де сеп болмақ. Сондықтан бүгінгідей ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Мәселен, су тұтыну 3 мақсатта – ауыл шаруашылығында, өндірісте және тұрмыста жүзеге асатынын ескерсек, соның ең көбі агросекторда. Ал тұрмыста тұтынылатыны – жалпы су көлемінің тек 4%-ы ғана. Мамандар, соның өзі де көп екенін айтады. Өйткені, әрбір адамға ішуге, тамақ дайындауға және жеке гигиена үшін күніне 20-50 литр су керек болса, біздің одан да асырып, тіпті 100 литрге дейін пайдаланатын кезіміз жиі. Бірақ, оның басым бөлігі ысыраппен кетіп жатыр. Сол себепті ендігі жерде елімізде су үнемдеу технологияларын қолданыса енгізуді міндеттеу керек. Ондай құрал-жабдықтар мен қондырғылардың түрі шаруашылықта да, тұрмыста да жетерлік. Солардың бірқатарына тоқтала кетейік.

Гидрогель су шығынын 50-75% азайтады

Еліміздегі су ресурстарының басым бөлігін, яки 63%-ын ауыл шаруашылығы пайдаланады. Өкінішке қарай, оның тең жартысы тасымалдау кезінде рәсуа болады екен. Өйткені, бірінші кезекте инфрақұрылымдар ескі. Екінші кезекте, келіп тұрған судың өзі құйып суғару немесе бүркіп суару жолымен қажетті көлемнен де көп пайдаланылады. Осылайша, өсімдіктің тамырына ғана емес, ашық топыраққа да түсіп, босқа жерге сіңіп немесе ауаға ұшып кетеді. Сондықтан да егін шаруашылығына арналған үнемдеу технологияларын қолданған жөн. Мәселен, солардың қатарында тамшылатып суару, шөптен жабын жасау (мульчирование), гидрогель, жаңбыр суын жинау, қар суын тоқтату, жылыжай, гидропоника, аквапоника, аэропоника сияқты түрлерін атауға болады. Соның ішіндегі ең бір ғылыми жетістікке жататыны - гидрогель. Бір қуантатыны – мұндай өндіріс біздің елімізде бар екен.

"Біздің компания 2021 жылы құрылған. Нақтырақ айтқанда осы уақыттан өнімімізді саудаға шығара бастадық. Ал оған дейін 2016 жылдан бастап гидрогельді ойлап табу, ғылыми сынақтардан өткізу жұмыстарымен айналыстық. Өнім полиакриль қышқылы мен калий гидрототығының молекулаларын біріктіру жолымен жасалған. Су сіңіргіштігі өте жоғары. Топырақ жағдайына қарай 200-400 милилитрден 1 литрге дейін суды бойында ұстап тұруға мүмкіндігі бар. Ол судың 95%-ға дейінін өсімдіктер ала алады. Яки, су топыраққа сіңіп кетпейді, жер қыртысының өзіндік сипатына әсер етпейді және сонымен қатар өсімдікке оңтайлы ылғал-ауа режимін сақтайды. Сумен араласқан тыңайтқыштарды жаңбыр шайып кетпейді, оны тікелей өсімдіктің тамырына береді. Сонысымен су мен тыңайтқыш шығынын азайтады, тасымалдау, отырғызу кезінде өскіндердің тамырын қорғайды, жерсінуіне көмектеседі, өсімдіктердің құрғақшылыққа төзімділігін арттырады, топырақты қопсытып тұрады, ал 3-5 жылдық жарамдылық мерзімі біткеннен кейін, биологиялық жолмен  топыраққа араласып кетеді. Ең бастысы адамға да, қоршаған ортаға да қауіпсіз. Сынақтарды Оңтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарындағы тәжірибе алаңдарында, "Семей Орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватында өткіздік. Елімізде бізден басқа мұндай өндіріс жоқ. Гидрогельдер түрлі мақсатта, яки өндірістік, шаруашылық, медициналық салаларда кездеседі. Сондықтан да біздің өнімді агрогель деуге болады", - дейді "BETA SORB" ЖШС директоры Әлібек Нұркенев.

Агрогельді пайдаланудың 5 жолы бар. Бірінші, ауыл шаруашылық дақылдары алқабы. Құрғақ гель механикаландырылған тұқым егу кешендері арқылы себілген тұқымнан 2-3 см тереңдікке орналастырылады. 1 гектарға дақыл түріне қарай 20-50 келі гель керек. Ағаштар мен бұталарды отырғызарда құрғақ гельдің 1-2,5 грамы 1 литр суға араластырылып, көшеттің тамырына салынады. Одан соң көп етіп су құйып тастау керек. Сол сияқты оларды көгалға да, өсіп тұрған ағаш-бұталарға да пайдалануға болады. Ең басты мақсат – үнем болса, сынақ жүргізу кезінде 50-75%-ға дейін су үнемделетініне көз жеткен. Өсімдіктердің жерсінуі 95%-ға, өнімділігі 30%-ға артқан. Ал тамырының маңындағы құнарлы ылғал 20-30%-ға көбейген. Мұның өзі көп нәрседен хабар бергендей. Ал сөз етіп отырғанымыз, агросектордағы үнемдеу технологияларының бірі ғана десек, басқаларының да тиімділігі туралы күмәнданбауға болады. 

"Ақылды" сантехника үнемге сеп

Тұрмыстағы су үнемдеу туралы айтқанда, ең бірінші кезекте электронды сантехникалар еске түсетіні рас. Оның әрине түрлі ассортименттері бар. Мәселен, солардың бірі – "қол тигізбей" қолданылатын шүмектер, себезгілер мен дәрет шайғыштар (писуар). Ондайды біз бүгінде сауда орындары, әуежай, мейрамхана, қонақүй, тұрғын үй кешендері, SPA-орталықтары, фитнес сынды әртүрлі орындарда көріп жүрміз. Тіпті "ақылды" технологиялар бірте-бірте өмір салтымыздың ажырамас бөлшегіне айналып келе жатыр деп айтуға болады. Сантехника сататын дүкендер де осындай "smart" бұйымдарға ден қоя бастаған.

"Жұмыс принципіне келсек, олар тарату-қабылдау толқындары арқылы істейді. Яки, алдын ала енгізіліп қойған бағдарламалық пәрмендерге сәйкес, жақындаған адам белгілі бір қашықтыққа келгенде іске қосылады. Мәселен, шүмек болса, қолын созғанда су ағып, қолын алғанда тоқтауы мүмкін. Сол сияқты олардың судың ыссылығын бүйіріндегі тетікше арқылы реттейтін қарапайым түрі немесе дербес су ысытқышы, басқару блогы, судың температурасын автоматты түрде реттеп тұратын термодатчигі бар кешенді түрлері кездеседі. Оларды адамдар жайлылығына қарай таңдап орнатады. Әрине, бағасы қарапайым сантехникадан қымбаттау болғанымен, оларға бір шығындалған соң, үнемделген судың есебінен баға айырмашылығын өтеуге болады. Мәселен, шартты түрде айтқанда, қарапайым шүмектермен шайынып, тіс жуған адам бір ретте 5 литр су шығындаса, "контактысыз" сантехникамен оған 2 литр су кетеді", - дейді сантехника сататын дүкендер желісінің өкілі Вадим Гребнев.

Бүгінде саудада жиі кездесетін "smart" дәрет шайғыш, себезгілер туралы да осыны айтуға болады. Олардың ерекшелігі, интервалдар бойынша әртүрлі деңгейде функциялар атқаратыны. Мәселен, алдын ала енгізіп қойған уақыт бойынша әуелі адам жақындағанда бір су ағызса, одан соң адам кеткеннен кейін шаю мақсатында тағы да су жібереді. Ең бастысы бейсауат ағып жатқан су жоқ.

Адамдарда мәдениет қалыптастыру керек

Сонымен, тоқ етері, су үнемдеу технологияларын қолдануды міндеттеу қажет дедік. Ол әрине, дұрыс бастама. Өйткені, үнемдегені тұтынушының өзіне де тиімді. Рәсуа болған суға кеткен ақшасы қалтасында қалады. Мәселе оны қалай жүзеге асыруда.

"Естеріңізде болса, сонау 2000-шы жылдары су үнемдеу үшін көпқабатты үйлердің жертөлесіне ортақ есептегіш құралдарын қоюды, әр пәтерге ыссы су мен мұздай суға бөлек-бөлек есептеуіш аспабын орнатуды міндеттеген еді. Ол "счетшіктерді" мезгіл-мезгіл "калибровкадан" өткізіп тұратынбыз. Осының бәрі кезінде "точкамен", яки су ақысын бекітілген бір бағамен ұстайтын әдістен бас тарту үшін, судың нақты есебін жүргізіп, үнемдеу мақсатында жасалды. Енді оның өзі де аздық етіп тұр. Сондықтан да заманауи технологияларды қолдануды міндеттеу дұрыс. Бірақ, ол үшін алдымен оның шекті бағасын белгілеп алуымыз керек. Әйтпесе, міндеттілік сұраныс тудырады да, оған нарық жауап танытып, құны аспандап кетуі мүмкін. Сол себеп, әуелі, техрегламентін даярлап, одан соң оны бекітілген бағамен жеткізіп берумен айналысатын орталықтандырылған оператор тағайындаған жөн. Сонда ғана бұл жұмыс ойдағыдай жүзеге асады", - дейді Астана тұрғыны Райхан Сламғали.

Оның айтуынша, су үнемдеу үшін тарифтерді көтерген дұрыс. Бірақ, ол үнемдеуге итермелейтіндей дәрежеде болу қажет, яки мұнда "дифференциалды әдіс" қолданылуға тиіс. Мәселен, адам басына деп есептелетін белгілі бір айлық көлемнен аз пайдаланған тұтынушы арзан бағамен, көп пайдаланған тұтынушы қымбат бағамен төлеуі керек. Әйпесе, жылдан жылға коммуналдық ресурстарға баға қымбаттап жатыр деп зар жылағанымызбен, үнемдеуге бейіл танытып жатқандар шамалы.

"Менің ойымша бұл жерде мәселе қымбаттату, міндеттеу сияқты іс-шараларда емес, біздің халықтың үнемдеу туралы ұғымының төмендігінде. "Жеріміз бай, суымыз көп" деген қате көзқараспен өмір сүретінінде, ысырапшылдығында. Көз алдында сарылдап ағып жатқан суды тоқтатуды ойланбайды. Егер, көпшілік жерде суды ағызып қойып, "әлеуметтік эксперимент" жүргізер болсаңыз, бұған көз жеткізе түсер едіңіз. Сондықтан да ең бірінші кезекте адамдардың жауапкершілік мәдениетін, жанашырлық сезімін тәрбиелеу керек. "Үнем әдебін" кеңінен насихаттап, оны мектеп қабырғасынан практикалық сабақ етіп оқыту қажет. Бәлкім сонда бір нәтижеге қол жеткізіп қалуымыз мүмкін", - дейді сұхбаттасымыз.

Елордалық отандасымыздың айтып отырған сөзінің жаны бар. Суды ысырап етуді тоқтату қажет. Адамдарға мәдениет керек. Үнемдеу үшін шығындалғанның зияны жоқ. Десе де таяуда Мәжіліске Су кодексінің жаңа жобасы жетті. Онда да осы мәселеге айрықша орын берілген. Мұнысы дұрыс екеніне сөз жоқ. Бірақ, Қазақстанға Су кодексі емес, "Су үнемдеу кодексі" керек-ақ. Сонда ғана табиғи ресурсты пайдаланудан бұрын, "игілікке жарату" мәселесі бірінші орынға шығар еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу