Су тапшылығының АЭС құрылысына қандай қатысы бар?

983

Қазақстанда АЭС-ті салу мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай, жиырма жылға созылған дау-дамайға айналды. 

Су тапшылығының АЭС құрылысына қандай қатысы бар?

Басында халық мүлдем қарсы болғаннан кейін, энергияның альтернативті көздері қарастырыла бастады. Алайда уақыт өте келе, олардың тиімділігіне күмән туды.

Қазір болса соңғы жаңалықтар аясында экологтар мен депутаттар су тапшылығына қатысты дабыл қағып жатыр. Олар онсызда тартылып жатқан Балқаш маңында АЭС салу жағдайды одан әрі ушықтырып жіберетіні айтады. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін inbusiness.kz тілшісі энергетика саласы бойынша сарапшы Олжас Байділдиновты сөзге тартты.

– Жақында біздің редакция "Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның" өкілдерінің су тапшылығына қатысты жиынына қатысты. Онда басты проблемалардан бөлек, Балқашта салынуы мүмкін АЭС мәселесі көтерілді. Депутаттар станция шектен тыс су ресурсын қажет етеді деген ой айтылып, мұндай ұсынысқа қарсы пікір білдірді. Мұндай тұжырымдама қаншалықты шындыққа жанасады?

– АЭС толыққанды жұмыс істеуі үшін ел айтқандай көп су ресурсын талап етілмейді. Бұл бір аңызға айналған тұжырымдама. Мысалы, Балқашта салынайын деп жатқан атом станциясына жұмсалатын су көлемі судың табиғи булану көрсеткішінен төмен болады, яғни су тапшылығына әкелетіндей көрсеткіш емес. Тек оны суықтатуға, іске қосуға ғана су керек, оның өзі үлкен көлемде емес. Мысал ретінде атом саласы бойынша Еуропада жетекші орын алатын Францияны алайық, онда АЭС-тер көлдің не теңіздің жанында емес, өзендер мен жасанды су қоймалары маңында салынған.

Бұл жерде мәселе су тапшылығында емес, жұртшылықтың қорқынышында болып отыр. Адамдар суға әсер етеді, экологияны құртады деп байбалам салады, онда жарықсыз отырайық, өйткені Қазақстанның басқа амалы жоқ не біз шетелден энергия сталып алып,  өзге елді байытып отыра береміз. Уранның жеткілікті көлемі болмаса да, қазір "Росатоммен" белсенді келіссөздер жүргізіп жатқан Өзбекстан бізден бұрын АЭС салып, ертең бізге электр энергиясын сатса – ең сорақысы сол болмақ. Өйткені Орта Азияда уран көзіне ең бай ел Қазақстан осы салада жетекші орынды алуы тиіс. 

– Сіз Мемлекет басшысы Жолдауына қатысты пікіріңізде Қазақстанда бір емес, үш Атом электр стансысын салу керек деген қорытындыға келдіңіз. Осы ойыңызды тарқатып айтып берсеңіз. Қазақстан қаншалықта электр энергиясынан тапшылық көріп отыр?

– Биылғы жарты жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан жалпы қолданыстағы электр қуатының 8%-ын шет елдерден импорттаған. ҚР Энергетика министрлігі былтыр "электр энергиясы жетіспеушілігі бар, бірақ тапшылық жоқ" деп мәлімдеген болатын, яғни күндіз белсенді қолдану кезінде оны Ресейден импорттауға тура келеді, ал керісінше бізде артылған сәтте шет елдерге (Ресей, Қырғызстан – ред.) сатып жатамыз.

Көршілес елдермен энергия алмасу үшін арнайы жүйе құрылған, дегенмен бізде тапшылық барын мойындау керек, мысалы, былтыр Ресейден электр қуаты келмей қалған кезде – желтоқсан айында қуат көзінің 8%-ы жетіспеді. Сонда біз өткен жылдың өзінде жарықсыз қалдық деген сөз.  Ал биыл жағдай одан да нашарлай түспек, себебі тапшылық артпаса, кемімейді. Біздің мемлекет  салайын деп отырған бір АЭС-тің бір блогы сағатына 1 млрд Квт энергия бере алады, яғни екі реакторлы бір атом станциясы біздің қазіргі қажеттілігімзді толық өтей алмайды.

Энергетика министрлігінің жоспарына назар салсақ, атом электр станциясының құрылысы тек 2035 жылы аяқталады, өйткені жобалау, құрылыс жұмыстары, арнайы құрылғыларды сатып алу өте ұзақ уақытты талап етеді. Орташа есеппен алғанда бір АЭС-тің құрылысы 10-15 жылға созылады. Енді қараңыздар, бір станцияның қуаты бүгінгі күннің сұранысына жауап бере алмаса, онда неге біз бір ғана АЭС-ке тоқталып отырмыз?! Сондықтан мен үнемі бізге кем дегенде үш АЭС керек екенін айтып келемін және олар еліміздің солтүстік-батыс, оңтүстігі мен батысында  салынуы қажет, өйткені Қазақстанның барлық аумағында тапшылық байқалады. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында ЖІӨ-ні еке есе арттыруды көздейтінін айтқан болатын, ал жаңа өндіріс орындарын ашу, бұрынғыларын кеңейту үшін де электр қуаты қажет.

Оған қоса, халық саны да күн санап өсіп келеді. БҰҰ-ның болжамына сенсек,2040 жылға қарай қазақстандықтар саны 25 млн асып түседі. Егер біз қазір 20 млн адамның сұранысына жауап бере алмасақ, ертең қалай өсіп келе жатқан халық, бизнес пен өндіріс қажеттіліктерін өтейміз? 

– Жалпы энергетика саласындағы тапшылық бүгін ғана көтеріліп жатқан мәселе емес, энергия көздерінің басқа да альтернативті көздері қарастырылып зерттеліп жатты. Сонда біз жиырма жылда еш нәтижеге жетпедік пе?

– Басқа энергия көздерін қарастырар болсақ, біз халықаралық тұжырымдамаларға сәйкес, қоршаған ортаға өте зиян көмірді алдағы уақытта қолдана алмайтын боламыз, қазір көмір станцияларын салуға да ешкім қаражат бермесі анық. Оған қоса 2035 жылға қарай көмірден алынатын электр энергиясы біршама қысқарады, қазірдің өзінде станциялар ескіріп, құралдар істен шығып жатыр. Көмір станцияларының қызмет ету мерзімі – 62 жыл, біраз нысанның уақыты келді деген сөз. Табиғи газ бізде жеткіліксіз, сондықтан оны пайдалану мүмкін емес. Ал соңғы кездері бәрі айтып жүрген жаңартылатын энергия көздері тұрақсыз, әрі оны іске қосу қымбатқа түспек. Сондықтан жалғыз шешім – Атом электр станциясы қалып отыр.

– Жаңартылған энергия көздерін пайдалану қымбатқа түседі дедіңіз, Атом электр станцияларын салу арзанырақ болғаны ма?

– Атом электр станциясын салу да арзанға түспейтінін жасырмаймын. Қазақстанда салынайын деп жатқан екі реакторлы станция құны шамамен 15 млрд долларды құрайды. Үш станция салар болсақ, бізге сәйкесінше 45 млрд доллар табу қажет болады. Салыстырмалы түрде еліміздің бір жылдық бюджеті валюта курсына байланысты 40-45 млрд долларды құрайды, оған қоса Ұлттық қорда да мұндай қаражаттың жоқтығы анық. Сондықтан бізге АЭС-ті салатын құрылыс компанияларымен келісімге келу жолдарын іздеуге тура келеді.

АЭС-тен алынатын электр қуатының тарифі қазіргі бағалар мен доллардың курсын ескерсек сағатына 1 кВт үшін 50-60 теңге болады, яғни қазіргі бағадан 2,5-32 есе артық. Осыдан шығатын қорытынды – Қазақстанда арзан энергия көздері дәуірі аяқталды. Бізге үнемдеп үйрену керек, сосын, ең бастысы, атомға қатысы бар дүниеден қорқуды қойған жөн, өйткені атомдық энергия қуаты бүкіл әлем пайдаланып отырған энергияның 10%-ын құрап отыр. Дәл қазір мәселенің бір шешімі ретінде біраз атом реакторларын салумен көзге түскен "Росатоммен" жақсы қарым-қатынас орнатуды қарастыруға болады.

– Сұхбат бергеніңізге рақмет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу