Судьялар халықтан нені жасырады?

2563

Астанадағы Қазақстан судьяларының VII сиезінде президент Нұрсұлтан Назарбаев 90-жылдардың басындағы жағдаймен салыстырғанда елдің құқықтық тұрғыда айтарлықтай алға жылжығанын айтты.

Судьялар халықтан нені жасырады?

Сиез делегаттары Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуы жолында сот жүйесінде 25 жыл ішінде ауыз толтырып айтуға болатын екі өзгерістің болғанын алға тартты. Біріншісі – сот ашықтығын қамтамасыз ету үшін отырыстардың барлығын бейнежазбамен қамтамасыз ету болса, екіншісі – медиация, яғни сотқа дейінгі мәмілеге келу жүйесінің орнығуы.

Біріншіден, соттың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету үшін қазір барлық сот отырысы бейнетаспаға жазылатыны анық. Дегенмен де, кей сот отырысының бейнетаспасы қандай да жолмен дұрыс жазылмай немесе толық болмай шығатыны кездесіп жататын көрінеді. Жалпы, осы технологияның сот жариялылығын қамтамасыз етуге септігін тигізді деуге күмәнмен қараушылар да жоқ емес.

"Қазір тіпті сот отырысындағы жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында бейне жазу технологиясы енгізілді ғой. Дегенмен, осының өзі белгілі бір деңгейде жариялылыққа кері әсерін тигізетінін біреу білсе, біреу білмейді. Өйткені, бейне жазбаның сапасын судьяның қасақана бұзып тастаған уақыттарын бұған дейін бірнеше рет көргенбіз. Содан кейін сот отырысы туралы қосымша ақпарат сұраған ақпарат құралдарына сот мекемелері бейне жазбаның болғанын айтып мәлімет бермейді", – дейді Liberty қоғамдық қорының президенті Ғалым Агелеуов.

Мәліметке қол жетімділік демекші, елдің түкпір-түкпірінен үшінші билік өкілдерінің жиналған алқалы шарада сөз алған Қостанай облысының атынан келген делегат-судья Наталья Дунаева ғаламтор беттерінде сот қызметкерлерінің әділдігіне күмән келтіретін мазмұндағы жазбалардың көбейіп кеткенін айтып, бұл судьялардың қоғамдағы беделіне зиян келтіріп жатқанын мәлімдеді.

"Қазақстанның Жоғарғы соты мен өңірлік соттар "100 нақты қадам" аясында үшінші билік жұмысының ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында ауқымды шаралар атқару үстінде. Дегенмен, соңғы кезде судьялардың әділдігіне қатысты әлеуметтік желіде түрлі жазбалардың көбейіп кетуі бізді қынжылтады. Ең сорақысы, осы жазбалардың авторлары мәселені жан-жақты зерттемей, сырттай таныс болғандар. Сотқа дейінгі тергеу органдары қызметкерлері істің құпиялылығын сақтау мақсатында өз жұмыстары туралы таратып айта алмайды. Судьялар да істі қарау кезінде белгілі бір деңгейде құпиялылықты сақтауға мәжбүр болады", – деген Наталья Дунаева қоғамның сот жұмысына осылайша сенімсіздікпен қарап отырғанына қынжылатынын айтты.

Дегенмен, Ғалым Агелеуов судъяның бұл сөзін кәсібиліктен ада деп сынайды. Оның айтуынша, ашық сот отырысы болған кезде судьялардың ешқандай да мәліметті жасырып қалуға құқы жоқ.

"Сот отырысының өзі ашық және жабық болып бөлінгендіктен, әрқайсысы өзінің талаптарын орындауға тиіс. Егер ашық сот отырысы болса, судьялар ешқашан да ол жерде құпия мәлімет бар деп айта алмайды. Егер құпия ақпарат болатын болса, отырыстың форматы жабық болып бекітілетін еді. Ал журналистердің сот отырысына қатысуына және ол жерден қалағанынша ақпарат таратуына барлық жағдай жасалуы керек.

Журналистің көптігі немесе олардың пікір алуандығы, журналистерін жіберіп отырған бұқаралық ақпарат құралы позициясының әр алуан болуы да судья жұмысына көмек болмаса, кедергі емес. 25 жылда сот жүйесі айтарлықтай өзгеріске ұшырағанын айта алмас едім. Тек ғаламтордың ашықтығымен әлеуметтік желінің дамуы белгілі бір оң өзгеріс әкелді. Мұның өзі біздің жүйеміздің берген мүмкіндігі емес, әлемдік тренд.

Сот отырыстарын әдемілеп тұрып ресми тілмен жазып шығатын дәстүрлі масс-медианың заманы өтіп бара жатыр. Қазір халық сот отырыстарынан жазып алынып, әлеуметтік желілерге салынған бейнелерге көбірек назар аударады. Қазір сот жүйесінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ете алатын жалғыз күш те осы ғаламтор", – дейді Ғалым Агелеуов.

Сот жүйесіне деген сенімсіздікке Нұрсұлтан Назарбаев та тоқталып өтті. "Баяғыдай жергілікті әкімшілікке, одан қалды президенттің атына хат жазып араша іздеу сот жүйесіне деген сенімнің жоқтығын көрсетеді", – деген Президент тым күрделі мәселе болмаса, отбасылық жанжал мен кішігірім келіспеушілікті сотқа дейінгі медиация әдісімен шешуге шақырды.

Мемлекет басшысы, сонымен қатар, сот жүйесінің бизнеске деген қысымын азайту керектігін де осы жолы қадап айтты. Шағын және орта кәсіпкерлердің арыз-шағымдары, әсіресе мемлекеттік тексеруші органдар тарапынан жасалған әділетсіздіктер елдегі бизнестің қарқын алуына тосқауыл болып отырғаны бірден-бір фактор. Бұл тұрғыда, мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер мүдделерінің қайшы келген тұсында төрелік айтатын жергілікті соттар көп жағдайда мемлекеттік органдардың жағына шығатыны жасырын емес екенін айтады, Атамекен палатасы өкілдері.

Бір ғана мысал, бірер апта бұрын Ақмола облысы кәсіпкерлерінің үстінен іс қозғап, жалға алған жер телімін заңсыз деген себеппен тартып алған мемлекеттік органның жұмысы соттың қарауына қайта түсіп, "Атамекен" палатасының араласуымен сот алдыңғы шешімін өзгерткен еді.

"Мемлекеттік биліктің аудандық органдары өз құзыреттерін әлі күнге дұрыс түсінбейді. Қаржы полициясы мен прокуратурадан бастап барлық тексеруші органның хат-құжаттары сот алдында бір саты жоғары тұратыны анық. Сол үшін кәсіпкерлер істің сотқа дейін жетпегенін қалайды. Нәтижесінде әлгі орган қызметкерлерімен "келісуге" мәжбүр болады", – дейді Ulytau Service туристік компаниясының иесі Сағадат Мұхамбетов.

Дегенмен, Жоғарғы соттың судьясы Қожан Төлебайдың айтуынша, ведомство қазіргі таңда жазалаушы органнан гөрі қорғаушы орган ретінде қалыптасу жолында. Осы тұрғыда әлемдік тәжірибеден аларымыз мол екен.

Әлемдік тәжірибе дегенде ойға оралатын Астана қаржы орталығы ЭКСПО бітісімен жұмысқа кіріспек. Англосаксондық заңмен жұмыс істейтін орталыққа ҚР Жоғарғы Сотының құзыры жүрмейді. Дәл осы тәжірибемен бір кездері құрылған Дубай халықаралық қаржы орталығының жұмысымен танысу үшін Қайрат Мәми Біріккен Әмірлікке барып қайтқан көрінеді.

Алайда, Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, соттың Астана қаржы орталығында жұмысы жоқ. Тіпті "100 нақты қадамда" Жоғарғы соттың мойнына жүктелген 11 міндетінің бірі болып келген Астана қаржы орталығы туралы бап түсіп қалыпты. Есесіне бұл міндет Ұлттық банктің құзырына өтіп кеткендіктен, әзірге орталықтың құқықтық негіздерін қай орган бақылайтыны белгісіз.

Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу