Сұлтанов командасы халықтың "шәйнек үшін неге соттаспайтынын" анықтады

3146

Тұтынушының шағымына міз бақпайтын арсыз саудагерлер Президенттің қолдауынан айырылуы мүмкін. Билік мораторийді айналып өтудің жолын тапты. 

Сұлтанов командасы халықтың "шәйнек үшін неге соттаспайтынын" анықтады

Құқық қорғау органдары, прокуратура, әкімдіктер мен олардың қаптаған басқарма-ұйымдары, СЭС мамандары, министрліктер көп уақыттан бері Президент Тоқаевтың бір шешіміне шағымданумен келеді.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы шағын бизнесті қасқырдай талайтын, пара дәмететін, шетсіз-шексіз тексерулерімен ығыр ететін, сөйтіп, кәсібімен еркін айналысуына мүмкіндік бермейтін бақылаушы-қадағалаушы органдардың табанына тас қойды. Меморгандардың тексерулеріне 2020 жылдың 1 қаңтарынан 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін мораторий жариялағаны мәлім.

Биліктің түсіндіруінше, осыдан кейін ниеті арам біраз кәсіпкер бассыз кетті, ойына келгенін істейді, тұтынушының құқығын аяқасты етеді, алдайды, қорлайды, тіпті жаппай улайды.

Сауда және интеграция министрлігі де тұтынушылардың шағымдары негізінен шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне қатысты екеніне Үкіметтің назарын аудартты: тек 2021 жылы 25 223 арыз түсті. Алайда СИМ олардың шағымдары аясында еш пәрменді іс-қимыл таныта алмағанын мойындады. "Мораторийдің күші бітпейінше, тексере алмайтыны туралы түсініктемелер берілді".

Бақыт Сұлтановтың сарапшыларын билеуші партияның ұсынысы шошынтып отыр.

"Айта кетейік, қазіргі уақытта "Аманат" партиясы меморгандардың тексеруіне мораторийді тағы ұзартуды ұсынып отыр. Алайда мораторий жойылмай, меморгандар тұтынушылардың дауларын шешуде қауқарсыз. Егер дау соттан тыс шешілмесе, тұтынушылар сотқа жүгінуі керек", – деп түсініктеме берді министрлік.

Бірақ халық өз құқығын қорғап, сотқа жүгінбейді. Халық беталды сотқа бере бермесін, судьяларды шектен тыс жүктемесін деп, билік алым енгізіп қойды.  

"Бұл ретте тұтынушылардың құқықтарын қорғау мораторийге қарамастан жүргізілуі керек-ақ. Себебі дау нысанасының құнына қатысты мәселе маңызды. Айталық, дау шәйнектен туындауы мүмкін. Тұтынушы сатып алған электр шәйнектен зауыттық ақаулар табылады. Ол тауарды кері апарады. Саудагер қабылдамай қояды. Осылайша, сомасы 5 мың теңгеден аспайтын затқа бола дау туады. Тұтынушы сотқа жүгінуі керек. Дегенмен Азаматтық іс жүргізу кодексінің 113-бабы бойынша сотта өкілдік қызмет көрсететін маманның көмегіне ақы төлеу қажет болады. Ол 10%-ды құрайды. Бұл шәйнектің құнына шақсақ, 500 теңге. Ондай шығын халықты өз құқығын қорғау үшін сотқа жүгінуден үркітеді. Сотта жеңбесем, босқа шығындаламын деп қорқады", – деп түсіндірді Сауда министрлігі.

Мұндай жағдайда ең дұресе әрі түсініктісі – жем болған, жәбірленген тұтынушы, қарапайым адам құзырлы органға жүгініп, құқығын қорғап беруді сұрайды. Ол орган құқықты қорғауға қабілетті, әрі өкілеттігі шектелмеген болуы шарт. Қазір олай емес көрінеді: жыл сайын шағымдар саны артып келеді, ал олар негізінде меморгандар тексерулерге шыға алмайды, шара қолданбайды. Бұл, СИМ-нің болжауынша, елде әлеуметтік шиеленісті өршітуі мүмкін.

Содан СИМ ұсынған, Үкімет жанындағы Заң шығарушылық қызмет жөніндегі ведомствоаралық комиссия мақұлдаған жаңа заң жобасы бойынша тұтынушылар шағымына ден қоятын құзырлы орган – мемлекеттік орган болмайды. Бұл мемфункцияны тұтынушылар құқығын қорғау ұйымдарына беру ұсынылды. Қазақстанда қазір 178 тұтынушылар дауларын сотқа дейін реттеу субъектілері, 50-ге жуық тұтынушы құқығын қорғаушы қоғамдық бірлестіктер бар.

Олар енді елдегі барлық 1 694 672 шағын және орта бизнес субъектілерін жатқызып-өргізе алатын болады.

Әйтпесе, СИМ мәліметінше, министрліктің Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің аумақтық департаменттеріне жүгінген азаматтардың оның тірлігіне қанағаттанбаушылығы күрт артып барады. Мысалы, зерттеулер көрсеткендей, Нұр-Сұлтанда түңілгендер үлесі 2020 жылғы 1,6%-дан 2021 жылы 32,8%-ға, Алматы қаласында 13%-дан 14,7%-ға, Ақмола облысында 2,2%-дан 28,4%-ға көбейген.

Бүгінде тұтынушылар құқығын қорғаушы ұйымдар қал-қадари қарекет жасауда. Алайда күші де, құзыры да жетпейді. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері жосықсыз кәсіпкерлердің дауды сотқа дейінгі тәртіпте реттеуден бас тартуына байланысты сотқа 565-ке жуық талап-арыздар берген. Нәтижесінде, 94 млн теңгеден астам сома тұтынушыларға қайтарылды. Бірақ халық та бұл ұйымдарға жүгінуге құлықсыз: олар өндірген соманың бір бөлігін алып қоятын көрінеді.  

Әйткенмен, өндірген қаржысының бір бөлігін алып қоятын болса, онда тұтынушылар ары қарай да оларға жүгінбейді емес пе? Жаңа заң жобасы халықты бұларға жүгінуге ынталандыру үшін осы ұйымдарға ақшаны даукес кәсіпкер-саудагерден өндіріп алу тәртібін енгізеді. Нақтылай кетсек, жаңа құжатқа сәйкес, егер сатушы, дайындаушы, орындаушы тұтынушының құқықтарын бұзушылықты өз еркімен жоюдан және оған тауардың, жұмыстың, қызметтің кемшіліктерінен келтірілген залалды өтеуден бас тартса, оны тұтынушылардың қоғамдық бірлестігі не қауымдастығы сотқа береді.  

Егер сот талап-арызды қанағаттандырса, онда айыпты жақ – саудагер, өндіруші қоғамдық бірлестік пайдасына айыппұл төлеуге тиіс болады. Ол айыппұлдың сомасы мүліктік сипаттағы талаптың қанағаттандырылған сомасының 10%-ынан 50%-ына дейін барады. Мысалы, жоғарыда аталғандай, 94 миллион теңге өндірсе, таза табысы 47 миллионды құрамақ.

Егер талап-арыз мүліктік емес сипатта болса, бірлестіктің табысы 5–50 АЕК (153 150 теңгеге дейін) мөлшерінде болады.

Осылайша, егер "Аманат" партиясының ұсынысы өтіп, мораторий ары қарай ұзартылса, билік оны айналып өтудің жолын қазірден тапты. Себебі мораторий қоғамдық ұйымдардың тексеруіне және соттасуына тыйым салмайды.

Арызданушы азаматтар Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті шағымға жалтарма жауаппен, "отпискамен" шектелетініне қапаланады. СИМ-нің ресми дерегінше, тек 2021 жылы 10 188 осындай сырғытпа жауап қайтарылыпты. Бәлкім, жаңа заң қабылданса, арсыз кәсіпкерлерден миллиондарды өндіре алатынын білген бірлестіктер тұтынушылар құқығын қорғауға алақанын ысқылай кірісетін шығар. Тек миллиондарға құнығып алып, шәйнектің құнын даулап келген ұсақ клиенттерді есігінен қаратпай қоймаса болғаны.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу