Сұлтановтың "өлі туған" жобасы

8602

Қазақстандық компаниялардың Alibaba-ға шығуынан түк шықпайды. 

Сұлтановтың "өлі туған" жобасы

Сауда және интеграция министрлігі отандық экспорттаушыларды Alibaba.com халықаралық сауда платформасына шығаруға кірісті. Alibaba.com – аса ірі В2В алаңы: ол дүниежүзіндегі импортерлар мен экспортерларға өзара бизнес-ақпаратпен алмасуға және тауарды көтерме сатып алу мәмілелерін жасасуға мүмкіндік береді.

7 қазанда сауда және интеграция вице-министрі Азамат Асқарұлы осы бастама жайында ресми жариялаған болатын. Оның айтуынша, жобаға Alibaba.com интернет-платформасында өзінің тауарларын ұсынуға ниетті қазақстандық компаниялар шақырылды. Рас, бүгінде бағдарлама операторы өтінімдерді онлайн-қабылдауды аяқтапты.

Вице-министрдің мәліметінше, қытайлық платформаға осы жолы тағы 50 қазақстандық компанияны шығару жоспарланып отыр. Бағдарламаның бірінші кезеңінде алғашқы елу компания таңдалған-тын, бірақ олардың тізімі белгісіз. Кейбір дерек бойынша бірінші елулікке онсыз да ҚХР нарығына шыққан компаниялар енген көрінеді.

"Бірінші кезеңнің компанияларын есепке алсақ, қытайлық алаңдағы қазақстандық компаниялардың жалпы саны 100-ге жетеді. Alibaba.com-да отандық компаниялардың өсуіне қарай осы платформада Қазақстанның павильоны құрылатын болады", – деді ведомство өкілі.

"Жүздіктегі" компанияларға Alibaba.com платформасында өз тауарын ілгерілетуі үшін "Gold Supplier" мәртебесі бар аккаунттар ұсынылады.

Бұрын жарытпаған орталық бүгін жарылқай ма?

Бұл іспен айналысатын жеке оператор да анықталды, ол – министрліктің қарамағындағы квазимемлекеттік кәсіпорны саналатын "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ-ы.

Бір қызығы, бұл компанияны интернетте табудың өзі қиын. Мысалы, іздеу жүйелеріне осы атауды терсеңіз, бірінші орында kaztrade.ru деген тұрады, алайда ол – Қазақстанның Ресейдегі сауда өкілдігінің сайты. Ал kaztrade.kz дегені "мы продаем свет" деген түсініксіз ұраны бар әлдебір интернет-дүкен. QazTrade.kz-те бос емес.

Өзі аттас домендік атау бос болмаған соң, квазикәсіпорын export.gov.kz деген мекенжайда орнығыпты. Әйткенмен қазіргі уақытта ол сайт ашылмайды.

Cауда саясатын дамыту орталығы ел Үкіметінің №616 қаулысымен сонау 2006 жылы 30 маусымда құрылды. Сарапшылар оның бұған дейін өзіне жүктелген қаншама миссияны жарға жыққанына назар аудартады. Мысалы, 2006 жылы Қазақстан үшін ДСҰ-ға кіру аса өзекті болатын. Үкімет оған мүше болған соң отандық бизнестің алдынан жаһандық өріс ашылып, экспорт гүлденеді деп дәріптеді. ДСҰ бізді өз құшағына алғасын әлгі орталық биліктің осы арманын ақиқатқа айналдыруға тиіс еді. 2015 жылдың қарашасында Қазақстан ДСҰ-ға кіріп, оның толыққанды 162-ші мүшесі атанды. "ҚазТрейд" болса тым-тырыс, бас бұғып қалды.

Бұл орталыққа екіншіден, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде экспортымызды ілгерілету жүктелген. 2014 жылы үш ел одақты құрды. "Біздің экспорттық мұхитымыз!" деп мақтаған Ресей етек-жеңін одан әрі қымтап, әй-шәйға қаратпай импорт алмастыруға көшті. Жыл өткен сайын отандық экспорттың өрісі тарылып келеді. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтың мәліметінше, 2020 жылы Қазақстанның экспорты 21,7%-ға құлдырап, небәрі 45,5 миллиард доллар болды. Салыстыру үшін: 2019 жылғы қаңтар-қарашада сыртқы сауда түсімі 52,4 млрд, ал 2019 жылы 55 миллиард долларға жеткен.

Ал QazTrade жағасы жайлауда: ол үшін құзырет пен қаржыландырудың жаңа көкжиектері ашылуда.

"Ұлы Кезек жолы"

Әлемді аузына қаратқан  Alibaba өз ісін біледі, ол ақысын төлесе, кез келген кәсіпорынды төрткүл дүниеге танымал етеді. Дегенмен Қазақстан ғаламдық емес, қытайлық нарықты игеруге құштар. Кәсіпкерлер бұдан түк шықпауы мүмкін екенін ескертеді. Өйткені бизнестің белсенділігі мен жігерін бюрократия "құм" қылуда. Мысалы, ҚХР-мен арадағы "Нұр жолы" жаңа кеден бекетін билік "Ұлы Жібек жолын жаңғыртуға және екі ел арасындағы транзиттік әлеуетті еселеуге мүмкіндік береді" деп ашқан болатын. Олай болмады.

"Осы "Нұр жолында" "штаб тізімі" деген алып тасталып, оның орнына электронды кезекке көшкелі жүк көліктерін кеден қызметі мен "Еуротранзит" компаниясы өз қалауынша өткізіп жатыр. Бұл ретте транзиттік-шетелдік және қытайдың тауарын әкелуге аттанған бос жүк көліктеріне басымдық беріледі. Салдарынан өткізу бекетінде жалпы саны 500–600 экспорттық машина жинақталып, өте алмай тұр. Себебі күніне жүгі бар 20–30 көліктің ғана өтуіне рұқсат. Соның кесірінен тең-тең тауар тиелген отандық алып жүк көліктері 30 күнге дейін кезекте қаңтарылып тұрып қалады", – дейді шың еліне қарай көлік-экспедициялық қызмет көрсететін "Новый Шелковый Путь" ЖШС басшысы Георгий Кравченко.

Ол осы тұйықтан шығудың жолын айтты.

"Кеден қызметі бекеттен кімдердің өтетінін анықтап, кезекті бөлу бойынша өкілеттікке ие. Демек оған қазақстандық экспортқа көбірек басымдық беріп, соларды бірінші кезекте өткізуді ұсынамыз. Әйтпесе, Қытай нарығының қарқыны ғаламат. Әрі ар жағында мұхит бар. Белгіленген уақытында жеткізбесең, әлемнің кез келген жеткізушісінен ала салады. Сондықтан бөтен елдердің транзиттік тауарын және бос машиналарды кейінгі орындарға ысыру қажет. Отандық тауарымыздың бәсекеге қабілеттілігін өз билігіміздің жасанды түрде төмендеткені не масқара?! Бірқатар қазақстандық өндірушілер маған мәлімдеуге өкілеттік берді: экспорттаушылар қазіргі жағдайға қатты алаңдаулы! Ылғи кешіктіре берген соң, енді қытайлық сатып алушылар Қазақстанға тапсырыс беруді қойып барады", – дейді Георгий Алексеевич.

Жалпы дәстүрлі түрде қараша, желтоқсан және қаңтарда Қазақстаннан ҚХР-ға экспорттау саласында экономикалық белсенділік барынша артып, шырқау шегіне жетеді. Тіпті, көптеген отандық компаниялар жыл он екі ай ішінде дәл осы айларға маңыз беріп, өз тауарларын Қытайға қарқынды тасиды. Ал қалған айларда өзге елдердің нарықтарын іздеуге мәжбүр.

Сорақысы сол, билік бизнестің жағдайын өз қолымен нашарлатқанымен қоймай, оған кәсіпкердің өзін кінәлі етуде екен.

"Бүгінде бюджетке аз түсім түсуде. Біздің компанияны да, өзгелерді де құзырлы органдар жаппай тексеріп, салықты төлемеу бойынша бұзушылықтар іздеуде. Біздің түсінуімізше, мұндай іс-шаралардың мақсаты – бюджетті толтыру. Бірақ дұрысы – отандық өндірушілердің өнімдерін тасыған машиналарға кеденде кең жол ашса, біздің ісіміз өркендеп сала берер еді, сонда бюджетке де мол түсім құйылады", – дейді алматылық бизнесмен Г.Кравченко.

Кәсіпкер Ардақ Асанова болса, "Достық" кеден бекетінің қызметкерлеріне қатысты шағымданған екен.

"Достық бекетінің қызметкерлері жүгімізді өткізбей, негізсіз ұстап тұрды. Қаңтарылып тұрған күндер 5 мың доллардан астам қаржылық шығын әкелді. Кеден қызметкерлері 28 қыркүйектен бастап, қазан айының басына дейін бізден құжаттарымызды қабылдамады. Бәлкім, пара дәметкен болар, білмедім", – дейді ол.

А.Асанова Қытаймен арадағы "Достық" бекетінен де карантин кезінде күніне тек 30 машина кесіп өтетінін растады. Бұрын өткізу қабілеті 150 көлікке дейін жететін. Шекарадан әрі өте алмаса, экспортымызды Алибабада ілгерілетудің не мәні қалды?

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу