Сүт өнімдерінің өндірісіне "импорттың" айтарлықтай әсері бар

930

Жаз бен күз айларында Жамбылда бір литр фермерлік сүтті 330-375 теңгеге саудаланды.

Сүт өнімдерінің өндірісіне "импорттың" айтарлықтай әсері бар Фото: canva.com

Жыл басында ғана осындай сүттің бір литрі 400 теңгеден сатылған болатын.

Қазір сауда нысандарында пастерленген сүттің бағасы да төмендеген. Мәселен, ақпан айында "Петропавл" маркалы майлылығы 2,5 пайыз, сыйымдылығы 0,9 литр сүт пакетін Тараз супермаркеттерінде 500 теңгеден сатылса, күздегі баға 400 теңгеден сәл ғана жоғары.

Ал жергілікті сүт өнімдерін өндірушілердің ішінде "Сүтті бидончик" маркалы сүттің пакеті тұтынушыларға 549 теңгеден ұсынылуда. Бұл елдің басқа аймақтарынан, сондай-ақ импорттық өнімдердің бәсекелестігіне айтарлықтай ықпал етеді деп айтуға ерте.

Жалпы, жамбылдықтар көп жағдайда сүтті базардан немесе жергілікті кәсіпкерлер ашқан бірнеше сүт бөлімдерінен сатып алады. Себебі, қоспасыз табиғи өнім әрі бағасы басқаларымен салыстырғанда төмен.

Өндірісте жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесі басым

Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, Таразда бір литр пастерленген сүттің құны 315 теңгені құрайды. Осыған қарап, сүт бағасы өткен жылдың желтоқсан айынан бері өзгермегенін байқауға болады.

Бірақ мұны нарықтағы нақты баға деп айта алмаймыз. Себебі жеке шаруашылықтардағы сүт өндірушілердің ұсынар бағасы сұранысқа сай өзгеріп отырады. Қыс айларында қымбат, ал жаз бен күзде баға біршама төмендейді.

Жамбыл облысындағы сиырдың шикі сүтінің тауарлық өндірісінің көлеміне талдау жасасақ, қосалқы шаруашылықтардың үлесі басым екенін байқауға болады.

Сонымен, ағымдағы жылдың сегіз айында өңірде 173,3 мың тонна шикі сүт өндірілді. Оның ішінде ауыл шаруашылығы кәсіпорындары – 2,8 мың тонна, шаруа қожалықтары – 35,6 мың, жеке қосалқы шаруашылықтар – 134,9 мың тонна өндірген.

Айта кету керек, елімізде өндірілген барлық сүттің 88 пайыздық үлесі – шағын шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі.

Сауынды сиырды сатып, бұқа байлауға көшуде

Деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда рубль бағамының төмендеуі Ресейден Қазақстанға сүт өнімдерінің импортының өсуіне әкелді. Соның әсерінен отандық сүт өңдеу кәсіпорындары өндірісті қысқартуға мәжбүр болып отыр.

Ақпарат көздеріне сүйенсек, көршілес Ресей 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап экспорттау кезінде ресейлік сүт өндірушілердің көлік шығындарын 25-тен 100 пайызға дейін субсидиялауды арттырмақшы. Бұл – келер жылы елімізге Ресейден келетін импорттық өнімнің көлемі тағы да артады деген сөз.

Жамбыл облысында сиырдың саны 239,6 мыңды құрайды. Соның ішінде ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында 9,5 мың сиыр бар болса, шаруа қожалықтары – 102,1 мың, жеке қосалқы шаруашылықтар – 128,1 мың сиыр бағып отыр. 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сауын табынының  99,4 пайызға төмендеуі байқалады.

Сүт өндірісінен табыстың азаюуы жеке қосалқы шаруашылықтарға сауынды сиырын сатып, бұқа байлауға көшуге итермелеуде. Былтырғымен салыстырғанда Жамбылда бұқа саны 107,1-ден  107,6  пайызға өскен.

Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне жүгінсек, елдегі барлық меншік нысандарындағы шаруашылықтарда 4,8 миллион сиыр бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу