Сыйақысы 739%: МҚҰ-лар халықты ашындырып жатыр

4287

Қазақстанда МҚҰ-ларда жылдық пайыздық сыйақы мөлшері қанша? Халықтың оларға қарсы талабы қандай? 

Сыйақысы 739%: МҚҰ-лар халықты ашындырып жатыр

Ақпарат құралдары "Мудабара Капитал" пирамидасына 20 млн ақша салған әйелдің көшеде өзін өртеп жібергенін жазды. Әлеуметтік желіде үрейлі видеожазба тарады. Пікір білдірген жұрттың төбе шашы тік тұрды.

Сарапшылардың айтуынша, халыққа қауіп тек заңсыз, қылмыстық, алаяқтық ұйымдардан ғана емес, Қаржы нарығын реттеу агенттігінің берген лицензиясымен заңды түрде жұмыс істеп жатқан ұйымдардан да төнуі мүмкін.

Өйткені Қазақстан халқы шамадан тыс қарыз алуын жалғастыруда. Бірінші кредиттік бюроның дерегінше, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қазақстандықтардың алған несиесінің жалпы сомасы рекордтық 10,76 триллион теңгеге жетті. Мұндай масқара ел тарихында болмаған. Бұл сома бір жыл ішінде бірден 42,9%-ға өскен.

Борыштың басым бөлігін – 5,28 трлн теңгесін немесе 48,3%-ын кепілсіз тұтынушылық кредиттер құрайды. 3,39 трлн теңгесі (31,4%-ы) – ипотека, 1,09 трлн теңгесі (10,6%) – автонесие.

Азаматтар 348,3 млрд теңгені (3,2%) кредиттік карталар арқылы жұмсап жіберіпті. Тек 498,3 млрд теңге (5,1%) ғана – кепілзатымен қамтамасыз етілген тұтынушылық кредит екен.

Сарапшылар кредиттелудің осылайша күрт өсуін "постпандемиялық эффектімен" түсіндіреді. ТЖ және карантин кезінде үйлерінде қамалған, оқшауланған, психологиялық күйзелген халық шектеулер жұмсартыла бастасымен, жұмысқа шығысымен несиеге зат рәсімдеуге тұра ұмтылды. Халық арасында "бөліп төлеу-рассрочка" қайтадан танымал болды.

"Өтінемін, көмектесіңіздерші! Мен көптеген МҚҰ-лардан микрокредиттер алғанмын. "Moneyman"-нан – 192 015 теңге, "Tengo"-дан – 188 500 теңге, "Koke"-ден – 18 500 теңге, "Credit+"-тен – 125 мың теңге. Бұған дейін "Халық банкіндегі" несием қайта қаржыландырылды, ай сайын 37 мыңнан төлеп тұруға тиіспін. Жалақым небәрі 100 мың теңге. Қарыздарымды қайтара алмаймын. Жылжитын, жылжымайтын мүлкім жоқ. Жалғызбасты анамын. МҚҰ-лар телефон соғуда, қорқытуда. Жүз рет қоңыраулатудың қажеті не? Көмектесіңіздерші, жағдайым не болып кетеді? ЖСО-лар ізіме түсті, карталарымды бұғаттап тастамақ. МҚҰ-лар адамды борыш батпағына батырып жіберу үшін бәрін істейді", – деп жазады Қаржылық реттеу агенттігіне шағымында Саира есімді әйел.

Мұндай мұңға, тіпті ашынысқа толы шағымдар өте көп. 

83 адамнан тұратын топ белгілі микроқаржы ұйымының үстінен шағымданып, Үкімет басшысына жүгінді.

"Біздің тобымыз күн сайын толығуда. Әрқайсымыз Қазақстанның әр өңіріненбіз. WhatsApp-та бір топқа біріктік. Бәріміз "Квику" МҚҰ-сынан зардап шектік. Сондықтан билік органдарын осы ұйымның әрекетіне, оның клиенттерді тарту әдістеріне назар аударуды сұрап отырмыз. Олар адамдарды жаңылыстырады. Қаражаттан тарыққан, мұқтаждық жанына батқан халық ұрлыққа, тонауға, қарақшылыққа бармай, МҚҰ-ларға қарыз сұрап жүгінуге мәжбүр. Азаматтардың мүшкіл халге түскенін пайдаланған МҚҰ-лар ойдан шығарылған пайыздық ставкаларын таңып, оларды тонайды. "Квику" деген шетелдік компания ұзақ жылдардан бері қазақстандықтардың қалтасынан ақша суырып, оны шетелге шығарып әкетуде", – дейді Ибрагим Смағұлов.

Арыз иелерінің хабарлауынша, жүздеген адамдар көмектесуді сұрап, түрлі инстанцияларды адақтаған. Барлығының беретін жауабы бір болып шықты: "несие алған өздерің кінәлі, қалай алдыңдар, солай өтеңдер".

"Біз сонда не үшін кінәліміз? Қазақстанда қарапайым халықтың жалақысы 2007-2009 жылдардағы деңгейде қалғанына, бағалардың күн құрғатпай қымбаттап жатқанына кінәліміз бе? Мемлекеттің тексеруінен өтіп, агенттіктің лицензиясын алған ұйымға сенгеніміз үшін кінәліміз бе? Төл жарнамасында, сайтында "Квику" МҚҰ-сы өз қызметінің заңды екенін, оны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі реттейтінін айтады. Борышкерлердің барлығы қарыздарын "жабуға" құштар. Алайда негізгі қарызды және оған есептелетін, келісімде бекітілген пайыздық сыйақыны төлегенімен, МҚҰ сол сомаға тағы қосымша үстемеақы есептейді. Көбінің кредиттік тарихы әбден бүлінген. Басқа ешбір жер несие, бөліп төлеу не ипотека бермейді", – дейді шағымданушылар.

"ГЭСВ дегендерін жоюға мәжбүрлеңіздер"

Жалпы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген "Микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақының шекті мәнін белгілеу туралы" Ұлттық банкі басқармасының №209 қаулысына сәйкес МҚҰ-лардың пайыздық ставкасының ең жоғарғы межесі бекітілген. Атап айтқанда, "жеке тұлғамен жасалған микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақының шекті мәні: мүлік кепілімен қамтамасыз етілсе – берілген микрокредит сомасының 20%-ы; мүлік кепілімен қамтамасыз етілмесе – берілген микрокредит сомасының 25%-ы мөлшерінде бекітілді".

Біраз МҚҰ-лар бұл ставканы формальды түрде, көз қылып қана сақтайды. Шынында, жылдық толық ставкасы басқаша.

Сондай-ақ егер клиент төлем енгізуді бір айға, кейде бірер күнге кешіктіріп алса, айыппұлдар қосылатын көрінеді.

Бұлардан қарыз алып, аузы күйгендердің мәліметінше, кейбір МҚҰ дүркін-дүркін деректеме-реквизиттерін өзгертетін көрінеді, салдарынан борышкер өз отбасының аузынан жырып, жанталаса төлеген төлем өтпей қалады. Сөйтіп, "просрочка" басталады. Ол айыппұл салуға соқтырады.

Дархан Күнжарықов есімді азамат та қаржылық реттеушіге хатында МҚҰ-лардың шектен шыққан тірлігін сынады.

"Мен Қазақстанның қарапайым тұрғынымын. Айтыңыздаршы, микроқаржы ұйымдары саласында қашан тәртіп орнатасыздар? МҚҰ-лар заемды 50%-ға дейінгі мөлшерлемемен таратуда. Бұл деген нағыз тонау ғой. Неге біздің мемлекет халықты қанаудың мұндай түрлерін құптайды?! МҚҰ-лар да несиені банктердікіндей мөлшерлемемен берсін. Халық үшін осылардың ісін ретке келтірсеңіздер. МҚҰ-ларды кредит беру келісімшарттарынан ГЭСВ-СЖТМ дегендерін жоюға мәжбүрлеңіздер. Халыққа түсінікті ставканы енгізсін. Олай болмаған соң, жекелеген МҚҰ-лар сыйақысының жылдық тиімді мөлшерлемесі (СЖТМ) 739%-ды құрайды. Бұл дегеніміз тонау емес пе?", – дейді Д. Күнжарықов.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова әрбір шағым жеке қаралып, олар бойынша жеке шешім қабылданатынын жеткізді.

Қай МҚҰ-ның алатын сыйақысы жоғары?

Жалпы қазақстандықтардың айтып отырғаны өтірік емес. AllBanks порталы отандық нарықта 2012 жылдан қызмет ететін "Деньги Click" микроқаржы ұйымы "пайыздық ставкасы сыртында СЖТМ алатынын, оның жылдық шамасы аса қомақты 739%-ға жететінін" ескертеді.

Бірқатар ұйымдар СЖТМ-ді келісімшартта азайтып көрсетуі мүмкін. Оның орнына APR ұғымын пайдаланады. Ол "annual percentage rate", яғни "жылдық шамадағы ең жоғарғы пайыздық мөлшерлеме" деген сөз.

Осы орайда Mikrokrediti.kz сарапшылары еліміздегі танымал МҚҰ-лардың сыйақысының жылдық тиімді мөлшерлемесіне талдау жүргізді. Сонымен "Koke.kz" ("Creditum" МҚҰ" ЖШС) ұйымында СЖТМ – 1,22%-дан басталады. APR – 365%-ға тең.

"Tengo.kz" ("Sofi Finance" МҚҰ" ЖШС): СЖТМ – 1,22%-дан басталады. APR – 365%.

Zaimer.kz ("Робокэш.кз" МҚҰ" ЖШС): СЖТМ – 0,12%-дан басталады. APR – 739,86%.

Creditplus.kz ("Kredit Seven Kazakhstan" МҚҰ" ЖШС): СЖТМ – 3,72%-дан басталады. APR – 730%.

Soscredit.kz (Soscredit компаниясы): СЖТМ – 0,01%-дан басталады. APR – 180%.

"APR немесе жылдық пайыздық ставкаға микрокредит бойынша барлық шығыстар енгізіледі және олар берілген қарыз сомасына байланысты болады. Бірақ оған келісімде бекітілген міндеттемелерді бұзумен байланысты шығыстар, айыппұлдар енгізілмейді. Жылдық пайыздық ставка іс жүзінде 0,01%-дан 730%-ға дейін жетуі мүмкін. Мысал келтірсек, азамат 3 айға 100 мың теңге микронесие алса, 90 мың теңге комиссия төлеуі қажет. APR орта есеппен 365% болған жағдайда несие бойынша төленуге тиіс жалпы сома 3 айда 190 мың теңгеге жетеді", – деп түсіндірді Mikrokrediti.kz сарапшылары.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу