Сырқатқа "АИТВ-жұқпасы" бар адам бүйрегі салынған

4952

АИТВ-тест үшін тартыста денсаулық сақтау министрлігі медициналық құпияның бетін ашты. 

Сырқатқа "АИТВ-жұқпасы" бар адам бүйрегі салынған

Былтырғы, 2018 жылы, "адамның иммунтапшылығы вирусы" (АИТВ) бар донордың бүйрегін трансплантациялау оқиғасы тіркеліпті. Бұған Қырғызстанның жеке клиникасының ол донордың бұл дерттен ада екенін көрсеткен қате талдау нәтижесін пайдалану кесірінен жол берілген көрінеді.

Мұндай сорақы оқиғаның қай өңірде және қандай ауруханада тіркелгенін денсаулық сақтау министрлігі ашып айтпайды. Бірақ осы фактіні қазір АИТВ-талдауын жеке клиникаларға бермеу үшін дәйектеме ретінде пайдалануда.

Біраздан бері жекеменшік медициналық зертханалар осы саладағы мемлекеттік монополияға қарсылық білдіруде. Биылғы жазда "Қазақстанның медициналық лабораторийлері" қауымдастығының өкілдері арыз айтып, "Атамекен" ұлттық палатасына жүгінді. Бұл туралы іnbusiness порталы жан-жақты жазды.

Оған жауапты министрлік жаңа ғана жауап қайырып отыр.

2002–2010 жылдар аралығында тиісті лицензиясы бар жеке зертханаларға осы салада тестілеу жүргізуге рұқсат етіліп келді. Кейін мемлекет бұл тәжірибені жойып, саланы монополияландырды.Бүгінде жалғыз ғана аккредиттелген медициналық мекеме – ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталықтары бар.

Жеке компаниялар миллиардтардың өз ауыздарына тимей, мемлекеттік мекемеге ағып кетіп жатқанына қапалы.

Өткен жылы ЖИТС орталықтарына 10 млрд 721,9 млн теңге қаражат бөлінді. Бұл алдыңғы 2017 жылғы сомамен шамалас, ол кезде 10 млрд 987,2 млн теңге берілген.

Дегенмен енді денсаулық сақтау министрлігі жаңа "Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс" жобасында да осы мемлекеттік монополияны сақтауды ұсынғанын жариялады.

Ведомствоның қарсы дәлелдері жетерлік, біріншіден, жеке зертханаларда тестіден өтуші азаматты моральдық-психологиялық қолдау жолға қойылмаған.

"Тестіге дейінгі және тестілеуден кейінгі кеңес-консультациясын ұсынбай  АИТВ-жұқпасын тестілеу – пациентті бақылаусыз жоғалтып алуға, оның өзіне-өзі қол салуына,  АИТВ кеш диагностикалануына және елдегі эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына соқтыруы ықтимал. Орталықтандырылған  АИТВ-қызметтер анонимділіктің анағұрлым толық сақталуын қамтамасыз ете алады", – дейді министрлік.

Тағы бір дәйектемесі – жеке клиникалардан сырқаттардың дерекқор базасы ұрлануы мүмкін. Мұндай жағдай Қазақстанда жақында тіркелген. Егер атының өзі қорқынышты естілетін дертті жұқтырғандардың жабық мәліметтері қарау ниеттілер қолына түссе, бұл қаншама азаматтың тағдырын тәлкекке түсіріп, олар арасында жаппай суицидке әкелуі ғажап емес.

Үшіншіден, жеке клиникалар арнайы маманданбағандықтан, сынақ кезінде қателіктер жіберуі немесе қасақана түрде жаңсақ қорытынды беруі жиі кездесетін көрінеді.

"2014 жылдан бастап, 2019 жылдың өткен айларында жеке медициналық ұйымдардың "АИТВ-жұқпасы" анықталған диагнозы бар тұлғаларға "нәтижесі теріс" деген анықтама берудің 19 жағдайы әшкереленді. Салдарынан, өзінің  АИТВ-мәртебесінен хабарсыз сырқаттар антиретровирустік терапияны қабылдамаған, айналасындағы адамдарға жұқтырған, сол арқылы эпидемиологиялық ахуалды нашарлатқан. Соның ішінде жүкті әйелге бастапқы оң нәтижесін беруді кешіктіруі оған дер кезінде диагноз қоюға және профилактикалық емдеуді жүргізуге мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде,  АИТВ жұқтырған бала туды", – деген мемлекеттік орган бұл анықталған оқиғалар екенін, соған ұқсас тіркелмеген қателіктердің де болуы мүмкіндігін ескертті.

Қазақстанда қазір кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында ЖИТС-орталықтары  АИТВ-жұқпаға ерікті, анонимді және тегін тексерулер жүргізуге тиіс. Алайда "Атамекен" КҰП дерегінше, 12 ЖИТС-орталығының тек төртеуі ғана өз қызметтерін тегін көрсеткен. Тағы екеуінде ақысыз талдау тек жеке тұлғаларға ғана қолжетімді. Ал 2 орталық және С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті қызметі үшін ақы жинап келгені белгілі болды.

Соған қарамастан, денсаулық сақтау министрлігі жаңа Денсаулық кодексінде де тестілеудің осы түрін тек мемлекеттік орталықтарға беру тәжірибесін сақтауды көздеп отыр.

Бұған дейін жеке зертханалар Президент әкімшілігіне, Премьер-министр кеңсесіне, бас прокуратураға да осы тестілеуді бәсекелестік ортаға беруді сұрап, шағыммен жүгінген болатын. Кодекс жобасы алда Парламентте қаралмақ. Ондағы талқылау барысында қалаулылардың кімнің жағына шығары әзірге белгісіз.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу