Кәсіпкерлер мен меммекемелер ЖИТС анализіне таласуда

4771

Қазақстандық жекеменшік медициналық зертханалар мемлекеттік монополияға қарсы шағым айтуда.

Кәсіпкерлер мен меммекемелер ЖИТС анализіне таласуда

Олар азаматтарда "АИТВ" (ВИЧ) жұқпасының бар-жоқтығын анықтайтын клиникалық анализдерді жүргізуге жеке зертханалардың жіберілмейтініне наразы. Осыған орай Қазақстанның медициналық лабораторийлері қауымдастығының өкілдері арыз айтып, "Атамекен" ұлттық палатасына жүгінген. 

Қауымдастық жетекшісінің дерегінше, жеке зертханалар АИТВ зерттеулерін жүргізу мүмкіндігінен айырылған, себебі, ол үшін тиісті лицензия жоқ. Қазақстанда жалғыз ғана аккредиттелген медициналық мекеме – ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығы.

Және бұрыннан солай болмаған: 2002–2010 жылдар аралығында мұндай талдауды тиісті лицензиясы бар лабораториялар жүргізіп келді. Қазір жеке компаниялар миллиардтардың өз ауыздарына тимей, мемлекеттік мекемеге ағып кетіп жатқанына қапалы.

"Осындай анализ жүргізу және диагноз қою үшін мемлекет миллиардтаған қаражат бөледі. АИТВ-ны зертханалық диагностикалау – лицензияланатын қызмет түріне жатады. Алайда жеке зертханаларға денсаулық сақтау басқармалары лицензия беруден бас тартады. Олар министрліктің бұйрығына сілтеме жасайды. Біз мұны жасанды түрде бөгесін жасау деп түсінеміз", – дейді Қазақстанның медициналық лабораторийлері қауымдастығының президенті Алла Ким.

Оның байламынша, қызметтердің толық ауқымын көрсететін зертханалар халық үшін әлдеқайда тартымды болар еді. Оның үстіне олардың бөлімшелік желілері кең таралғандықтан, тұрғындарға жақынырақ орналасқан.

"Лабораториялар саналуан қызметтер көрсетеді. Бірақ АИТВ бойынша қан талдауын ЖИТС орталығына апаруға мәжбүр. Нәтижесінде, клиент ертесіне-ақ біреуден басқа нәтижелердің барлығын алады. Қанды орталыққа апару, талдау жүргізілуін және нәтижесін күту – уақыт алады. Ал ол орталықтарда заңды тұлғалар, яғни зертханалар үшін анализ ақылы негізде жүзеге асырылады", – дейді ол.

"Олимп" жеке зертханасының бас директоры Ерлан Сүлейменов мұндай мәселенің барлығын растады. Ол бірқатар облыстар жеке клиникалардан талдау жүргізгені үшін ақы жинайтынын, ал Орал мен Қостанайда жеке зертханалар үшін анализ жасаудан мүлдем бас тартатынын айтады.

Шу шығарған зертханашылар Қаржы министрлігін де аяғынан тік тұрғызыпты. Министрліктің ішкі мемлекеттік аудит комитеті өзіне қауымдастық мүшелері шағыммен жүгінгенін растады. Арыз ізімен арнайы тексеру жүргізіліпті.

"Тексеру қорытындысында бұзушылықтар анықталды. Біз ЖИТС орталықтарының осы қызметті ақылы негізде ұсынуының заңдылығына күмән келтіріп отырмыз", – деп хабарлады комитет.

"Атамекен" КҰП дерегінше, 12 ЖИТС орталығының тек төртеуі ғана өз қызметтерін тегін көрсеткен. Тағы екеуінде ақысыз талдау тек жеке тұлғаларға ғана қолжетімді. Ал 2 орталық және С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті қызметі үшін ақы жинап келгені әшкереленді. Жалпы, ЖИТС талдауы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кіреді. Бұл қызмет ақысыз көрсетілуі үшін бюджеттен миллиардтар берілетіні әлгінде айтылды.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрлігі қолданыстағы жүйеге көңілі толатынын білдірді.

"Қазіргі кезде АИТВ-жұқпасының таралуы сондай тәуекелі бар топтарда байқалуда. Сондықтан әрбір өңірде жұмыс жасайтын ЖИТС орталықтарының жұмысы дәл осы профилактикалық топтарға бағытталып отыр. Бұған зерттеумен барынша қамту, анықтау, есепке алу, терапия және ары қарайғы мониторинг кіреді. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрі тек сол ЖИТС орталықтарында зерттеу жүргізу тәртібін белгіледі. Себебі, олар біліктілік орталықтары болып табылады. ЖИТС орталықтарының материалдық-техникалық базасы диагностикалық зерттеудің және емдеу іс-шараларының бүкіл ауқымын толық қамтамасыз етеді", – дейді денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева.  

Оның айтуынша, АИТВ-жұқпасын зерттеуді әртараптандыру орынсыз.

Ондай жағдайда атын естісе, жан шошитын жаман ауруды жұқтырғандарды есепке алу күрделенуі ықтимал.

Дегенмен, кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов министрліктің бұл қарекеті – лицензиялау рәсімін бұзу деген пікірде. Сондықтан КҰП кеңесі Бас прокуратураға Денсаулық сақтау министрлігінің №246 және 508-ші бұйрықтарына қарсылық енгізуді ұсынды. Өйткені бұлар "бәсекелестік еркіндігіне кедергі келтіретін" көрінеді. 

"Маған мемлекеттік зертханалар өкілдері де сұрақ қояды: неге біздің скрининг жүргізуге құқымыз жоқ? Бізде ЖИТС орталықтағыдай аппаратура, сауатты мамандар бар дейді олар. Оның үстіне ол зертханалар "лабораториялық зертханалардың сапасы халықаралық стандарты" бойынша аккредиттелген. Алайда солардың өзін жібермейді. Қазір жетекші мемлекеттік немесе жеке зертханалар тек қан үлгілерін жинап, ЖИТС орталықтарға жолдайды. Ал ЖИТС орталықтарында толыққанды зертханалық ақпараттық жүйе де, не болмаса, референс-зертхана біліктілігіне сәйкестік бойынша халықаралық аккредиттеу де жоқ", – дейді медицина ғылымдарының докторы, профессор Мұстафа Рысұлы.

Оның ақпаратынша, былтыр кепілдендірілген тегін медкөмек аясында әрбір ЖИТС-ке талдау үшін үш мың теңгедей бөлінген. Қазақстанда жылына 2,5 миллион адам тексеруден өтетінін ескергенде, шамамен 7,5 млрд теңге шығындалатын көрінеді. Мұстафа Рысұлы егер мемлекеттік монополия жойылып, скрининг бәсекелестік ортаға берілсе, бұл соманы жартылай азайтуға болатынын айтады.

Бұл салада түйткілдер жетерлік. Жеке зертханалардың параға жалған талдау нәтижесін әзірлеп бермесіне кепілдік жоқ, өйткені заңнамада тиісті салмақты жаза қарастырылмаған. Сонымен бірге монополияға бейім тұратын меморгандардың ісі ақтауға да, жақтауға да тұрмайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу