Табиғи апаттардан елге 6 миллиард теңге шығын келген

2743

Өткен жылы елімізге табиғи апаттардың қандай зардабы болғаны есептелді.

Табиғи апаттардан елге 6 миллиард теңге шығын келген

Ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар комитетінің дерегінше, 2018 жылы Қазақстанда 14 мың 567 өрт тіркелген. Олар 3 миллиард теңгеден аса материалдық залал келтірді. "Тілсіз жау" 434 адамның өмірін жалмады. Бұдан бөлек, 412 адам түрлі ауырлықтағы жарақат алды.

Ал су тасқынынан 2018 жылы шамамен бір жарым мыңнан астам үй  зардап шегіп, оларды су басқан. Соның кесірінен елге келген материалдық залал 3 миллиардтан аса теңгені құрады.

Бұл ретте орманда, адам баспайтын түзде тұтанатын өрттерге қарсы уақытында шара қабылданбау ықтималдылығы зор екені жасырын емес. Осы мақсатта ел Үкіметі орман, дала өрттеріне және су тасқынына қарсы дрондарды пайдалана бастады. Бұл істе мемлекетке БҰҰ-ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ) көмекке келген. Ол бірқатар елде халықтың қажеттіліктерін шешуде өздігінен басқарылатын авиация технологияларын қолдану үшін тестілеу дәліздерін құруға бастамашылық етті.

Өздігінен басқарылатын ұшақтар Ақмола облысының Ерейментау ауданының аумағында сынақтан өткізілді. Тестілеуге ІІМ төтенше жағдайлар комитеті, елорда және Ақмола облысының ТЖ департаменттері, ауыл шаруашылығы министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, "Бұйратау" ұлттық табиғи саябағы және басқа мекемелердің өкілдері қатысты.

Дрондар өзендер мен көлдердің арналарын алдын ала картаға түсіру, бөгелістер пайда болуы мүмкін тұстарды айқындау, жиналған қысқы қар суының көлемін есептеу үшін жердің үш өлшемді карталарын жасау жолымен су тасқыны кезеңіне жоспарлы дайындалудың мүмкіндіктерін көрсетті.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу