Шардарадағы шарасыздық

Қайығы жоқ балық  инспекциясы браконьерлерге қор болып жүр.

Шардарадағы шарасыздық

Айтудың, жазудың өзі ұят болса да, жариялауға тура келіп тұр. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, Шардара су қоймасында браконьерлерге қарсы ымырасыз күрес жүргізетін балық инспекциясында қайық жоқ. Бейнелі тілмен айтқанда олар  "атты емес, жаяу, жаяудан да баяу".

Қайықсыз қорғаушылардан браконьерлер қаймықпайды, ойларына келгенін істеп, Шардараның айдынын айғыздайды. Ал Шардара су қоймасы инспекторлары кісінің қабағына қарайды. Себебі қайықтары өздерінікі емес. Оны кім көрінгенге жалынып, жалпайып, сұрап мінеді.

Осылай жүріп инспекторлар былтыр Шардара су қоймасынан заңсыз балық аулаудың 300 фактісін анықтады. Сөйтіп браконьерлерге 1 млн 300 мың теңге айыппұл салды. Инспекторлардың бес қаруы сақадай сай болғанда бұл көрсеткіш бұдан әлдеқайда жоғары болар ма еді, кім білсін?

ОҚО облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы Шардара бөлімінің басшысы Шәкен Боранбайдың сөзінше, браконьерлерді тезге салатын заң солқылдақ. Сондықтан олар ойларына не келсе, соны істейді.

"Браконьерлер балықты тоқпен ұрып аулауларын тыймай тұр. Оларға қарсы күрес амалдарының барлығын қолданып жатырмыз, алайда бақайшақтарына дейін қажетті құрал-жабдықпен жабдықталған заңсыз балық аулаушылар бой берер емес", – деді Шәкен Боранбай.

Айта кетейік, аумақтық инспекция Сырдария өзені, Шардара су қоймасы және Көксарай су реттегішін бақылайды. Осы аумақты түгел шарлап шығу үшін 5 қайық қажет. Десекте бұл жерде де жоғарыдағыдай жағдай. Қайықты былай қойғанда, қарапайым рация жоқтың қасы.

Аbctv.kz тілшісімен тілдескен ОҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының орман және ерекше қорғалатын табиғат аумақтары бөлімінің басшысы Хамит Жорабаев  техниканың жеткіліксіздігі мен байланыс құралдарының тапшылығы өрттің өршуіне түрткі болып тұрғанын айтты.  

"Облыс көлемінде былтыр 4 орман өрті тіркелді. Салдарынан 85 га орман қорын жалын жалмады. Отқа оранған 16,6 га жер орманмен көмкерілген алқап болды. Биыл 2 орман өртенді. Алғашқысында 100 га, соңғысында 113 га орман жанып кетті", – деді бөлім басшысы.

Оның сөзінше, орманшылар күзететін аумақтың көлемі өте үлкен. Барлық аумақты бақылау үшін қызметкерлердің күші жетпейді.

"Әр орманшы-қорықшы 40 мың га алқапты аралауға тиіс. 20 мың гектар жерді аралауға аты немесе мотоциклі бар адам 1,5 күнін кетіреді. Ал біз 40 мың гектар жер туралы сөз қозғап отырмыз. Бұрын біз қоршаған ортаны қорғау министрлігіне қарағанбыз. 2014 жылы министрлік тарқап, штаттық кесте қысқарып қалды. Содан бері осындай шарасыз күйдеміз. Алдағы уақытта мәселе шешілмесе, балық заңсыз ауланып, орман өртене береді", – деді Хамит Жорабаев.

Гүлсанат Артықбаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу