Соңғы екі күнде Қарағанды облысында 72 киік атылған

Киік қорғап жүріп қаза болған үш қорықшының отбасына 31 млн теңге төленген. 

Соңғы екі күнде Қарағанды облысында 72 киік атылған

Орман шаруашылығы және жануарлар комитеті соңғы аптадағы браконьерлік деректерге қатысты баспасөз мәслихатын өткізді.

Комитет төрағасы Асхат Қайнарбеков қорықшылардың құзыретін кеңейтіп, әлеуметтік қамсыздандыруды көздейтін заң қабылданатынын баяндады. Мәжіліс қарауына ұсынылған құжатта  қорықшылардың функционалдық құзыретін полиция қызметкерлерімен теңестіру бойынша бірнеше бап енгізу көзделген. Сондай-ақ комитет төрағасы елдегі табиғат қорғаушы инспекторларды қажетті құрал-жабдықпен қамтып, техникамен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 2020-2021 жылдарға 6 млрд теңге сұрап отырғандарын айтады. Ал заңға ұсынған түзетулер күшіне енсе, қажетті қаржы көлемі ұлғаятын болады.

Асхат Қайнарбеков браконьерлердің кесірінен орын алған адам өлімдері де табиғат қаскөйлеріне тұсау болмай тұрғанын айтады. Соңғы 2 күннің ішінде Қарағанды облысының бір ғана Нұра ауданында 72 бас киік атылған екен.

"26-27 қазан күндері Қарағанды облысының Нұра ауданында 72 киіктің ұшасы табылды. Оның ішінде бесеуі мүлде жас төл болған. Оқиға орнынан "Феттер" маркалы 12 калибрлі 5 гильза табылды. Осы күні "Охотзоопром"  мекемесі мен Нұра ауданының полиция қызметкерлері  Қонақай көлінің аумағында Toyota маркалы екі автокөлікті байқады. Оның ішіндегі белгісіз адамдар  ақбөкен атқан. Соңынан қуғын түскенде Ақмола және Қостанай облыстарының  шекарасына қарай қашқан.  Оларды қудалау жалғасуда", – деді ведомство басшысы.

Баспасөз мәслихатында аталмыш комитетке қарасты жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы басқармасының басшысы Айтуар Туғанбеков осыған дейін барконьерлерді қуып жүріп қаза болған қорықшылардың отбасына қандай көмек көрсетілгені туралы мәлімет берді. Оның сөзіне қарағанда қарағандылық Ерлан Нұрғалиевтің үй ішіне 12 млн теңге төленсе, Ақмола облысында оққа ұшқан Қаныш Нұртазиновтың отбасына  9,1 млн теңге, Қызылорда облысында қуғын кезінде көлік апатынан қайтыс болған Әділ Кенжеғұловтың  жанұясына 7,8 млн теңге төленген.

"Әділ Кенжеғұловтың үйіне сақтандыру аясында 7,8 млн теңгенің үстіне қосымша 4 млн теңге  көлемінде қаражат берілетін болады", – деді басқарма басшысы.

Еске салсақ, киік аулаушы браконьерлерге қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та алаң көңіл танытып, өз парақшасында твит жариялаған болатын.

"Браконьерлер табиғат байлығы киіктерді аулауды тоқтатпай отыр. Алматы облысында ҰҚК қызметкерлері 3 мыңға жуық (!) киікті өлтірген қылмыскерлерді құрықтады. Қаскүнемдер заңға сәйкес қатаң жазаға тартылуы тиіс. Құқық қорғау органдары мұндай заңсыз әрекеттерге тоқтау салуы керек", – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу