Министрлік қару асынғандардан қорқып, жаңа қорықтарды құра алмай отыр

2652

Қазақстанда БҰҰ-ның қолдауымен жаңа кіші қорық-қаумалдар құрылуға, ал ұлттық парктер кеңеюге тиіс еді, алайда шенділер ашулы аңшылардың жетегінде кететін түрі бар.

Министрлік қару асынғандардан қорқып, жаңа қорықтарды құра алмай отыр

БҰҰ мен аңдар алыс, ал аңшылар арамызда...

Inbusiness.kz бұған дейін ұлттық парктер мен қорықтар аумағы кішірейтіліп, босаған шұрайлы жерлер жер қойнауын пайдаланушылардың талауына тасталып жатқанын бірнеше рет мәселе етіп көтерді.

Осы орайда үміт оты жылт етіп жанғандай болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының (БҰҰДБ немесе ПРООН) Қазақстандағы өкілдігі елімізде жаңа ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды (ЕҚТА) құру және қолданыстағы осындай аумақтарды әрі қарай кеңейту үшін табиғи-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуге конкурс жариялады.

Нақтылай кетсек, Қазақстанда келесідей қаумалдар мен ұлттық парктер жаңадан ашылады немесе аумағы кеңейтіледі деп күтіліп отыр:

  • Үсек (Өсек) қаумалы, Алматы облысында құрылмақ, аумағы 197 684 гектар;
  • Көксу қаумалы, Алматы облысы, 586 796 гектар;
  • Кетпен қаумалы, Алматы облысы, 218 474 гектар;
  • "Теріскей" қорық аймағы, Алматы облысы, 189 407 гектар;
  • "Көлсай көлдері" ұлттық паркі, 161 045 гектар;
  • Жоңғар-Алатау ұлттық паркі, Алматы облысы, 356 022 гектар;
  • "Сауыр-Маңырақ" қорық аймағы, Шығыс Қазақстан облысы;
  • "Сайрам–Өгем" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Түркістан облысы;
  • Ақсу-Жабағылы қорығы, Түркістан облысы;
  • Сырдария-Түркістан өңірлік паркі, Түркістан облысы.

Алайда бұған қарсылар бар. Мысалы – аңшылар. Олардың мүддесін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі аккредиттеген "Табиғат" аңшылар мен аңшылық шаруашылық субъектілерінің қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастығы ілгерілетуде.

Жасыратыны жоқ, сирек кездесетін және Ұлы даладан жойылып бара жатқан жан-жануарлардың қайтадан көбеюіне барынша жағдай жасайтын бұл аса маңызы қадам біраз мүдделі топтардың өрісін тарылтып, мүмкіндігін шектемек. Олардың арасында жер қойнауын пайдаланушылар, орман кесіп, ағаш дайындайтын ұйымдар, аңшылық шаруашылықтар, балық шаруашылықтары және басқасы бар. Жаңа қорық-қаумалдар құрылып, қолданыстағы ұлттық парктер кеңейсе, бұлар емін-еркін пайдаланып келген біраз жер телімінен айырылады, бизнесі мен табысы азаяды. Бұл аумақтарды – ну ормандарды, шүйгін даланы, суы кәусар қалпын сақтаған өзен-көлдерді мемлекет ЕҚТА құру үшін заң аясында тегін кері алып қоймақ.

Демек әлгі топтардың неге БҰҰ қолдаған ізгі жобаға үдере қарсы болып отырғаны түсінікті.

Жаңа ерекше қорғалатын аумақтар құрып, қолданыстағысын ұлғайту жобасын БҰҰДБ мен Ғаламдық экологиялық қор (БҰҰДБ-ҒЭҚ) "Түрлі пайда алу үшін негізгі жаһандық маңызы бар экожүйелерді сақтау және тұрақты басқару" жобасының аясында қолға алуда. Осының алдында аталған жоба аясында жаһандық ұйым Сайрам-Өгем ұлттық паркінде жабайы табиғат туралы деректерді жинауға, талдауға және алмасуға мүмкіндік беретін кеңістіктік мониторинг және есептілік құралын – SMART-патрульдеуді пилоттық режимде енгізді. Ол қызметкерлерге бай жануарлар мен өсімдіктер әлемінен тұратын осынау кең табиғи аумақты бақылауға мүмкіндік береді.

БҰҰ қадамы Қазақстан мүддесіне қайшы емес

БҰҰДБ 2021 жылғы қарашада жаңа ЕҚТА-лар құру туралы дөңгелек үстел өткізіп, оған аңшыларды шақырмай қойды. Олар бұған қатты ашуланып, шу көтерді, Президент атына петиция ұйымдастырды. Бірақ "Аңшылық шаруашылықтарды мақсатты түрде жоюды тоқтатуды талап етеміз!" аталатын петицияға бүгінде небәрі 6 770 адам қол қойған.

"Біздің қауымдастық БҰҰДБ-ның ЕҚТА-ларды құру және кеңейту жобаларының Қазақстанның табиғат қорғау саласындағы стратегиялық және бағдарламалық құжаттарына сәйкестігіне талдау жүргізді. Соның нәтижесінде анықталғандай, Экология министрлігінің Даму жоспарында ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ауданын кеңейту бойынша мақсатты көрсеткіш жоқ болып шықты. Тіпті Қазақстанның жасыл экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдамасында да мұндай көрсеткіш жоқ. Оның орнына 2019-2025 жылдарға арналған Туристік саланы дамыту мембағдарламасында аңшылық шаруашылықтарды дамыту шаралары көрініс тапқан", – деп қарсы дәйектемесін білдірді "Табиғат" қауымдастығының президенті Қажым Жұмалиев.

Әрине, Қазақстанның ішкі құжаттарына БҰҰ жобалары кірмеді екен деп, жаңа қорық құрмауға бола ма? Қазақстанда халықаралық келісімдер мен халықаралық міндеттемелер ұлттық заңнамадан жоғары тұрады. Оның үстіне жаһандық ұйымның жыл сайын жағдайы нашалап, қызуы көтеріліп, тозып бара жатқан Жер планетасын қорғап қалу қадамдары мен мақсаты қару асынып, табиғат перзенттерін қырып, құмарын қандыратындардың мүддесінен жоғары тұрса керек.

"БҰҰ-ның ЕҚТА-ларды құру және кеңейту жобасы Алматы облысының өзінде 50 аңшылық шаруашылыққа нұқсан келтіреді. Ол жерлердегі аңшылық шаруашылықтардың жүздеген қызметкері жұмыссыз қалуы мүмкін. Браконьерлік күрт ушығады. БҰҰДБ-ның бұл жобасы экономикалық өсім мен еңбекпен қамтуға қайшы", – дейді Қ. Жұмалиев.

Экологтер құзырлы министрлік өзіне сеніп тапсырылған табиғатты қорғау орнына, қарсы тараптың шашбауын көтеріп кете ме деген алаңдаушылық білдіреді. Негізсіз емес. Өйткені ведомство бұған дейін экотуризмді дамыту деген сылтаумен аңдарды қырудың түрлі тәсілін, мысалы, оларды арбалетпен атуды заңдастыруды ұсынған.

Аңшылық туралы жеке заң жобасы қабылданады

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязовтың айтуынша, "жануарлар әлемін сақтаудың және биоресурстарды орнықты басқарудың тиімді тетіктерінің бірі ретінде аңшылық шаруашылықтарды дамыту – министрліктің басымдықты бір міндеті болып табылады".

"Бұл саланы қарқынды өрістету, сондай-ақ мәселелерді шешу үшін қазіргі кезде Аңшылық шаруашылықтар туралы жеке заң жобасы әзірленді. Ол меморгандарда алдын ала келісу процедурасынан өтуде. Заң жобасын әзірлеуші жұмыс тобына уәкілетті органның, ғылыми, қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ аңшылар мен аңшылық шаруашылықтар бірлестіктерінің республикалық қауымдастығының өкілдері енді. Бұл ретте ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін кеңейту де – біздің басымдықты бір міндетіміз", – деді вице-министр.

Яғни қазір министрлік әлдебір жолайырықта тұрған сияқты. Қай жағын таңдайтыны әзірге белгісіз.

"Сөз болып отырған БҰҰДБ-ҒЭҚ жобасы аясында ЕҚТА құру мәселесі зерттеу сатысында тұр. Бұған қоса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ЕҚТА құрғанда немесе оны кеңейткенде, қоғамдық тыңдаулар өткізілуге тиіс. Оған жоспарланған ЕҚТА үшін алынатын жер телімдерінің меншік иелері мен арендаторлары да қатысады. Бұл тұлғалардың келісімінсіз жергілікті әкімдіктер ЕҚТА құру үшін жер учаскелерін резервке қою туралы қаулы қабылдай алмайды", – деді Серік Қожаниязов.

Ол Алматы, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстары аумақтарында жаңа ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру бойынша жұмыстар қоғамдық резонанс тудырып отырғанына назар аудартты.

Вице-министрдің айтуынша, осыған байланысты министрлік табиғи-ғылыми негіздемелерді әзірлеу және картографиялық жұмыстарды жүргізу кезінде аңшылық шаруашылықтар орналасқан аумақтарға тиіспеу, басқа аумақтарды қарастыру жөнінде ұсыным беретін болады. Ендеше жаңа қаумал-қорықтар біршама тарылып, қысылатынға ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу