Табиғи монополияға 2,2 трлн теңге инвестиция тартылады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2429

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы осындай мүмкіндік бермек.

Табиғи монополияға 2,2 трлн теңге инвестиция тартылады

Парламент мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары "Табиғи монополиялар туралы" заң жобасын мақұлдады. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің сөзінше, заң жобасы бірқатар негізгі міндетті шешуге бағытталған.

"Біріншіден, жоба табиғи монополиялар саласындағы заңнаманы жүйелендіруге ықпал етеді. Екіншіден, табиғи монополиялар субъектілері қызметін реттеуді ынталандырудың жаңа әдісін енгізіледі. Бұл қызметтердің тиімділігін, сапасы мен сенімділігін арттыру үшін қажет.  Үшіншіден, табиғи монополиялар субъектілері қызметінің ашықтығын арттырып, тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылауды күшейтуге жол ашады", – дейді Тимур Сүлейменов.

Министрдің айтуынша, 2015 жылдан бастап табиғи монополиялар саласына, оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына инвестиция тарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде.

"Жаңа заң жобасы табиғи монополиялар саласына 2021 жылға дейін 2,2 трлн теңге көлемінде инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Оның ішінде шамамен 1,3 трлн теңгені тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына тартуға жол ашылады", – деп толықтырды министр.

Деректерге сүйенсек, соңғы үш жылда салаға 1,02 трлн теңге инвестиция тартылған екен. Оның 684 млрд теңгесі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына тиесілі.

"Инвестициялардың 98 пайызы бюджеттен тыс қаржы көздері есебінен қаржыландырылды. Бұдан бөлек, жаңа тарифтік саясат шеңберінде халықаралық қаржы ұйымдарының инвестициялары барынша көптеп тартылуда", – деді Тимур Сүлейменов.

Министрдің сөзінше, соңғы екі жылда халықаралық қаржы ұйымдарынан салаға 19,6 млрд теңге инвестиция тартылған. Осының нәтижесінде инфрақұрылымның тозуын тоқтатып, теріс трендті өзгертуге мүмкіндік туды.

Еске сала кетейік, қолданыстағы редакциядағы "Табиғи монополиялар туралы"  заң 1998 жылы қабылданған. Жиырма жылдың ішінде заңға 200-ден астам түзетулер енгізілген.  Министрдің айтуынша, заң жүйелілігін жоғалтты. Сілтемелері де көп. Қабылдауға ауыр. Сондай-ақ бүгінде табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу, тарифтерді қалыптастыру және бекіту рәсімдері 79 заңға тәуелді актіде бекітілген. Заң жобасында сілтеу нормаларын азайту және барлық заңға тәуелді актілерді екі базалық құжатқа біріктіру көзделген.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылау үшін екі жаңа институт құрылады. Бірінші институт – Тарифтік саясат жөніндегі кеңес. Бұл – табиғи монополиялар саласында мемлекеттік реттеу саясатына қатысты ұсыныстарды талқылайтын және әзірлейтін консультативтік кеңес органы. Тарифтік саясат жөніндегі кеңес монополистердің инвестициялық жобаларын қарастырады, сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтік сметаларды, инвестициялық бағдарламаларды орындау туралы есептерін тыңдайды. Оның құрамына парламент депутаттары, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, тәуелсіз сарапшылар енетін болады.

"Екінші институт – тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында құрылатын коммерциялық емес ұйым. Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері тарифтік сметалардың және инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы есептерді қарауға қатысады. Қызмет тиімділігінің көрсеткіштеріне қол жеткізу, табиғи монополиялар субъектілері қызметтерінің сапа мен сенімділік көрсеткіштерін сақтау туралы есептерді қарайды. Сонымен қатар уәкілетті, мемлекеттік органдармен, табиғи монополия субъектілерімен, соттармен және басқа адамдармен бірге тұтынушылардың мүдделерін қорғайды. Бұдан бөлек, тұтынушылар атынан олардың құқықтарын қорғау туралы сотқа талап-арыз береді", – деп нақтылады Тимур Сүлейменов.

Осылайша, монополистердің қызметін бақылау күшеймек.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу