Тағы бір журналист әкімқарадан құқай көргеніне шағымдануда

3183

Қазақстанда зерттеу журналистикасы өлуге шақ тұр, ал министрлік БАҚ-қа арнап жаңа заң жазуда. 

Тағы бір журналист әкімқарадан құқай көргеніне шағымдануда

Алматының Алатау ауданының әкімдігінен сүйреп шығарылған "Хабар24" арнасының тілшісі А.Тәңірбергенге қатысты оқиғаның қызуы басылмай жатып, осыған ұқсас дау шықты, деп жазады Inbusiness.kz.

Билік өкілі журналистке "қыртпауға" кеңес берді

"4Vlast.kz" ақпарат агенттігінің өкілі Әсел Сайлаубай Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваға хатында хабарлағандай, Жамбыл облысының Шу ауданы әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбеков аталған ақпарат құралының журналисімен тілдесуі кезінде "әдепке қайшы мінез-құлық танытқан".

"Журналист Махсат Сұлтанғазиев бас редактордың тапсырмасы бойынша журналистік зерттеу жүргізді. Бұған жер телімдерін заңсыз тарату туралы Шу ауданы азаматтарының шағымы негіз болды. Аудан жұртшылығымен бірінші кездесуден кейін, Махсатқа жұмыстан тыс уақыты кезінде ер адам келіп жолығады. Өзін Балқыбековтың туысқаны ретінде таныстырған ол осы мәселені қаузауын тоқтатуды өтінген. Журналист бұл ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартты. Осыдан кейін тілші М.Сұлтанғазиевтің жеке телефон нөміріне Шу ауданы әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбековтың өзі қоңырау шалып, былапыт сөйлеп, доқ көрсетті, журналисті қорқытуға талаптанды", – дейді Әсел Сайлаубай.

Журналист әкімнің орынбасарымен әңгімесін жазып алған екен. YouTube-те жарияланған жазбада жергілікті шенеунік агенттік тілшісіне: "Е, Махсат, менің мозгамды қырта берме, сен не қорқып отыр деп пе ең, жаңағыдай дей берсең сотқа берем", "аузыңа ие бол!" деген сөздермен сөккен.

Ақпарат агенттігі енді Полиция департаментіне жүгініп, Қылмыстық кодекстің "Журналистiң заңды кәсіби қызметiне кедергi жасау" деп аталатын 158-бабы бойынша қылмыстық іс қозғауды өтінетіндерін мәлім етті.

Қылмыстық кодекстің бұл бабына сәйкес, "журналисті ақпаратты таратуға не таратудан бас тартуға мәжбүрлеу жолымен, сол сияқты журналистің заңды кәсіптік қызметін орындауына кедергі жасайтын не оны осындай мүмкіндіктен толық айыратын жағдай туғызу жолымен оның заңды кәсіптік қызметіне кедергі жасау" 100 АЕК-ке (291 700 теңгеге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салумен, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарымен, не 120 сағатқа дейiн қоғамдық жұмыстарға тартумен, тіпті 45 тәулікке қамаққа алумен жазаланады.

Бұдан бөлек, Қылмыстық кодекстің "Қорлау" деп аталатын 131-бабы бар, ол "Қорлау, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiту" үшін 100 АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 120 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын қарастырады.

Журналистерді жаңа заңда не күтіп тұр?

Жасыратыны жоқ, ақпарат ведомствосына шағымдану мәнсіз. Бұл меморганның күні бүгінге дейін қудаланған қандай да бір журналисті немесе ақпарат құралын қорғап қалғаны есте жоқ.

Кәсіподақтар мен Журналистер одағы тарапынан да қамқорлық көре алмай, қорғансыз қалған ақпарат құралдары өкілдерінің заңды құқықтары мен мүдделері ары қарай аяқасты болуда.

Осы орайда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі "Ақпарат саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған Ұлттық жоспарын бекіту туралы" Үкіметтің 2020 жылғы 7 сәуірдегі №183 қаулысына өзгерістер енгізетін жаңа қаулы жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.

Құжатта бір жайт назар аудартады. Ұлттық жоспардың "Адами капиталдың сапасын арттыру" аталатын тарауында "Зерттеу журналистикасын дамыту бойынша БАҚ-тың жас қызметкерлеріне арналған гранттық бағдарламаны іске қосу" көзделген болатын.

Бұл саланың мемлекеттік маңызы барын жаһандық оқиғалар паш етті. Әріге бармай-ақ, посткеңестік кеңістікті алсақ, дәл осы зерттеу журналистикасын қуатты өркендетуі арқасында "ақпарат соғысында" Украина Ресейдің, Әзербайжан Арменияның алдын орап кеткенін сарапшылар айтуда.

Ал Қазақстанда терең әрі сауатты зерттеу жүргізе алатын ақпарат құралдарының өкілдері жоққа жуықтады. Ендеше бұл бағдарлама маңызды болса керек. Алайда ол орындалмапты.

"Бұл гранттық бағдарламаның тұжырымдамасын "Медиа дамыту қоры" корпоративтік қоры әзірледі. Елдегі экономикалық жағдайға байланысты, сондай-ақ қордың қаражаты болмағандықтан, бұл іс-шара жоспарланған мерзімде өткізілген жоқ", – дейді құжатқа түсініктемесінде министр Аида Балаева.

Оның сендіруінше, осы іс-шара 2021 жылдың екінші жартыжылдығында іске асуы мүмкін. Бірақ одан не нәтиже шығары әзірге белгісіз. Зерттеу журналистикасын дамыту үшін студент-журналистерге грант үлестіретін шағын бағдарлама емес, тұтас іс-шаралар кешені қажет. Мысалы, барлық деңгейдегі билік зерттеуші журналистерді қудалап, қорқытып-үркітпей, қайта оларды сұратқан жан-жақты ақпаратпен қамтуға бейіл болғаны жөн. Бұл бюджеттен қаражат шығындауды қажет етпейтін, сонымен бірге зерттеуші журналистиканың дүркірей дамуына ықпал ететін пәрменді қадам болмақ. 

Министр тосын бір жаңалығын жеткізді: журналистерге арналған жаңа заң жазылуда.

"Ақпарат саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында министрлік "Бұқаралық коммуникация құралдары туралы" және "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бұқаралық коммуникация құралдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңжобалары тұжырымдамаларының жобаларын әзірлеу және іске асыру жөніндегі Жол картасын бекітті. Қазіргі уақытта "Бұқаралық коммуникация құралдары туралы" және оған ілеспе заңдар тұжырымдамасының жобалары әзір. Ақпарат саласындағы заңнаманы жалпы жетілдіру 2021–2023 жылдар кезеңінде жүзеге асады деп күтілуде", – деді А.Балаева.

Сөз соңында министр жаңа заң жобаларында "ұсынылатын көптеген жаңа нормалар қоғамдық резонансқа әкелуі мүмкін" екенін ескертті. Бірақ олардың дау тудыратындай не өзгеріс болатынын нақтылап жатпады. Соған қарағанда журналистер қоғамдастығын "тосын сыйлар" күтіп тұруы ғажап емес.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу