"Талибан" Ауғанстанды қайта жаулауға кірісті

3242

АҚШ пен НАТО әскері кетіп жатқанда 50 ауданды басып алған тәліптерге үкімет әскерінің шамасы келмей жатқандықтан, елде қарулы жасақтар құрылып жатыр. 

"Талибан" Ауғанстанды қайта жаулауға кірісті

Ауғанстанның үкімет әскерінің бақылауынан шығып кеткен солтүстігінде "Талибан" қозғалысының шабуылы қайта қарқын алып, шамамен бес провинцияда анти-тәліптік отрядтар құрылып, елге ұзақ азаматтық соғыс қаупі төніп тұр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Бұрын советтер мен тәліптерге қарсы соғыстарға қатысқан ықпалды дала командирлерімен дүйсенбі күні өткен кездесуде президент Ашраф Ғани оларды "біріккен майдан" құруға, "бейбітшілікті нығайтуға", "республика жүйесін қорғауға" және ауған қауіпсіздік күштерін қолдауға шақырды. Айта кету керек, "Талибан" қазіргі демократиялық басқару жүйесін мойындамай, оны құлатып, исламдық билік орнатуға күш салып жатыр.

Жеке өткен тағы бір рәсім кезінде жаңадан тағайындалған қорғаныс министрінің міндетін уақытша атқарушы Бисмилла Хан Мохаммади "патриоттар мен барша халықты қауіпсіздік және қорғаныс күштерімен бір болуға" шақырды. Сонымен қатар,  Мохаммади үкіметтің "оларды барлық жабдықтармен және ресурстармен қамтамасыз етуге дайын" екенін де жеткізді.

Ғани билігі қосымша қолдау тәліптердің қоршауына түскен әскерлерді күшейтеді деп үміттеніп отыр. Дегенмен, кейбір сарапшылар армия қатарына содырларды тарту идеясы дұрыс деп есептемейді.

"Қарулы жасақтардың көбеюі - апаттың рецепті және қараңғы тарихтың қайталануы. Бұл этникалық араздықты кеңейтіп, үкіметтің заңдылығын төмендетеді. Содырларға арқа сүйеу – Ғанидің жағдайын аз уақытқа жеңілдеткенімен, кейін оның әкімшілігін өлтіретін "улы дәріге" айналуы мүмкін", – дейді Кабулдағы Соғыс пен бейбітшілікті зерттеу институтының төрағасы Тамим Асей.

Солтүстіктегі әскери қайраткер және бұрынғы губернатор Атта Мохаммед Нұр дүйсенбіде тәліптердің агрессиясымен күресу үшін бұрынғы антисоветтік топтарды "ұлттық мобилизацияға" шақыратыны жайлы твит жариялады. Сонымен қатар, ол барлық солтүстік фракцияларды мемлекеттік күштермен "қатар тұруға" үндегеннен кейін, Facebook-тегі жеке хабарламасында сол жасақтардың лидерлерінен күреске жеке-жеке "билік аралдарын" құрмай қосылуды өтінді.

Соңғы бірнеше күнде солтүстіктегі тоғыз провинцияда шайқастар жүріп жатқаны және көтерілісшілерді тойтару үшін қарулы жасақтар немесе азаматтық топтар құрылып, олардың көбінесе мемлекеттік күштермен қатар соғысатыны хабарланды. Жаңа жасақтардың барлығы тәжік, өзбек немесе басқа да этникалық топтардың жергілікті басшыларына адал болғанымен, Ауғанстанның оңтүстігін мекендейтін пуштундардың өкілі Ғаниға қас.

Үкіметтің бірнеше өкілі айтқандай, тәліптер Тәжікстанның солтүстігімен шекаралас стратегиялық аймақ –  Құндыз провинциясының астанасында жергілікті күштермен соғысып, көптеген ауылдық округтерге шабуыл жасап, олардың бірталайын бақылауға алған. "Талибан" бұған дейін де бірнеше рет Құндыз қаласын басып алуға тырысып,  2015 жылы оны тіпті аз уақытқа басып та алды.

Тәжіктің "Азия-Плюс" агенттігі хабарлағандай, Тәжікстан мен Ауғанстан арасындағы Шерхан-Бандар кедендік және сауда өткелі маусымның 21-де тәліптердің қолына соғыссыз өткен. Сонымен қатар, осы шабуыл барысында ауған жауынгерлерінің кейбірі "Талибанға" беріліп, 134-і Тәжікстан Республикасының аумағына өтіп кеткен. Ал, Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сәрсенбі күні Ресейдің ауған-тәжік шекарасында жаңа шиеленіс ошағының пайда болғанына алаңдап отырғанын мәлімдеді.

Мамыр айынан бастап "Талибан" Ауғанстанның 370 ауданының 50-ден астамын басып алды. Сейсенбіде Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстандағы арнайы өкілі Дебора Лион Қауіпсіздік Кеңесінде сөз сөйлеп, аталған  аудандардың көпшілігі провинция астаналарын қоршап тұрғанын және "шетел әскерлері толық шығарылғаннан кейін сол астаналарды тәліптер алуға тырысатынын" ескертті.  Ал, осы аптада 20 провинцияда ұрыс болған.

Тарихи тұрғыдан оңтүстіктегі Қандағар, Гильменд және Урузған тәрізді провинцияларда орналасқан "Талибан" соңғы бірнеше жылда ірі қалаларды басып алуға тырысты. Радикалдық қозғалыс солтүстіктегі шабуылдарды үкімет күштерінің жетіспейтінін пайдаланып, кейінгі  айларда айтарлықтай күшейтіп отыр. Бұл аздай, Катарда "Талибан" мен Ауғанстан басшылары арасындағы бейбіт келіссөздер тоқтап қалды.

Осы аптадағы ең маңызды тайталас елдің төртінші ірі қаласы және Балх провинциясының орталығы Мазари-Шарифте болды. Бұл шаһар ұзақ уақыт бойы тәліптер қаупіне көнбеді. "Талибан"  мүшелері дүйсенбіде осы қалаға басып кіргенімен, жергілікті қарулы жасақтар мен ұлттық күштер оларды кері ығыстырды.

"Мұнда адамдар 20 жыл бойы бейбіт өмір сүрді. Енді олар қатты уайымдап жүр. Провинцияның жеті ауданы соңғы бір айда тәліптердің қолына өтті. Үкімет күштері жауынгерлік рухынан айрылды. Әскери базалар болса, бірінен соң бірі құлап жатты. Ал, жергілікті жасақтар үкімет әскерлерін күшейтуге қосылғаннан кейін қоғамның үрейі басылды. Әлі жүздеген адам соғысқа аттануға дайындалып жатыр",–  дейді Балх провинциясы кеңесінің басшысы Мохаммад Афзал Хадид "Вашингтон пост" газетіне берген сұқбатында.

Балх кеңесінің бұрынғы мүшесі Мохаммед Хайрандеш жекеменшік жасақтардың алаяқтыққа баруы туралы алаңдаушылықты жоққа шығарып, содырлардың қазір өздерін емес, мемлекетті қорғап жатқанын мәлімдеді. "Қазір адамдар "Талибанға" қарағанда осы жасақтарға көбірек жақтас. Бұл отрядтар болмаса, Мазари күйреуі мүмкін еді",- дейді ол.

"Талибан" соңғы үш аптада Бағлан провинциясында алты ауданды басып алды. Бұнда да бұрынғы қарулы отрядтардың мүшелері соғысуға дайындалып жатыр. Осы провинция кеңесінің бір мүшесі Ферозуддин Аймактың айтуынша, адамдар "үкімет күштерін қолдауға жұмылдырылып жатыр,  бірақ билік күрейтін болса, олар "Талибанға" қарсы көтерілмек".

"Талибанның" шабуылдары елден АҚШ пен НАТО әскерлері кететіні белгілі болғаннан қарқын алды. Американың 2500-3500 сарбазы мен офицері қыркүйектің 11-не дейін Ауғанстаннан шығарылуы керек.

Еліндегі жағдай осынша ушыққан шақта Ғани мен Ұлтты біріктіру жөніндегі жоғарғы кеңестің басшысы Абдулла Абдулла Вашингтонға аттанып, жұмада президент Джо Байденмен кездеседі.

Сәуірде Байден айтқандай, Құрама Штаттар ауғаннан мақсатына жетіп кетіп барады: "әл-Каида" мейлінше кішірейіп, бин Ладен жойылып, Америкаға қауіп төндірген террористерді жою үшін енді бұл мемлекетке кіретін негіз қалмады.

Алайда, Ауғанстанның бұрынғы президенті Хамид Карзай жақында "Ассоушиэйтид пресс" агеттігіне сұқбат беріп, АҚШ-тың ауғанда жолы болмағанын айтты.

"Халықаралық қауымдастық осы жерге 20 жыл бұрын экстремизммен күресеміз және тұрақтылық орнатамыз деп келді ... бірақ экстремизм  қазір ең жоғарғы деңгейде. Сондықтан, олар сәтсіздікке ұшырады. Олардың мұрасы – соғыс жайлаған елдегі масқара мен апат. Біз өзіміздің барлық сәтсіздіктерімізді мойындаймыз. Бірақ, үлкен державалар туралы басқа не деуге болады?",– дейді Карзай.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу