Тәліптер "Даиштан" төнген қауіпті еңсере ала ма?

3103

"Қорасандағы ислам мемлекеті" Ауғанстанда билік ауысқалы шабуылдарды үдетіп, "Талибанды" тұрақсыздандыруға кірісіп, оның қауіпсіздік сақшысы деген имиджін бұзуға әрекеттеніп жатыр. 

Тәліптер "Даиштан" төнген қауіпті еңсере ала ма?

Ауғанстанда "Талибан" билік ете бастаған шақта жаңа жау көтеріліп келеді. Ол – "Ислам мемлекеті" (ИМ) террористік тобы немесе арабша "Даиш". Бұл ұйым тағы бір зорлық-зомбылық кезеңін бастаймыз деп қорқытады. Кімдерді? АҚШ пен оның одақтастары Ауғанстаннан кетті, Ғани үкімет болса құлады. Демек тәліптерді. Өйткені басшылық тізгіні – солардың қолында. Айта кету керек, ИМ үнемі мемлекетпен соғысып келеді.

Тәліптер бейбіт келіссөздердің кезекті раунды кезінде экстремистерді бақылауда ұстаймыз деп Америкаға уәде бергенді. Және де 2020 жылғы АҚШ-"Талибан" келісіміне сәйкес,  Ауғанстан тағы да Құрама Штаттарға немесе оның одақтастарына қауіп төндіретін террористік топтардың мекеніне айналмауы керек.

Бірақ тамыздың 15-де "Талибан" билікті басып алғаннан бері "Даиш" шабуылдары кенеттен жиілеп отыр. Ал тәліптер бұл топтың әрекеттерін тоқтата ала ма деген сауалға әзірге нақты жауап жоқ.

Жұма күні Ауғанстанның солтүстігіндегі Кундуз провинциясында жойқын жарылыс болып, шииттер жиі баратын мешітте 46 адам жер жастанды. ИМ-нің талай адамды мерт қылған басқа да шабуылдары кейінгі кездері ел астанасы Кабул мен шығыс және солтүстік провинцияларды дүр сілкіндірді. Сонымен қатар кішігірім шабуылдар тәліптердің жауынгерлеріне күн сайын дерлік жасалып жатыр.

"Тарихи тұрғыдан алғанда, ИМ шабуылдарының көпшілігі мемлекетке бағытталған... Енді АҚШ пен халықаралық коалиция кеткендіктен, экстремистерде мемлекетпен айналысу ғана қалды. Ал ол жердегі мемлекет – "Талибан", – дейді Джордж Вашингтон университетінің Экстремизм жөніндегі бағдарламасының зерттеушісі Эндрю Майнс "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұқбатында.

"Талибан": Ауғанстанда "Даиштың" түбірі жоқ

"Талибан" да, ИМ де елді қатаң діни заңдарымен басқаруға жақтас. Бірақ олардың бір-біріне деген өшпенділігін арттыратын негізгі идеологиялық айырмашылықтары бар.

"Талибан" қозғалысы Ауғанстан аумағында ғана ислам мемлекетін құрмақ. Ал "Даиш" болса, өзін "Ислам мемлекеті" жаһандық халифаты деп атап, оны бүкіл дүние мұсылмандары қолдауы керек деген пікірде. Және де ИМ "Талибанның" ұлтшылдық мақсаттарын жирене қарап, оны таза исламдық қозғалыс ретінде мойындамай отыр. Дәл осындай себеппен  ИМ ұзақ уақыт бойы "Әл-Қаида" ұйымының табанды жауы болды.

Тәліптер де, ИМ де ислам шариғатының қатаң нұсқаларын жақтап, шабуылдарда жанкештілік тәрізді тактиканы қолданады. Бірақ Сирия мен Ирак жерлерін басқарған кезде, ИМ асқан қатыгездіктерге барып, "Талибанға" қарағанда өте қорқынышты жазаларды қолданды.

ИМ Ауғанстанда 2015 жылы "Қорасан провинциясындағы ислам мемлекеті" деген атпен пайда болды. Ол кезде бұл топ Ирак пен Сирияның көп бөлігін бақылауда ұстап тұрды. Сонымен қатар "Даиш" өз құрамына Ауғанстан мен Пәкістан содырларын ғана емес, "Талибаннан" қашқандарды да қоса білді.

"Қорасан провинциясындағы ислам мемлекеті" бастапқыда Ауғанстанның Кунар және Нангархар провинцияларындағы шағын салафиттік қозғалыстан қолдау тапты. "Талибаннан" көп қағажу көрген салафиттер енді көтеріліп келе жатқан ИМ-мен одақтаса отырып, әскери тұрғыдан күшеюдің құралын тапқандай еді.

Бірақ кейін ИМ-нің аса дөрекі әдістері кейбір салафиттік дінбасыларды қарсылық білдіруге итермеледі. Бұған қоса, ИМ пайда болғаннан кейін "Талибанның" әскери әрекеттерінен ғана емес, АҚШ-тың әуе шабуылдарынан да қатты зардап шегіп, былтыр ғана қайтадан ес жия бастады.

"Талибан" жергілікті "Даиштың" мүмкіндіктерін жоққа шығарып, оны көпшіліктің назарын аудара алмайтын маригиналдық топ деп есептейді. "Олардың мұнда түбірі жоқ", – дейді тәліптердің ықпалды қайраткері, шейх Абдул Хамид Хамаси.

Әлеммен байланыс моджахедтік имиджге нұқсан?

Дегенмен, ИМ-нің қауіпті екеніне күмән жоқ. Тамыздың соңында АҚШ әскері елден кетер алдында жүргізілген ауқымды эвакуация қызған шақта, Кабул әуежайы маңында алапат жарылыстан 169 ауғандық пен америкалық 13 әскери қызметкер қаза тапты. Ал, кішігірім шабуылдар жиілеп барады.

"Шабуылдардың қарқындылығы мен ауқымдылығы ... олардың мүмкіндіктері мен бүкіл елге таралу деңгейін байқатып, "Талибанды" аң-таң етті. ИМ аз уақыттық қауіп емес", - дейді Халықаралық дағдарыс тобының кеңесшісі Ибрахим Бахис.

ИМ қайтадан территория иемденуге қабілетті болғанша, біраз уақыт өтуі мүмкін. Кейбір бақылаушылардың ойынша, оның дәл қазіргі тікелей мақсаты – "Талибанды" тұрақсыздандырып, оның қауіпсіздік сақшысы ретіндегі имиджін бұзу.

Өзге бір зерттеушілердің сөзінше, әзірге Қорасандағы "Даиштың" стратегиясы баяу және әдістемелік. Бұл топ енді жергілікті тайпалар мен басқа да топтардан өз қатарына адам тартып, салафиттердің арасындағы алауыздықты жойып, түрмелерге шабуылдар жасап, қылмыскерлерді босатып, түрлі қастандықтар ұйымдастырып, "Талибан" қызметкерлерін нысанаға алып отырмақ.

"Осының бәрін бір жерге жинасаңыз, "Талибанның" шамасы жетпейтін көтерілісшілердің қозғалысы пайда болады", - дейді Майнс.

Америкадағы "Демократияны қорғау қоры" сараптамалық орталығының Long War Journal журналы авторларының бірі Билл Роджионың ойынша,  тәліптер АҚШ-тың авиациялық қолдауынсыз-ақ жергілікті "Даишты" өздігінен жоя алады. Себебі, тәліптер жер-жерде кең ауқымда барлау мәліметтерін қолдана отырып, кезінде ИМ-нің бірқатар бөлімшелеріне тойтарыс берген. Сонымен қатар, ИМ-де Иран мен Пәкістанды паналайтын мүмкіндік шамалы екен. Ал, "Талибан" жасақтарында үкімет пен коалиция әскерлерімен соғысқанда, көрші елдерге асатын жағдай болды.

Айта кетсек, "Талибан" қозғалысы "Қорасандағы ислам мемлекетімен" күресте АҚШ-пен ынтымақтаспайтынын жақында Катар астанасы Дохада өткен келіссөздер барысында мәлімдеді.

Ауғанстандағы "Даиштың" болашағы көбінесе оның өз қатарына көбірек адам тарту және халықтың айтарлықтай бөлігін жаулап алу қабілетіне байланысты.

Әу-баста "даиштықтар" "Талибан" мүшелерін тартты. 2015 жылы тәліптердің бұрынғы қолбасшысы Абдул Рауф Хадим Ауғанстандағы ИМ лидерінің орынбасары болып тағайындалды. Сол кезде лаңкестік топ мүшелерін көбейту үшін "Талибан" содырларына ақша ұсынды деген болжам бар.

2020 жылы Ауғанстанда ИМ қайта пайда болғанда, оған бүгінде "Талибанның" бір фракциясына айналған Хаккани желісінің жаңа жетекшісі басшылық еткен.

"Талибанның" аса радикал мүшелері ИМ-ге әлі де қосыла алады. Өйткені, тамызда билікке қол жеткізген тәліптер  енді үйде де, шетелде де ымыраға келуге мәжбүр. Демек, "Талибан" өзге мемлекеттермен неғұрлым ынтымақтасқан сайын, моджахедтік жауынгер деген имиджіне соғұрлым нұқсан келтіріп, баяғы ерекшелігінен айрылып қалуы мүмкін. Ал, бұндай жағдай әсіре діншілдерге жақпас", - дейді Майнс.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу