Тәліптердің идеологиялық экспорты бәрінен қауіпті– сарапшылар не дейді

2723

Ауғанстандағы ахуалға байланысты бүгін отандық сарапшылар жиын өткізіп, ойын ортаға салды. Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин жетекшілік еткен жиында ауған бойынша сарапшылар оқырманның біршама сұрағына жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Тәліптердің идеологиялық экспорты бәрінен қауіпті– сарапшылар не дейді

Тәліптер қалайша оп-оңай жеңіске жетті

Қазақстанның мемлекеттік қайраткері, дипломат, Қазақстанның Ауғанстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі болған Өміртай Бітімов аз ғана уақыттың ішінде тәліптер қалайша билік басына келгенін түсіндірді.

"Істің бәрі осыған, яғни қазіргі сценарийге келе жатқан. Сарапшылардың бәрі де бір ауыздан Ауғанстандағы қазіргі режим құлайтынын айтысқан. Тек біреуі 3 ай десе, екіншісі 6 ай деп, уақыт жағынан ғана әртүрлі нұсқа болды. Экономика, қауіпсіздік бәрі америкалықтарға байланып тұрды. Бюджет донорлық қолдауға мұқтаж болды. 20 жылдың ішінде әлбетте, қоғамда, білім, әлеуметтік сала, өмір салтына қатысты өзгерістер көп болған. Болмады деп айтуға келмейді. Қазақстан да гуманитарлық көмек көрсетті. Ол да нәтижесін берген. Ауғанстанға прогрессивті көзқарасы бар адамдардың тобы қалыптасып үлгерді. Алайда ауған билігі қауіпсіздік пен экономиканың өткір мәселелерінің бәрін америкалықтарға артып қойды да, өздері жемқорлыққа бата берді. Масылдық қалыптасты",– дейді Өміртай Бітімов.

Сарапшының айтуынша, ауған халқы мен билігінің тәліптерден жерін қорғау ниеті болмаған. Ауған режимі осы уақытқа дейін жемқорлыққа батып, өзін қоғам өмірінен шеттетіп алған. Ұлтаралық, дінаралық проблемаларды ретке келтірмеген. Мәселен, ауған жерінің жекелеген аймақтарының орталығы режимнің басқаруында болғанымен, ондағы тек уездік полиция бастығында ғана билік болған. Қарапайым ауған азаматының мәселелерін сол жергілікті полиция, жергілікті атқарушы орган шешіп бере алмаған.

Азиялық зерттеу институтының директоры Сұлтан Әкімбеков болса тәліптердің билікке келуі арнайы құпия операция арқылы жүзеге асқанын айтады. Ол операцияда Пәкістанның әскерилері үлкен рөл атқарған.

"Мұндай қуатты әрі шапшаң операцияның жіті ойластырылғаны көрініп тұр. Алдымен Орталық Азиямен шекаралас аймақтардағы барлық бақылау-өткізу бекеттерін жаулап алды. Осылайша, олар бірден солтүстік альянстың құрылуына жол бермеді. Ауғанстанның солтүстігіндегі халық бірнеше ықпалды топқа бөлініп кеткен. Олардың бәрінің бір-бірімен қарым-қатынасы өте күрделі. Қарапайым ғана мысал: 1992 жылы өзбектердің көшбасшысы Абдулшарит Достумның қол астындағы 53 дивизияда 40 мың жауынгер болды. Ал өткен аптада ғана ел алдына шыққан Достумның ондай әскері жоқтығын көріп отырмыз. Исмаил ханда да, өзбек, тәжік, хазар халықтарының басқа да ықпалды адамдарында қазір ондай күш жоқ. Айналып келгенде бұл – америкалық саясаттың салдары. Себебі америкалық саясат шығыс халқының жағдайында мемлекеттік институттарды қалыптастырғысы келді. Яғни олар адамдарға емес, жүйеге басымдық берді. Олар ықпалды дала командирлерін ысырып, олардың орнына мемлекеттік биліктің құрылымдарына күш берді. Полиция бастықтарын, армия бөлімшелері арқылы басқарғысы келді. Бірақ бұл ретте Ауғанстанда совет тәжірибесінен кейін мемлекеттік биліктің құрылымдары құрып кеткенін, совет одағы құрғысы келген институттардың құрығанын ескеру керек еді", – дейді ол.

Сұлтан Әкімбеков осылайша ауған халқы бірнеше топқа бөлініп кеткенін, әрі олардың бәрі қаруланғанын жеткізді. Алайда америкалықтар таңдаған бұл модель Ауғанстандағы ұлтаралық, дінаралық шиеленістерді шеше алмаған. Ал қазіргі консенсус Қытайдың, Иранның, Ресейдің, Пәкістанның, Араб елдерінің, тіпті АҚШ-тың мүддесіне сай келіп отыр. Америкалықтар бұдан былай ақша жұмсау машақатынан құтылған.

Ықпалды елдер Ауғанстандағы жаңа ойынға араласқысы келмейді

Қазақстан стратегиялық зерттеу институты директорының орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, доцент Санат Көшкімбаев болса, Пәкістан мен Иран тәліптерге баяғыдан болысып келе жатқанын алға тартады. Жавад Зариф (Иранның сыртқы істер министрі) бүгін ғана ауған билігіне келетін кез келген билікті мойындайтынын мәлімдеді. 25 жыл бұрын Иран ауған елінің қалалары бірінен- соң бірі басылып алынған кезде мінез танытып, шекараға әскер жақындатқанымен, қазіргі жағдайға мүлде сабырмен қарап отыр. Әлбетте, Пәкістан да осындай позицияда. Пәкістан қазір тәліптерді басқарып отыр деп айтуға болмайтын шығар, бірақ бүгінгі күні дәл осы мемлекет – ауған кейсіндегі ең ықпалды ел.

"Ауған халқының болашағы туралы айтар болсақ, көзір карталардың бәрі де Исламабадтың қолында екенін мойындаймыз. Тәліптердің бүкіл күші кезінде Пәкістан аумағында болғаны белгілі. Екінші ықпалды ел – Иран. Осы екі мемлекет қазір тәліптердің келуін құптап, АҚШ әскерінің кеткенін жағымды қабылдап отыр. Осының бәрі басталмай тұрып, тәліптер алдымен Тегеранға, содан кейін Мәскеуде, одан соң Бейжіңге барып қайтқанын ұмытпайық. Бұл елдер ауған кейсіне алдағы уақытта қолдау көрсететінін білдіреді. Батыс, оның ішінде АҚШ-та қазіргі ахуалдың қалыптасуына көнді. Өйткені олар артық багаждан арылғысы келді. Америкалықтардың бұл қадамы Трамп түгілі Обаманың тұсында басталғанын атап өту керек. Бен Ладен өлтіріліп, Әл-Каида жеңілгеннен кейін америкалық сайлаушылардың бәрі өз билігінен "енді біз ол жақта не істеп жүрміз" деп сұрай бастады. Енді осы уақытқа дейінгі жүкті АҚШ белгілі бір дәрежеде Иран мен Қытайға, Ресейге аударуды көздеуде",– дейді сарапшы.

Санат Көшкімбаев өз сөзінде тәліптердің қазіргі басшылығы үшінші рет ауысып отырғанын еске салды. Қазіргі тәліптер соғыстан соғыс көріп, заман технологияларын, ұрыс жүргізудің сан амалын үйреніп алған. Аудиториямен, жаңа медиамен істесудің әдістерін меңгерген. Мысалы, тәліптер Достумның сарайын көрсете келе халықтың қалай ауыр жағдайда өмір сүріп жатқанын видеоға түсіріп, дұшпан деп таныған басшыларға репутациялық соққы жасаған.

"Тәліптер Ислам Шариғатын биліктің басқару әдісіне негіз етіп ала ма? Орталық Азиядағы ауған елінің көршілерін осы мәселе қатты алаңдатып отыр. Себебі біздің мемлекеттердің бәрі де зайырлы елдер. Бұрынғыдай Ауған Ислам мемлекеті емес, Ислам Әмірлігі құрылса, мұның артында қаншама белгісіздік тұрғанын көрсетеді. Тіпті олар өз идеологиясын экспорттамаған күннің өзінде олардың елі әлемнің әр нүктесіндегі радикалдарды тартып тұратын орталыққа айналуы ықтимал. Сирияда да дәл сондай болғанын ұмытпайық",– деді ол.

Тәліптер Орталық Азияны "көздеп отыр ма?"

Сұлтан Әкімбековтың айтуынша, дәл қазіргі уақытта Орталық Азия елдерін қазіргі уақытта діни экстремизм идеологиясының экспорты қорқытады.

"Бұл ретте бірақ ресейлік модель іске қосылады: Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына сәйкес шекара жабылады да, соғыссақ өмір емес, өлім үшін жан берісіп, жан алысамыз. Біз дайынбыз. Бері ешкімнің өте алмайтыны анық. Бірақ келісімдердің арқасында жүк тасымалы жолға қойылып, адамдардың қозғалысына шектеу қойылуы мүмкін. Әйтсе де тәліптердің идеологиясы – Исламның өзінше бір бағыты. Бұл – салафизм емес. Олар жекеленген құрылым",– дейді ол.

Өткен ғасырда кеңес армиясы Ауғанстанда ойқастап жүрген кезде Сауд Арабиясы ауған еліндегі салафиттік топтарды қолдап отырған. Тіпті ауған жерінің оңтүстігінде бірнеше салафиттік топтарды құру туралы да бастама көтерілген. Алайда жергілікті пуштундар тәліптерге дейін олардың бәрінің көзін құртып үлгерген.

"Қазақстанға келер болсақ, бізде салафиттер басым. Ал салафиттер мен тәліптердің көзқарасы мүлде бөлек. Тәліптер алдағы келешекте ауған жеріндегі ұлттық азшылықтармен жұмыс істей бастайды. Иранмен келісім барын қанша тілге тиек етсек те, тәліптер қазір ауған жеріндегі өзбектермен, тәжік, тәжіктермен, хазарлармен, зайырлы пуштундармен мәселені реттеп алуды көздейді", – дейді ол.

Ірі мемлекеттердің тәжірибе алаңына айналған ауған халқының соры бес елі болып отыр. Өміртай Бітімов осылай дейді. Шет елдердің ықпалымен ел басшылығына келген басшылар бірінен кейін бірі ауысып, барлығы халықты "күштеп" бақытты етуге тырысады. Ақыры ешқайсысы да бұл мақсатты орындай алмаған. Тәліптер де дәл қазір ел билігін бейбіт жолмен алдық деп мәлімдеме таратып отыр. Ал әлемнен тараған ақпараттың бәрі де олардың бұл мәлімдемесін жоққа шығарады. Өміртай Бітімовтың сөзінше, осы жылдың аяғында-ақ ауған еліндегі экономиканың да, қоғам өмірінің тығырыққа тірелгені білініп қалады.

Аян Бекенұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу