Танымал блогерлер неге қамалды?

3438

Қазақстанда ақиқатты айызды қандыра, арқаны қоздыра айтатын жарқын саясаткерлердің аздығы ақыры хайпқұмар блогерлердің үстемдік етуіне соқтырды.

Танымал блогерлер неге қамалды?

TrendHERO дерегінше, Қазақстанда контент жасайтын 556 мыңнан астам блогер бар. Оның көбі – 483 мыңнан астамы он мыңға дейін ғана жазылушыларға ие. Оннан 50 мыңға дейінгі фолловерлері барларының саны 63 мыңнан асты. 50-ден 500 мыңға дейін жазылушысы бар орташа блогтар саны – 10,4 мыңдай. Аудиториясы 500 мыңнан 1 миллионға дейін жететін макроблогтар саны – 334 қана. Ал 1 миллионнан асатын жазылушыға ие қазақстандық мегаблогтар саны – 230-ға жетіп отыр.

Жалпы, блогерлердің көбі нақты маманданбаған, тіпті біліктілігі жетпейтіні аңғарылып тұрса да, саясаттан бастап, экономика, медицина, экология, басқа салаларда пікір білдіре береді. Тек оқырман-көрермендерінің көңілінің күй пернесін қозғап, қоғамдық резонанс тудыратын тақырып болса, болғаны. 

Бір жағынан бұл демократияның көрінісі. Дамыған елдерде өзін блогер атаған қоғам белсенділері билікті аясыз сынап жатады. Бірақ егер олар заңнан аттаса, қатардағы азаматтар сияқты заң алдында жаза тартады. 

Мысалы, 2022 жылғы 13 қазанда америкалық блогер және конспиролог Алекс Джонсқа жасырын күштердің астыртын сөз байласуы туралы фейк теориясын таратқаны үшін 1 миллиард долларға жуық (965 млн) айыппұл салынды. Осы соманы ол 2012 жылы Сэнди-Хук мектебінде болған атыста балалары қаза тапқан отбасыларға моральдық, психологиялық және басқа да шығындардың өтемақысы ретінде төлеуге міндетті. Алекс Джонс өз фолловерлерін Сэнди Хуктегі қайғылы оқиға толығымен қолдан ұйымдастырылған қойылым болды деп сендірген. 2012 жылы мектепте болған атыста 20 бала және 6 ересек адам опат болды. Алайда "мұндай қойылымды америкалықтарды қарудан айыруды армандаған АҚШ билігі ұйымдастырды, балалар рөлін актерлар орындады" деп өзеуреген блогердің жалған сөзіне нанған жазылушылары мерт болған оқушылардың ата-аналарына қоңырау шалып, ізінен қудалап, "бар шындықты айтуды" талап етті, қыршынынан қиылған балалардың бейіттерін бүлдірген. 

Өкінішке қарай, Қазақстанда да қаңтар оқиғалары кезінде арзан ұпай жинауға ұмтылған, халықты қанды қырғынға айдап салуға ынтыққан немесе елге қара күйе жағуға тырысқан блогерлер болды. Дегенмен, билік олардың бәріне кешірімді қарады. Бір жаманы сол, блогерлер эстрада жұлдыздары, актерлер қатарлы қаржы пирамидаларын жарнамалады, жалған лотереялар, конкурстар ұйымдастырып, халықтан заңсыз ақша жинаумен айналысады.

"Mudarabah Capital" ісі

2022 жылғы сәуірде "Mudarabah Capital" қаржы пирамидасын ұйымдастыруға қатысты деген күдікпен вайнерлер, блогерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов ұсталды. Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев вайнерлердің іс-әрекетінен сол кездің өзінде 169-дан астам адам зардап шеккенін, оларға шамамен 2 миллиард теңге шығын келтірілгенін хабарлады.

"Қылмыстық іске 14 тұлға тартылуда. Оның ішінде вайнерлер, блогерлер бар. 6 тұлға қамауға алынды. Әрбір адамға қатысты бұлтартпау жазасы жеке анықталды. Осы қылмысқа қатыстылардың бәріне айып тағылды", – деген еді Бас прокурордың орынбасары. 

Бүгінде "Mudarabah Capital" қаржы пирамидасына қатысты сот процесі жүріп жатыр. Дегенмен, өткен аптада, 26 желтоқсанда вайнер Мейіржан Төребаев тергеу изоляторынан босап шығып, жаңа жылды үйінде қарсы алды. Темір торда сегіз ай отырған ол үй қамағына босатылды. Осындай шешім қабылдаған Алматының Алмалы аудандық сотының судьясы Кәмшат Саурова айыпталушының 5 баласының барын, оның отбасының жалғыз асыраушысы екенін назарға алыпты. Аға прокурор Ерлан Құланбаев Төребаевтың адвокатының өтінішін қолдады. Ал зардап шегушілерді қорғайтын адвокаттар бұған қарсы шығып, үй қамағына босатуға негіз жоқ деп табандаған еді. Бұл ретте блогер, вайнер және "Mudarabah Capital" тағы бір құрылтайшысы М.Шерниязов қамауда қалды. Қылмыстық іске қатысы бар блогер, кәсіпкерлер Әзізжан Саидбаев пен Ораз Әділет сол бұрынғыдай халықаралық іздеуде жүр. 

Іс бойынша алдын ала тыңдау аяқталды. Сот істі 9 қаңтарда қарауға кіріседі. Блогерлер, вайнерлер Mudarabah Capital қаржы пирамидасын белсенді жарнамалады, өздері де қаржыларын сеніп тапсырғанын алға тартты. Осыған сенген жұрт тапқан, таянғанын соған тасыды, миллиондап несие алды. Кейбір деректер бойынша Ораз Әділет Дубайға өзімен бірге салымшылардың 4 миллиард теңгесін ала қашыпты. 2022 жылғы сәуірде Mudarabah Capital салымшыларының бірі, әйел адам елордадағы Ішкі істер министрлігінің алдында өзін өзі өртеп жіберді. Оның отбасы 20 миллион теңгедей қаржысынан айырылыпты.

Әбжанның ісі

2022 жылғы 3 шілденің таңында белгілі блогер Махамбет Әбжанның ақша алу үстінде ұсталғаны жарияланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "БАҚ-та нұқсан келтіретін мәліметтер тарату қаупімен кәсіпкерден аса ірі көлемде ақша қаражатын бопсалаған азамат М.Абжанның қылмыстық әрекетінің жолын кескенін" мәлімдеді.

"2022 жылдың 3 шілдесінде жүргізілген арнайы операцияның нәтижесінде азамат М.Әбжан 50 миллион теңге алғаннан кейін ұсталып, Нұр-Cұлтан қаласының Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. М.Әбжанның басқа да ұқсас қылмыстарға қатыстылығы туралы ақпарат тексерілуде", – деп баяндады Антикор.

Тергеудің және зардап шегушінің нұсқасына сәйкес, М.Әбжан сыни жарияланымды жою үшін елу миллион теңге талап еткен. Блогердің өзі барлық айыптарды үзілді-кесілді мойындамады.

Ratel жазуынша, Антикордан араша іздеген бизнесмен – криптомайнинг саласындағы инвестор Рашит Махат екен. Әбжан The Diplomat басылымының тілшісі, америкалық журналист әйел Шерил Ридке кәсіпкердің қызметкері байланысқа шыққанын жеткізеді. Ол Махаттың есімін жарияланымнан алып тастауға ақшаны өзі ұсыныпты. Әбжан 50 миллион теңге деген соманы атайды. Бірақ оның сендіруінше, осынша көп соманы естігенде қарсы тарап келіссөздерді үзе салады деп күтіпті. Бірақ Махаттың өкілін цифр үркітпепті, сондықтан ол кездесетін күнді тағайындаған. Ары қарай не болғаны баршаға белгілі.  

Қылмыстық іс бойынша тергеу және материалдармен танысу аяқталды. Блогер журналист ретінде сотталады: 2022 жылдың наурызында ол "Abzhan News" желілік басылымын тіркеуге қою туралы куәлік алыпты. Тергеудің нұсқауынша, Әбжан төл басылымын заңсыз баюға пайдалану үшін биік лауазымды тұлғалар туралы көрінеу жалған мәліметтер тарата бастаған, сол тұлғалардан жарияланымдарды доғару үшін материалдық сыйақы күткен деседі. Мысалы, 3 маусымда шыққан алғашқы жарияланым "Астана региональная электросетевая компания" (АРЭК) АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ғабидолла Қожабаев пен "Астана Теплотранзит" басқарма төрағасының орынбасары Қанат Мукинге қатысты болған. Мақалада М.Әбжан Мукин мен Қожабаевтың өз лауазымдарына Назарбаевтың туысқаны Қайрат Сатыбалдының нұсқауымен тағайындалған деп сынады. Оларды Сатыбалдыұлының "оң қолы" Рашит Махат бақылаған деп жазыпты. Блогер сондай-ақ Қожабаев пен Мукинге қарсы қылмыстық іс болған, Махаттың қысымымен, құқық қорғау органдары істің ары қарай жүруіне жол бермеген деп жазады. Тергеу ондай іс болмаған деген байламға келіп отыр. Блогер Әбжан ол адамдарға айып тағуын жалғастырған.

Тергеудің пікірінше,  "Астанаэнергосервис" АҚ бұрынғы төрағасы Ермек Әлімов Махат туралы жалған мәліметтер тарату жөнінде блогермен келіскен. Себебі, Әлімов Махатпен бизнеске қатысты даулы мәселені шеше алмапты. Блогер Әбжан Махатты Қайрат Сатыбалдыұлының "оң қолы" деп атап, оған мол майнингтен табыс табуға көмектесті деп жазған. Рател басылымының хабарлауынша, Әбжан тіпті "Сатыбалдыұлының ақшасын табыстаудан бас тартқаны үшін Қазақстан темір жолының бұрынғы президенті Сауат Мыңбаевты Махат Альпы тауларындағы мейрамханада соққыға жыққан" деп мәлімдепті. 

Махамбет Әбжан өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды. Ол ақша бопсаламағанын, Махатқа доқ көрсетпегеніне айтады. Блогер М.Әбжан Қылмыстық кодекстің 274-бабы (көрінеу жалған ақпарат тарату) және 194-бабының 4-бөлімі (аса iрi мөлшерде қорқытып алу) бойынша айыпталып отыр. Бұл бап бойынша мүлкін тәркілей отырып, жетіден он бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Қылмыстық іс Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотына бағытталды. 

Козачков ісі

2022 жылғы 18 желтоқсанда Қаржылық мониторинг агенттігінің блогер, журналист М.Козачковты тұтқындағаны туралы хабар елді дүрліктірді. Ведомствоның хабарлауынша, ол Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына (ҰҚТ) рейдерлік шабуыл жасауға көмектескен деген күдікке ілікті.

"Қоспаев пен оның сыбайластары танымал кәсіпкерлердің бизнесін тартып алу теріс қоғамдық резонанс тудыратынын түсініп, Козачковтың қызметтерін рейдерлік басып алу құрбандарына ақпараттық шабуыл жасау мақсатында пайдаланды. Өз кезегінде, Козачков құқық қорғау органдарында көп жылдық тәжірибесі бар досы Бурхан Жансейітовті ірі көлемдегі сыйақыға ҰҚТ мүшелеріне сыбайластық жасауға тартты. Кәсіпкер Әбдіғаппаровтың шешесі Жүнісбековаға тиесілі "Есентай сити" жобасындағы үлесті рейдерлік басып алу пиғылын іске асыру үшін Козачков Әбдіғаппаровтың беделін түсіретін бірқатар мақалалар жариялады", – деп мәлімдеді ведомство.

Меморганның хабарлауынша, 12 шілдеде Алматы қаласында ҰҚТ белсенді мүшесі – Айдос Қоспаевқа бақылау жүргізген жедел қызметкерлердің машинасының жолын Жансейітов бұғаттады. Алдын ала дайындалған сценарий бойынша адвокаттар мен Козачков оқиға орнына келді, олар адвокаттарды жасырын бақылауды әшкерелегені туралы жалған мәліметтерді көпшілікке тарата бастады.

"Жансейітов Козачковқа Телеграм-каналын модерациялауға көмектесті, атап айтқанда, журналистің жарияланымдарының астына ҰҚТ басқа мүшелерімен бірігіп, комментарийлер орналастыру арқылы қоғамдық пікір қалыптастырды. Посттарға жағымсыз пікірлер қалдырған жазбаларды өшіріп, пайдаланушыларды бұғаттап отырған. Тергеу барысында Жансейтов пен Козачковтың өз қызметтері үшін ҰҚТ мүшелерінен 52 млн теңге сыйақы алғаны дәлелденді. Козачков нақты деректердің бұрмалануымен байланысты жағдайды ҰҚТ мүддесі үшін қамтып қана қоймай, олардың іс-әрекеттерін сол жерде үйлестірді және Қоспаев Айдосқа бақылаудан жасырынуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде соңғысы іздеуге жарияланды", – деп түсіндірді агенттік.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда, Қоспаевтың ҰҚТ мүшелерінің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

"Время" газетінің бас редакторы Лев Тараков Козачковтың кінәлі екеніне сенбейтінін мәлімдеді.

"Ұйымдасқан қылмыстық топқа дем беріп, көмектескені үшін Михаил Козачковқа 52 миллион теңге төленгеніне ешқандай дәлел жоқ. Жалпы, мұндай жайт бірінші рет емес. Қазақстанда тіпті вице-министрлерді де миллиардтар алды деп айыптап, тұтқындап жатады. Ол миллиардтарды күш құрылымдары өздері түсірген фильмдерде көрсетеді. Артынан видеосюжетке мүлдем басқа қылмыстық істерде түсірілген жедел түсірілімдер кіріп кеткені белгілі болып жатады", – деді Тараков.

Алматы мәслихатының депутаты Сергей Пономаревтің сөзіне сілтеме жасаған КазТАГагенттігі блогер-журналист М.Казачковтың "Хан-Тенгри" тұрғын үй кешенінде тұратынын хабарлап жіберді. Әлеужеліні пайдаланушылар "жилой комплекс курорт" аталатын, Іле Алатауының етегінде, экологиялық таза ауданында орналасқан аталған тұрғын үй кешенінде тіпті бір бөлмелі пәтердің құны 29 миллион теңгеден басталатынына назар аударыпты. 

Медиа қауымдастық өкілдері, қоғам белсенділері Президентке жүгініп, бұл істе әділдікті қамтамасыз етуді сұрады. 

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына журналист Михаил Козачковқа қатысты жүргізіліп жатқан тергеу жұмыстарына орай бірқатар медиа қоғамдастық өкілі үндеу жолдады. Осыған байланысты бұл іс Қазақстан заңнамасына сәйкес тек құқық шеңберінде қаралуға тиіс екенін атап өту қажет. Бас прокуратура тергеудің заңдылығын қадағалауды қамтамасыз етуге және заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті түсініктемелер беруге міндетті. Қазақстан азаматы ретінде журналистің барлық заңды құқығы толық сақталуға тиіс", – деп хабарлады Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай.

20 желтоқсанда Алматы қаласының тергеу соты Михаил Козачковтың тергеудің жүру уақытына, екі айға қамауға алынғанын хабарлады.  Козачков 2023 жылғы 18 ақпанға дейін тергеу изоляторында отырады. 

Сотқа дейінгі тергеу аясында 5 қатысушы қамауға алынды. Ұйымдастырушы Қоспаев Елдос, сондай-ақ оның сенімді адамдары Имашев Ерлан мен Шалин Русланға іздеу жарияланды. Оларға қатысты сот сырттай бұлтартпау шарасын – қамауға алуды санкциялады. 

Өтепов ісі

Дәл "жаңажылдық мереке" қарсаңында, Орал қаласындағы ең танымал блогерлердің бірі Аслан Өтеповтың тұтқындалғаны туралы хабар көп қаралған және көп пікірге арқау болған ақпаратқа айналды. Блогер өзінің ұсталуына қоғамдық қайраткерлігі себеп болды деп есептейді.

31 желтоқсанда Орал қаласының тергеу соты А.Өтеповты қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасын қабылдау туралы прокурордың өтінішін қарады. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, тергеуді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті бастаған. 

"Тергеу нұсқасы бойынша Өтепов жергілікті кәсіпкерге көкөніс дүңгіршегін ашу үшін жер учаскесін жалға алуына көмектесуді ұсынған. Әйел оған 800 мың теңгесін берген. Прокурордың айтуынша, блогер ол ақшаны жеке мақсаттарына жұмсап жіберген. Бұл ретте зардап шегушіге ол қаржыны әкімдіктегі лауазымды тұлғаларға тапсыратынын жеткізген. Мамыр айында әйел жер учаскесіне қол жеткізді. Прокурордың мәліметінше, мамырда Өтепов Ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінде уақытша сауда павильондарының жұмыс істеуіне келісім алған", – деп жазады "Мой ГОРОД" порталы. 

Қадағалаушы органның мәлімдеуінше, Өтепов кәсіпкерден аренданың уақытын ұзарту үшін тағы 300 мың теңге сұратыпты. 30 желтоқсанда, ақшаны алу үстінде Өтепов ұсталды. Оған алаяқтық және пара беруге айдап салу күдігі таңылды. 

Прокурор Өтеповты тергеу уақытына, екі ай мерзімге қамауда ұстауға өтініш білдірді. Оның байламынша, күдікті жасырынуы мүмкін. Бұған қоса, Өтеповтың зайыбы зардап шеккен әйелден шағымын кері қайтарып алуды сұрапты, прокурор мұны қысым көрсету деп санайды. Өтепов өзін бостандықта қалдыруды өтінді. 

"Мен қоғамға еш қауіпті емес азаматпын. Мені бүкіл қала, Қазақстан біледі. Менің әйелім қарсы тарапқа қысым көрсеткен емес. Олар бірін бірі біледі. Ол тек шағымын кері алуды ғана өтінген. Мен бет-жүзім белгілі медиалық адаммын, ешкімнен жасырынған емеспін. Кәмелетке толмаған үш балам бар... Екі ай ішінде әлдене бола ма деп қауіптенемін, мені тіпті ол жақта өлтіріп тастаулары мүмкін. Бұрын соған талап жасалған. Егер орны толмас оқиға болса, мұны бүкіл Қазақстан сіздерге кешірмейді", – деді Аслан Өтепов.

Мұны естіген судья оның өміріне қастандық жасаудың шынайы фактілері болды ма деп сұрады. Өтепов соған қатысты полицияға өтініш жазғанын және ол шағымы ресми тіркеуге алғанын мәлім етті. Өтеповтың адвокаты Шағатаев оның қорғалушысының тұтқындалуын арандатушылық деп бағалайтынын мәлімдеді және судьяны Өтеповтың Instagram парақшасымен танысуға шақырды: блогер "трамадол патшасымен" көп айдан бері күресіп келеді деді. Блогердің күш салуы арқасында трамадол уыты қатты заттардың тізіміне енгізілуі мүмкін екен. Бұл жоғары жақтағы белгілі бір адамдар ұнамапты-мыс. Адвокат кәсіпкер әйелдің Өтеповке заңдық кеңесші ретінде кеңес сұрап, ақшаны да сол қызметі үшін бергенін нықтады. 

Соған қарамастан, сот Өтеповты екі айға қамауға шешім қабылдады. 

Жалпы, Аслан Өтепов шынымен белгілі бір дәрежеде танымал блогер. Батыс Қазақстан облысының Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті де өз жұмысында А.Өтеповтың тұтынушылардың құқығын қорғаудағы іс-әрекеттеріне, тергеп зертеулеріне сілтеме жасады. Мысалы, ведомство 3 қарашада оралдық заңгер, қоғам қайраткері Аслан Өтепов қытайлық тауарды – арзанқол массаж-жамылғыларды он есе қымбатқа, жүздіген мың теңгеге өткізіп жібермек болған "Silk-A" фирмасының тұсаукесер өткізуіне кедергі жасап, қараңғы жұрттың қаражатын қалтасына басу талабына тоспа құрғанын мақтап жазды. Қоғам белсенділері полицияны шақыртыпты. Алаяқтар Ресей азаматтары болып шықты. Департамент "Akdeer" ЖШС, "Vip Events" ЖШС, "AiSap" ЖШС және басқа компаниялардан 70-тен аса арыз иесіне сот арқылы 53 млн теңге қаржысын өндіріп алуына жәрдемдесті. Дегенмен, кім білсін, жақсылық жасаудан табыс та табуға тырысуы блогерді жарға жығуы ықтимал.

Жалпы, бұл қоғамда дүрбелең тудырған деректер ғана. Соның алдында блогер Денис Кривошеев те журналистке жала жапқаны үшін 364 мың теңгеге айыппұл арқалаған. 2022 жылғы 22 желтоқсанда блогер Азамат Сәрсенбаев Маңғыстау облысындағы Қаракөл көлінде өлі аққулардың суретін түсіріп, таратқаны үшін өзіне айыппұл салынғанын хабарлады. 

Әрине, байлардан, депутаттардан, басқасынан ақша дәмететін блогерлердің бары жасырын емес. Сонымен бірге әрбір блогердің Қазақстан азаматы ретінде барлық заңды құқығы толық сақталуға тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу