Осы орайда inbusiness.kz сайтының тілшісі ұрпақ тәрбиесі жайында Qazbilim group компаниясы басқарма төрағасы, ұстаз Аятжан Ахметжанұлының пікірін тыңдап көрді.
Бізде тәрбие неге бұзылып кетті?
Сала маманының айтуынша, бүгінгі ұрпақ құндылықтар соғысының құрбаны болуда. Сондықтан да, балалардың сөйлеу мен ойлау дұрыс бағытта дамымай отыр.
– Әлеуметтік желілерде жаға ұстатып, бет шымшытар алуан түрлі оқиғаны көрген кезде, білім саласының маманы, тәрбиемен айналысып жүрген адам ретінде маған ата-аналар "Бізде тәрбие неге бұзылып кетті?" деп жиі сұрақ қояды. Неге сұмдық көбейді? Өйткені, бізде тәрбие жүйесі бұзылып кетті. Нақтырақ айтқан кезде бүгінгі ұрпақ құндылықтар соғысының құрбаны болып жатыр. Ес білгенде жылқының жалында ойнайтын қазақтың баласы бүгін бесіктен белі шықпай жатып, телефонның "құлағында" ойнайтынды шығарды. Балаларымыз кішкентайынан-ақ әлеуметтік желінің апанына кіріп, әртүрлі қатыгездік пен жантүршігерлікті, қызылды-жасылды, біреуі қытайша, екіншісі ағылшынша, енді бірі орысша, жалпы алғанда әрқайсысы әртүрлі дүниені күні бойы қызықтайтынды шығарды. Баланың ойлау мен сөйлеу жүйесі бұзылды. Әлі ойлау тілі қалыптаспаған бала телефоннан ағылшынша, маңайынан орысша, отбасынан қазақша сөз естігенде, санасы қай тілде қалыптасатынын білмей дүбәраға айналды, – деп ашынады ол.
"Баланы телефон тәрбиелеп жатыр" деген пікірдің айтылып жүргеніне біраз уақыт болды. Өкініштісі, осы сарындағы ойын ашық жеткізіп, қаупін сезінетін ата-аналардың өзі телефонға тосқауыл қоя алмайды.
Ұстаз Аятжан Ахметжанұлы "отбасында ортақ әңгіме таппаған баланың тәрбиені сырттан іздейтіні белгілі жайт" деп отыр.
– Бұрын үйімізге қонақ келсе, әке-шешеміз "үлкендердің ақылын, әңгімесін тыңда" деп отырғызып қоятын, сонда дастарқан басында келген кісілердің жақсы әңгімесіне қанық болатынбыз. Шайдан соң, қолына су құйып, батасын алатын едік. Әрине, жақсы сөз – жарым ырыс. Қазір қонақ келсе, баласының қолына телефон беріп, "мынаны көріп, тыныш отыр, бөлмеден шығушы болма" дейтін жағдай қалыптасты. Яғни, баламызды жақсы әңгіме тыңдатуға да мұрсат жоқ. Одан қалды бұрын отбасында жақсы әңгімелер айтылатын, мазмұнды кітаптар оқылатын. Бүгін ше? Бүгінде отбасындағы 3 адам 3 телефонмен, 5 адам болса, 5 телефонмен отырады. Өкініштісі сол, отбасында ортақ әңгімелер сұйылып барады. Енді отбасынан әңгіме таппаған бала оның бәрін сырттан іздейді, тәрбиені сырттан алады. Бұрын отбасы дұрыс емес шаңырақта тәрбиеленген баланы "ол баланы көше тәрбиелеген, ата-анасынан тәрибе көрмеген" дейтін әңгіме бар еді. Бүгінгі күні барлық баланы көше тәрбиелейтін, барлық баланы телефон тәрбиелейтін күйге жеттік. Солай бола тұра, оның салдарынан әлеуметтік желідегі шығып жатқан әртүрлі оқиғаны таңғалыспен қабылдауымыз мүмкін. Әрине, күлкілі. Балаңыз үлкейіп келе жатқан кезде біз "балаға үлгі-өнеге көрсетерлік не жасап жүрміз?" деген сұрақты өзімізге қойсақ бола ма? Бір уақыт баламызбен сөйлесеміз бе, серуенге шығамыз ба? Бәрі де – бүгінгі отбасының сұрағы, – деп сөзін жалғады ол.
Тыйым мен тәрбиені шатастырып алдық...
Білім саласының жанашыры қоғамдағы сан түрлі идеология балалардың дел-сал күйде қалуына ықпал етіп жатқанын жеткізді. Балаға не жетіспей жатқаны да айтылды.
– Қазақтың әйгілі бард ақыны Табылды Досымовтың сөзімен айтсақ, "Тау баласы тауға қарап ұлиды, Қыр баласы қарайды екен аспанға" дейтін едік. Тау да, дала да – кеңістік. Қазақ баласы аттың жалында жүріп, кеңістікпен тәрбиеленетін. Ал бүгін ол кеңістік те жоқ. Қалада, 1-2 бөлмелі үйде, компьютердің ішінде кеңістік жоқ. Яғни, балада дарқандық пен кеңдік жоқ. Ал, біз баладан оны сұраймыз. Енді баламыз үлкейді деп қарайық. Бала үлкейген кезде қоғамда алуан түрлі идеология анталап, аш қасқырдай аузын ашып келе жатыр. Біреу дінін, біреу жынын сүйреуде. Бітпес сұрқия идеологиялардың кесірінен бүгінгі ұрпақ кімнен тәрбие аларын білмей қалды. Шығысқа қараса, Кореяның хип-хобы, батысқа қараса жалаңаштанған идеологиясы. Мына жаққа қараса, арабтың діні, дінге оранған жыны, – дейді Аятжан Ахметжанұлы.
Қоғам белсендісі "қазір тәрбие мен тыйымды айыра алмай қалдық" деп отыр. Сондай-ақ, әр ел өз идеологиясын тықпалап жатқаны да белгілі. Демек, қазір қауіп шекарадан оңай өтетін болған.
– Қазақстанда не жоқ дейсіз? Бұрын Тәуелсіздік, Азаттық деген дүние шекарамен өлшенетін еді. Бүгін олай емес. Біз бен сіздің санамызды ақпараттық шабуылмен улап жатыр. Ақпараттың ғасыры. Енді ойлаңызшы, осындай алуан түрлі идеологиямен тәрбиеленіп жатқан ұрпақты біз кінәлауға хақылымыз ба? Соны дұрыстау үшін не істеп жатырмыз? Отбасымызда балаға қанағаттанарлық әңгіме айттық па? Ақылымызды жеткіздік пе? Тыйым мен тәрбиені шатастырып алмадық па? "Жақсы бол, дұрыс жүр, темекі шекпе, арақ ішпе!" деген сөзді тәрбие деп қарайтын болдық. Бұл тәрбие емес, тыйым! Ал, тыйымға келетін болсақ, қазақ айтады "ит қорыған жерге өш" деп. Бала "істеме!" деген нәрсеңді істеп көруге әуре болады. Біз де бала болғанда сөйттік емес пе? Тығып қойған тәттіні ұрлап жегенді жақсы көретінбіз. Өйткені, істеме деген дүние қызық көрінетін. Ал, тәрбие деген не еді? Тәрбие өнегелі іс еді. Қазақ "сиыр су ішсе, бұзау мұз жалайды" дейді. Бұл тәрбиенің қазақтағы үлгісі болатын. Яғни, "балаң бір нәрсені істесін десең, өзің істеп көрсет!" деген белгі еді. Бүгінгі баланың қолындағы неше түрлі жынойнағы бар телефонға, аузын арандай ашып тұрған аждаһа әлеуметтік желіге оған керек контентті толтырып жатырмыз ба? Өкініштісі сол, әлеуметтік желідегі мультфильмдердің неше пайызы қазақ тілінде? Немесе неше пайызы қазақ идеологиясына сай келеді? Тіпті, пайыз деп айтудың өзі ұят шығар. 0,00001 деген де жауап алуыңыз мүмкін. Ал мемлекеттің идеологиясы ше? Мемлекетте ол бар ма? Кейде бұл сұрақ мені де ойландырады. Өйткені, мектебінде идеологиясы жоқ мемлекеттің өзінде идеология бар деп ойламаймын, – деп күйінішін білдіреді ұстаз.
Телефон тәуелдігіне қарсы емес ата-аналар да бар
Аятжан Ахметжанұлы – ұлттық мектеп қалыптастыруда аянбай еңбек етіп жүрген жан. Қазақ балаларының барынша сауатты болуын қалайтын ол оқушылардың білім алуына телефоннның тигізіп жатқан зиянына тоқталып өтті.
Сондай-ақ, өзі басшылық ететін Qazbilim ұлттық лицейлерін "телефонсыз мектеп" етуді бастағаны сүйіншілейтіндей-ақ жаңалық болып отыр.
– Бүгінгі оқушылардың ең ауыр жағдайы – телефонға кіріп кету. Үзілісте, сәл қолы бос бола қалса, телефондағы ойынға шұқшиған балаларды көріп шошимын.
Тамақты асығыс іше салып телефонға жүгіреді, сабақ бітер-бітпес телефонға кіріп кетеді. Ал, телефондағы ойыннан кейін біраз уақыт баланың зейінін сабаққа аудару өте қиын болады.
Ресми психологтар мен зерттеуші мамандардың тұжырымына сүйенсек, телефонға тәуелділік оқушының зейінін шашыратады, есте сақтау қабілетін нашарлатады, мінезін өзгертеді, адами қарым-қатынасын азайтады, көздің және мидың қалыпты жұмыс істеу қабілетін бұзады. Зияны өте көп. Бұрын қатты елемейтін едім, қазір тіпті ауырлап кеткен екен.
Өткен айлардың бірінде ата-аналарға "телефонсыз мектепке айналайық" деген ұсыныс тастап, сауалнама жасадым. 90% ата-ана қос қолын көтеріп қолдады. 2-3% ата-ана бәрібір десе, 7-8% ата-ана баласының телефон тәуелдігіне қарсы емес, телефон жинап алуға қарсы болып шықты.
Сонымен ата-аналарымыздың басым көпшілігінің қолдауымен, әріптестеріміздің қолдауымен Qazbilim ұлттық лицейлері 2024 жылдың 20 желтоқсаннан бастап, "телефонды таңда жинап алып, кешке таратып береміз" деген шешімге келдік.
Мектепте телефонсыз өмір өткізетін боламыз. Бұл мектептің білім мен тәрбие беру үдерісіне оң әсер етіп, оқушыларға пайдалы болады деп сенемін! – деп сөзін қорытындылады ол.
Жалпы, мектепте телефонға рұқсат бермеу әлемде 25-тен аса мемлекетте бар үрдіс екен. Оның бәрі – білім сапасы жоғары елдер. Сондықтан, мұның дұрыс қадам екенін көпшілік те ұғынуы тиіс.