Таразда пәтер бағасы күрт қымбаттаған

7586

Бұған дейін еліміз бойынша Тараз баспана бағасы арзан қалалар санатында болған. 

Таразда пәтер бағасы күрт қымбаттаған

Үйлердің нарықтағы пұлы ғана емес, мемлекеттік бағдарламалар арқылы сатылатын пәтерлерде де өскен, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Айталық, "Нұрлы жер" бағдарламасының "Кредиттік баспана" бағытымен Тараз қаласындағы 15-шағын ауданның пәтерлерінің шаршы метрі алғашқыда 116 мың теңге болса, кейін 140 мың теңгеге көтерілді. Ал 2020 жылы маусым айында бұл 160 мың теңгеге жетті.

Ал Жамбыл облысы Қазақстан бойынша жалақы мөлшері төмен аймақтар қатарына жатады.

Тұрғын үйге қатысты мемлекеттік бағдарламалардың операторы – "Отбасы банкі" АҚ Жамбыл облыстық филиалының бөлім басшысы Бердияр Құттыбаевтың сөзінше, Тараз қаласындағы 15-шағын ауданның пәтерлері құнының 140 мың теңгеден 160 мың теңгеге көтерілуінің себебі құрылыс материалдары бағасының өсуімен байланысты.

"Былтырғы 8 маусымнан бастап баға бағамы өзгеріп кетті. Алайда мұндай өзгеріс бекітілмей тұрып тендер ойнатылған, құрылыс жұмыстары қазір жүріп жатқан кейбір үйлердің пәтерлерінің шаршы метрі бұрынғы бағамен, яғни 140 мың теңгемен рәсімделеді. Негізі, 15-шағын аудандағыдай арзан баға еліміздің ешбір аймағында жоқ. Мұны да ескеру қажет", – дейді ол.

"Отбасы банк" АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Гүлзат Бекназарованың айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар көбірек ұсынылған сайын, тұрғындардың да кезекке тұру белсенділігі жиілей береді. Қазіргі таңда арнайы портал жүйесі арқылы күніне орта есеппен 11-14 адам тіркеліп жатыр екен.

"Мәселен, көпбалалы, толық емес немесе мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы ретінде әкімдікте кезекте тұрғандар үшін "Бақытты отбасы" бағдарламасы аясында 3 млрд 325 млн теңге несие беріліп, Жамбыл облысында 356 отбасы баспаналы болды. Бұл құжаттың шартына сәйкес, заем мөлшері – 2 %, ең төменгі бастапқы жарна – 10 %, мерзімі – 20 жылға дейін. Мұнда тұрғындар жаңа пәтер, қолданыста болған пәтер немесе жеке тұрғын үй аламын десе де, таңдау өз еркінде. Бағдарламаға қатысуға 2020 жылы 362 өтінім түсті", – деді филиал директоры.

 

Аймақтағы салаға жауапты мамандар Жамбыл облысы аумағында үй кезегінде 32 мың адам тұрғанын айтады. Ал биыл 30 несиелік тұрғын үй құрылысын жүргізу жоспарланған.

Сарапшылар Тараз қаласында пәтер құны былтырғы наурыздан бастап қымбаттағанын айтады. Баға 17-20 %-ға өсіпті, яғни  шаршы метрі 147-160 мың сатылып тұрған пәтерлер 190-210 мың теңгеге бір-ақ көтерілген. "Юг- недвижимость" риэлторлық компаниясының жетекшісі Юрий Пактің пайымынша, Тараз қаласында басапана бағасы жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың енуінен қымбаттап отыр.

"Мемлекет әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға 8-10 %-дық үстемемен пәтер сатып алып беруде. Енді 8-9 млн теңгелік пәтерлер 13-14 млн теңгеге сатылады. Бұл жағдайда пәтер сатушылар ұтып жатыр. Мұны қолдан жасалған қымбатшылық деп білемін. Меніңше, жақын арада баға бағамы қайта төмендейді. Өйткені қалада іргесі қаланған үй көп. Әдетте үйдің құны орташа жалақы көлемімен бірге көтерілетін. Алайда қазір жалақыда өзгеріс жоқ, бірақ пәтер қымбат. Тіпті, ақылға қонымсыз жағдай", – дейді ол.

Алыпсатарлар бағаның өсуіне қарамастан, ипотекамен үй алушылар саны азаймағанын да жеткізді. Құжаттардың 80 %-ы екінші қолданыстағы ипотекалық пәтерлерге рәсімделіп жатқан көрінеді.

"Ілгеріде еліміздегі ең арзан пәтерлер Тараз қаласында еді. Қазір біздегі үйдің құны Ақтөбе, Семей, Қызылорда, Талдықорған қалаларынан қымбат. Десе де, былтырғы желтоқсан айынан бастап бағаның аз-маз төмендегені байқалады", – дейді Юрий Пак.

Әсел Мұратбекқызы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу