Тариф өссе, тарығып қалмаймыз ба?

2198

"Атамекенге" жиналған бизнесмендердің жанайқайы осы болды.

Тариф өссе, тарығып қалмаймыз ба?

"Атамекен" палатасында темір жол көлігіндегі жүк тасымалы қызметтерінің тарифтерін көтеру жайын талқылауға арналған жиын өтті.

"ҚТЖ" АҚ президенті Қанат Алпысбаевтың сөзінен түсінгеніміз, Еуразиялық экономикалық одақтың біртұтас көлік кеңістігінде қалыптасқан жағдай осындай келеңсіз шешім шығаруға мәжбүрлеп отыр.

"Тариф мәселесін қозғауға, турасын айтсақ, бос вагон паркінің қысқаруы әсер етіп отыр. Мысалы Ресейде 100 мыңнан астам вагон қолданыстан шығарылып үлгерді. Ал ҚТЖ дәстүрлі түрде жалпы жүк тасымалының 40%-ын қамтамасыз етіп келе жатқанын ескерсек, бүгінгі таңда жылжымалы құрам паркінде белгілі бір кілтипандар туындап отыр. Жиынға қатысушылар да ахуалдың күрделілігін сезініп үлгерді деп ойлаймын. Сонымен қатар ашық вагондарға баға мөлшерлемесі көбеймесе, азаяр емес. Мәселен Ресейдегі әріптестерімізде вагонға мөлшерлеме тәулігіне 1300 рубль болса, біздегі жекеменшік тасымалдаушылар шынтуайтында 5500-6000 теңге баға белгілеп отыр. Алдағы жылы нарық қажетті вагон құрамдарымен толықтай қамтамасыз етіледі деу қиын. Өйткені көрші елде күрделі жөндеу түрлері арқылы теміржол техникасының қызмет ету мерзімін ұзарту күн тәртібінде тұрған жоқ және де оған заңмен тыйым салынған. Сондықтан келесі жылғы тапшылық кезінде қалай жұмыс істейтіні тереңінен таразылануы тиіс", – деп мән-жайға қанықтырды ұлттық компания жетекшісі.

Қанат Алпысбаев магистралды желі қызметінде ұзақмерзімді межеде тарифті жылына орташа алғанда 4%-ға өсіру көзделсе, локомотив тартымында инфляциялық дәліздің назарда ұсталатынына сендірді. Сондай-ақ вагон паркі жетіспеушілігі ауыртпалығын жеңілдетуде көптеген ірі өндіріс иелерімен, яғни белді жүк жөнелтушілермен келіссөздер басталған.

"Әрине ішкі әрі экспорттық қатынаста вагон құрамдасы бөлігін есептеуде сан алуан ынтымақтастық тетіктерін қарастыруға әзірміз, дегенмен өзімізге шығын әкелетін, қарызға батыратын жағдайда жұмыс істемейтініміз анық. Қосымша табыс көзін таппайынша, іс жүзінде вагондар қарасы да қалыңдамайтыны даусыз. Тариф тұрғысында сол баяғы Ресей Федерациясымен салыстырсақ, айырмашылық жер мен көктей, оларда екі есе жоғары. Дизель отынын, жанар-жағармайды, мемлекет реттеуден бас тартқандықтан, нарықтың көтеріңкі бағасымен сатып алып отырмыз", – деп шағымданды "ҚТЖ" АҚ президенті.

Қанат Алпысбаев биылғы жылдың 23 желтоқсанында электронды алаңда өткен қызу сауда кезінде Екібастұз стансасынан Ресейге көмір экспорттайтын "Қазтеміртранс" компаниясының 130 вагонымен "Богатырь-транс" АҚ жеңімпаз танылып, бір вагонның тәуліктік бағасы 6360 теңгеге жеткенін мәлімдеді. Сәйкесінше Қазақстан темір жолы келесі жылы қолданыстағы меншікті жылжымалы құрам айналымына қосымша қазақстанда өндірілетін бірнеше мың ашық вагонды жұмылдыруды мақсат тұтады. Бұл қадамды еңсеру үшін қыруар қаржы іздестіріліп жатыр.

Тау-кен және металлургия кәсіпорындары республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец барша жүк жөнелтушіні вагон жетіспеушілігі мәселесін егжей-тегжейлі сараптауға, жағдайды қырағы бақылауда ұстауға шақырды.

"Бизнес иелері ҚТЖ қанша жүк көлемін тасымалдауға қауқарлы екенін ертерек анықтап, әрі қарай өздері меншікті вагондарын кәдеге жаратуда белсенді іс-әрекетке кіріскендері жөн. Бәлкім алдағы бес жылдағы жоспарға түзету енгізіп, салық жеңілдіктерін жасау қажет шығар. ҚТЖ локомотив тартымына тарифті 10% көтерген дұрыс деп санаса, біз инфляция деңгейінен жоғары шарықтап кетпейтіндей, 7% шекте тоқтаған жөн деген пікірдеміз. Екіншіден ірі кәсіпорындармен жария меморандумдарға қол қойылып, темір жол тарабы жүк жіберушілермен ымыраға келсе, жағдай орнығады. Жеке паркті пайдалану коэфициентін де жақсартайық. КҰП осы тұста қос тараптың тиімді қимылын үйлестіруші рөлін мойнына алса. Мүмкін уақытша науқанға ұмтылып, артық вагондар алып қойса ше? Келесі мәжілісте жаңа нарықтағы ойын ережесін құрсақ деген өтініш бар", – дейді қауымдастық басшысы.

Қанат Алпысбаев қарамағындағы ұлттық компания жауапкершілікті тең көтеруге келіскенімен, кейбір жекеменшік экспедиторлық фирманың адалдығына күмән келтіріп, алаяқтық көріністерден жалпы абыройға нұқсан келетініне қынжылды.

Қазақстан май одағының президенті Тұрлан Қойшыбаев тарифті көтеру талпынысына қарсылық білдіріп, ең бірінші кезекте халықтың сатып алу қабілетін ескеру керек екенін еске салды.

"Май өнімдерін халық жаппай қолданатынын келтірер болсақ, темір жол тасымалына жұмсалатын қаражат азық-түліктің түпкі бағасына салқынын тигізіп, еріксіз түрде қымбаттайды. Сондықтан аса нәзік мәселеге абай болып, ҚТЖ-дағы басы артық шығынды қысқартқан жөн шығар? Бұған дейінгі несиесін өзі төлесін. Әйтпесе тұтынушы наразылығына ұшырағымыз келмейді", – дейді одақ басшысы.

Химия өнеркәсібінде аммиак селитрасын шығарумен шұғылданатын "Қазазот" ЖШС өкілі келесі жылдың қаңтар айынан бастап өнімдерін ауыл шаруашылығы тыңайтқышы ретінде темір жолмен жеткізу қолға алынатындықтан, өздері үшін көтеріліп отырған мәселенің маңызы зор екенін айтып, оң шешімге үміт білдірді. Оның "Тарифті көтеруге жолаушы тасымалының не қатысы бар?" деген сұрағына, жолаушы тасымалы әлеуметтік мәніне қарай мемлекет үнемі субсидиялап келе жатқанымен, шығынның бір бөлігі жүк тасымалы есебінен жабылатыны айтылды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу