Тариф тағы да өсе ме?

2881

Осы жылдың 1 сәуірінен бастап энергия өндіретін ұйымдардың тарифі орташа есеппен 15 пайызға қымбаттады. Өзге де қызметтердің бағасы өсуі мүмкін. 

Тариф тағы да өсе ме?

Түпкілікті тұтынушыға, яғни қарапайым халыққа жол тартатын электр энергиясының баға құрылымына бірнеше ұйымның әсері бар, деп жазады inbusiness.kz. Сондықтан тариф бекітілген кезде үш түрлі шығын ескеріледі. Бірінші – стансалардан электр энергиясын сатып алу. Тариф құрылымының 50 пайыздан астамы осыған жұмсалатын шығындардан тұрады. Мұны "Электр энергетикасы туралы" заңға сәйкес, Энергетика министрлігі өзге мекемелердің келісімінсіз бір өзі бекітеді. Екінші – электр энергиясын беру. Аталған шығынның тариф құрылымындағы үлесі шамамен 40 пайызды құрайды. Бұл бес жылға бекітіледі. Бекітетін – Табиғи монополияларды реттеу комитеті. Тек шамамен 5 пайызы ғана энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың өндірістік шығындарына жұмсалады. Мұны да Табиғи монополияларды реттеу комитеті бекітеді.

Жоғарыда айтқанымыздай, осы жылдың 1 сәуірінен бастап Энергетика министрлігі электр энергиясын өндіретін 37 компания үшін шекті тарифтерді 15 пайызға өсірді. Енді энергиямен жабдықтаушы ұйымдар да тарифті көбейтуге ұсыныс тастауы мүмкін. Өйткені электр энергиясын өндірушілер тарифті көтерген соң, түпкілікті тұтынушыға жол тартатын электр энергиясының 1 кВТ/сағаты шамамен 13 пайызға қымбаттайды деген болжам бар.

Жалпы, елдегі электр энергиясының қымбаттауына ең алдымен өндірушілер үшін бекітілетін шекті тарифтердің өсуі түрткі болады екен. Ал бұл тарифті Энергетика министрлігі көтереді. Мәселен, 2019 жылдың 1 қазанынан бастап электр энергиясын өндірушілерге арналған шекті тариф орташа есеппен 15,7 пайызға қымбаттаған. Тиісінше, электр қуатының жүктемені көтеру дайындығын қамтамасыз ету қызметтерінің құны 30 пайызға артты. Осының салдарынан 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап түпкілікті тұтынушы игілігін көретін электр энергиясының құны 8 пайызға шарықтап шыға келді. Электр энергиясын өндірушілерге арналған шекті тариф былтыр да көтерілді. Естеріңізде болса, шекті тариф 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап орташа есеппен 17 пайызға өсті. Бұл жағдай да түпкілікті тұтынушыға жол тартатын электр энергиясының бағасын 7 пайызға қымбаттатып жіберді.

Энергетика вице-министрі Қайрат Рахымовтың айтуынша, электр энергиясын өндірушілерге арналған шекті тарифті көтеруге жаңғырмалы энергия көздеріне арналған үстемеақының жыл сайын өсуі, валюта бағамына байланысты теңселіп тұратын импорттық материалдар мен қосалқы бөлшектер шығынының ұлғаюы, көмір бағасының қымбаттауы, газ тасымалдау бағасының өсуі негіз болған.

Бұл ретте түпкілікті тұтынушыға баратын өнімнің тарифін көтермегені үшін Табиғи монополияларды реттеу комитетін сотқа беретін электрмен жабдықтаушы ұйымдар бар. Мәселен, былтыр 1 шілдеден бастап электр энергиясын өндірушілерге арналған шекті тариф 17 пайызға қымбаттады. Бұл жайлы жоғарыда айттық. Міне, осыдан кейін "Астанаэнергосбыт" ЖШС Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Нұр-Сұлтан қалалық департаментіне түпкілікті тұтынушыға баратын электр энергиясының тарифін 22 пайызға қымбаттатуға өтінім берді. Елдегі жағдайды ескеріп департамент тарифті бар болғаны 5 пайызға ғана көтеруге рұқсат берді. Бірақ бұл жағдай "Астанаэнергосбыт" ЖШС-ін қанағаттандырған жоқ. Сөйтіп компания комитеттің Нұр-Сұлтан қалалық департаментін сотқа берді.

Электр энергиясын өндірушілерге арналған шекті тариф өсті. Артынша электр энергиясымен жабдықтайтын ұйымдардың тарифі қымбаттады. Осымен тынса жақсы ғой. Жоқ, қайта осының салдарынан басқа да тарифтердің құны көтеріледі. Айталық, сумен жабдықтау, су тарту, жылумен жабдықтау қызметтерінің тарифі қымбаттайды.

Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласындағы сумен жабдықтау және су тарту тарифтерінің дәл осы жолмен көтерілгенін жақсы білеміз. Мысалы, "Астана су арнасы" кәсіпорнының тарифті өсіруіне "Астана-Энергия" АҚ-тың электр энергиясының құнын қымбаттатуы себеп болған. Соңғысы электр энергиясын өндіруші ұйым болып саналады. Компания осы жылдың 1 сәуірінен бастап бағаны 26 пайызға, яғни 1 кВт/сағаттың құнын 6,17 теңгеден 7,77 теңгеге дейін көтерген. Сумен жабдықтау және су тарту қызметтері үшін электр энергиясы – стратегиялық тауар. Оның аталған қызмет түрлеріне тікелей әсер ететіні де сондықтан. Сөйтіп түпкілікті тұтынушы үшін судың тарифі 6,5 пайызға өсті. Бұл дегеніміз – 2,91 теңге. Ал су бұру тарифі 6,9 пайызға немесе 2,42 теңгеге қымбаттады.

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу