Тариф үшін Air Astana-мен текетірес немен аяқталады?

3403

Азаматқа жарты жыл бұрын билет сатқан әуе компаниясы оған алғыс айтып, банк сияқты қаржысына үстеме сыйақы қосып қайтаруы керек! – деп санайды депутаттар.

Тариф үшін Air Astana-мен текетірес немен аяқталады?

Қазақстанда жолаушылар мен әуе компаниялары әртүрлі тілдерде сөйлейді. Яғни, бірін-бірі түсінер емес. Әуе тасымалдаушыларының билет құнын көтере беруі басқаларды айтпағанда, депутаттардың да шамына тиіп, ашу-ызасын коздырумен келеді. Ақыр аяғында олар әуе жолындағы алпауыттардың соңына шам алып түспекші. 

Жалпы, билет құнын өз білгенінше құбылта беретін әуе компаниялары үшін "қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған" бейқам заман аяқталғанға ұқсайды. Мәселен, үкімет басшысының өзі Air Astana-ның ішкі әуе қатынасы тарифін көтеруінің заңға сәйкестігін анықтап, заң жүзінде шара қабылдауды тапсырды.  

Қазіргі кезде Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияға қарсы комитеті әуе компаниясына қатысты тексеру жүргізу үстінде. Оның бастапқы нәтижесі Астана-Орал, Астана-Алматы секілді бірқатар бағытта ішкі әуе тасымалы тарифінің едәуір қымбаттағанын анықтап отыр. 

Қазіргі кезде табиғи монополияларды реттеу комитеті әуе қатынасының өзіндік құнын анықтауға тырысады. Алайда, Air Astana әуе компаниясы әуе тасымалын орындаудың өзіндік құны туралы деректерді беруден бас тартқаны мәлім. 

"Біз еншілес компаниясын рейстер жасаумен байланысты барлық есепті беруге міндеттеуі үшін "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына ресми сұрау бағыттадық. Осы деректер қолымызға тие салысымен монополиялық жағдайын теріс пайдалануы және монополиялық жоғары баға орнатуы бойынша ақырғы шешімді шығаруға болады", – дейді Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев. 

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев оған осы істі соңына дейін жеткізуді тапсырды. Осы күні авиабилеттің бағасын көтерген Air Astana-ның үстінен 3 әкімшілік іс қозғалды. Тергеу басталғаннан бері монополияға қарсы орган "Air Astana" АҚ-ына ақпараттар мен құжаттарды беруді талап еткен 3 сұрау жіберіпті. Бірақ, әуе компаниясы ол сауалдарға жөнді жауап бермеген, елемеген.

Бұл іске тікелей Үкімет басшысы араласқаннан кейін сең қозғалыпты. 8 қараша күні үкімет отырысынан шыққан Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы Серік Жұманғарин Air Astana-ға тергеу ісіне қажетті барлық сұралған құжатты беру үшін 5 күн уақыт кесілгенін мәлімдеді.   

– Біз бүгін Air Astana компаниясының есеп жүргізу саясатына сәйкес, сұрау жолдадық. Әуекомпаниясының оны ұсынуға бес күні бар. Барлық құжат қолымызға түскеннен кейін біз бағаларды салыстырып, есептеп, шешімдер қабылдаймыз. Тергеу қорытындысы жұртшылыққа ақпарат құралдары арқылы жария етіледі, – деді С.Жұманғарин.

Өз кезегінде, Ұлттық экономика министрі Қанат Бишімбаев "Самұрық-Қазына" қорында ұлттық әуе тасымалдаушының әрекеттері жеке қаралғанын жеткізді. Онда министрлік барлық құжаттарды алу туралы әуе компаниясы басшылығымен келісімге келіпті. Оның айтуынша, аталған компанияның монополиялық жоғарғы баға бекітуіне қатысты тергеу жалғасуда. 

Air Astana-ның Қазақстан мен ТМД-дағы сату жөніндегі директоры Серік Рыс-ұлының хабарлауынша, Air Astana компаниясы авиабилеттерінің бағасы биыл 22%-ға қымбаттапты.

– Биылғы қаңтар және шілде айлары аралығында біздің тариф орташа есеппен 22%-ға өсті. Біз Қазақстанда жағдайдың қиын екенін білеміз. Бірақ, әуекомпаниясы нарықтан тыс өмір сүре алмайды. Ал елімізде 100%-ға дейін жететін девальвация болды. Компания шығыстарының 60%-ы шетелдік валютаның үлесінде. Оған ұшақтарды, олардың құрама бөлшектерін сатып алу, персоналды оқыту және авиациялық керосин кіреді. Рас, біз оны теңгеге сатып аламыз. Бірақ, оның бағасы да долларға байланған, – деді Серік Рыс-ұлы.

Оның айтуынша, Air Astana тек бір Қостанай бағытында ғана монополист болып табылады. "Біз ол бағытқа ешкімді жібермей отырған жоқпыз, оның себебі – сұраныстың аздығында. Ал басқа бағыттар бойынша не бір, немесе үш бәсекелесіміз бар", – деді ол. 

Сонымен бірге, депутаттар бұл жерде басқа бір "гәп" барлығын айтады. Мысалға, елордадан Алматы, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Өскемен, Шымкент бағыттарында тек Air Astana мен SCAT қана ұшады. Ал Қостанайға, сондай-ақ Жезқазғанға, Қызылордаға, Павлодарға тек Air Astana-мен ғана ұшып бара аласыз. Қызылжар, Семей, Тараз қалаларына бас қаладан аттанатын жолаушыларға тек SCAT қызмет көрсетеді. Яғни, үлкен таңдау жоққа тән. Астанада жағдай осылай болған соң, басқа қалалардың ахуалын тіпті ауызға алу ұят.

Әуекомпаниялардың тағы бір бассыздығы – жолаушыларға көрсетпеген қызметі үшін ақы алуы болса керек. 

– Мәселен, әуе компанияларында құны толық қайтарылмайтын билеттер бар. Жарты жыл бұрын билет сатып алсаңыз, әуекомпаниясы оның құны қайтарылмайтынын ескертеді. Рас, көп ай бұрын сатып алсаңыз, билет құны анағұрлым арзанға түседі. Бірақ, сол уақыт ішінде өмір жағдайлары өзгеріп кетуі, жолай туындаған себептер сапардан бас тартуға мәжбүрлеуі мүмкін. Бірақ, қаржыны әуе тасымалдаушысы қайтармайды және Қазақстан азаматын бұл құқығынан айырады. Бұл қалыпты нәрсе емес. Менің ойымша, бұл – алаяқтықтың бір түрі, – дейді саясаттанушы, сарапшы Павел Казанцев.

Осыған орай Мәжіліс депутаты Тарас Хитуов парламентке енгізілген "Кейбір заңнамалық актілерге әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасына түзету ұсынды. Ұсынысқа сәйкес, "жолаушы сатып алған билетін қайтаруға және билет бағасының 30%-ынан аспайтын айыппұл санкциясы ғана ұсталып, қалған төленген ақшасын қайтарып алуға құқылы" болады. 

Алайда, бұған әуе тасымалдаушыларының бәрі қарсы болып отыр. Бүгінде олар бұл норманы жаңа заң жобасына енгізбеу үшін барлық лоббисін (қолдаушысын) жұмылдырып отыр деген әңгіме бар. 

Қазақстан авиатасымалдаушылары қауымдастығының төрағасы Владимир Куропатенко құны қайтарылмайтын билеттерді жоюға үзілді-кесілді қарсы екенін айтады.

– Әрине, жолаушыларды қорғау қажет-ақ. Бірақ, қызыл сезімге сонша берілудің де қажеті жоқ! Әуе компаниялары әрбір ұшып-қонғаны үшін әуежай қызметіне алдын-ала ақы төлейді, авиациялық отын сатып алады, аэронавигация қызметіне төлейді. Бірнеше ай бұрын билет алған адам одан бас тартса, оның орны сатылмай, бос кетеді. Мен жолаушы ретінде бұл бапты құптар едім. Бірақ, қауымдастық жетекшісі ретінде оған табанды түрде қарсы шығамын! – деді В.Куропатенко. Ол дереу ресейлік "Аэрофлоттың" да, басқа әлемдік компаниялардың да осы тәжірибені ұстанатынын мысалға келтіре қойды. 

Әйтсе де, Мәжіліс депутаттары бұл дәйектеменің негізсіз екендігіне сенімді. 

"Азаматқа жарты жыл бұрын билет сатқан авиакомпания осы уақыт бойы оның қаржысын айналымға салып, қызығын көреді. Адамның өмірінде әрқилы жағдай болып тұрады. Нәтижесінде, артынан ол сол қаржысын қайтарып алғысы келсе, әуе компаниясы оған айыппұл санкциясын қолданып, толық қайтармауға тырысады. Әділет қайда? Қайта, әуе компаниясы әлгі азаматқа алғыс айтып, банктер сияқты қаржысына үстеме сыйақы қосып қайтаруы керек! Сол айлар бойы айналдырып, бизнесін өркендетуге қаржы салған инвестор ретінде оған дивиденд төлеуі қажет!" – дейді депутат Омархан Өксікбаев.

Айтқандай, алған билетін пайдаланбай, құнын қайтаруды талап етуші үлесінің тым аздығы анықталды. Яғни, бұл фактор әуе тасымалдаушысын шығынға отырғызбайды, немесе банкротқа ұшыратпайды. "Бұл үлес әр рейсте әр түрлі. Мысалы, Астана-Алматы бағытында рейске келмей қалу орташа алғанда 6 адамға тең. Жалпы алғанда, барлық көлемнің 3-4%-ын ғана құрайды", – дейді Air Astana-ның Қазақстан мен ТМД-дағы сату жөніндегі директоры Серік Рыс-ұлы.

Депутат болса, әуе тасымалдаушыларының бірінші кезекте, жолаушыларға қызмет көрсететінін және солардың есебінен күн көретінін еске салды. Демек, оларды қазіргі дағдарыс шағында шектен тыс табыстан қағуға да болады.

– Біз бірінші кезекте, ел азаматтары үшін жағдай жасауға ұмтылуымыз керек. Әуе тасымалдаушылары да ең алдымен азаматтарды қанауға емес, қолжетімді бағаға жақсы қызмет көрсетуге бағдарланулары тиіс. Air Astana компаниясы бір күн қалғанда немесе сол тәулік ішінде сатып алынатын билет құнын төрт есе қымбаттатқан. Компания бағаны мың құбылтып, санмен ойнап отыр. Бұған заң жүзінде тосқауыл қойылуы керек. Әйтпесе, жарты жыл бұрын алсаң, Астана мен Алматы арасына шамамен 15 мың теңгедей сұрайды. 

Бірақ, кейін одан бас тартсаң, көбісін қайтармайды. Ал ұшатын күні сатып алсаң, бұл бағыттың бағасы 55 мыңға дейін өседі. Әуе компанияларының шектен шыққан пайдакүнемдігінен біздің азаматтарды қорғайтын уақыт жетті! – деп түйді Омархан Өксікбаев.

Әуекомпанияларының лоббистері мен қарапайым Қазақстан азаматтарының мүддесін қорғаушылар тайталасында кімнің жеңіске жеткенін алдағы уақыт көрсетер.     

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу