Тарту түрінде басталып, тәртіпсіздікке түрткі болған институт жойылды

2636

Елбасы институтының тарих қойнауына кетуінің өзі шынымен жаңа дәуірдің басталғанын айшықтай алады.

Тарту түрінде басталып, тәртіпсіздікке түрткі болған институт жойылды Фото: РБК

2000 жылдың шілдесі. Атқарушы билік Парламенттегі аз шоғыр ғана депутаттар тобымен бірге бірінші Президенттің 60 жылдық мерейтойына үлкен тарту әзірлеп жатты. Ол сыйлық – Н.Назарбаевтың конституциялық мәртебесін бекітетін жеке конституциялық заң қабылдау болатын. "Тұңғыш Президент туралы" заңы жобасының авторы, яғни бастамашысы – Мәжілістегі Азаматтық партияның депутаттық фракциясы болды (2006 жылғы 22 желтоқсанда Азаматтық партия "Отан" партиясының құрамына қосылып, "Нұр Отан" халықтық демократиялық партиясы пайда болды).

Сол кезде Азаматтық партия фракциясын Рахмет Мұқашев басқаратын, ол бастамашылардың біріне айналды. Алайда заң жобасын Мәжілістің жалпы отырысында қызу талқылау барысында келісім комиссиясының төрағасы, депутат Асхат Дауылбаевқа терлеуге тура келді. Себебі, ол кездегі Мәжілісте оппозициялық депутаттар қызмет етті. Комиссияға жалпы саны 87 түзетулер мен ұсыныстар түсіпті. Оның жартысынан астамы қабылданған. Құжат Мәжілістің жалпы жиынында қызылкеңірдек талас туғызды. Мысалы, депутат Ғани Қасымов жаңа заңды жүзеге асыру бюджетке қаншаға түсетіні, яғни нақты шығындары ашып көрсетілген Үкіметтің қорытындысы жоқтығына әріптестерінің назарын аудартты. Бұған қоса, оның пікірінше, Конституцияға сәйкес келетін-келмейтіні белгісіз заң жобасын қабылдау ұсынылып отыр. 

Депутат Исахан Әлімжанов тұңғыш Президенттің лауазымдық жалақысы, зейнетақысы қанша болатыны туралы мәселе көтерді. Заң жобасында Н.Назарбаев зейнеткерлікке кеткен соң лауазымдық еңбекақысының 80% көлемінде жоғары зейнетақы алатыны көрсетілген еді. Оның үстіне бірінші Президент құрметті демалысына кеткеннен кейін де оның сарайының, көліктерінің, медициналық қызметтерінің және басқасының шығындарын бюджет көтереді. Бірақ Тұңғыш Президент шығындарына қатысты сұрақтардың бірде біріне баяндамашы, яғни бастамашы депутаттар нақты жауап бере алмады. 

Құжатта бекітілген норма бойынша "ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев" деген төл ордені тағайындалатын болды. Депутат Шерхан Мұртаза бұған да қарсы болып, орден мұндай атау иелене алмайтынын айтты. Себебі, бұл кеңес заманына қайта оралып, жеке басқа табынуды түлетумен тең еді: заманында "Ленин ордені" болғаны мәлім. Депутат Фариза Оңғарсынова Президентті бұлай ұлықтаудың дәл қазір не үшін керектігіне қатысты мәселе қаузап, асыққан ненің ісі екенін еске салды. 

Соған қарамастан, қос палатаның басым даусымен (5 депутат қарсы, 2 депутат қалыс қалды, 95-і жақтады) "Тұңғыш Президент туралы" заңы қабылданып, 2000 жылғы 20 шілдеде күшіне енді. Айтпақшы, сол "тарихи дауыс беру" кезінде Мәжіліс депутаты Татьяна Квятковская бір ағат істі байқады: төрдегі таблода паш етілген нәтижедегі депутаттардың дауыс саны залда отырған депутаттар санынан асып түскен. Сондықтан ол Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысын жүргізген Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбайдан осы проблемаға назар аударуды сұрады. Депутаттың болжамынша, кейбіреулер залда жоқ көршісінің спикерфонына қосылған дауыс беру нүктесін басып, соның атынан дауыс беріп жіберсе керек. Мысалы, сол күні отырысқа қатыспаған депутат Серік Қонақбаев үшін көршісі дауыс беріп қойыпты.

Сенатор Уалихан Қайсаров атақты заңды қолдағанымен, болашаққа қатысты бір көріпкелдік жасады. 

"Ертең билікке кім келетіні белгісіз. Егер ертең қазіргі Президентке жұмсартып айтқанда, жаулық көзқарастағы адам келсе, онда мына заңды Конституцияға қайшы деп тануына оның барлық негізі болады. Жаңа Президенттің сол кездегі экс-Президентті заң жүзінде қудалауына да барлық негізі болады. Сондықтан Назарбаевтың елге сіңірген барлық еңбегін лайықты бағалаймыз десек, шикі заң емес, мықты қорғанысына, сауытына айналатын пәрменді заң қабылдау қажет", – деді У.Қайсаров.

Жалпы, 2000 жылғы заң Тұңғыш Президент деген атауды заңдастырғанымен, біршама қарапайым болатын. Мысалы, онда Н.Назарбаев "жаңа тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушылардың бірі" деп қана аталды. Тек бертінде ғана "бірі" деген сөз алып тасталып, Елбасы бұл тарихи істегі "монополистке" айналды. 

2000 жылғы заңмен бірінші Президентке лауазымынан кетіп, зейнеткерлікке шыққан соң Қазақстан халқына, меморгандарға үндеу жасауға; Парламент, Үкімет алдында сөз сөйлеуге; Қазақстан халқы ассамблеясын басқаруға, Конституциялық кеңес пен Қауіпсіздік кеңесіне мүше болуға өмір бойғы құқық берілді. Ал заңнамаға кейінгі өзгерістер нәтижесінде Н.Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі болумен шектелмей, оның өмір бойғы төрағасына айналды.

Бастапқы заңның 3-бабына сәйкес, бірінші Президенттің өзі ғана заң алдында жауап беруден босатылды. 

"Мемлекеттік опасыздық жасаумен байланысты жағдайларды қоспағанда, Тұңғыш Президент өз статусын жүзеге асырумен байланысты іс-әрекеттері үшін жауапкершілік арқалай алмайды", – деп жазылды 2000 жылғы заңда. Артынша опасыздық үшін қудалауға болады дегені алып тасталды. 

"Елбасыға ешкімнің тиісуіне болмайды. Ол өзі Президент өкілеттіктерін орындау кезеңінде жасаған, ал бұлар тоқтатылғаннан кейін Елбасы деген өз мәртебесін жүзеге асыруға байланысты әрекеттері үшін жауаптылыққа тартылмайды. Оны ұстап алуға, қамаққа алуға және күзетпен ұстауға, тінтуге, одан жауап алуға не жеке басын жете тексеруге болмайды", – делінген қолданыстағы Елбасы туралы конституциялық заңда.

2010 жылғы 14 маусымда, яғни кезекті туған күн қарсаңында ескі заң өзгертілді. Енді ол "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" деген жаңа атауға ие болды. Тиісінше, елде Елбасы институты құрылды. Содан соң бұл конституциялық заңға 2012, 2013, 2014, 2015, 2017 жылдары өзгерістер, толықтырулар енгізіліп, Елбасының құзыры, артықшылықтары мен кепілдіктері тек күшейтілді. 

Мәселен, билік 2000 жылғы бастау-заңда оппозициясы біршама азулы болған Парламенттен тек бірінші Президенттің "баспанасына, қызметтік ғимаратына, жүк, багажына, жеке және қызметтік көлігіне, хат жазысуларына, байланыс құралдарына, сондай-ақ оған тиесілі құжаттарға қол сұғылмайтынына" қатысты бапты ғана өткізе алды. 

Ал 2010 жылғы және одан бергі түзетулер нәтижесінде Елбасының өзі ғана емес, бүкіл отбасы қылмыстық қудалаудан босатылды. Барлығының мүлкіне, компанияларына қол сұғылмайтыны бекітілді. 

"Тиіспеушілік Тұңғыш Президент–Елбасыға және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі барлық мүлікке, сондай-ақ олар пайдаланатын тұрғын және қызметтік үй-жайларға, қызметтік көлікке, байланыс құралдарына, жазысқан хаттарына, оларға тиесілі құжаттарға қолданылады. Тиіспеушілік Елбасының қорына және ол құратын өзге де заңды тұлғаларға тиесілі мүлікке де қолданылады. Елбасыға және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі мүлікке, сондай-ақ ол құратын заңды тұлғалардың мүлкіне қандай да бір шектеулер қойылмайды. Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің банктік шоттарының банктік құпиялығына және оларға тиіспеушілікке кепілдік беріледі", – деп бекітілген Елбасы туралы конституциялық заңда.

Онда Нұрсұлтан Назарбаевқа "жаңа тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы, Қазақстан халқының бірлігін, Конституцияны, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз еткен Елбасы" деген саяси-құқықтық мәртебе берілді. Оның есімі Ата заңға енгізілді. 

Елбасы өзінің мәртебесі бойынша "Халық қаһарманы" атағының иегері болатыны бекітілді.

Н.Назарбаевқа Қазақстан Президенті болып шексіз сайлануына рұқсат етілді. Елбасын қорлау үшін қылмыстық қудалау енгізілді: "Елбасының заңды қызметіне кедергі жасауға, Елбасын көпшілік алдында қорлауға немесе оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қол сұғуға, сондай-ақ оның бейнесін бүлдіруге жол берілмейді және ондай әрекеттер заңмен қудаланады", – делінген конституциялық заңда.

2000 жылғы конституциялық заңнан айырмашылығы сол, бірінші Президенттің 70 жылдық мерейтойына символикалық тарту болған 2010 жылғы жаңа конституциялық заң Елбасы институтын енгізді.

Тиісінше, өз өкілеттіктерін орындауды тоқтатқан тұңғыш Президенттің ары қарай Елбасы ретіндегі қызметін қамтамасыз ету және оның өз мәртебесін жүзеге асыруы үшін қызметтік үй-жай бөлінетіні бекітілді. Сонымен қатар Елбасы кеңсесі құрылатыны жазылды. Бұл кеңсеге тіпті жаңа, екінші Президенттің құзыры жүрмейді, бұйрығын орындамайды: себебі, "Елбасы кеңсесі өз міндеттерін орындау үшін тек Елбасы алдында ғана жауапты болады". Бұл үй ішінен үй тігумен тең еді.

Заң бойынша Елбасының кеңсесі республикалық бюджет қаражаты есебінен ұсталады. Оның құрылымы мен штат санын Елбасы ғана белгілейді. Бірақ Елбасы кеңсесінің қызметкерлеріне мемлекеттік қызмет туралы заңнама қолданылады, олар соның игілігі мен жеңілдіктерін пайдаланады. Бірақ олар мемлекеттік қызметші ретінде Президентке де, Үкіметке де бағынбайды. 

Былтырғы 1 желтоқсанда қабылданған 2023–2025 жылдарға арналған республикалық бюджетке сәйкес, биылғы 2023 жылы Елбасының кеңсесіне бюджеттен 1 млрд 678,6 млн теңге бөлінді. Соның ішінде Елбасының қызметін қамтамасыз етуге – 708,9 млн, ал Елбасы кітапханасының қызметіне – 969,7 млн теңге бағытталмақ. 

Елбасы кеңсесін ұстап тұру шығындарын 2024 жылы 1 млрд 994,5 млн, ал 2025 жылы 2 млрд 154,4 млн теңгеге дейін өсіру қарастырылған. 

Алда Елбасы кітапханасы мемлекеттің меншігіне көшеді. Ал Елбасы кеңсесі жабылуы мүмкін.

Жалпы, Елбасы институты елдегі билік транзитін бейбіт өткізу, сабақтастықты сақтау үшін құрылған болатын. Алайда ол елде қос биліктің орнауына, жаңа Президенттің терең саяси реформалар жүргізуіне кедергі болуына соқтырды.

Алдағы жұмада, 2023 жылғы 13 қаңтарда Парламенттің қос палатасы өзінің бірлескен отырысында "ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" конституциялық заңының күшін жояды деп күтілуде.  

"Конституциялық сотының 2023 жылғы 10 қаңтардағы №2 нормативтік қаулысына сәйкес "ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" заңның күші жойылуы қажет! Қаулыда сот "Қазақстан халқының 2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумда айтылған еркіне" негізделгені айтылған. Шешім қабылданған күннен бастап күшіне енеді және шағымдануға жатпайды. Осы заң жобасы бойынша "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобы Конституциялық сотқа сауал жолдаған болатын. Енді бұйырса, Парламенттің қос палатасының біріккен отырысында бұл заңның күшін жою жөнінде шешім қабылдануы керек", – деп хабарлады топ басшысы, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.

Бүгінгі жалпы отырысында Мәжіліс Елбасы туралы заңның күші жойылды деп тану туралы конституциялық заң жобасы бойынша Парламент палаталарының бірлескен комиссиясын қалыптастыру үшін депутаттар тізімін мақұлдады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу