Өзбектер, тәжіктер, қырғыздар экономиканың тірегіне айналды
Ресейде Футболдан әлем чемпионаты өз мәресіне жетуге жақын. Бір ай бойы дүние жұрты көз тіккен дүбірлі матчтардың көлеңкесінде бір үлкен күш тұрды. Путин, Салах, мықты-осал командалар, фанаттар, қақпаға соғылған голдар... Мұның бәрі көп айтылды. Ал, олар тасада қалды. Оларымыз - ортаазиялық жұмысшы-мигранттар. Бұл легион болмаса, стадиондар салынып, қызмет ете алмас еді, фанаттар таптап кеткен көшелер дер кезінде жиналмас еді. Қазір Ресейде қара жұмыста жүрген миллиондаған мигрант бар. Полицияның түртпегі мен этникалық профильдеудің машақатын да тартып жүрген де солар. Бұл аздай, олар кейде арзанға келісіп, жалақыны түсірді, терроризм ұйымдастырды деп айыпталып жатады. Соған қарамастан, Еуропа мен АҚШ тәрізді Ресей мигранттар үшін шекарасын жауып жатқан жоқ. Себебі, өзбектер, тәжіктер, қырғыздар – экономиканың тірегі, керек десеңіз, олар - Владимир Путиннің геосаяси стратегиясының көмекшісі де.
Олар болмаса, стадиондар тез салынбас еді
Бірқатар бақылаушылардың пікірінше, ортаазиялық жұмысшылар болмаса, Мәскеу бұл чемпионатты өткізе алмауы да мүмкін еді.
Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген мигранттар үйлеріне айына орта есеппен 100-200 доллар жіберіп отырды. Ал, Әлем чемпионатына әзірлікте Ресей экономикалық тұрғыдан көп нәрсе ұтып, құрылыс жобаларын мерзімінде аяқтап, планета алдында беделін сақтап қалды. "Мигранттар стадиондар мен көлік инфрақұрылымын саларда, негізгі жұмыс күшіне айналды. Олар болмаса, Ресей мұның бәрін тез арада сала алмас еді", - дейді Мәскеу Мемлекеттік Халықаралық Қатынастар Институтының иммиграция және ұлтшылдық жөніндегі сарапшысы Валерий Соловей "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұқбатында.
Мигранттар шағымы
ФИФА тәрізді халықаралық ұйымдар қанша уәде берсе де, мигранттар чемпионат нысандарын саларда қауіптен ада болған жоқ. Building Workers International ұйымының мәліметінше, Әлем чемпионатына арналған құрылыс алаңдарында 21 адам қаза тапқан. Ал, Human Rights Watch-тың дерегінше, осы нысандарда жұмыс істеген жүздеген мигранттан шағым түскен. Олардың көбі жұмысқа келісім шартсыз қабылғандарына және 25 градус аязда далада 9 сағат бойы жүретіндеріне арызданған.
"Жалақы төлемеу немесе оны айлар бойы кешіктіру, кейбір құрылыс алаңдарында жұмыс істеудің қауіптілігі, шағым айтқан жұмысшылардан кек алу тәрізді арыздар жиі түсті бізге", - дейді Human Rights Watch ұйымының Мәскеудегі кеңсесінің өкілі Юлия Горбунова.
Ресейдің Футболдан әлем чемпионатын ұйымдастыру комитетінің мәлімдеуінше, ол еңбек заңын бұзу фактілерін жою мақсатында ФИФА-мен бірлесе жұмыс істеген. Сол инспекциялар нәтижесінде, былтыр Ресей құрылыс алаңдарында жұмысшылардың құқығын таптау оқиғалары күрт азайыпты. Алайда, ресейлік ұйымдастырушылар да, ФИФА да бұл мәселеге қатысты не дәлел келтірген жоқ, не кімдердің жауапқа тартылғанын жариялаған жоқ. Ал, Мәскеудегі 81 мың орындық "Лужники" стадионында жұмыс істеп жатқан мигранттар шетелдік журналистерге осы турнирге әзірлік барысында айына 30 мың рубль алып тұрғандарын айтып, жағдайларының жақсы екенін баяндап берді. Дегенмен, олар жазалаудан қауіптеніп, есімдерін атаудан бас тартқан.
Ортаазиялық мигранттардың сөзінше, жұмыс рұқсаты мен әділ еңбекақы проблемасы өз алдына, олар дискриминацияға да жиі душар болады. Мысалы, Мәскеудің метро жүйесін күзететін қауіпсіздік офицерлері ортаазиялықтардың сөмкелері мен құжаттарын тексергенімен, славян тектес адамдарды байқамаған болып өткізе салады. Ал, Ресей үкіметінің мәлімдеуінше, бұл тексерулер - елді қорғауға қажетті қауіпсіздік шараларының ажырамас бөлігі.
Виза қажет емес. Орталық Азия – стратегиялық аймақ
Айта кетсек, Әлем чемпионатының алғашқы күндері қырғызстандық такси жүргізушісі Қызыл алаңда жаяу жүргіншілерді қаққанда, жергілікті тұрғындар әлеуметтік желіде шулап, сол оқиғаны "келімсек жұмысшылар" терроризмге бет бұрды деп сипаттады. Бірақ, Ресей билігі бұл апат жүргізушінің жай ғана мүлгіп кетуінен болды деп мәлімдеді.
Ресейде кейбір саясаткерлер Орталық Азиядан келетін мигранттардан виза талап ету мәселесін көтереді. Алайда, ресми Мәскеу стратегиялық аймақта ықпалын жоғалтып алудан қауіптеніп, бұл проблеманы назарына алмайды.
РФ мигрант жұмысшыларды Еуропаның кез-келген елінен көп қабылдады. Ресми статистикаға жүгінсек, Ресейде олардың саны 6 миллионға жеткен. Ал, бейресми мәліметтерге қарағанда, 10-11 миллионнан кем емес. Мигранттардың көбі – Өзбекстан мен Тәжікстаннан. Олардың кейбірі Ресейдің Мәскеу тәрізді көпұлтты қалаларына сіңісіп кетсе, ендігі бірі ұзақ уақыт бойы гастарбайтер болып, үйлеріне бір жылда бірнеше аптаға немесе бірнеше айға ғана барады. Ал, мигранттар жіберетін ақша аударымдары -Орталық Азия елдерінің ұлттық бюджетінің айтарлықтай бөлігі.
Арыстан Рысбек