"Тасқынға тез еріген қар кінәлі"

2101

Көктемгі су тасқыны кезінде тұрғын үй, саяжай, мектеп және санаторийлерді су басты, көпірлер шайылды. Тасқын әлі де жалғасып жатыр.  

"Тасқынға тез еріген қар кінәлі"

Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Ең көп зардап шеккен – БҚО. Онда 140 үй су астында қалды. Ақтөбе (41 үй, 78 саяжай), Павлодар (үш), ШҚО (алты), Қарағанды (екі) облыстарында да төтенше жағдай болды. Залал келген әлеуметтік нысандар БҚО (мектеп пен медпункт) мен Қарағандыда (санаторий).

"Ауқымды су тасқынына қарамастан, ТЖ жою және халықты құлақтандыру уақытылы жүргізілді, адам құрбандарына жол берілмеді. Барлығы 1 595 адам эвакуацияланды", – дейді министр. 

Облыстық және жергілікті маңызы бар жолдардың 20 учаскесінде су тасқыны жалғасуда, алты учаске және жергілікті маңызы бар үш көпір шайылып кеткен.

"Су басқармасы комитетінің жұмысын кім бақылап жатқаны белгісіз"

Сенат депутаттары министрдің есебіне риза емес. 

"Жаңа ғана баяндамашыны тыңдадық. Бір нәрсені түсінбей отырмыз. Жыл сайын үкімет отырысында жауапты министрліктер көктемгі су тасқынына дайындығымыз өте жақсы, барлық мәселенің алдын алдық деген  есеп береді. Биыл да, Юрий Викторович, осындай есеп бердіңіз. 2017-2020 жылдарға жол картасы әзірленгенін айттыңыз. 41 млрд теңгеге 402 іс-шара өткізілген. 2020-2023 жылдарға екі млрд теңгеге 37 іс-шара жүзеге асырылған. 158 елді мекеннің қорғалу деңгейін күшейтуге, көктемгі су тасқынын өткізуге, сонымен қатар аяқ асты жаңбыр жауып, қауіптің алдын алуға дайынбыз дегенсіз. Бүгінгі баяндамаңызды тыңдап отырсақ, енді тез еріген қар кінәлі болып отыр. Халық бізден де неге жылда су басатынын сұрайды. Неге алдын алмайсыздар? Неге ғалымдарды тартып, кешенді алдын алу жүргізбейсіздер?", – деді депутат Нариман Төреғалиев.

Депутат Дана Нұржігітованың айтуына қарағанда, су тасқынының алдын алуға алты бірдей министрлік жауапты.

"Бүгінде алты министрлік жауапты. Оған жергілікті әкімдіктің коммуналды мекемелерін қосыңыз. Жер қайысқан қол! Ал топан судың бетін қайтаруға келгенде қауқарсыз. Неге? Өйткені органдар арасында бірыңғай даму стратегиясы жоқ. Жүйе жоқ. Жауапты орган жоқ. Салалық заңдарда, мемлекеттік органдардың ережелерінде көктемгі тасқынның алдын алуға арналған заң нормасы жоқ. 
Экология министрлігіндегі су басқармасы комитетінің жұмысын кім бақылап жатқаны белгісіз. Мысалы, есеп комитетінің 2020 жылғы есебінде "ҚазСуШар" мекемесінің бюджетінің игерілуне байланысты мәлімет бар. Сол жылы бұл мекеме апатты хәлде тұрған бес су қоймасының, гидротехникалық құрылымдардың жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржының 4 млрд теңгесін бюджетке қайтарған. Яғни бес нысанның тек біреуін ғана пайдалануға берген. Елдегі су бөгеттерінің пайызы ескірген. Нысан иелерінің жөндеуге құлқы жоқ.  Елді су басқанда апат салдарымен күресетін мемлекет қана. 
Ескірген, апатты жағдайда тұрған су бөгеттерін жөндемек түгілі, мемлекет бөлген қаражатты игере алмай, бюджетке кері қайтарып, жағдайды сол қалпынша қалдырып, бақылаушы рөлінде отырған уәкілетті органның позициясын қалай түсінуге болады? Әрине, бұл проблема бір сәтте пайда болған жоқ. Жалпы су ресурстары комитеті 1995 жылға дейін өте қауқарлы, жеке мемлекеттік орган ретінде жұмыс істеген. Одан кейін он рет қайта құрылып, әртүрлі министрліктің қарамағына өтті. Бұл жағдай саланың құлдырауына, судың қараусыз қалуына әкелді. Мамандар  тапшы. Гидротехник, гидроинженер, гидрогеолог мамандарын шырақ алып іздейміз. Осыны айта келе "Болашақ" бағдарламасы мен жоғары оқу орындарында квота қарастыру керек деп есептейміз", – деді Нұржігітова.

Министр жергілікті билікке сілтейді

Министр мұндай жағдайда басты міндет адам өмірі екенін алға тартады.

"Бүгінгі таңда біздің негізгі міндетіміз – адамдардың құрбан болуына жол бермеу және елді мекендерде су басу қаупін барынша азайту. Біз төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шаралардың үйлестірушісі ретінде жыл сайын ведомствоаралық комиссияның отырыстарында республикалық және облыстық деңгейлерде, сондай-ақ Үкіметтің, Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстарында су тасқынына дайындық мәселелерін қараймыз. Аумақтарды қорғау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жататынын атап өткім келеді. Су тасқынына қарсы іс-шаралар олар Өңірлерді дамыту жөніндегі жоспарлы құжаттарда көзделеді", – дейді Ильин.


Кейінгі он жылда не болды?

Жыл сайын көктемде су тасқынына тап боламыз.

Кейінгі онжылдықтарда Маңғыстау облысын қоспағанда, барлық өңірде ауқымды су тасқынынан төрт жүзден астам (431) елді мекен зардап шеккен, 15 мыңға жуық (14 914) үй су астында қалды.

Ең ірі қайғылы оқиғалар Алматы және Қарағанды облыстарында орын алды, бұл Қызылағаш (2010) және Көкпекті (2014) ауылдарындағы бөгеттердің жарылуы, салдарынан 50 адам қаза тапты (45/5).

Су тасқыны жыл бойы жүріп жатқан 2014 жыл қиын болды, ақпан айында су Қызылорда облысына, наурыз айында Қарағанды облысына, сәуірде Ақмола облысында Атбасарды су басты, ал 28 шілдеде нөсер жаңбырдан кейін су Көкшетауға келді. Желтоқсан айында Ертіс өзеніндегі мұз кептелісінің салдарынан Шығыс Қазақстан облысындағы Восточное ауылында су басты, Жаңа жыл қарсаңында Сырдария жағалауынан шығып, су Ботабай кентіне шықты (Қызылорда облысы).

Ең көп су көлемі 2017 жылы болды. Қазақстанның 7 өңірінде 2 000-ға жуық үй зардап шекті және Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарының сол геопозициясы қайтадан зардап шекті. ТЖ режимі жарияланды, құтқарушылар мен еріктілер тәулік бойы жұмыс істеді.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу