Татарстан Еуропаны өзінікі етпек

2483

Егер өз арманын жүзеге асыра алса, онда татар бауырлар Жер планетасындағыдан 122 есе көп жерге ие болады.

Татарстан Еуропаны өзінікі етпек Фото: inbusiness.kz

Бұл бір қарағанда, әзіл не әжуа жаңалық сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ Ресей бұған салмақты қарап отыр.

Татарстан раисы (бұл елдің басшысы бүгінде осылай аталады) Рустам Минниханов республиканың "25 жылдық перспективті даму жоспарына" ресми қол қойды.

Осы ширек ғасырда бауырлас ел азат мемлекетке айнала ма? Жоқ, ол одан да биік, асу бермес асқарға – Күн жүйесін бағындыруға құлаш ұрмақ. Татарстанның даму жоспары Юпитер (қазақтар оны Есекқырған деп атайды) планетасының кем дегенде 4 спутнигін татардың "Алабұға" айрықша экономикалық аймағына қосуды қарастырады.

Анықтамалық үшін айта кетелік. Ресей құрамындағы Татарстанның территориясы – 68 000 шаршы шақырымды құрайды. Жер бетінің жалпы ауданы – 510 миллион 100 мың шаршы шақырым. Юпитердің бетінің жалпы ауданы – 62,2 миллиард шаршы шақырым.

"Газды гигант" саналатын Юпитердің кем дегенде 69 серігі бар. Оның ішінде "галилейлік" деп аталатын төртеуі ғалымдардың және басқалардың қызығушылығын тудырады. Оларды тіпті телескоптан көруге болады. Мысалы, Еуропа атты спутнигінің бетінде мұхит болуы мүмкін. Ио спутнигі – жанартауларымен ерекшеленеді. Ганимед пен Каллисто – ірі көлемімен дараланады.  

Татарстанның ниеті салмақты көрінеді. Ресейлік РБК хабарлауынша, республика басшысы бекіткен құжатқа Ресей тарихында болмаған ғаламат сома – 491 триллион рубль шығындау қарастырылған.

Юпитердің 4 спутнигін "Алабұға" АЭА-сына қосуды қарастыратын жоспарға алғашқы әлеуетті инвестор ретінде ВТБ банкінің басқарма төрағасы Андрей Костин де қол қойды.

Ғарыш саласына маманданған ресейлік T-invariant татарлардың бұл арманының шындыққа айналу мүмкіндігін бағалауды сұрап, астрофизиктерге және РФ Ғылым академиясының Ғарыш бойынша басшылығына жүгінді. 

Олар мұны "Гравицаппаға" (кеңестік "Кин-дза-дза!" көркемфильмі үшін ойлап табылған, ғарыш кемесі – пепелацтың жат планеталарға сапарлауына мүмкіндік беретін құрылғы) және 2008 жылы Роскосмостың "Юбилейный" спутнигіне қону жөніндегі ғылымға қайшы атышулы жобасына теңеген.

Себебі, ғалымдардың айтуынша, Татарстан түгіл, Ресейдің ұзақ мерзімді федералдық ғарыш бағдарламасында Юпитермен байланысты ешқандай жоба жоқ. Оның үстіне Ресей алыстағы алып ғаламшар түгіл, іргедегі Айға биылғы тамызда "Луна-25" станциясын қондыра алмай, қиратып алды.

Ресейлік ғалымдардың кекесінді түсініктемесіне жауап ретінде "Алабұға" арнайы экономикалық аймағы арнайы мәлімдеме жасады. Оның жолдары ашуға толы. Мысалы, татарлардың бұл қадамына күмәнмен қарағаны үшін ресейлік белгілі ғарыштық популяризатор Владимир Сурдин сынға ілікті.

"Кезінде Джон Кеннедидің Владимир Сурдиннен пікір сұрамағаны өкінішті. Егер 1945 жылы Сталин және Королев Сурдин сияқтылардан ақыл сұрағанда, олар алдымен 10 шақырымға әуе шарын көтеріп көруге, немесе ғарышқа адамды аттандыруға болмайтынын, себебі, онда суық екенін, радиация барын алға тартар еді", – деп келемеждеген "Алабұға" АЭА-сы өз ресми түсініктемесінде оларды босқа шүбәлана бермей, "Алабұға Политех" колледжінің шәкірттері алдына келіп, нақты ұсыныстарын айтуға шақырды. 

"Сибирь.Реалии" порталы "татар колонизаторларының" өз жобаларына астрономиялық ауқымдағы қаржыны шашқалы жатқанын жазады.

"Юпитердің айналасын отарлауға дайындықты татар басшылығы "Алабұға Политех" колледжінің жаңа штаб-пәтерін ашудан бастады. Болашақ аэроғарыш зерттеулерінің, биотех пен республика басшылығының амбицияларының бұл цитаделін жергілікті баспасөз Мысыр пирамидасына теңеді. Дегенмен, сыртқы кейпі балалар алаңындағыдай баспалдақты немесе лего-ломның бір пішінін көзге елестетеді. Штаб-пәтер 18 қабаттан тұрады. БАҚ хабарлауынша, оны салуға 7 миллиард рубль шығындалған. Ғимаратта шамамен 2 мың адам тұра алады", – деп мәлім етті портал.

Ресейлік портал биылғы жылы "Алабұға" аймағы және "Алабұға Политех" колледжі әлемдік ақпарат айдынында басқа бір қырынан танылғанын еске салды. Шетелдік ақпарат құралдары олардың Украинаны шабуылдап жатқан ирандық "Шахед" дрондарын құрастыру базасына айналғанын анықтады. Татардың тәуелсіз "Протокол" басылымының хабарлауынша, камикадзе дрондарды жасауға "Алабұға Политех" колледжінің студенттері жұмылдырылған.

"Протокол" олардың көбі кәмелетке толмағандар екеніне назар аудартты. Оларды жұмысқа жегу үшін ата-аналар, студенттер және колледж үш жақты келісім бекіткен. Келіспегендерді оқудан шығарумен қорқытыпты.

Бұл жарияланымға жауап ретінде колледж әкімшілігі 9 видео жариялады. Онда жас татар шәкірттері соғыс дрондарын құрастыру арқылы "өз үлестерін қосқысы" келетіндерін, себебі "Ресейдің ауыр тарихи тауқыметке тап болғанын" айтады. Жергілікті балалар видеода өздерінің небәрі 16-17 жаста екенін және тәулігіне 12 және одан көп сағат жұмыс істейтінін жасырмады. Ал бұған Ресей Еңбек кодексінде тыйым салынған.

Ресей басылымдарының жазуынша, Татарстан әкімшілігі осы тарихи оқиға қарсаңында Америкада "провокациялық пиар кампания" өткізді. "Алабұға" АҚШ-тың Калифорниясындағы Хаторн қаласында, Space X корпорациясы кеңсесінің қарама-қарсысында алып билборд ілді.

"Юпитердің спутниктерін бағындыру жоспары туралы "Алабұға"  айрықша экономикалық аймағы тұсаукесер қарсаңында әлемге жар салды. Анау-мынау емес, бірден миллиардер Илон Маскқа күшін көрсетті. Аймақ Space X кеңсесінің алдында билборд ілді. Сол арқылы орыс ғалымдарының тамырында Сергей Королевтың қаны ағып жатқанын америкалықтың есіне салды. "Илон Маск, что насчет спутников Юпитера? Обратный отсчет начинается 1 октября. Поехали!" деп жазылған билбордта. Сондай-ақ онда QR-код бар. Онымен өту арқылы "Алабұғаның" Юпитерде орналастыратын инвестициялық жобалары туралы видеомен танысуға болады", – деп мақтана жазады "Татар-информ".

Маск тарапынан еш реакция болмады, елеусіз қалды.

Халқының саны 4 миллион ғана татарлар осылай ғарышта біздің ғаламшарымыздан 122 есе үлкен аумақта өркен жайғалы жатыр.

Айтпақшы, Татарстанның ширек ғасырлық даму жоспарына сәйкес, бұл республика адамдарды клондауға көшуді және тұрғындардың өмір сүру ұзақтығын кем дегенде 700 жасқа дейін ұзартуды жоспарлап отыр.

Бас директоры Тимур Шагивалеевтің мәлімдеуінше, 25 жылдан кейін "Алабұға" "Күн жүйесіндегі №1 экономикалық зонаға айналады".

Ол Юпитердің Еуропа спутнигінде ауыл шаруашылығы агрокластерін дамытады. Бұл жобаға 114 триллион рубльдей инвестиция құйылмақ.

Ио серігінде кен өндіріліп, ауыр өнеркәсіп қанат жаяды. Бұл жоба 121 трлн рубль инвестицияны талап етеді.

Каллисто серігін Татарстан адам клондайтын биотехнологиялар орталығына айналдырады. Бұл 176 триллион рубльге түспек.

Ганимедте, стратегиялық жоспарға сәйкес, ғарыш хостелдері, тұрғындардың жайлы тұруына арналған инфрақұрылым тұрғызылады. Оған 80 триллион рубльдей жұмсамақ.

Салыстырсақ, Ресей құрамындағы Татарстанның төл бюджеті 2023 жылы 415,9 млрд рубльді ғана құрады.

Ресейлік физик Олег Кораблев ғарыштағы Еуропаны және басқасын жаулау жөніндегі Татарстанның ғаламат жобасы жүзеге аспайтынын кесіп айтты. Өйткені Еуропадағы радиациялық жүктемеге адам түгіл, ең берік болат 1 айдан артық шыдай алмайды. Иодағы жағдай одан да зұлмат. Барлық спутниктерде ауа – сақылдап қайнаған судай ыстық. 160°C, атмосефера жоқ. Сол себепті, астрофизиктердің байламынша, Юпитердің спутниктерін отарлау – бос қиял.

Негізі, дана қазақ бұл ғаламшарды "есектерді қырған" деп бекер атамаса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу