Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің мәліметіне жүгінсек, еліміздің ішкі нарығында тәттінің осы түрі осынша көлемде сатылыпты.
Әрине, оның үлкен бөлігі – шетелдік, соның ішінде ресейлік өнімдер. Атап айтқанда, биылғы үш ай ішінде 7 мың 254 тонна балмұздақ сырттан әкелінген.
Дегенмен кейінгі жылдары бұл бизнес жақсы қарқын алды. Нәтижесінде, 2019 жылғы І тоқсанда отандық кәсіпорындар шамамен 14 мың 880 тонна "тәтті мұз" өндірген. Оның шамамен 963 тоннасы ғана жаһандық нарыққа сатылып отыр.
Бұл ретте қазақстандық кәсіпорындардың балмұздақ өнімдерін шығару көлемін 21 тоннаға дейін жеткізуге ресурстары бар көрінеді. Яғни, ішкі сұранысты толық жаба алады.
Бірақ жергілікті өнімнің сапасы батыстық, тіпті бірқатар ресейлік брендтерден төмен болуы сақталса, шетелдік өнімдерге деген қазақстандықтардың сұранысы да ары қарай өрістей бермек.
Сондықтан Қазақстанның сүт одағы отандық балмұздақ өндірушілерге тауарының сапасын арттыруға көмектесуді ұйғарды. Бұл үшін өндіруші салалық бірлестікке мүше болуы керек.
Осылайша, бір жағынан одаққа кіретін сүтшілер өз өнімін өткізетін жаңа клиенттерге қол жеткізеді. Ал басқа жағынан балмұздақ өндірушілер өз қуаттылықтарын толығырақ жүктеу үшін қосымша отандық шикізат көздерін таба алады. Қос бизнестің күш біріктіруі отандық өнімдердің ішкі және сыртқы нарықтағы орындарыын нығайтып, бәсекелестікте жаңа жеңістерге жетуіне жол ашуға тиіс.
"Біз еліміздегі сүт өнімін тұтынушыларды отандық өндіріс өнімдерін таңдауға ынталандыруға және қазақстандық нарықты сапасы жоғары әрі заңды түрде жасалған жергілікті тауарлармен молықтыруға күш салудамыз. Бизнесінің 70%-ы балмұздақ өндірумен байланысты болып келетін "Шин-Лайн" кәсіпорны біздің одақтағы жаңа секцияны ашып отыр. Біз енді тәжірибе алмасуға, сараптамаға, Қазақстандағы балмұздақ өндірісінің сапасы мен қауіпсіздігіне екпін түсірмекшіміз", – деп түсіндіреді саладағы өзгерістерді сүт одағының атқарушы директоры Владимир Кожевников.
Қазақстанға жаз келді, ендеше осы мұзды өнім аса сұраныстағы тауарға айналмақ. Алайда кейбір отандық өндірушілер оны қытайлық дайын қоспалар мен ұнтаққа су араластырып, жасай салады. Олардың бір келісі небәрі 6,5 доллар немесе 2 жарым мың теңге тұрады. Тіпті келісін 3 доллардан да табуға болады.
"Қазір аптап ыстықтар уақыты келді. Біз тұтынушыларды балмұздақ сатып алмас бұрын оның қандай жағдайда сақтаулы тұрғанына, өндірілген мерзіміне, қаптамасына назар аударуға шақырамыз. Ең көп проблема әкелетіні де еш қаптамасыз, далада сатылатын балмұздақтар. Оларды саудаға шығарушылар тазалықты айтпағанның өзінде, сақтау шарттары мен температуралық режимді қамтамасыз ете бермейді. Егер мысалы, сүт өнімдері үшін -6-дан -4 градусқа дейінгі тоңазыту жеткілікті болса, ал балмұздақ -20 градустық суық болуын талап етеді. Бұл алдағы ыстықта ең маңызды шартқа айналады. Бұдан бөлек, өнім қаптамасы бұзылса немесе ондағы сөздер мен мәтін сиясы жайылып кетсе, оқуға келмесе, сондай-ақ өндірушісі мен құрамы көрсетілмесе, бағасы түсіріліп, жеңілдікпен сатылып жатса, бұл сізде күдік тудыруы керек", – деп кеңес береді Владимир Кожевников.
Оның айтуынша, тауар қаптамасы – компанияның жауапкершілігінің және мемлекет бекіткен техникалық регламенттерді орындауының көрінісі болып табылады.
Еуразиялық одақ талабы бойынша енді оған кіретін елдерде нарық қатысушылары өз өнімдерін ЕАЭО стандарттарына сәйкес таңбалауы, өнімнің дұрыс атауын көрсетуі, пайдаланылған шикізаттың құрамын да ашып жазуы қажет.
"Қаптамадағы шикізат құрамы өнім ішінде не бар болса, оларды тегіс жария етуі шарт. Сонымен қатар, одаққа мүше елдердің тілдерінде ақпарат берілуі, түсірілген мәтін жақсы сапада орындалуға тиіс. Осының барлығы тұтынушыға дұрыс таңдау жасауда көмектеседі. Айталық, құрамында сүт майын ауыстырғыштар бар балмұздақтың атауын "молочное", "сливочное", "пломбир" деп таңбалауға тыйым салынады. Өйткені, мысалға, сүт майының жалпы үлесі 12 пайыздан жоғары болса ғана балмұздақ "Пломбир" атала алады. Егер сүт майы өсімдік майына ауыстырылса, онда ол балмұздақ емес, тек "сүт майын ауыстырғышы бар мұздатылған десерт" болады", – дейді сарапшы.
Сүт одағының жетекшісі осының барлығы одақ нарығына шыққандағы отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігінің құрауыштары екенін қаперге салды. Тұтынушыны жаңылыстыратын тауарлар енді тек көршілерге ғана емес, Қазақстанда да саудаға шығарыла алмайды.
Белгілі қазақсандық ірі балмұздақ кәсіпорнының бас директоры Владимир Пак елімізде ЕАЭО талаптары бұзылатынын айтады.
"Кеден одағына мүше мемлекеттердің нарығында айналымға жіберілген тауарларға бірыңғай белгі – "ЕАС" таңбаланады. Бұл белгі өнімнің техникалық регламент талаптарына сәйкес екендігін растайды. Және оны тек тауар одақ заңнамасына толық жауап берген жағдайда ғана түсіруге рұқсат етіледі. Қазақстанда бұл ереже бұзылуда. Бұдан бөлек, салада адал емес бәсекелестік проблемасы да өзекті болуда. Сондықтан өз маркаң мен брендіңді ұдайы қорғауға тура келеді. Әйтпесе, аталымдарыңды заңсыз қолданатындар компанияға репутациялық қауіптер әкеледі, адал емес бәсекелестік тұтынушыларды жаңылыстырады, олардың денсаулығына нұқсан келтіруі ықтимал", – дейді Владимир Пак.
Жанат Ардақ