Тәуелсіз депутаттар парламенттік демократияның қайта жандануына ықпал етеді деп күтілуде

1822

​Қазақстан 1995 жылға дейін іс жүзінде парламенттік республика болғаны мәлім. 

Тәуелсіз депутаттар парламенттік демократияның қайта жандануына ықпал етеді деп күтілуде

Ескі Конституцияға сәйкес, республикада мемлекеттік биліктің жоғарғы органы – Парламенттің басшылығы, яғни Жоғарғы кеңестің Президиумы болды. Бір палаталы Жоғарғы кеңес 4 жылға сайланды. Оған еліміздің әр өңірінен әрбір 27 мың тұрғын арасынан 1 депутаттан сайланды. Депутаттарға жалақы төленген жоқ.

Н.Назарбаевтың бастамашылығымен 1995 жылғы тамызда референдумда қабылданған жаңа Конституцияға сәйкес, Жоғарғы кеңес жойылып, орнына Мәжіліс пен Сенаттан тұратын, әрі тұрақты жұмыс істейтін кәсіби Парламент құрылды. Бұл ретте сенаторлардың бір бөлігін Президент тағайындайды, қалған бөлігін облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихат депутаттары таңдайды.

Бұл тұрғыда Мәжіліс нағыз демократияның ордасы болып келген. Оның депутаттарын Қазақстан халқы тікелей өзі сайлады. I сайланған Мәжіліс депутаттарының бәрі мажоритарлық жүйеде сайланды, яғни бір мандатты округтарда жеңіп шыққан кандидаттардан құралды.

Алайда бұрынғы билік Конституцияға тағы өзгерістер енгізіп, 1999 жылғы күзде Орталық Азияда тұңғыш рет елімізде аралас схемада сайлау өтті. Қорытындысында Мәжілістің 67 депутаты – ескіше бір мандатты округтерден, 10 депутат – партиялық тізіммен сайланды. Яғни, II шақырылымдағы Парламент Мәжілісінде тікелей халық сайлаған депутаттар басым болды. Парламенттік журналистер онда қызу айтыс-таласқа куә болатын. Мысалы, билік дәліздерінде “Парламенттегі инцидент” аталып кеткен, 2004 жылғы 9 маусымда “Наурыз банкке” қатысты атышулы хаттың Мәжіліс мінберінен ашық оқылуының өзі неге тұрады? Бұл шын мәнінде демократияның көрінісі болатын.

2004 жылғы қыркүйекте өткен парламенттік сайлауда III шақырылымдағы жаңа Мәжіліс құрамы қалыптастырылды. Ондағы 77 депутаттың 67-сі – бір мандатты округтерден, 10-ы – партиялық тізіммен сайланды. Бұл депутаттық корпус те еркін микрофон стиліндегі ашық демократияшылдығымен, батыл мәлімдемелерімен көзге түсті. Бірақ 2 жыл 9 ай ғана жұмыс істеген оны Н.Назарбаев тез таратып жіберді.

Ата заңға енгізілген кезекті өзгерістер салдарынан, 2007 жылғы тамыздағы парламенттік сайлау толығымен пропорционалды жүйеде өтті. Яғни, сайлаушыларға жеке депутаттарды емес, тек партияларды таңдауға мүмкіндік берілді. Бұл жүйеде сайлаушылар Мәжіліске кім кіретінін білмейді: оны жеңіске жеткен партиялар өз партиялық тізімінен өзі таңдайды. Шыны керек, бұл бетбұрыс парламенттік демократияны тұсаулады. Депутаттар өзіне мандат берген партияға тәуелді болып қалды: өз депутаттарының не айтатынын, қандай тақырыпта депутаттық сауал жасайтынын, тіпті әрбір заң бойынша қалай дауыс беретінін партиялардың парламенттік фракциялары айқындайтын болды. Егер әлдебір депутат қалыптан тайып кетсе, оның микрофонын сөндіріп тастайтын тәжірибе енгізілді. Депутаттарды мандатынан халық емес (императивті мандат), партия айыратын болды. Бұл жұртшылықтың мемлекетті басқару ісіне араласуын шектеді.

Пропорционалды жүйеде партияда жоқ тұлғалар Парламент депутаты болып сайлана алмайды. Бұл жүйенің кемшіліктерін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғаларынан кейін, 2022 жылғы 16 наурыздағы жолдауында ашық айтты және бұрынғы мажоритарлық жүйенің жағымды жақтарын қолдануға ұйғарғанын жариялады. 

"Біз осыдан 15 жыл бұрын  конституциялық реформа аясында Мәжіліс депутаттарын толығымен пропорционалды тәсілмен сайлауға көштік. Ал 2018 жылдан мәслихат депутаттарын да осы үлгімен сайлайтын болдық. Бұл қадамдар партиялық жүйені дамытуға тың серпін берді. Алайда оның жағымсыз тұстары да байқалды. Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да  сайлана алмайтын болды. Салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір  жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде  барлық азаматтың құқығы толық ескеріледі", – деді Қазақстан Президенті.

Осылайша, заңнамаға енгізілген өзгерістерге сай, биылғы 19 наурызда сайланатын жаңа Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы – пропорционалдық жүйеде таңдалады: яғни, жеті пайыздық табалдырықтан өте алған партиялар арасында әрқайсысының жиған дауысына пропорционалды түрде мандаттардың жетпіс пайызы бөлінеді. Сол мандаттардың партиялық тізімдеріндегі тұлғалардың қайсысына тиетінін жеңімпаз партиялардың басшылары шешеді.

Депутаттық мандаттардың 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады. Яғни, бір мандатты округтарда жеке додаға түсіп, жеңіп шыққан кандидаттар Парламентке кіреді. Оларға ешқандай партиялық фракцияға мүше болмауға рұқсат: тиісінше, Мәжіліс мінберінен не айтып, не істейтінін негізінен, олар өздері шеше алады.

"Қазақстанның сайлау заңнамасына енгізілген жаңа нормаларға сәйкес, жаңа Мәжілістің депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады. Нақтыласам, оның 69 депутаты – біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бойынша, ал 29 депутат – бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады", – деп түсіндірді Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.

Ол Қазақстанның 25 жасқа толған және соңғы он жыл бойы ел аумағында тұрған азаматы Мәжіліс депутаттығына кандидат бола алатынын еске салды.

Бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын кандидаттарды ұсыну құқығы саяси партияларға, қоғамдық бірлестіктерге, сондай-ақ өзін-өзі ұсынатын азаматтардың өзіне тиесілі болады.

ОСК бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес, кандидаттарды ұсыну кеше, 20 қаңтарда басталып кетті. Ол 20 күн жүреді және сайлауға отыз күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады. Яғни, бір мандатты округтер арқылы депутат болып, дара сайланғысы келетін азаматтар өзін 8 ақпанға дейін ұсынып үлгеруі керек. Бұл мерзім шектеуі партиялар мен қоғамдық ұйымдарға да қатысты.

Сарапшылардың байламынша, бұл өзгеріс оппозициялық көзқарастағы азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді. Пропорционалды-мажоритарлы үлгіде  сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толығырақ көрініс табады. Парламентте аз шоғыр болса да, бәсекелі саяси орта қалыптастырады. Елдің алдында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады.

Сонымен бірге Қазақстан 19 наурыздан бастап, императивті мандатқа көшеді. Яғни, жергілікті тұрғындар өзі сайлаған депутаттың ісіне, белсенділігіне көңілі толмаса, әлдебір тірлігінен түңілсе, немесе сайлау алдында берген уәдесін орындамады деп тапса, онда бастамашыл топ сайлап, оны мандатынан айыруға қол жеткізе алады. Бұл депутаттардың сайлаушылармен өзара байланысын нығайту, көлігі судан өтіп алған соң халқын ұмытып кетпеуі үшін жасалыпты. Бұл – халық қалаулыларына ықпал етудің  тағы бір жолы. Президент айтқандай, бір мандатты депутатты кері шақыртып алу тетігі өзара жауапкершілік пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырады.

Белгілі ғалым, профессор, заң ғылымдарының докторы Эдуард Мұхамеджанов сонау 2010 жылы пропорционалды жүйеге көшу – ақыр соңында Президент институтының дағдарысына ұшырататынын болжаған болатын.

"Мәжілісті тек пропорционалды сайлау жүйесінде, яғни партиялық тізіммен ғана қалыптастыру сәтсіз жаңашылдық болғанын бұрыннан айтып келемін. Әрине, бұл шешім елдегі партиялық құрылысты жандандыру идеясына негізделді. Партиялар азаматтық қоғамның бір институты болып табылады. Бірақ осы демократиялық институтты демократияның басқа институттарын шектеу есебінен дамыту ақылға қонбайтын еді. Мұның бәрі Парламенттің елді дамыту мәселелерінде Үкіметтен өзгешеленетін көзқарас пен ұстанымнан айырылып қалуына соқтырды. Ал бір мандатты жүйе Мәжіліс депутаттарының сапалық деңгейін арттыруға, болашақта саяси лидерлердің пайда болуына үлес қосады", – деді ғалым.

Бір мандатты округтерден қандай белгілі тұлғалар өзара додаға түсетіні алдағы екі аптада анықталып қалуы мүмкін. Оған партиялар да өз кандидаттарын қосуға әзірленіп жатыр.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу